Ағымдағы жылдың 12 мамыр күні Самар ауылдық әкімдігінің акт залында Көкпекті ауданына тағайындалған жаңа әкім Асхат Сайдахметұлы Смаиловтың қатысумен жиналыс болып өтті. Кездесуге мекеме, ұйым басшылары, округтегі шаруа қожалық басшылары, еңбек ардагерлері, қоғам өкілдері шақырылыпты.
Асхат Сайдахметұлы өзінің жаңа жұмысында аудандағы кейбір ұйымдардың қызметіндегі кемшіліктерді атап көрсетті. Жаңа аудан басшысы жергілікті қауымды бірлікке, өз іс-қимылдарын үйлестіруге, туындаған мәселелер жайлы хабарлап, ұзақ уақытқа қалдырмай бірлесіп шешуге шақырды. Көкпекті және Самар ауылдары ауданның ірі орталықтары болғандықтан, аудан әкімі жұмыс сапарымен әр апта сайын аралайтынын жеткізді.
Асхат Сайдахметұлы өзінің жаңа жұмысы кезінде дұрыс бағыт таңдауда өмірлік тәжірибесі мол еңбек ардагерлерін, ауыл ақсақалдарының кеңестері мен ұсыныстарына құлақ асудың маңыздылығын атап көрсетті.
Отан үшін от кешкен отты жылдар естелігі мәңгі өшпек емес. Жеңіс күні – бұл сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Өскелең ұрпақтың бақыты үшін, осынау жер бетінде біздерге өмір сүру мүмкіндігін сыйлау үшін біздің аудан бойынша Ұлы Отан соғысына 12 мың 712 адам қатысты. Оның ішінде қайтыс болғандар және хабар ошарсыз кеткендер 7 мың 131 адам, ал Кеңес Одағының батыры атағын алған 9 жауынгер.
Фашизммен соғыстағы жеңімпаз-дардың ұлы тарихи ерліктері бізден бірте-бірте алыстап барады. Дегенмен, оның маңызы артпаса, кемімек емес, өйткені, бұл күні біз жеңімпаздарға құрмет көрсетіп қана қоймаймыз, сонымен бірге өскелең ұрпаққа теңдессіз, ұлы ерлік жайында шежіре шертеміз. Сондай-ақ, Жеңіс мерекесіне арналған салтанатты шараларға қатысуға шығатын Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары да сирей бастады. Міне, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 73 жыл өтті. Бұл сол кездегі кеңес халқының ер жүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мəңгілік қалатын күн. Əр жылы 9 мамыр мыңдаған адам, үлкен де, кіші де, бəрі қолдарына гүл алып, Жеңіс саябағына қарай беттейді. Бұл күн біздің жадымызда, бұл ерлік біздің жүрегімізде, сондықтан да жеңімпаз жауынгерлердің даңқы ешқашан да өшпейді. Адамзат тарихындағы сол зұлмат соғыстың ерлікке толы, сонымен бірге ең қасіретті де беттерінің бояу-бедері мен бүкіл көріністері қарт жауынгерлер жадында əлі сақтаулы, оның шежіресі əлі аяқталған жоқ. Өткеннің естеліктері біздің де есімізден өшпек емес. Мұны еліміздің барлық аймақтарында аталып өтіп жатқан іс-шаралардан-ақ айқын аңғаруға болады. Осындай қастерлі де қасиетті күн биыл да аудан орталығында салтанатты жағдайда аталып өтті. Жиында сөз сөйлеген аудан əкімінің міндетін атқарушы Марат Қапарұлы Теміржанов Ұлы Жеңісті жақындатуға көкпектіліктер де зор үлес қосқанын, қан майданда жерлестеріміз Отан үшін шайқаста ерлікпен қаза тапқанын айта келе, нағыз қайыспас ерлер, Сіздер біздің болашағымызды қорғадыңыздар. Сіздердің жауынгерлік ерліктеріңіз, бізге сыйлаған бейбіт өмірлеріңіз үшін мың сан алғыс айтамыз, біз қашан да Сіздерге қарыздармыз, - деді. Содан соң сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Слямбек Насырбайұлы Мұқашов бүгінгі мерекемен құттықтап, бейбітшілік пен қайырымдылықтың мəңгі жасампаздығын, Отанын қорғаған жауынгер-солдаттардың ерлігін, тылдағы жеңісті жақындатуға үлес қосқан еңбек адамдарының ерен еңбектерінің мəңгі өшпейтіндігі жайлы айтып өтті.
Көкпекті ауданында Ұлы Жеңістің 73 жылдығын 6 соғыс ардагері қарсы алды. Жеңімпаз майдангерлерге мерекеге орай облыс әкімі Даниал Ахметовтың атынан 500 мың теңге табыс етілді. Аудан басшылығы әр ардагердің үйіне арнайы барып, сертификатпен бірге сый-құрмет көрсетті.
Аудан әкімінің орынбасары Дәурен Қойгелдин және ардагерлер кеңесінің төрағасы Сләмбек Мұқашов алдымен үлкенбөкендік Семен Винниковтың отбасына арнайы барып құттықтап, сый-сияпат тарту етті. Ерлік елге мұра, ұрпаққа үлгі деген аудан басшылығы сұрапыл соғыстағы майдангерлердің көрсеткен жаужүрек ерліктеріне бүгінгі ұрпақ бас иетінін айта отырып, Отан үшін кеудесін оққа тосып, бейбіт өмір сыйлаған қарт жауынгерге алғыстарын білдірді. Ал соғыс ардагері ел үшін шайқасқан майдангерлерге әрдайым құрмет көрсетіп, әлеуметтік тұрғыда қолдау білдіріп жатқан билік өкілдеріне ризашылығын айтты.
Бұдан кейін Самар ауылында тұратын соғыс ардагерлері Валентина Федосова мен Мүталап Ықыласовқа облыс әкімінің сертификатын беріп, мерекелік сыйлықтар табыстады. Сұрапыл соғысты бастарынан өткерген ардагерлердің қал-жағдайымен танысып, амандық-саулық сұрасты.
Ауданның елді мекендерін және аумақтарын көгалдандыру және абаттандыру, санитарлық жағдайын жақсарту бойынша екі айлық сенбілік жұмыстары жалғасуда. Бұл жолғы сенбілікке такси жүргізушілері белсене қатысты. «Көктерек» сауда үйінің алаңы, автобекет аумағын түгел тазалады. Сенбілікке шыққан мекеме ұжымдары өздеріне бекітіліп берілген аумақтарына тазарту жұмыстарын жүргізді.
Толығырақ...Ағымдағы жылдың, 10 сәуір күні Қалихан Алтынбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Жастар орталығы жəне білім беру, денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Астана қаласының 20-жылдығына арналған «Ел жүрегі - Астана» атты аудандық жастар арасында флеш-моб би байқауы өтті.
Шара патриоттық әндермен бас-талды. Ақ және қызғылт сары түсті киініп, ашық аспан астында көк туымызды биікке желбірете шыққан жастардың жүздерінен Астанаға деген ерекше әсерлерін байқадық. Флешмобқа ауданымыздың түкпір-түкпірінен 17 топ қатысты. Байқаудың өту барысында өткен жылдан қарағанда аудан бишілерінің деңгейі бір шама жоғарылап өскеніне көз жеткіздік.
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.