Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Көктемгі егіс жұмысы басталар алдында ауданның  шаруалары бастарын қосып, семинар кеңес өткізді. Семинардың мақсаты -шаруашылықтардың егіс жұмысына қажетті фитосанитарлық, тұқымды жақсарту,  гербицидтер және басқа да ауылшаруашылығына қажетті жұмыстарды атқаруда көмек беру болып табылады. Бұл жиынға барлық ауылдық округ әкімдері, егін шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарының басшылары, аграрлық-техникалық колледж студенттері қатысты. Ауылшаруашылығы бөлімі мен аумақтық  инспекция мамандары, өсімдік қорғау саласының мамандары және осы саланың облыстық басшылары жиынға қатысып, жиналғандар алдында пайдалы баяндамалар жасады. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Р.Сағындықов, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы Д.Селиханов қатысты.

Ең алдымен, жұрт назарына аудандық ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы М.Теміржанов «2013 жылдың өсімдік шаруашылығы саласындағы жұмыс қорытындысы және 2014 жылғы көктемгі дала жұмысының барысы туралы» баяндаманы ұсынды.  2013 жылы аудандағы дәнді дақылдар алқабы 73,1 мың гектарды құрады. Аудандағы ауылшаруашылығы құрылымдарының алдына қойылған міндет – өңдейтін жер телімдерін ұлғайту болса, ол мал азығы  дақылдары алқабын ұлғайту арқылы жүзеге асқан. Олардың арасында бір жылдық және көпжылдық шөптесіндер, эспарцет, жоңышқа, сүрлемдік күнбағыс пен жүгері бар. 2014 жылы егіс алқабы былай жоспарланған:дәнді дақылдар - 76800 га, майлы дақылдар - 33610 га, мал азығы - 29600 гектар. Көктемгі егіске 55,0 мың гектар сүдігер көтерілген. Бұл жалпы егіс көлемінің 101,9 пайызын құрайды. Барлық агротехникалық шараларды уақтылы атқарудың нәтижесінде балл бонитеті төмен болса да, былтыр алынған астық әр гектарға шаққанда 13,5 центнерден айналған.

М.Теміржановтың айтуынша, бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі-ауданда суармалы егіншілікпен айналысу кенжелеп отыр. Қазіргі күні бір ғана шаруашылықта («Теректі» ШҚ) СУАРМАЛЫ ЕГІСТІК БАР. Бұл шаруашылық негізінде «Теректі су» СПАТК құрылған, бұл кооперативтің аумағында 1100 гектар жаңбырлатып суару арқылы суландырылады. Суармалы егіс алқаптарын ұлғайту үшін гидротехникалық қондырғыларды, басарықтар мен каналдарды қалпына келтіру қажет. Олардың қатарында Ақтоған, Ворошилов, Кішібөкен магистралдық арықтары бар. Бұл каналдарды жөндеуге 2014-2016 жылдарға республикалық бюджеттен 1 906 930 мың теңге қажет. Қазіргі күні барлық жоба Бюджетті  жобалау  министрлігінде қарастырылуда.

Баяндамашы әрі қарай көктемгі егіс жұмысына қажет ЖЖМ-мен қамтамасыз ету, техниканың көктемгі егіс жұмыстарына даярлығы, субсидиялау  жайында айтты. Ол мал басы санын ұлғайту бойынша жұмыстардың, ауылшаруашылығын инновациялық дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру белсенді жүргізіліп жатқанын атап өтті. Және де аудандағы аграрлық сектордың әлеуеті жоғары екенін, бірақ ол толық көлемде пайдаланылмай отырғанын тілге тиек етті.

Аудандағы ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлердің тиімді пайдаланылуы туралы баяндаманы аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ж.Бахтинов баяндады. Жерге иелік ету бір басқа да, оны мақсатты түрде пайдалану бір басқа. Қазіргі күні Жер кодексінің 140-бабында атап айтылғандай, аудандағы ұсақ шаруа қожалықтары ұтымды пайдалана алмай отырғанын атап көрсетті Ж.Бахтинов. Олардағы техникалар ескі, сондықтан да барлық агротехникалық шаралар сапалы атқарылады деуге келмейді. Сонымен бірге, топырақ құнарлылығын арттыратын карантиндік зиянкестерден қорғау, өсімдік ауруларын жұқтырудан қорғау, тыңайтқыштармен өңдеу істері атқарылмайды. Әр округтегі минералдық тыңайтқыштарды енгізу жұмыстары ең ары кеткенде барлық  жер телімінің 10 пайызын құрайды. Бұл жерді ұтымды пайдалану қағидаларын бұзу болып саналып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылыққа жатады да, әкімшілік жауапкершілікке тартуды көздейді., Бұл жер телімдері мемлекет меншігіне өтетіні туралы қаншама ескертілді, бұл жұмыс қазір жүргізіліп жатыр. Жалпы аудан бойынша күнбағыс алқаптары азайды дейміз, алайда кейбір ауылдық округтерде күнбағыс егістігінің үлес салмағы әлі де жоғары болып отыр.

Баяндамашы семинар қатысушыларының назарын ауылшаруашылығына арналған жерлерді тиімді пайдалану ережелерін бұзудың әлдеқайда кең таралған түрлеріне аударды. Бұл - жерге қатысты айтылып келе жатқан мәселе – жалға беру, яғни субаренда.  Сонымен қатар, егін себілетін алқаптардың құрылымын және оларға қарсы күрес шараларын сақтамау.

Семинарға қатысушылар алдында аудандағы ең ірі ауылшаруашылығы өнімін өңдеумен айналысатын шаруашылық басшысы Е.Мәмбетов өзінің шаруашылығы туралы айтып берді. Мұнда соңғы жылдары бұрыннан жұмыс істеп тұрған диірмен, жармалау цехы, нан зауытының қатарына құрама жем өндіретін, қатырылған қалаш өндіретін цехтар қосылып отыр. Шаруашылық ізденіс үстінде, олар өздері өндірген өнімді толықтай өңдеуді жүзеге асыруды мақсатты бағытқа айналдырған.

Жиын барысында ауылшаруашылығы дақылдарын карантиндік өсімдіктерден қорғау, фитосанитария пестицидтерді қолдану туралы облыстық мамандар Қ.Жұмажанов, З.Асанов, Б.Малғаждаров және басқалары  кеңес  берді. Улы химикаттар мен гербицидтер сатып алынған жағдайда шаруашылықтарға субсидия төленеді, яғни  меншіктеріндегі зақымдалған жерлерді шаруашылықтар өздері өңдеулері керек. Ал мемлекет тарапынан тек қана мемлекеттік қордағы жерді өңдеуге қаражат бөлінеді. Бұл жерде шаруалар ұзақ жылдар бойы мемлекет тазалай алмай отырған укекірені өз күштерімен арылту мүмкін емес деген уәж айтты.           «Азықтүліккорпорациясы» АҚ өкілі М.Шаймарданов шаруашылықтардың астық тапсыру жағдайларына тоқтала келіп, былтыр үш бағдарлама жұмыс істесе, биыл екі ғана бағдарлама барын жеткізді.  Сонымен бірге, шаруаларға «Егінжай» бағдарламасының тиімділігі туралы айтылды.

Жиынды облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы Д.Селиханов қорытындылады. Аграрлық сала басшысы бүгінгі семинар кеңесте көп нәрселердің айтылғанын, олардың барлығы да шаруа адамы үшін пайдалы екенін атай кетті. «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша шаруашылықтарға көп субсидия қарастырылған. Субсидия бағасы, әсіресе, суармалы жерлерді өңдеушілерге, көкөніс, бақша өнімдерін өсірушілерге жоғары. Сонымен бірге, соя, рапс, қыша өсірушілерге берілетін субсидия бағасы қымбатырақ.

Аграрлық сала басшысы асыл тұқымды  мал өсірушілерге, қымыз, шұбат өндірушілерге де субсидия төленетінін айта келе, бұл бағдарламаның маңыздылығын атап өтті. Дүйсенбай Мағзұмұлының тағы бір атай кеткен шаруасы - ауылшаруашылығындағы  асыл тұқымды мал басын өсіру болды. Мұнда да шаруашылықтар субсидия ала алады.

Жиын барысында ауылшаруашылығы саласында кадр жетіспеушілігі де сөз болды. Кадрларды даярлау үшін оқуға түсуге квота берілсе, ауылшаруашылық саласы мамандарының жалақысын, зейнеткерлік төлемдерін қайта қарастырса деген ұсыныстар айтылды. Жалпы семинар-кеңестің берері мол болды. Семинарға қатысушыларға «Астана бизнес» ЖШС, «ӘлемАгро» ЖШС, ШҚО «ҚазАгроИнновация» АҚ ғылыми зерттеу институттарының мамандары мен менеджерлері түрлі нұсқаулықтар таратып, астық тұқымдарын, картоп және басқа да дақылдарды өндіру, олардың тұқымдарын қайдан алуға болатыны жайлы мәліметтер берді. Түрлі стендтерде, әдемі әрленген кітапшаларда олардың өнімдері мен техникалық құралдарын жарнамалау жақсы жолға қойылыпты. Бүгінгі семинарға қатысушыларға олар тегін таратылды. Сонымен бірге, жиын барысында әр баяндамашының сөзі түрлі слайдтармен көрсетіліп отырды. Жалпы алғанда, ауылшаруашылығы саласының мамандары бүгінгі жиын үшін алғыс айтты. Олар тағы да кең ауқымды жиындар өтіп тұрса, осындай түрлі сала мамандары ақыл-кеңес беріп тұрса деген тілектерін айтты.

Клара НҰРПЕЙІСОВА

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғы кеңестік республикалар аумағындағы ең ауқымды, интеграциялық тиімді жобалардың авторы ретінде саналады. 1994 жылы КСРО туралы естелік әлі ескіре қоймаған, ал экономикалық және саяси тоқырауға ұшыраған  кезде Еуразиялық одақ құруды ұсынған болатын. Бұл бастама 10 жыл бұрын естен шығып, 2000 жылдардың ортасында геосаяси серіктеске мұқтаж болған ресейлік басшылықпен еске алынды.    

Толығырақ...

Көктем келді! Табиғаттың оянуы қардың еруімен, құстардың жылы жақтан ұшып келуімен және бәйшешектердің алғашқы гүлдеуімен жалғасады. Осы кезде қыстың аяқталғанын білдіргендей қардың астынан қыс бойы жиналған қоқыс пен кір шығады.Сондықтан да, көктем айының бірінші күн шуағы санитарлық  тазарту жұмыстарына шығуға шақырады. 

 СЕНБІЛІККЕ ШЫҒАЙЫҚ, ЖЕРЛЕСТЕР!

Біз, нұротандықтар, ауданымыздың барлық тұрғындарын, еңбек ұжымдарын, мекемелер  мен ұйымдар, жеке кәсіпкерлер, жастар мен оқушылар, тұрғын үй иелерін көктемгі сенбілікке  белсене қатысуға шақырамыз.

Алдымызда мамыр айының мерекелі күндері -  Қазақстан халқының бірлігі  және Ұлы Жеңіс күні келе жатыр. Бұл мерекелерді көрікті, көшелер мен тазаланған аулаларда қарсы алайық. Баршамыз өскелең ұрпаққа үлгі болатындай іс жасап, үйімізге, ауылымызға, Отанымызға деген сүйіспеншілігімізді  көрсетейік.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей бір кісідей сенбілікке  шығып, әрбір ауланы қоқыстан тазартып, ағаш отырғызып, гүлзарлар жасауға атсалысайық.

Біз өзіміздің ауылымызды тазартуда, оның әркез таза болуына күш-қуаттарыңызды аямайтындықтарыңызға сенімдіміз!

Ендеше, баршамыз көктемгі сенбілікке шығайық!

 

Толығырақ...

Аудан әкімі Д.М.Мусин ауданымызда саябақтар мен гүлзарлардың көбеюіне, көше тазалығына жоғары мән беруде. Ал, ауданның гүлденуіне, абаттанып, ажарлануына тұрғындар тарапынан шамалы да болса үлес қосылып жатса, берекелі елдің нышанын көрсететіндігі айқын. Тазалық бар жерде – береке бар. Осы орайда, сәуір мен мамыр айлары сенбілік науқаны болып жарияланғаны белгілі. Оның алғашқысы 5 сәуір күні болып, оған айнала тазалығы үшін аудандық мекеме қызметкерлері, ауылдық округ азаматтары бір кісідей білек сыбана кірісіп, жұмыс атқарғандарының куәсі болдық. Ал, округтардағы абаттандыру бойынша жүргізілген шаралар жайлы жұмыс сапары барысында біліп қайттық.

Үлкенбөкен және Белое ауылдық аймақтарының көшелерінде тірі жан көрінбеді. Шашылып жатқан қоқыс, әр түрлі пластикалық және шыны ыдыстар, қағаздар мен пакеттер облыстық маңызға ие жолдың бойын әрлеп, сол арқылы көңілсіз көрініс тудыруда. Бірақ, бұл жағдай не ауылдық әкімшілік аппаратын, не ауыл тұрғындарын алаңдатпайтын сыңайлы. Олар бұған бейжай қарап, немқұрайлық танытуда. Ал, Палатцы ауылдық округіне соққанымызда ауылдық әкімшілік мекемесінің есігін үлкен қара құлып күзетіп тұрғанын көрдік. Барлық жерге зер сала қарағанымызда тазалық бойынша атқарылған істердің ешбір нышаны байқалмады. Аппарат қызметкерлері де, ауыл тұрғындары да, округ әкімінің өзі де орнынан табылмады. Облыс әкімі сенбілік басталмай тұрып екі жұма бұрын барлық тұрғындарды жұмылдыра отырып, абаттандыру бойынша жұмыстар өткізуді тапсырған болатын. Сондай-ақ, аудан әкімі де жұмыс кеңесінде  ауылдық округ әкімдеріне сенбілікке үлкен жауапкершілікпен қарап, үлгілі ауыл құруға міндеттеген еді. Алайда, бұл тапсырмалар кейбір әкімдердің назарынан тыс қалғанға ұқсайды. Бастаушы ауылдық округінде тазалық жұмыстары жүргізілгені аз да болса байқалып тұрды. Кейбір жерлерде өртелген жапырақтардың түтіні маздап жатса, тағы бір көшеде шаруашылық құралдарын қолдарына ұстаған тұрғындар жүрді.

Ал, Самар ауылында өткізілген сенбілікте белсенділік пен ұйымшылдық танытқан ауыл тұрғындары мен Самар агро-техникалық колледжінің ұжымын ерекше айтып өтуге болады. Теректі округінің тұрғындары әрдайым өздерінің ауызбіршілігімен елге танымал. Осы жолғы игі шарадан да олар шеткері қалмады. Ауыл әкімінің бастамасымен тұрғындар қолдарына тырма мен күрек алып, маңайларды тазартты. Өздерінің азаматтық белсенділіктері мен патриоттылықтарын Құлынжон және Миролюбовка ауылдық округтерінің тұрғындары да танытты. Олар өздеріне бекітілген телімдер мен ауыл көшелерінде қызу жұмыстар жүргізіп жатты. Осындай бастамаларды ерекше атап өткен жөн. Себебі, ол өзге адамдарға үлгі боларлықтай іс.

Қ.Аухадиев атындағы ауылдық округтегі сенбілік шаттыққа толы болды. Әкім аппараты, мектеп, аурухана, кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындары өз аумақтарында ұйымшылдықпен жұмыс жасай білді. Жұмыла жасалған жұмыстың нәтижесінде басты көшелер күл-қоқыстан тазартылып, айнадай жарқырай түсті.

Көкпекті ауылындағы тазалық шарасына, әсіресе, мекемелердің басым көпшілігі белсенді түрде қатысты. Таңертеңгі сағат 9-дан бастап сенбілікке қатысып, өз аумақтарынан қоқыс-қалдықты шығарып, ағаш түптерін, жол жиегін әктеген көкпектіліктер ортақ үйіміздің әсемденуіне септіктерін тигізді. Әсіресе, барлық мекемелерден жиыны 50 шақты жасты жинап, өз еріктерімен бастама көтеріп, бұрынғы Көкпекті орта мектебінің аумағын тазалаған «Жастар орталығы» белсенді жұмыс жасай білді. АЭС қызметкерлері де сыпырғыш, күрек секілді саймандарын алып, мекеме маңайын, қасындағы саябақты, жол жиегін де бұрқыратып сыпырып, жоғары деңгейде сенбілікті өткізе білді. Сонымен қатар, ЦОН, Білім беру бөлімі, орталық аурухана, спорт мектебі, оңалту орталығы, балабақша және ауылдық округ аппаратының қызметкерлері де өздеріне бекітіліп берілген аумақты тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстардан тазартып, қоқыс таситын тракторға толтыра тиеп жіберді. Дегенмен, ауданның абаттандырылуына қызығушылық танытпай, игілікті істен тыс қалған мекемелер де бар болды. Нақты айтсақ, олар – қазынашылық, прокуратура, салық басқармасы және туберкулезға қарсы емхана. Бұл мекеме қызметкерлерінде белсенділік жоқ, жауапкершіліктері де төмен. Екі апта бойы сөз етілген сенбіліктен хабарсыз күйде болған бұл мекемелер осы қылықтары арқылы тек аудан әкімінің ғана емес, сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасын елемей, селқостық танытты. Тура осы сөздерді аудандағы кәсіпкерлер тарапына да қарата айтуға болады. «Заречный» ауылындағы бір-екі кәсіпкер ғана қолдарына құралдарын алып, өз дүкендерінің маңайын тазалады. Осы орайда кәсіпкер Бақытбек Сәрсенбаевты ерекше атап өткім келеді. Себебі, бұл адам өз отбасымен бірге тек жеке дүкенінің аумағын ретке келтіріп қоймай, көрші тұрған асыл әже Жамал Төлепбергенованың ауласын айнадай қылып, қоқыстарын өртеп, тазартып берді.

Осы жолы мекеме аумақтарын тазалаған қызметкерлер алдағы сенбіде көше-көшеге шығып, өздеріне бекітіліп берілген жер телімдерін тазартады. Сонымен қатар, өзінің аты айтып тұрғандай сенбілік сенбі күні жасалатын шара. Сол себептен, барлық мекемелерді тазарту жұмыстарын сенбі күні жасауға шақырамыз.

Ауыл ішін аралап, тазалық жұмыстарының барысымен танысып жүрген біздің назарымызға ауласын тазартып жатқан бірнеше ғана тұрғын кезікті. Ауыл адамдарының тазалық жұмыстарына қатыспауына ауылдық әкімдік аппаратының ұйымдастыру жұмыстарының төмен болғандығы бірден бір себеп болып отыр. Себебі, аудан әкімінің абаттандыру және тазалау жұмыстары бойынша өткізген жиынға тек мемлекеттік қызметкерлер ғана қатысқан. Бұл орайда, аудан әкімі Д.М.Мусин осы іске жауапты болып бекітілген Р.Беспаев пен Г.Ақшабаеваның жұмыстарын сынға алып, төмен дәрежеде атқарылғандығын атап өтті.

Өз ауласын тазалауға шыққан тұрғындардың бірі Соня Байгаскина болса, екіншісі Баймұратовтар отбасы. Соня Байгаскина нәзік жан бола тұра, қолына күрек пен аша алып, үйінің маңайын қоқыстан арылтуға белсене кіріскен. - Аудан орталығы таза да талапқа сай болуы үшін баршамыз бір кісідей атсалысуымыз қажет. Сондықтан да, көкпектіліктерді сенбілікке қатынасуға шақырамын. Тек бір өкініштісі, тұрғындарға аулада жинаған қоқысты дала жаққа апарып төгу қиындық тудырады. Осы мәселені ауылдық округтің әкімшілігі оңтайлы шешуге көместессе деген өтінішім бар, - дейді ауыл тұрғыны. Сонымен қатар, сенбілік жайлы мемлекеттік қызметкерлер де өз пікірлерін жасырып қалмады.

Сәуле Матанова, «Балерке» балабақшасының қызметкері:

-Әрбір адам өз үйінің алдына ағаш отырғызып, ауданның көркеюіне үлесін қосса, біздің аймақ жасыл желекке айналған болар еді. Менің ойымша, өзін қоршаған ортаның тазалығын сақтап тұру - бұл әрбір қала мен ауыл тұрғынының міндеті. Сол себептен, сенбілік сынды игі шарадан біздің азаматтар бейжай қалмауы тиіс.

Ақерке Манкеева, АЭС қызметкері:

-Көктем - жаңару мен тазарудың белгісі екені белгілі. Сондықтан, міне, бүгін ұжымымыз бір кісідей болып жиналып, сенбілік жасап жатырмыз. Бір өкініштісі, ауылымызда қоқыс мөлшері өте көп. Ауыл тұрғындары бөтелке, күл-қоқыс толтырылған қаптарды көше бойына лақтыра берген. Міне, осымен үш трактор тіркемесімен шығарылған қоқыс әлі де таусылар емес. Сол себептен, ұжымымызбен ауыл тұрғындарын тазалықты сақтауға, кез келген жерге қоқыстарын тастамауға шақырамыз.

«Тазалық - денсаулығымыздың кепілі» екенін ұмытпасақ та, ұмытып кете беретіндерге не деуге болады? Өздерінің денсаулығын, келешегін ойламайтын тұрғындарға таңымыз мол. Мүмкін, осыдан соң ойланармыз, төңірегіміздің таза болуы бәріміз үшін де керек емес пе?

Екатерина СКУДАРНОВА, Арайлым МИРАТҚЫЗЫ

 

 

 

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қараша 2024 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз