Отан үшін от кешкен отты жылдар естелігі мәңгі өшпек емес. Жеңіс күні – бұл сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Өскелең ұрпақтың бақыты үшін, осынау жер бетінде біздерге өмір сүру мүмкіндігін сыйлау үшін біздің аудан бойынша Ұлы Отан соғысына 12 мың 712 адам қатысты. Оның ішінде қайтыс болғандар және хабар ошарсыз кеткендер 7 мың 131 адам, ал Кеңес Одағының батыры атағын алған 9 жауынгер.
Фашизммен соғыстағы жеңімпаз-дардың ұлы тарихи ерліктері бізден бірте-бірте алыстап барады. Дегенмен, оның маңызы артпаса, кемімек емес, өйткені, бұл күні біз жеңімпаздарға құрмет көрсетіп қана қоймаймыз, сонымен бірге өскелең ұрпаққа теңдессіз, ұлы ерлік жайында шежіре шертеміз. Сондай-ақ, Жеңіс мерекесіне арналған салтанатты шараларға қатысуға шығатын Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары да сирей бастады. Міне, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 73 жыл өтті. Бұл сол кездегі кеңес халқының ер жүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мəңгілік қалатын күн. Əр жылы 9 мамыр мыңдаған адам, үлкен де, кіші де, бəрі қолдарына гүл алып, Жеңіс саябағына қарай беттейді. Бұл күн біздің жадымызда, бұл ерлік біздің жүрегімізде, сондықтан да жеңімпаз жауынгерлердің даңқы ешқашан да өшпейді. Адамзат тарихындағы сол зұлмат соғыстың ерлікке толы, сонымен бірге ең қасіретті де беттерінің бояу-бедері мен бүкіл көріністері қарт жауынгерлер жадында əлі сақтаулы, оның шежіресі əлі аяқталған жоқ. Өткеннің естеліктері біздің де есімізден өшпек емес. Мұны еліміздің барлық аймақтарында аталып өтіп жатқан іс-шаралардан-ақ айқын аңғаруға болады. Осындай қастерлі де қасиетті күн биыл да аудан орталығында салтанатты жағдайда аталып өтті. Жиында сөз сөйлеген аудан əкімінің міндетін атқарушы Марат Қапарұлы Теміржанов Ұлы Жеңісті жақындатуға көкпектіліктер де зор үлес қосқанын, қан майданда жерлестеріміз Отан үшін шайқаста ерлікпен қаза тапқанын айта келе, нағыз қайыспас ерлер, Сіздер біздің болашағымызды қорғадыңыздар. Сіздердің жауынгерлік ерліктеріңіз, бізге сыйлаған бейбіт өмірлеріңіз үшін мың сан алғыс айтамыз, біз қашан да Сіздерге қарыздармыз, - деді. Содан соң сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Слямбек Насырбайұлы Мұқашов бүгінгі мерекемен құттықтап, бейбітшілік пен қайырымдылықтың мəңгі жасампаздығын, Отанын қорғаған жауынгер-солдаттардың ерлігін, тылдағы жеңісті жақындатуға үлес қосқан еңбек адамдарының ерен еңбектерінің мəңгі өшпейтіндігі жайлы айтып өтті.
Сөз кезегінде соғыс ардагері Елеусіз Кинбаев, Көкпекті ауданы Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы капитан А.П.Цыбенко, жиналғандарды айтулы күнмен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Гүл шоғын қою рәсімінен кейін жиналған қауым бейбітшілік пен өз елінің ертеңі үшін кеудесін от пен оққа тосып, сұрапыл соғыста қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. «Десте-дес-те гүл шоқтары қойылған соң, мереке ары қарай жалғасты. Орталық алаңды соғыс жылдарының патриоттық əндері мен мерекелік марштардың, сондай-ақ, Ұлы Жеңіс жайындағы жұртшылық жүрегіне жақын əндердің əуендері орындалды. Аудандық мəдениет үйінің қызметкерлері майдангерлерге арнап олардың сүйікті əндерін шырқаса, Ж.Шайжүнісов орта мектебі және Балалар өнер мектебінің ұжымы мен оқушыларының ұйымдастыруымен сахналық көріністер қойылды. Сондай-ақ бұл күні, салтанатты сахналық шеру болды. Салтанатты шеруді бастаған Көкпекті орта мектебі және Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектеп оқушыларының ұйымдастыруымен «Мәңгілік полк» болды. Ал, майданда гвардиялық аттаққа ие болған 5 әскери құрама сәтті ұрыстар жүргізді, ұлттық әскерлер құрылып, майданға аттандырылды. Оның ішінде танкистер полкін, Романовка негізгі мектептің ұжымы көрсетті.
Сонымен қатар, ең бірінші со-ғысты көрген ұшқыштар еді. Сол ержүрек ұшқыштарды сомдаған «Балерке» балабақшасының ұжымы, атты әскер дивизиясын «Шуақты Шұғыла» балабақшасы болса, соғыс жылдарындағы ондаған миллион адам нацистер лагеріне тоғытылған тұтқындарды «Көкпекті Толағайы» балабақша ұжымы көрсетті. Ал, соғыстағы партизандар отрядын Шәріптоғай негізгі мектебінің ұжымы мен оқушылары көрсетті.
Жеңіс мерекесі қарсаңында Көк-пекті ауылдық округінде тұратын ардагерлеріміздің есімдері жазылған құлпытас орнату қолға алынған болатын. Бұл игі бастаманың басында аудан әкімінің орынбасары Дәурен Қойгелдин, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Слямбек Мұқашов, Көкпекті ауылдық округінің әкімі Ерлан Ниязбаев болды.
Ардагерлерімізге сый-құрмет көр-сетуге демеушілік көрсеткен жер-лестеріміз Қанат Айдаргазин, Ержан Ажықұлов, Гүлбахи Ахметова, Рауфа Беспаева, Рашид Беспаев, Александр Бойков, Владимир Виничук, Сайтқали Ибраимов, Серікқали Ибраимов, Әлия Мұқашова, Бибінұр Мүрсәлімова, Серік Сұлтанов, Бақыт Смағұлова, Жанат Сәрсенбаева, Шалқар Төлепбергенов және Халел Фахрутдиновтің игі істеріне алғысымыз шексіз.
Бұдан соң ардагерлер арнайы әзірленген «Жауынгер ботқасынан» дәм татты, олар құрмет көрсеткендері үшін алғыс сезімдерін айтты. Мерекелік дастарханды ұйымдастыруға жауапты аудандық жұмыспен қамту орталығы, жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламар және АХАТ бөлімі, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы болды.
Ұлы Жеңістің ерлікке толы, тарихи күндері ешуақытта ұмытылмайды. Майдангерлеріміздің Отан қорғауда жасаған ерліктері мәңгілік, ол уақыт ағысымен жоғалып кетпейді. Отанға қалтқысыз қызмет етудің үлгі-өнегесін көрсеткен жеңімпаз бабаларымыздың рухына бас иеміз. Тәуелсіз мемлекетімізде, қазақ жерінде Көк байрағымыз мәңгі желбірей берсін, елімізде бейбітшілік мәңгі орнасын. Кешке келген аудан тұрғындары өнерпаздардың өнерлеріне риза болысып, ерекше көңіл-күймен тарасты. Осындай жеңіс күніне арналған іс-шаралар барлық ауылдық округтерде жалғасын тапты.
Рафик Ахметқали, тыл ардагері:
- Біз есімдері тарихтың бетінен мәңгі өшпейтін аға буын алдында өлшеусіз қарыздармыз. Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында біз Отан соғысында қаза тапқандардың рухтарына бас иіп, тағзым етеміз. Олардың ерліктері біздің жүрегімізде мәңгі сақталады, фашизмді жеңген батырлардың өшпес даңқы мәңгі шуақ шашатын болады. Біз әрқашанда Жеңіс күнін аға буынның Отанға деген шексіз сүйіспеншілігінің, жастарды ерлік пен патриотизм рухында тәрбиелеудің өлшеусіз өнегесі деп білеміз, бұл күнді қазақтардың әлі талай буыны мерекелейтін болады.
Сембек Сейітқанов, зейнеткер, Ұлы Отан соғысының ардагері Жүкен Сейітқановтың ұлы:
- Ұлы Жеңіс күніне орай ұйым-дастырылған мәні зор мерекелік шараға жыл сайын қатысып тұрамын. Ардагерлеріміздің ерен ерліктері арқасында біз бүгін бейбіт өмір, бақытты ғұмыр кешудеміз. Жерлестерімді Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, зор бақыт, бейбіт өмір мен береке-бірлік тілеймін.
Нұршағи Жайлаубаева, тыл ардагері:
- Мен жастайымнан еңбек еттім. Со-ғыстан кейінгі жылдардың ауыртпалығын көп көргендердің бірімін. Бүгінде 7 бала тәрбиелеп өсірген Батыр анамын. 30 немере, 20 шөберенің ортасында бейбіт өмір сүрудемін. Сондықтан да, Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан әрбір ардагерге кейінгі ұрпақ атынан мың мәрте алғыс айтамын. Баршаңызды Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!
КЛАРА ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.