2014 жылдың жаз айлары басталысымен Көкпекті ауданына қарасты жазғы демалыс лагерлерінде 15 маусымнан демалыс кезеңі ашылады. Демалыс маусымының ашылуымен қатар өзенге суға шомылытын уақытта басталуы шарт. Новостройка ауылындағы «Балауса-Көкпекті», Мойылды ауылындағы «Таусамалы», Миролюбовка аулындағы «Достық», Көкжыра ауылындағы «Жас Өркен», Сарыбел аулындағы «Жас толқын» балажайлары балдырғандарға есіктерін айқара ашып, өз жұмыстарын бастайды. Көкпекті ауданы аумағында ерекше жасақталған суға шомылатын жерлер жоқ. Осыған орай, су жағалауларына демалысқа баратын адамдар өте сақ болып, ұсақ балаларын қараусыз қалдырмауын қатаң ескертеміз. Былтырғы 2013 жылы 3 ересек, 1 бала суға кеткені туралы мәлімет бар. Оқыс оқиғаларды болдырмау мақсатында келесідей шарттарды сақтауды ескертеміз:
1. Суға түскенде таныс емес жерледе жағадан суға секірмеу,
2. Ағынды, иірімді суларға түспеу,
3. Қолдан жасалған жүзу құралдарын пайдаланбау,
4. Ішімдік ішіп суға түспеу, балаларды қараусыз қалдырмау.
Сонымен қатар, кәсіби балықшыларға балық аулауға шыққанда қауіпсіздік құралдары мен аспаптарын сайлап шығуды естен шығармауды ескертеміз. Демалыстың қайғылы оқиғаларға әкеп соқтырмауы үшін суда жүзу, тусу ережелерін мұкият сақтауға шақырамыз.
Қ.Әңкебаев, аудандық
ТЖ және АҚ жөніндегі бас маман
Ойланып қарасаң, күллі байлықтың барлығы да не ақша, болмаса таудай үйілген алтын емес, деннің саулығы ғана. Сол себептен де, басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса, ем іздеп алдына бара қалатын дәрігерлер қауымының қоғамдағы орны ерекше. Бүгінгі күні еңбек етіп жатқан дәрігерлер мен медбикелер де ғасырлар бойы келе жатқан ұлы мамандықты жалғастырушылар. Сондай дәрігерлер мен медбикелердің бір легі Самар ауылындағы ауданаралық ауруханада жұмыс істейді.
Жоғары білікті дәрігерлер Г.Шапатова, В.Резникова, В.Сиковая, С.Смағұлова отыз жылдан артық еңбек етіп келе жатса, олардың ізін ерлі-зайыпты Зиядановтар, Асылгүл Хасам, Т.Мұқажанова, Г.Мешелова, С.Жұмажанов және басқалары басып келеді. Кеше ғана «Гиппократ антын» беріп қатарға қосылған, мемлекеттік «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша келген дәрігерлер И.Байзақова, Д.Ізғұттынов, Ш.Әбдіқайымов, А.Ізғұттынова, Л.Халелова, А.Стукачева болашағынан үміт күттіреді. Олар өздерінің алған білімдерін барынша сарқа жұмсауға тырысуда. Білмегендерін алдыңғы буын аға-апайларынан үйренуден жалықпайды.
Науқастарды емдеуде ең маңызды орын алатын адам, дәрігер мен науқастың арасын жалғастырушы, өзінің тек ем-домымен ғана емес, жылы сөзімен де жылылық нұрын шашатын адам - медбике. Р.Солтанбекова, Е.Габербуш, Б.Тасылбаева, Г.Өмірзақова, Г.Чукотаева, Б.Оралова, О.Прищепина, Ж.Аманова, Н.Ақашева, Г.Шайырғазина, Л.Ғалиева, Ә.Таранова және басқа медбикелер кезінде осы аурухана алғаш ашылған жылдары жас маман ретінде табалдырығын имене аттаған еді. Енді, міне, өздері біреуге ақылшы, көпті көрген, кез келген уақытта жаны қысылған науқасқа білікті көмек көрсете алатын жандар. Олардың соңынан еріп келе жатқан жас медбикелердің өздерін қазір сақа мамандар деуге келіп қалды. Ал ең жастары былтыр ғана медбикелік білім алып, жұмысқа орналасқан Ж.Сыдықова, Н.Фибих, Д.Иматулина, Д.Файзулина.
«Ақ желеңді абзал жандар» деген сөз тіркесі тек медицина қызметкерлеріне ғана таңылып айтылады. «Көкпекті аудандық ауданаралық аурухана» КМК ұжымында нағыз осы атаққа лайық адамдар жұмыс істейді. Осындай үлкен ұжымды өзі жас болса да, дәрігерліктің ғылыми жолын да игеріп келе жатқан білікті маман Саят Замамбекұлы Таңатаров басқарып отыр. Мерекелеріңіз құтты болсын, адам өмірінің сақшылары. Еңбектеріңіз еленіп, атқарған істеріңіз халық көңілінен шыға берсін.
Клара НҰРПЕЙІСОВА
Медициналық бике… Иә, осы бір атауды ауруханада емделетін науқас жандар жиі атайды. Өйткені, медицинадағы орта буын қызметкер – медбике денсаулық сақтау жүйесінің негізін құрап отыр. Ең бастысы, дәрігер емінің дұрыс нәтиже беруі – медбикенің көрсетілген емдік шараларды сауатты да қалтқысыз орындауында ғана емес, жаны қиналып жатқан науқаспен күндіз-түні бірге болып, жиі қарым-қатынас жасап, олардың көңіл-күйіне әсер ететін жанкешті еңбегіне де тікелей байланысты. Демек, медбике науқас денсаулығына емдеуші дәрігерден кем жауап бермейді.
Бүгінде 12 мамыр – Халықаралық медбике күні ретінде кеңінен атап өтіледі. Бұл күн медбике кәсібінің негізін қалаушы ұлыбританиялық медбике Флоренс Найтингейлді еске алу мақсатында белгіленген. Қазіргі таңда еліміздегі 100 мыңға жуық медбике – халықтың денсаулығын нығайтып, оларға қолжетімді әрі тиімді медициналық көмек беруде үлкен күшке айналып отыр.
Міне, сол жүз мыңға жуық медбикенің арасында ауданымыздың орталық ауруханасында талмай жұмыс істеп, ел алғысына бөленіп жүрген жандар да бар. Олар - Гүлназ Шәріпова, Лаура Жұртбаева, Алмаш Момбаева, Гүлбану Ғалиева және Баян Жұмағазина. Көңілдері жайдары, жүздерінен нұр шашып тұрған бұл ақ желеңді абзал жандарды алғаш көргенде-ақ, адам жанының арашасы болу үшін жаралған ба деген ой түйесің. Ширек ғасырға жуық науқастармен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгерген мейірбикелер алдына келген қай адамның болмасын тілін тауып, көңілін аулайды. Осы уақыт ішінде олар сырқаттанып ем іздеген талайдың дертіне дауа, көңіліне демеу бола білген. Оқу бітірісімен-ақ туған жерлеріне қайтып оралған қыздар, міне, бүгінде ұжым арасында абыройға ие, құрметті қызметкерлер.
«Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы» деген. Жақсы ұстаздың алдынан өткен шәкірт әр ісіне сенімді болмақ. Біздің кейіпкерлеріміз де Сажида Ғафурқызы, М.Фазылғаламқызы сынды ұстаздарынан үйрене жүріп, бүгінде өздерінен кейінгі жас мамандардың ұстаздарына айналып отырған жайлары бар.
Гүлбану Ғалиева жұқпалы аурулар бөлімінде жұмыс жасайды. Алматы қаласындағы Республикалық медициналық училищені тәмамдағаннан соң ол балалық шағы өткен туған жеріне оралып, осы жерде, міне, табаны күректей 29 жыл медбикелік мамандықты адалдықпен, үлкен жауапкершілікпен атқарып келеді. Гүлбану апай өз ортасына беделді медбике ғана емес, отбасында да мейірімді ана, немерелерінің сүйікті әжесі. 4 баласының ішіндегі кенже қызы анасының жолын қуып, дәрігер мамандығы бойынша білім алды. Жұмысы ауыр және жауапты болса да, қайсарлықты қанат еткен мейірбике өз міндетін мүлтіксіз орындаудан жалыққан емес. Себебі, бұл – оның еңбек жолындағы өмірлік таңдауы. Жұмыста да, үйде де мейірімділік көрсетіп, қолғабыс беріп жүрген абзал жан барлық әріптестеріне денсаулықты нығайту саласындағы еңбектері еленіп, әрдайым ел ризашылығына бөлене берсін деген тілегін жеткізді.
Гүлназ Ақанқызы өз мамандығына деген адалдығы болар, мейірбикеге тән қасиеттер – мейірімділік, науқастарға деген жылы көзқарас пен ілтипат, әсіресе, емдеуші дәрігердің тағайындамаларын дер кезінде өте ұқыпты орындайтындардың қатарынан. Оның үстіне ақжарқын келбетімен, кеңпейілділігімен адам жанын баурап алатын, науқасты ауруынан айықтыру үшін бар жағдайды жасап бағатын медбикені емделушілер де жақын көреді екен.
Өмірінің 27 жылын аудандық ауруханадағы жұмысына арнаған Лаура Жұртбаева мәртебелі абзал жандардың бірі. Үлкенге де, кішіге де көмек қолын созып, науқастың өмірге деген құлшынысын арттырып, жанына дауа, тәніне шипа болардай ем жасап жүрген Лаура апай өз мамандығына адал. - Өз мамандығын сүйетін екі адам болса, соның бірі - менмін. Науқастарға сапалы ем жасау өз алдына, адамдарға бар мүмкіндігімше көмектесуді басты парызым деп санаймын. Дәрігер Гиппократ антына да, өз арына да адал болуы тиіс, — деді ол өз әңгімесінде.
Мейірбике ісі жауапты, қиын да қарапайым, әрі адалдықты қажет ететін кәсіп. Хирургия бөлімінде қызмет жасайтын Алмаш Момбаева сондай қасиеттерді бойына жиған жан. Мейірбике ісінің қыр-сырын жетік меңгерген ол бұл қызметті 1986 жылдан бастап абыроймен атқарып келеді. - Мен өзімді бақытты әйелмін деп есептеймін. Әке-шешемнің үмітін ақтадым, азамат болып үш ұлымыз өсіп келеді. Көрші-қолаң, достарым, ауылдастарым, әсіресе, үлкендер жағы «қолыңнан айналайын» деп көрген жерде алдымнан кесіп өтпейді, батасын береді. Мереке қарсаңында мен өзіммен бірге осы жұмыстың ыстық-суығына бірдей төзіп жүрген барлық әріптес қыздарымды құттықтағым келеді. Адамдардың ықылас-ниеті, алғысы бізді мерейлендіреді. Сондықтан, біздің қыздар әрқашан қызметіне адал болуды зердесіне жаттап үйренген, — дейді мейірбанды мейірбике.
Бүгінде ауылдықтардың алғысына бөленген медбике Баян Жұмағазина еңбек жолын Семей медициналық училищесін бітіргеннен кейін өзіміздің аудандық ауруханада бастады. Өз ісіне берілген маман қазірде жан сақтау бөлімінде медбике болып жемісті еңбек жасауда. Көп алғысын арқалаған Баян Советқызы өз қызметі жайында былайша ой түйеді: «Кейде жұмыстан шаршап кететін кездер болады. Әсіресе, өлім мен өмірдің арасында арпалысып жатқан жанды көргенде, онымен бірге қиналып кетесің. Кейбір кездері ауыр жағдайдағы науқастар келіп түсіп жатады. Сондай уақытта шұғыл қимылдап, науқастың есін жинатқанда ғана терең тыныстайсың. Сондай кезде емделушімен бірге қуанып, өз жұмысыңнан ләззат аласың». Осылай деген Баян Жұмағазина өз мамандығын сүйетінін, өмірден өз орнын тапқан адам екендігін айтады. Отбасында ұл тәрбиелеген мерейлі ана баласының болашағынан зор үміт күтеді. Жолдасы абзал жанның қиын жұмысына түсіністікпен қарап, үнемі демеп отырады.
-Медбике болып қызмет істеу оңай емес, оның үстіне бүгінгі таңда науқастар өте талғампаз, кірпияз. Біздің саладағы басты күш медбикелерге түсетіні анық. Олар науқастарға ауыртпай ине шаншуға, бабын табуға тырысып-ақ бағады. Осы мереке қарсаңында әріптестеріме шыдамдылық пен сабырлық тілеймін. Денсаулықтары мықты болып, халыққа адал қызмет етіп, өз істерінің жемістерін көре берсін дегім келеді, — дейді өз ісінің шебері.
Аталмыш мамандық өте күрделі. Сондықтан, медбикелер қатарында рухы жоғары, шыдамды, қайырымды, кез келген уақытта көмек беруге әзір тұратын жандар ғана қалады. Себебі, ауруханаға сау адамдар емес, сырқаттанып қиналған жандар ғана түсетіні бәрімізге белгілі. Ал сол ауру меңдеген, көңіл-күйлері пәс адамдарға моральдық тұрғыдан медбикелер көмек береді.
Құрметті ақ желеңді абзал жандар! 12 мамыр – Халықаралық медбикелер күні сіздер үшін жылына бір рет қана келетін ерекше күн. Олай болса, сіздер мейрам күні үлкен құрмет пен сый-сияпатқа бөленуге әбден лайықсыздар. Сырқат үшін ерекше жан болып, ақ халатты періште деген атқа иесіздер. Біз де өз тарапымыздан барлықтарыңызды осындай мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтап, бақыт пен сәттілік тілейміз.
Арайлым МИРАТҚЫЗЫ
Самар БЖСМ-де 1997-1999, 2000-2003 жылдар аралығында туған жасөспірімдер арасында еркін күрестен «Салауатты өмір салтын ұстанамыз» атты ауданаралық турнир өтті. Турнирді аталған мектептің жас жаттықтырушысы Т.Қасайынов ұйымдастырды. Жарыс жеңімпаздары мақтау қағаздарымен және медальдармен марапатталды. Амангелді орта мектебінің оқушылары – А.Қыдырбек, А.Есімханов, Абай орта мектебінің оқушысы С.Кенжебаев, Самар №1 орта мектебінің оқушылары И.Иванисов және Ж.Қайырлынов, Ж.Болғанбаев атындағы мектеп оқушылары А.Ермұхан, Е.Бұлышев және А.Асқарбеков 1 орын иегерлері атанды.
Еліміздегі медицина мәселесінің аса маңыздылығын ескерген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Халықтың денсаулығының деңгейі сол мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық, мәдени және индустриялдық дамуының көрсеткіші іспетті. Сондықтан, әлемдегі дені сау халық қана өзгелермен бәсекелес бола алады» деген-ді.
Аудандағы денсаулық сақтау саласының бүгінгі күні жақсы жаққа қарай ұмтылысы байқалады. Дегенмен, аудан әкімнің тұрғындармен кездесуі барысында бұл салаға қатысты біраз сын айтылған. Осыған орай, аудан басшысы аудандағы екі аурухананың басшыларына тұрғындармен кездесу өткізуді тапсырған болатын. Бүгінгі сұхбат «Ауданаралық аурухана» ШЖҚ КМК бас дәрігері Саят Замамбекұлы Таңатаровпен болмақ.
–Бірден айта кетуіміз керек, бүгінгі таңда ауданның медицина саласына облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан қаражат бөлу анағұрлым жоғары дәрежеде. Өткен жылдарда біздің емханаға күрделі жөндеу жүргізілгені белгілі. Медициналық кадрлармен толықтыруда да ілгерілеушілік бар.
Медицина саласындағы реформаларға сәйкес әртүрлі санитарлық-эпидемиологиялық сырқаттардың саны азайып, тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің де көрсеткіштері бұрнағы жылдардан жақсарған.
Аудандағы денсаулық сақтау саласының бірқатар жетістіктерімен қатар кемшіліктері де бар. Олардың біразын біздің пациенттеріміз айтып отырады. Осы орайда біздің аурухананың арнайы құрылған жұмыс тобы барлық дерлік ауылдық округтерде болып, тұрғындармен кездесу өткізді.
Ең алдымен, біз ауыл тұрғындарына Ел Президентінің Жолдауында медицина саласының алдына қойылып отырған міндеттерін түсіндіре отырып, сол бойынша өзіміздің алдағы күнге жоспарларымызды, қазіргі күні медициналық қызмет сапасын арттыру бойынша қолға алынған жұмыстармен таныстырдық. Халықтың медициналық қызмет көрсету стандарттары талаптарына сай құқын білуі, ақысыз медициналық қызмет түрлері мен тегін дәрілермен қамтылу мүмкіндіктерін мемлекет тарапынан қолдау шараларының заңдылықтары шеңберінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын орындау жөніндегі шараларға тоқталдық.
Барлық емдеу-сауықтыру мекемелері сияқты біздің аурухана да шаруашылық жүргізу құқығындағы мекемеге ауысты, тегін дәрімен қамтылу шаралары мемлекет қолдауымен жүзеге асып жатыр. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі бойынша әр азамат өз таңдауын жасаған кезде сол қаражат ем қабылдайтын сауықтыру орнына құйылады.
Кездесулер барысында тұрғындар мамандарға дәрігерлердің қабылдау кестесі, тегін дәрі-дәрмек берілудің заңдылықтары, портал арқылы ауруханаға жату ережелері туралы көкейдегі сұрақтарын қойды. Бұл сауалдарға емхана меңгерушісі А.Арапова, статистик дәрігер Н.Шәріпова жауап берді.
2013 жылы Астанадан келген лауазымды комиссияның тексеруімен екі жыл мерзімге аккредитациядан өткізілдік. Бұл - жақсы нәтиже. Қазіргі күні оңтайландыру жұмысы аяқталды. Барлық медициналық қызметкерлердің жүктемесі қайта қаралып, жаңаша жұмыс кестесі құрылды. Науқастар дәрігерге қаралу үшін тіркеу бөлімінде өзі келіп, немесе телефон арқылы дәрігердің қабылдауына жазыла алады. Әр дәрігердің күніне қабылдауына жиырма адамнан деп белгіленген. Сонымен бірге, патронаждық кезекшіліктері бар. Науқастар алғаш рет келген болса, дәрігерге бармас бұрын дәрігералды кабинетінен өтеді. Сонымен бірге, жылдарына қарай скринингтік тексеру белсенді түрде жүргізілуде. Бұл орайда әлеуметтік медбикелердің жұртты жұмылдырудағы жұмысын атап өту керек. Дегенмен, тұрғындардың өз денсаулығына деген ынтымақтастық жауапкершілігі әлі де төмен. Осы бойынша алдын алу шаралары мен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Медициналық мекеменің халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру үшін барлық жағынан жоспарлы іс атқарылуда. Дәрігерлер мен медбикелердің біліктілігін арттыру да осы жұмыс аясында қарастырылған. Қазіргі күні УЗИ, ФГДС аппараты жұмыс істейді. Науқастар тарапынан оның нәтижелері қалалық зерттеу орындарымен бірдей деген баға алып үлгердік.
Күндізгі стационарда емделу мен дәрігерді таңдауды қазіргі күні науқастардың өздері де тиімді санап отыр. Сонымен бірге, тұрғындардың тегін дәрі-дәрмекті уақытында алулары үшін жеткізіп беруді әр ФАП-тағы медқызметкерлер арқылы атқаруды жолға қоймақпыз. Медициналық қызмет сапасын арттыру үшін біздің емдеу мекемесі ізденіс жасап, қалайда халық ойынан шығуды басты мақсаты етіп қойып отыр.
Жазып алған Клара НҰРПЕЙІСОВА
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.