Облыс прокуратурасы карантиндік және ветеринарлық заңнаманы сақтау бойынша сараптама өткізген болатын. Аталған тексерудің нәтижесінде Қазақстан Республикасына шет елдерден әкелінетін карантиндік өнімдерді қадағалап, оның Қазақстанға кіргізілмеуін бақылайтын өкілетті органдар тиісті шараларды жеткіліксіз қолданып отырғаны анықталды. Осыған байланысты жуырда Самар ауылында АІІБ-нің ұйымдастыруымен карантиндік нысандардың таралуы және оларға қарсы күрес мәселелерін талқылаған кеңес отырысы өтті.
Аталмыш отырыстың басты мақсаты - карантиндік нысандардың ошақтарын анықтап, әкелінетін және әкетілетін карантинге жатқызылған өнімдердің ветеринарлық – санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қатаң бақылауға алу. Бұл жиынға АІІБ–нің қызыметкерлері, аудандық прокуратураның көмекшісі Асылбек Бисаров, Өсімдіктер карантині жөніндегі инспектор Серік Қасымханов, ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Көкпекті аудандық-аумақтық ветеринариялық санитарияның бас маманы Өміртай Сұлтанов қатысты.
Жиналыс барысында сөз алған ҚР АШМ АӨ МИК Көкпекті аудандық-аумақтық инспекциясының Өсімдіктер карантині жөніндегі инспекторы Серік Қасымханов «Өсімдіктер карантині туралы» ҚР заңының маңызды тұстарына қысқаша тоқтала келіп, карантинге жататын өнiмдi беруге немесе оның транзитiне шарт жасасқан кезде өнiм берушi уәкiлеттi органнан карантин шаралары туралы қажеттi ақпарат алуға және карантиндi нысандардың әкелiнуiнiң алдын алуды қамтамасыз ететiн жағдайларды қарастыруға мiндетті екендігін айтып өтті. Тауар айналымы кезінде карантидік сертификаттың болуын қадағалау керектігін ескертті. «Карантидік сертификат – мемлекет ішінде тасымалданатын картинге жатқызылған өнімнің карантиндік жай–күйін куәландыратын құжат. Сонымен қатар, фитосанитарлық сертификат та айтарлықтай маңызға ие. Ол дегеніміз – карантинге жатқызылған экспортқа шығарылатын өнімнің карантиндік жағдайын анықтайтын құжат. Біріншісі аудан, облыс, республика ішіндегі тауарларға берілсе, соңғысы шет елге шығарылатын өнімдерге беріледі. Карантиндiк сертификатты алу үшiн жеке және заңды тұлғалар уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiне өтiнiм бередi және карантиндiк жай-күйдi айқындау үшiн өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспекторға карантинге жатқызылған өнiмдi ұсынады, - деді иснпектор.
ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Көкпекті аудандық-аумақтық ветеринариялық санитарияның бас маманы Өміртай Сұлтанов ветеринарлық-санитарлық ережелер туралы айтып өтті. - Егер де санитарлық ережелер сақталмаған болса, адам өмірі мен оның денсаулығына, сондай-ақ аурудың пайда болуы мен таралуы қатері төнетіндігі белгілі. Сол себепті, мал өнімдерін өткізгенде мынадай құжаттардың бар–жоқтығын анықтау керек. Ол - ветеринарлық құжат, сертификат, ветеринарлық анықтама, тірі малда форма №1, мал дәрігерлерінің компьютерлік базасында малдың тіркелуі керек. Ветеринарлық сертификатты мал дәрігері инспекторлары жазады. Ал мөрді вет.дәрігер басады. Жылқыда таңба, басқа малдың сырғалары болуы керек, - деді ол.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, халық денсаулығы мен оны сақтауда тағамдық қауіпсіздікті қадағалап, бақылауды күшейту мақсатында АІІБ қызметкерлерімен бірлесе отырып жұмыс істеу – жемісті болмақ» деген санитария қызметкерлері алдағы жұмыс өнімді болатынына сенім білдірді.
Сандуғаш ҚАЖЫОМАРОВА
Көкпекті оңалту орталығындағы күндізгі келу бөлімшесінің ашылғанына, міне, бір жыл уақыт толып отыр.Қазіргі таңда аталған бөлімшеде 14 мүмкіндігі шектеулі бала қызмет алуда. Орталықта балалар үш топқа бөлінген. Кіші «Шаттық» тобында екі бала болса, орта «Достық» тобында жеті бала қызмет алады. Ал, жоғары «Қуаныш» тобына бес бала келеді. Әр топта балалармен оңалту жұмыстарын жүргізетін өз тәрбиешілері бар. Бекітілген жоспар бойынша топтағы балалармен орталықтың еңбек, дефектолог, хореограф және музыкант сынды мамандары мен тәрбиешілері жұмыс жасайды. Қызмет алушы балалардың бос уақыттарында тәрбиешілер олардың қол моторикасын дамыту мақсатында әр түрлі заттардан мүсіндер жасатып, қызығушылықтарын оятады.
Биылғы жазда балалардың демалысы қызықты әрі танымдық деңгейде өтуі үшін орталықта арнайы жоспар құрылған. Осы жоспарды басшылыққа алған тәрбиешілер жан-жақты жұмыстар жүргізуде. Мәселен, балалардың денсаулығын қалпына келтіру мақсатында «Жеңіс» және «Балалар» саябақтарына, аудандық кітапхана мен мұражайға, «Илья бастауына» серуен құрып, саяхат ұйымдастырылды.«Илья бастауына» көкке шыққан кезде балалар таза ауада демалып, түрлі қызықты ойындар ойнады. «Тығылмаш», «Валейбол», «Теңіз толқыны» сынды ойындардың қызығына батқан балалар бір сергіп қалды. Сонымен қатар, табиғат саясында бесін тамақтарын ішкен оларға бұл саяхаттың пайдасы зор болды. Саябақта серуен құрған сәтте де балалар көңілді уақыттарын өткізіп, соңында естелікке суретке түсті. Ал, аудандық кітапханаға барған кезде бұл жер оларға әрі қызықты, әрі таңсық болды. Сөрелерде тұрған кітаптарға тамсана қарап, ертегі, әңгімелерді рөлдерге бөліп оқудан өзара үздіктерді анықтады. Аудандық мұражайға барған уақыттада балалар жәдігерлермен аса мұқияттылықпен, қызығушылықпен танысты.Бұл жерде олар көне заттар, құнды дүниелер, аудандық мектептер мен балабақшалардың тарихы, қазақ халқының киімдері ментұрмыстық заттары туралы мол мағлұмат алды.
Балалардың жазғы демалысы қауіпсіз түрде өтуі мақсатында Көкпекті аудандық төтенше жағдайлар бөлімнің әдіскері орталықтың қызмет алушыларымен кездесу өткізді. Ондағы басты мақсат –балаларды және олардың ата-аналарын алғашқы көмек көрсетудің қыр-сырына қанық қылу. Кездесу барысында балаларға мультфильмдер,алғашқы көмек көрсету жайлы қысқаша видео жазбалар көрсетілді. Сонымен қатар, балаларға суға түсу ережелері туралы да айтылды.
Бұл жазғы демалыс қызмет алушы балаларға өте қатты ұнауда.
Н.Ауғанбаева, Д.Төлеуғалиқызы,
тәрбиешілер, Көкпекті оңалту орталығы
Самар бастауыш мектебіндегі «Солнышко» лагері оқу жылы аяқталған соң бір аптадан кейін жұмыс істей бастады. Содан бері демалушы балалар талай қызыққа батып, түрлі жарыстар ұйымдастырып, концерт қойып, ойындар ойнап уақыттарын мәнді өткізуде. Олар өздерінің «Зожики» атты үгіт бригадасын құрған. Ол салауатты өмір салтын насихаттайды.
Жақында саламатты өмір салтын қалыптастыруға үндеу және 26 маусымда аталатын Нашақорлықпен күрес күніне орай өтіп жатқан айлық аясында «зожиктер» мен ауданаралық аурухананың СӨС кабинеті және Самар медико-әлеуметтік мекеме бірлесіп, «Саламатты өмір салты – өмірлік серік болсын» атты қызықты сайыс өткізді. Ең алдымен, үгіт бригадасы сөз алды. Олар әртүрлі кино кейіпкерлерінің фильм барысында шылым шегіп, ішімдік ішетіндерін, нашақорлықты көрсететінін, бұл жастарға кері тәрбие беретінін айтты. Арақ, темекі мен инедегі нашаның айтысын, олардың өздерін мақтағанын, ал балалардың барлығы жиылып оларды қуған көрінісі қызықты болды.
Салауатты өмір салтын насихаттаушылар үш командаға бөлініп, өзара күш сынасты. Ракеткамен допты құлатпай қарсы жаққа апару, спорттық құралдарды жинау жарыстарында сары, қызыл, көк түсті жалауша иелері қызықты ойын көрсетті. Команда құрамында болған балалар да, МӘМ-нің қызмет алушы қариялары да, әлеуметтік қызметкерлер де бар өнерлерін салып, командаларының қалыспауын қамтамасыз етті. Мектеп оқушысы Саша Коновалов акробатикалық жаттығулардан көрініс көрсетті. Ал 87 жастағы Қарттар үйінің тұрғыны Михаил Гаврилович Герасимчик жұртшылықты таңқалдыра шпагатқа отырды. Ол осы жасына келгенше таңертең ерте тұрып жүгіреді, жаяу жүреді, суық сумен жуынады. Бұл көрсетілімнен кейін велосипедшілер жарысқа шықты. Олар өздерінің ептіліктерін көрсете білді.Жарыс қызықты аяқталды. Балалар өздерінің тәрбиешілері Е.Малышеваға, Т.Морковскаяға, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі М.Зарқұмоваға, СӨС кабинетінің қызметкерлеріне, МӘМ-нің әлеуметтік қызметкерлеріне алғыс айтты. Ал СӨС медбикесі Н.Күдербаева қатысушыларғы шырын таратты.
Клара НҰРПЕЙІСОВА
Жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде біз әдеттегідей жанымызға шипа беріп, ауыра қалсақ ем жасап, қашанда денсаулық күзетінде тұратын мамандық иелерінің кәсіби мерекесін атаймыз. Биыл өзіміз ардақ тұтатын мамандық иелерін ұлықтау Самар ауылында өтті. Салтанатты шара медицина қызметкерлерінің әнұранына айналған «Люди в белых халатах» әнімен басталды. Оны нақышына келтіре Т.Нечаева орындағанда бүкіл зал орындарынан тік тұрып тыңдады, қол соқты.
Жиналған екі аудандық аурухананың қызметкерлерін, медицинаның басқа да саласы мамандарын мерекемен аудан әкімі атынан оның орынбасары К.Смаилова құттықтады. Жалпы алғанда, ауданның медицина саласы жылдан-жылға дамып келеді. Мемлекеттік «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыра отырып, аудандағы емдеу мекемелері аурудың алдын алу жолдарын кеңінен қолдануда. Жыл сайын жас мөлшерлеріне байланысты скринингтен өткізу жұмысы жақсы нәтиже беріп, жүздеген адамдар аурулары асқынбай тұрып, ем қабылдау мүмкіндігіне ие болды. Биылғы жылдың басынан бері екі мыңнан астам адам скринингтен өтіп үлгерген. Қазіргі күні жұмыс жалғасуда. Бұл арада учаскелік дәрігерлер, медбикелер мен әлеуметтік қызметкерлердің жұмысын атап өту орынды.
Соңғы үш жылда ауданымызға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша дәрігерлер мен медбикелер келіп, кадр жаңаруы жолға қойылып отыр. Олардың барлығына бірдей әлеуметтік көмек жасалған. Ауданның медицина мекемелеріне жөндеу жұмыстары жасалып, қажетті қондырғылар сатылып алынуда. Ең қажетті құрал маммограф сатылып алынса, биыл екі аурухана автопаркі жаңа көліктермен толықты. Үлкенбөкен ауылында құны 135 млн. теңге болатын дәрігерлік амбулатория құрылысы басталды. Ол биыл аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Ауданның емдеу саласы мамандарына аудан әкімі, облыстық денсаулық сақтау департаменті бастығы атынан марапаттаулар тапсыру рәсімі өте қызу өтті. Олардың арасында Р.Жұмағазина, С.Макарова, Ж.Үмітбаева, Б.Оралова, Г.Татманова, Т.Мұқажанова, Г.Закирьянова және басқалары бар. Бүгінгі мерекемен ақ желеңді абзал жандарды ауылдық округ әкімдері, шаруа қожалықтарының басшылары мен әр сала бөлімдері құттықтады. Үлкенбөкен ауылдық округінің әкімі Н.Назарханов әкімшілік атынан ауылдағы амбулаторияға сыйлық тапсырды және Қ.Баймолдин жетекшілік ететін «Табиғат» шаруа қожалығы компьютер сыйлайтынын жеткізді. «Рүстем» шаруа қожалығы Көкжайық дәрігерлік амбулаториясына ноутбук сыйласа, «ҚалмұқжомАхмет» ШҚ Үлгілімалшы емдеу мекемесіне компьютер, еңбегі сіңген дәрігер И.Қалиеваға жеке сыйлық тапсырды. Аудандық ішкі саясат бөлімі мен жастар орталығы медқызметкер Баян Советқызын марапаттады. Самар ауылдық округінің әкімшілігі атынан «Ауданаралық ауруханаға» сыйлық тапсырылды.
Әріптестерін қырық жылдан астам еңбек өтілі бар балалар дәрігері В.Резникова, емделушілер атынан «Күміс алқа» иегері Г.Поттахова, ардагерлер атынан Самар ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрайымы М.Балажанова және басқалары құттықтады. Ауыл тұрғындары арасында «Дәрігер, сен бізге керексің» атты акция өтіп, онда ең үздік деген дәрігерлер анықталды.
Бұл күні шырқалған ән, биленген би, әзілдің барлығы медицина қызметкерлеріне арналды. Олар өздеріне арналған концерттік нөмірлерді тамашалай отырып, бірге ән айтты, жарасымды қалжыңға риясыз күлді. Викториналық ойынға қатысып, сыйлықтар ұтып алды. Оларға тамаша көңіл күй сыйлауда «Асыл қазына», «Інжу-маржан» әжелер топтары, «Самарчанка» би ансамблі, Көкпекті және Самар Мәдениет үйінің әртістері атсалысты.
Бұл күн шын мәніндегі өз мамандығына, Гиппократ алдында берген антына адал жандардың мәртебелерін көтеріп, мерейін үстем қылатын күнге айналды.
Жұлдыз Сләмбекқызы Юсупова, дәрігер:
-Бүгінгі мереке есте қаларлықтай болды. Мен барлық дауыс берген адамдарға алғыс айтамын. Қазіргі заман медицинасы жан-жақты дамып, тұрғындарға медициналық қызмет көрсету сапасы артып келеді. Бұл жөнінде мемлекет тарапынан да қатаң талап қойылуда. Әріптестерім осы талап үдесінен шығып, қашанда халық алғысына бөлене берсін деп тілеймін.
Л.Поттахова, ауыл тұрғыны, «Күміс алқа» иегері:
-Мен байланыс саласында 34 жылдан артық жұмыс істедім. Көпбалалы ана ретінде ауруханаға да жиі қаралдым. Қазір мен зейнеткермін, ал балаларым аман-сау өсті. Оның барлығына медицина қызметкерлерінің де қосқан үлесі бар деп санаймын. Бұрынғы аға буын дәрігерлер қандай еді, олар өздерінің отбасындағы жағдайды ысырып қойып, күн-түн демей, ақша үшін жұмыс істемей, арды ойлайтын. Қазіргі жастардың да сол жолдан ауытқымай, науқастың қабағына қарай біліп, шыдамдылық танытса, сол алдыңғы аға-апайларынан үйренсе, үлгі алса деймін. Сонда ғана халық алғысына бөленері сөзсіз. К.Мұқатаева, медбике:
-Семей медицина училищесін аяқтай сала Көкпекті аудандық ауруханасында жұмыс істей бастадым. Табан аудармай аудандық перзентханада балалар медбикесі болдым. Өмірге жаңа адам келгені қандай бақыт десеңші! Қаншама сәбиді анасының құшағына алғашқы болып ұсыну перзентхана медбикесі үшін екі есе бақыт дер едім. Жөргек иісі аңқып тұратын сол кезді сағынып жүрмін. Мен қазір зарарсыздандыру бөлімінде жұмыс істеймін. Бұл жердегі жұмыс та жауапты. Жалпы, медицина қызметкері қай жерде жұмыс істесе де жауапкершілігі зор. Сондықтан да, әріптестерімді төл мерекелерімен құттықтай отырып, сеніп тапсырылған жауапкершілікті ақтай берейік дегім келеді.
Клара НҰРПЕЙІСОВА
Дәрігер болуды арман ететіндер өте көп. Алайда, екінің бірі дәрігер бола алмасы анық. Ол үшін дәрігерлік қызметке деген қызығушылық пен мамандық алу ғана жеткіліксіз. Сондай-ақ, олардың адам өміріне жауапты қызметіне деген құлшынысы мен адалдығы, адамдығы маңызды. Дәрігер болатын жанға үлкен жүрек керектігі, ақ желеңді кір шалдырмау керектігі де бекер айтылмайды. Қанша сын айтылса да, халық дәрігерлер қауымын ерекше құрмет тұтатыны ақиқат.
Толығырақ...Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.