Қазақ халқы ежелден шешен, тіл өнерін ерекше құрметтейтін халық. Біздің тіліміз дамып өркендеп келеді. Бірақ, біз ылғи да өз байлығымызды, мақтанышымыз туған тілімізді құрметтей бермейтініміз құпия емес. Қазақтың өзі сияқты дархан даласындай кең пейілді, ақ көңіл қонақжай мінезі өзіне сор болып жабысқандай. Қазақтың өзі сияқты тілі де мың өліп, мың тіріліп, әрең дегенде әлемдегі жойылып кетуге жақын үш мың тілдің қатарына кіріп, лайықты орын алып тұр.
«Ана тілін білмеген - ақылы жоқ желікбас, ана тілін сүймеген - халқын сүйіп жарытпас», дегендей, ана тіліңнен артық, ана уызы мен көңілге түйген тілден асқақ, құдіретті дүние бар ма? Әр адам өз тілімен ардақты, әр адам өзі сөйлейтін тілде ойлайды, өз ойын сол тіл арқылы жеткізеді.
Бір газеттің бетінде қазақ ұлтының 40 пайызы өз тілін білмейді деген ақпарат жарияланыпты, бұл ұлтым деген адамның жүрегіне инедей қадалары сөзсіз.
Газет бетінде бұл тақырыпты қозғауға бір сорақы жағдай себеп тудырды. Жуықта, яғни, 25-26 қараша жұлдызында Семей қаласының Абай атындағы Мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры біздің ауданға гастрольдік сапармен ат басын бұрды. 80 жылдық тарихы бар, өрісін кеңейтіп өркендеткен, белесті биіктерге қол созып келе жатқан өнегелі орда.
ҚР Мәдениет қайраткері Мырзахан Сыздықовтың айтуынша, театр елімізге өнерін сыйға тартып, адамгершілік пен эстетикалық сезімдерін тәрбиелейді. Осы мезгіл арасында, театрда 300-ге жуық спектакльдер қойылып, 80 миллионға дейін көрермендер шақырылды.
Театр өз шымылдығын 1943 жылы Ілияс Жансүгіровтың «Кек» пьесасымен ашады. Әлемдік драматургияның деңгейінде он шақты шет, және таяу елдер классиктерінің шығармалары қойылған. Талантты актерлар бүгінде оңды дәстүрлерді аға ұрпақ жолын зор ізденістермен жалғастырып келеді.
26 қараша күні театр ұжымы Самар мәдениет үйінің сахнасында балаларға «Бәйшешек іздеген қыз», ересектерге «Мәңгілiк бала бейне» спектакльдерін ұсынды. Сахна шеберлері керемет қойылым көрсетіп, көрермендер көңілінен шықты. Бұл күні қойылымға келмегендер қаншама рухани азықтан құр қалғанын білсе ғой! Театр деген ұғым бір керемет таза, көтеріңкі сезім ұятады. Ауылдықтар күн сайын онымен бетпе-бет келмейді, сондықтан, осындай беделді театрдің бізге келуі қоғамды дүр сілкіндіріп, өнердің ғажайып әлеміне тартатындай болған. Өкінішке орай, ешқандай құбылыс болмады, самарлықтардың сана-сезімінің төмендігінен шығар, 7 мыңнан артық тұрғыны бар округтегі, 300 жуық адамсыятын Мәдениет үйінің көрермендер залына бар-жоғы жиырма шақты ересек адам ғана жиналды.
Жас ұрпаққа осындай тағылым көрсете отырып, біз өз тілімізді осылай құрметтейміз! Театр деген өлшеусіз өнер, рухани ас. Көрсетілген спектакль қазақ елдің тарихи, қаншама адам азапты жол кешіп, Семей ядерлық сынақ полигонындағы салдарынан зардап шеккен азаматтардың күн көрінісі, әлі күнге дейін оның жаңғырағы жойылмағанын көз алдымызға келтірді.
Мәдениет қайраткері Мырзахан Демесинұлы Сыдықов реніш сөздерінде самарлықтардан көңілі қалғанын айта келе, олардың ана тілін құрметтеу, абыройын асқақтатуға әлі де дайын емес екенін жеткізді. Әсіресе, Болғанбаев атындағы мектеп ұжымына ерекше сөгіс айтып салды. Мектеп өкілі 170 билет санын бір адамға таратпай, кері қайтарып берген екен. Мәдениет үйі қызметкерлері де мекемелердің арасында үгіт насихат жүргізбей, нашар жұмыс атқарған.
Еліміздің әрбір азаматы қазақ тіліне деген қажеттілікті сезінбейінше онын өркендеуі туралы сөз болуы мүмкін емес. Әрбір адамның бойында өз тіліне деген құрмет пен махаббат бейжай қалдырмай толғандыру тиіс. Сонда ғана өшкеніміз жанып, ортайғанымыз толар еді.
Ду қолшапалақпен қолдайтын көрерменін кезіктірмеген, қонақжайлылығы мен өнерге деген сый-құрметі төмен ауылдан наразы көңілмен аттанған театр ұжымымен қоштасып, үйге қайтып бара жатқанда кеудемізді өкінішке толы ашу-ыза кернегені шындық. Сонау Семей шаһарынан ауа райының қолайсыздығына, аязға қарамастан осыншама ұзақ жол жүріп келгенде, біздің қоңыр салқын қонақжайлығымызға тап болған Абай атындағы Мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрының әртістері ешқашан да біздің өңірге ат басын бұрмайтындай болған шығар...
Қанат АПСАДЫҚОВА
Өткен аптада облыс қалалары мен аудандарында тұңғыш рет А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапхананың ұйымдастыруымен «Патриотизм – ұлттық рух» тақырыбы аясында ашық диктант өткізілді. Қазақстандықтардың сауатты жазу мәдениетін дамытуға арналған білім акциясын өткізудің мақсаты - кез келген адамның өзінің сауаттылығын тексеруіне мүмкіндік беру, сондай-ақ заманауи қоғамда сауаттылықтың маңыздылығын атап өту.
Сауатты адам – бұл ең алдымен мемлекеттік міндетті іскерлікпен орындайтын, мемлекеттік тілді толық меңгерген сауатты басшы, мемлекеттік қызметкер, заңгер, мұғалім, дәрігер және басқалар. Өйткені, Қазақстандық ұмтылыс, сапалы білім мен сапалы өнімнің түкпірінде Отанға деген сүйіспеншілік, өшпейтін патриотизм, қазақи намыс, Мәңгілік ел идеясы жатыр. Сондықтан да тұңғыш диктантқа «Желтоқсан құрбандары – Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары» тақырыбы таңдалған.
Көкпекті аудандық кітапханасындағы онлайн орталықта ел Тәуелсіздігі мерекесіне орай өткен ашық диктантқа жасы, білім деңгейі, қызметі жағынан әртүрлі оннан аса адам қатысты. Онлайн режіміндегі ашық диктанттың модераторы – Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибелі ұстазы, қазақ тілі мұғалімі Мұқатаева Гүлназ Қадырқызы диктант талабына сай мәтін сөйлемдерін түсінікті де анық етіп, мәнерлеп оқып берді.
Диктант нәтижесінде айқындалған жеңімпаздарға ынталандыру сыйлықтары ұсынылатын болады. Оның қорытындысы кітапхана сайтында www.pushkinIibrary.kz жарияланады. Алайда, есту арқылы бір рет жазылған диктантты қайта көшіріп жазу орын алған жағдайда қалайша әділ нәтиже шығатынын кім білсін?! Бұл, бәрінен бұрын, өзін өзі алдау, көзбояушылыққа жатпай ма?
Бақыт МҮЛІКОВА
Ағымдағы жылдың 19 қарашасында «Нұр Отан» партиясы ғимаратының жиналыс залында аудандық Жастар орталығы және «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен «Еркін пікір» жобасы аясында аудан жастары арасында «Дипломмен ауылға бағдарламасының кемшіліктері мен артықшылықтары» тақырыбында Карл Поппер әдісі бойынша пікір-сайыс ойындары өткізілді. Пікір-талас ойындарына Көкпекті орта мектебінің «Болашақ» және Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектебінің жас ұстаздарынан құрылған «Жастар» фракциялары қатысты. Қызу қанды тартыс ойында әділ қазылар алқасының шешімімен «Болашақ» фракциясы басым түсіп, 1 орынды иеленсе, «Жастар» фракциясы 2 орынға табантіреді. Сайыс қорытындысы бойынша үздік ойын көрсетіп «Үздік спикер» номинациясын Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектептің мұғалімі Салтанат Қанағатқызы Апсадықова иеленді. Ойын соңында қатысушар мадақтау қағаздарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
А.Рахимбаев, «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы
Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектепте 5 желтоқсан күні «Жас Ұлан» ұйымына қабылдау салтанатты кеші өткізілді. Қабылданатын оқушылар «Жас Ұлан» ұйымының қатарына өтудің жауапкершілігі мол екенін сезіне білді. Оның қатарына қабылданған оқушы мектептің қоғамдық жұмысына белсене араласып және сабақтарын үздікке оқып, өз елінің мақтанышы болатын азамат болуына міндеттейтінін сезінді. Өйткені, «Жас Ұлан» ұйымына қабылдау рәсімі Қазақстан Республикасының 16 желтоқсандағы Тәуелсіздік күні мереке қарсаңында өтті. «Жас Ұлан» ұйымына мектебіміздің ең үздік 30 оқушысы қабылданды. Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылды.Онда мектеп ұстаздары мен оқушылар қатысты. 8 «а» сынып оқушысы Алғазинова Аяжан топ басшысы болып табылатын «Жас Ұлан» ұйымына қабылдау есте қаларлықтай өтті. Ұйымға қабылданушы оқушылар өз Отанының патриоты болуға, «Жас Ұлан» ережесін бұлжытпай, сақтап отырып, өзінің достарынан соны талап ете отырып, Отанды сүюге салтанатты түрде ант берді.
Жас қабылданушыларға көгілдір галстуктарын тағып, кеуделеріне төс белгілері қадалды. Тәрбие ісінің меңгерушісі Саягүл Тілебалдина «Жас Ұлан» ұйымына қабылданғандарды құттықтау тілегін айтты. Салтанатты жиынның жабылу рәсімі «Жас Ұланның» Әнұранымен аяқталды.
Г.Калиякперова, мектеп тәлімгері
Ұстаз - жас ұрпақтың рухани сәулеткері, қоғам, халық өзінің үміті мол болашағын тапсыратын сенімді өкілі. Олар сол сенімді ақтай отырып, зерделі де зерек, парасатты, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды бойына дарытқан тұлғаларды тәрбиелеуде.
Міне, осындай ардақты ұстаз, 19 жыл мектеп қабырғасында еңбегін сіңірген, Тассай ауылдық округының тұрғыны Жұлдыз Баймамырованы айта кеткім келеді. Жұлдыз апай , 6-11 сыныптар аралығында сабақ жүргізетін тарих пәнінің мұғалімі. Мектеп ішінде сабақ беріп қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде атсалысады.
–Мектепте дарынды балалармен жұмыстар жүргізіліп жатыр. 3 жыл бойы дайындаған ғылыми жобаларды ауданға жіберіп, оқушыларымызды сайыстарға қатыстырып, Семей, Өскемен қалаларынан жүлделі орындарды қанжығамызға байлап жатырмыз. Солардың ішінде мына оқушыларды ерекше мақтанышпен айта кеткім келеді: Арника Адылғазынова Өскемен қаласына барып, шығармалар сайысынан II дәрежелі дипломмен, аудандық Махамбет оқуларынан I жүлделі орынмен оралды. «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» демекші, Арниканың жеңіске жетуі жетекшісі Г.Мұхаметқалиеваның арқасында деп айтсақ артық емес. Сондай-ақ, Д.Сайфоллаев пен Д.Құдайбергенова Семей мемлекеттік Педагогикалық институтында ардагерлерге байланысты жобаларын қорғап, II орынға ие болды. А.Дауытқанова аудандық Абай оқуларынан I орын алып келді. Бұл оқушылар біздің мектебіміздің мақтанышы.
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев.