Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Біз лагерьге барамыз.

Бар дауыспен әнге салып,

Лагерь жырын айтамыз, - деген ән жолдарында айтылғандай, маусымның отызы мен  шілденің оны аралығында балаларға арналған «Балдырған» мектеп жанындағы сауықтыру лагерінің  үшінші маусымы да өте шықты.

Оқу жылының төрт тоқсаны бойы мектептердегі оқу еңбегімен шұғылданған, тапжылмастан партада отырып, ұстаздарының берген тәлім-тәрбиесі мен пәндердің түр-түрінен мағлұмат алып, ақыл-ойын кемелдендірген балалар үш айлық жазғы демалысты асыға күтетіні рас. Жаз бойы асыр сала ойнайтын олар үшін жаңа оқу жылына бойларына мол күш-қуат жинап, сағына күткен мектебі мен сыныптас достарымен қауышудың орны тіптен бөлек екендігі де анық.

Қазіргі таңда еліміздің барлық аймақтарында балалардың жазғы демалысын қызықты да мағыналы етіп өткізу, олардың бойындағы бар өнерлерін дамыту, бір-бірімен достық қарым-қатынас орнату, басқа да адамгершілік қасиеттерін шыңдау мақсатында табиғаты көркем жерлерде балғындардың  демалысына қолайлы жағдайдың бәрі жасалған.  Сондай-ақ, мектеп жанындағы балажайлар да өз жұмыстарын бірнеше ауысымда жүргізіп, оған ең алдымен көп балалы отбасылар мен толық емес және тұрмысы төмен отбасының балалары қамтылған. Лагерьге келуші балалар таңғы және түскі аспен, тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Алғашқы күннен-ақ лагерь меңгерушісі мен тәрбиешілердің  және балалардың ойластыруымен топтың атын таңдап, ұранын құрастырдық.  Демалушылар лагердің ережесімен таныстырылып, он күннің ішінде жоспарға сәйкес әртүрлі  іс-шаралар өткізілді. Атап айтсақ,  «Лагерьдің ашылу салтанаты», «Салауатты өмір салтын қалыптастыру», «Ертегілер еліне саяхат», «Өскенде кім боламын?» шаралары, Астананың туған күніне орай сурет байқауы ұйымдастырылып, өлең оқудан сайыс және концерттік бағдарлама қойылды. Ең соңғы лагердің жабылу күнінде оқушылар«Талменка» өзенінің бойына туған жердің табиғатын тамашалауға шықты. Міне, осылайша балғындар өткізілген қызықты  іс-шараларға белсене қатысып, жақсы көңіл-күйде болып, он күннің қалай жылдам өте шыққанын да байқамай қалды.

Ж.Байжұманова, Преображенка орта мектебі

Жаз жайнатып, күн күлдіріп, біз лагерьге барамыз,-деп оқу жылы аяқталысымен мектеп оқушылары жазғы лагерьге баруға асығады. Жайраңдаған жаздың қуаныш пен шаттыққа толы ұмытылмас естеліктері балалардың осындай жазғы демалыс лагерінен бастау алары сөзсіз.

Жазғы балажай балалардың жазғы демалысында денсаулығын нығайтып, дене тәрбиесін шыңдап, күш жинауға, білімін толықтырып, жаңа әсер алуына ықпал жасайды. Осы мақсатта ұйымдастырылған Көкпекті орта метебіндегі «Солнышко» мектепалды лагері 2маусым күні өз есігін айқара ашты. Төрт маусымнан тұратын балажайдың алғашқы кезеңі қызыққа толы, түрлі ойындармен балаларға қуаныш сыйлады.

Маусымның әр күнінде мерекелік және балалар денсаулығын жақсарту бағытындағы іс-шаралар, спорттық жарыстар мен ойындар ұйымдастырылады. Лагерьде балалар демалысының басы-қасында жүрген мұғалімдер әр балаға ерекше ықылас бөліп, олардың сабақ барысында ашылмаған жаңа қырынан танылуына, мұғаліммен, оқушылармен достар боп сырласуына қажетті барлық жағдайды жасауға тырысып бақты. Мәселен, әр топта ойын-сауықпен қатар әр-түрлі спорттық ойындар, психологиялық тренингтер, дәрігер тарапынан медициналық таза ауада өткізілетін гимнастикалық жаттығулар,экскурсия мен серуендер үнемі өткізіліп тұрды. Ал, балалардың достық қарым-қатынасы, азаматтық сезімдерінің қалыптасуы үшін лагерьде жорықтар, көңілді кештер өткізілді. Лагерьге келген оқушылардың денсаулығынмектеп медбикесі күнделікті тексеріп,олармен сауықтыру іс-шараларын жүргізді.Балалардың сапалы тамақтануы да назардан тыс қалмай, тағам мәзірі жіті қадағаланды.

Күндерін таңертеңгі жаттығудан бастаған балалардың демалыстарын тиімді әрі қызықты ұйымдастыру бағытында жұмыс жоспары жасақталып, әр күні әр тақырыпта шаралар өткізілді. Атап айтқанда, "Көрікті менің ауылым!", "Денің сау болсын десең...", "Жаңылтпаштан жаңылмас, жұмбақ айтып жарыстырар", "Жаз аруы-2014", "Жігіт сұлтаны", " Ертегілер еліне саяхат" , "Мемлекеттік рәміздер-ұлттық мақтанышым" т.б танымдық сағаттарға балалардың барлығы белсене қатысты. Сайыстардан орын алған балалар мақтау қағаздарымен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Балалар, сондай-ақ мұражайға, спорт кешеніне, саябаққа барып, әсем табиғатты тамашалады. Балалардың жазғы демалысы қауіпсіз түрде өтуі мақсатында Көкпекті аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің әдіскері С.Тілебалдин және жол полиция қызметкері А.Зарықпаев балалармен кездесу өткізіп, қауіпсіздік ережелері бойынша нұсқаулықпен таныстырды. Кездесу барысында оқушылар ағаларының айтқан ескертулерін мұқият тыңдап, ойға түйіп алды.

Бұл лагерьде балалар демалумен қатар білім көкжиектерін кеңейтіп, шығармашылыққа бейімделеді және денсаулықтарын нығайтады.

-Жыл сайын әр ауысым бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасының балалары лагерьдің белгіленген кестесіне сай демалады. Балалардың бос уақытын тиімді әрі қызықты ұйымдастыру бағытында жұмыс жоспары құрылып, шаралар өткізіледі. Балалар таза ауада шынығып қана қоймай, туған өлкеміздің ғажап табиғатымен және тамыры терең тарихына қанық болады. Олардың бойынаадамгершілік қасиеттерді сіңіру –біздің басты мақсатымыз,-дейді Көкпекті орта мектебі директорының міндетін атқарушы Шолпан Ғабдуллина.

Балалардың әр күнін көңілді өткізуге атсалысып жүрген мектеп директорының тәрбие ісі бойынша орынбасарының міндетін атқарушы, бастауыш сынып және денешынықтыру пәні мұғалімдерінің, медбикенің, дәмді ас мәзірін даярлайтын аспазшылардың еңбегі зор екендігі анық.

Балалардың жүрегіне ізгілік пен қуаныш сыйлай ашылған жазғы «Солнышко» демалыс лагерінде демалушылар бос уақыттарын мағыналы өткізіп қана қоймай, белгілі бір бағытта білімдері мен қабілеттерін жетілдіріп қайтқаны сөзсіз.

Раушан Қанапиянова,

Көкпекті орта мектебінің мұғалімі

Биыл білім беру саласында ұлттық бірыңғай тест тапсыру енгізілгеніне он жыл толды. Он жыл дегенде алғаш рет біздің аудан басшылығының талмай атқарған еңбегінің арқасында тест тапсыру орталығы өз ауданымызда ашылды. Ашылғаны жаңа болса да, оның жұмысының ұйымдастырылуына БҒМ–нен келген мамандар жоғары баға берді.

Ал осы он жылдың ішінде дәстүрлі түрде мектеп бітіруші түлектерге арналып аудан әкімінің балы өткізіледі. Мектеп бітірушілер кешіне биыл да жүзге жуық бала қатысты. Олардың арасында «Алтын белгі» иегерлері Ақбота Мұқатаева (І.Жансүгіров ОМ), Қымбат Қожамбетова (Октябрь ОМ), Ақмаржан Бекбердинова (Көкжайық ОМ), Виктория Гармашова (Көкпекті ОМ), Темірхан Зарыпханов (Ж.Болғанбаев атындағы ОМ), Нұрлан Құмаров (Ж.Шайжүнісов атындағы ОМ), «Үздік аттестат» иегерлері Алуа Құсманова  (Преображенка ОМ), Кәмила Аққозинова (№1 Самар ОМ), Дәуітбай Дәурен (№1 Самар ОМ)  болды. Сонымен бірге, олимпиадаларға қатысқан, спортта үздік болған түлектер де аудан әкімінің мектеп бітірушілер кешіне шақырылды. Биыл аудан бойынша 21 түлек 100-ден жоғары балл жинады. 

Мектеп бітіруші түлектерді аудан әкімі Д.М.Мусин құттықтады. – Қазіргі сәт барлықтарыңыздың да, балалар мен олардың ата-аналары, ұстаздары үшін толқулы болып тұрғанын түсініп тұрмын. Сендерге сәттілік тілеймін. Үлкен өмір жолына сендер еліміздегі жауапты сәтте аттағалы тұрсыңдар. «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асыру сендердің міндеттеріңнің бірі болмақ. Сол сенім үдесінен шығуға тырысыңдар. Өздерің таңдаған мамандықты игере отырып, еліміздің дамуына үлес қосады деп сенемін. Алға қойған мақсаттарыңызға жете беріңіздер, сәт сапар!, - деді Дүйсенғазы Мағауяұлы. Биыл аудан бойынша ҰБТ нәтижесі 78,6 баллды құрады. Бұл - өткен жылғымен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Бұл ауданымызда ҰБТ орталығының ашылуына да тікелей байланысты. Аудан әкімі атынан барлық түлектер естелік сыйлықтар мен аттестаттарын қолдарына алды.

Мектеп түлектерін, ата-аналар мен ұстаздар  қауымын аудандық мәслихат хатшысы Р.Беспаев құттықтады. Сонымен бірге, биыл мектепті немересі аяқтап жатқан Қ.Аухадиев атындағы ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрайымы Т.Шнайдер ізгі тілегін айтып, жылы лебізін жеткізді. Мектеп түлектері атынан аудан бойынша ең жоғары 122 балл жиған К.Аққозинова құттықтау сөз алып, аудан әкіміне, ұстаздарға  алғысын айтты.

Кереметтей шоу бағдарлама ұйымдастырылып, концерттік нөмірлердің барлығы да бүгінгі кеш иелеріне арналды. А.Дарибаеваның орындауындағы вальс әуеніне түлектер соңғы билерін билесе, «Дәншік» балабақшасының кішкентай тәрбиеленушілері мен тәрбиешілері билеген «Дочки-матери» биі көптің көңілінен шықты. Түлектер кешінің құрметіне аудандық «Толағай сазы» ұлттық аспаптар оркестрі тамаша күйлерді шебер орындады.

Кештің шарықтау шегінде түлектер «Асыл армандар» гүлінің ішіндегі шарларды ұшырды, ал айналмалы орынтақта орнатылған алып қоңырау барлық түлектер үшін соңғы рет шырқалды.

 

Қажет Жүнісбеков, Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектептің директоры:

-Түлектерді, ата-аналар мен ұстаздарды тағы да өмір белесінен өту күнімен шын жүректен құттықтаймын. Біздің мектеп биыл тамаша жетістікке жетті. Отыз екі түлектің 20-сы ҰБТ тапсырып, тоғыз жыл бойы болмаған айтулы оқиға – «Алтын белгіге» қол жеткіздік. Былтырғыға қарағанда ҰБТ бойынша көрсеткіш 8 пайызға артты. Бұл - мектеп үшін жақсы жетістік.

Қадыр Қайырғазинов, Көкжота орта мектебінің директоры:

-Биыл біздің мектеп ҰБТ-ға жүз пайыз қатысты. Былтырғыға қарағанда көрсеткіш 11 пайызға жоғары. Төрт оқушы екпінді болып аяқтады. Бүгінгі мереке күні барлық түлектерді үлкен өмірге аяқ басуларымен құттықтай отырып, сәттілік тілеймін. Түлектерге жылда осындай  тамаша мереке ұйымдастыратын аудан әкіміне, аудандық білім беру бөліміне мектеп ұжымы, ата-аналар атынан алғыс айтамын.

Роза Төлегенқызы, байырғы ұстаз:

-Мен және менің отбасым үшін бүгін қуанышты сәт. Осыдан он жыл бұрын қызым Альмира Ж.Болғанбаев атындағы орта мектепті «Алтын белгіге» аяқтаған болатын. Енді, міне, бүгін немерем Темірхан «Алтын белгі» алды. Әр отбасында осындай қуаныштар бола берсін. Барлығына ана және ұстаз ретінде нұрлы болашақ тілеймін.

Клара НҰРПЕЙІСОВА

Жазғы демалысты жоғары дәрежеде ұйымдастыру үшін барлық сала бойынша мониторинг жүргізіліп, бағыттар анықталды. Жаз уақытында 20 орта мектепте, 12 негізгі мектепте, 6 бастауыш мектепте мектеп жанындағы тамақтандырылған және спорттық-сауықтыру, туристік, дебаттық бағыттарында жұмыс істейтін лагерьлер, қызығушылық үйірмелер балалардың еңбегі мен демалыс режиміне қолайлы орында денсаулығын нығайтып, өздерінің қабілеттерін іске асыру жағдайында тынығып, шындалуға мүмкіндік туғызылып, 1-10 сынып оқушылары түгелдей қамтылды. 2014 жылы лагерьлерде аз қамтылған отбасынан шыққан  - 1174;  көпбалалы отбасынан шыққан - 748; жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған - 55; патронаттық тәрбиедегі - 3, қиын және сенімсіз топтағы балалар - 41 (5 ІІБ тіркеудегі, 36 мектепішілік тіркеудегі), мүмкіндігі шектеулі 37 (мектеп жанындағы лагерьлер) бала жазғы сауықтырумен толық (100 %) қамтылды. Аталған аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, патронаттық тәрбиедегі оқушылар жазғы сауықтыру және мектеп жанындағы лагерьлерінде «Жаппай оқу» қорының есебінен демалды, қалған оқушылар ата-аналар, демеушілер есебінен демалды.

Новостройка ауылындағы «Балауса-Көкпекті» спорттық-сауықтыру кешені екі ауысымда 80 баланы демалдырды, ІІІ ауысымда 13 шілде 24 шілде аралығында  40 бала демалып жатыр. Аталған кешенде екі ауысымда әлі 80 бала демалады. Сарыбел ауылындағы «Жас толқын»   дебаттық, Миролюбовка ауылындағы «Достық» спорттық-сауықтыру лагерьлерінде бірінші ауысымда 60 бала демалды, екінші ауысымда 60 бала демалып жатыр. Көкжыра ауылындағы «Жас өркен» спорттық-сауықтыру лагері екі ауысымда 60 баланы қабылдап, өз жұмысын аяқтады. Мойылды ауылындағы «Тау самалы» спорттық-туристік лагері екі ауысымда 50 баланы демалдырды және қосымша тағы бір ауысым жұмыс істеп, (14.07-25.07), 25 бала демалып жатыр.

Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Жаз аралығында оқушылар тобымен алмасу» жобасының аясында 2014 жылғы 29 маусымнан шілденің 3-і аралығында Преображенка орта мектебінің 6 оқушысы, Үлкенбөкен мектеп-балабақша кешенінің 7 оқушысы Күршім ауданындағы лагерьде демалды. Көкпекті орта мектебінің 1 оқушысы Алматы облысының Қаскелең қаласындағы «Таң» атты жазғы сауықтыру лагерінде демалып жатыр.

Жазғы демалыс кезінде мектеп оқушыларын туристік маршруттар бойынша тарихи орындарға топсеруенге шығару кестелері әзірленді. Атап айтқанда: Астана қаласына, Өскемен қаласындағы этноауылға, Қалбатау ауылынан 7 шақырым орналасқан «Ер Жәнібек» монументіне, Ұлан ауданындағы «Сібе» көліне, Қарауыл ауылындағы Жидебай, Бөрлі мұражайларына  оқушылар баруда.

Ш.Мұстафинова, білім беру бөлімі басшысы 

2014 жылғы ҰБТ-ға жалпы саны (279-дан) 61% құрайтын 170 мектеп түлектері қатысты. Оның 155-і қазақ тілінде оқитын, 55-і орыс тілінде білім алатындар.

Ұлттық тестілеугетек Қ.Аухадиев атындағы және Көкжота орта мектептерінен 100% қатысты. Ал Ж.Болғанбаев атындағы орта мектептен –88,9%, Үлкенбөкен мектебінен - 85,7, А.Пушкин атындағы мектептен - 80% тапсырды. ҰБТ-ға Көкжайық орта мектебінен 27,3% және М.Әуезов атындағы мектептен 36,8% қатысушылар саны аз болды.

2014 жылдың ҰБТ нәтижесі (5 пән бойынша) орташа 78,6 баллды құрап, (2013 жылғы орташа 67,2 баллдан) 11,4 баллға артық болды.

А.Пушкин атындағы, Новотимофеевка және Палатцы мектептерінен өзге барлық білім ордаларында орташа баллдың жоғарылағаны байқалды.Ағымдағы жылы жалпы білім беретін мектептердің ішінен ең жоғарғы орташа балл Үлкенбөкен орта мектебінде (94,5 балл), І.Жансүгіров атындағы (88,2 балл), Октябрь мектебінде (86,1 балл).

Аудандық деңгейден жоғары көрсеткішке жеткен ауданның 11 мектебін атауға болады. Олар: Үлкенбөкен (94,5), І.Жансүгіров (88,2), Октябрь (86,1), Преображенка (85,9), Көкжайық (84,7),А.Пушкин атындағы (83,8), М.Әуезов атындағы (82,0), Қ.Аухадиев атындағы (81,8), №1Самар мектебі(79,8), Мариногорка (79,3), Көкпекті (79,2). Аудандық көрсеткіштен төмен балл алған 8 мектеп бар. Олар: Абай атындағы (Үлгілімалшы ауылы) (77,3), (Бастаушы ауылы) Абай атындағы(77,0),  Ж.Болғанбаев атындағы (75,7), Ж.Шайжүнісов атындағы (74,2), Көкжота (70,9), Казнаковка (69,3), Палатцы (64,0),Новотимофеевка (60,8).

Негізгі 4 пән бойынша 50 баллдық деңгейлік шектен төмен көрсеткішті 14% құрайтын 24 түлек алды. Бұл өткен жылдағымен салыстырғанда 2% кем (2013 жылы деңгейлік шектен төмен балл алған түлектер саны - 35).

2014 жылы «Алтын белгіге»10 мектептен 14 үміткер болған. Олардың 6-ы нәтиже көрсете алды. Бұлар – Мұқатаева Ақбота (І.Жансүгіров атындағы мектеп), Қожамбетова Қымбат (Октябрь мектеп-балабақша кешені), Бекбердинова Ақмаржан (Көкжайықмектебі),Гармашова Виктория (Көкпекті мектебі), Зарыпханов Темірхан (Ж. Болғанбаев атындағы),Құмаров Нұрлан (Ж.Шайжүнісов атындағы мектептің) оқушылары. ҰБТ қорытындысы бойынша ауданның 3 оқушысы үздік аттестат алады – Құсманова Алуа (Преображенка), Аққозинова Кәмила (№1 Самар мектебі),  Дәуітбай Дәурен(№1 Самар мектебі)

Аудан бойынша ең жоғарғы көрсеткішке жеткен түлектер - №1 Самар мектебінен Аққозинова Кәмила - 122 балл, І.Жансүгіров атындағы мектептен Мұқатаева Ақбота – 118 балл, Ж. Болғанбаев мектебінен Т.Зарыпханов пен Көкжайық мектебі А.Бекбердинова,В.Гармашова Көкпекті мектебі – 112 балл, Преображенкадан А.Құсманова 111 балл жинады. Атап айтсақ, аудандағы 21 түлек 100-ден жоғары балл алды.

4 мектеп бітіруші 5 екілік алды. Оның 3 екілігі математика пәні бойынша, 1-еуі орыс тілінен, 1-еуі биологиядан.

2008 жылдың 18 наурызында шыққан № 125 «Үлгерімді ағымдағы бақылаудың типтік ережелерінің» 21 пунктін негізге ала отырып, бұл оқушыларға мектептерде сәйкес пәндерден қайтадан емтихан түріндегі қорытынды аттестациялау өткізіледі.

Ш.Мұстафинова, білім беру бөлімінің басшысы

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қазан 2024 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз