Мамыражай мамыр айы да соңына таяп қалды. Бірнеше күннен кейін оқушылар тағы бір оқу жылын артқа қалдырып, жазғы демалысқа кетеді. Ал мектеп бітіруші түлектер соңғы қоңырау мерекесінен кейін білім сынағынан өтуге әзірленеді. Аудан түлектері ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындықты әлдеқашан бастап-ақ кеткен. Тек сынақ уақыты жақындаған сайын жүректері дүрсілдеген түлектердің көңілдеріндегі үміт пен күдік арпалыса бастайды. Ұлттық бірыңғай тестілеу қазір мектеп бітірушілердің тағдырын шешетін сынға айналған. Бұл сыннан өтпеген бала жоғары оқу орнының есігінен де сығалай алмайды. Сол себепті ата-аналар балаларын қандай жолмен болса да, осы сыннан сүріндірмеуге тырысады. Көкпектіде тест орталығы ашылғаннан бері екінші жыл қатарынан тестілеу өз жерімізде өткелі отыр. Біздің мектеп бітіруші түлектеріміз аталған сынаққа қаншалықты дайын? Ауданның қай мектебі білім көшінде алда келе жатыр? Осы сұрақтар төңірегінде біз аудандық білім беру бөлімінің басшысы Шолпан Мұстафиновамен тілдесіп, біршама мәліметтермен қанығып қайттық.
Толығырақ...Шығыстың батыр, аты аңызға айналған ұлдары, барлаушы Қасым Қайсеновті білмейтін жан жоқ шығар. Оны тек қазақ жерінде ғана емес, Украйнада да құрмет тұтады. Қасым Қайсеновтың жазған шығармалары көпшілік сүйіп оқитын бірегей туындылар қатарында.
Халық қаһарманының шығармалары бойынша әдебиеттік оқу Самар орталық кітапханасында өтті. Жазушының «Отан үшін», Жау тылында», «Партизан анасы», «Карпатта», «Днепрдегі кездесу», «Зоя радистка», «Ажал аузынан», «Отряд ізімен» атты шығармаларынан үзінділерді Н.Нұржанқызы, Ажар Мұхамадиева, Дамир Кеңесов, Дильназ Алиназинова, Архат Нұрмұхамбет, Райхан Шәкерова, Бекзат Садықов, Тимур Шкибаев жатқа айтты. Бұл оқушыларды Ж.Болғанбаев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Б.Хасенова дайындаған.
Кітапханашы Г.Бакиева балаларға алғыс айта отырып, барлығын марапаттап, сыйлықтар ұсынды. Аты аңызға айналған жазушы, партизан Қасым Қайсеновтің шығармасымен таныса отырып, оқушылар өздерінің Ұлы Отан соғысы туралы түсініктерін кеңейте түсті, патриоттық сезімдерін ұштап, кітап оқуға деген құмарлықтары артты.
Клара НҰРПЕЙІСОВА
Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орай, Көкпекті ауылындағы «Балерке» балабақшасының бүлдіршіндері Жеңіс саябағындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ардагерлер рухына тағзым етті.
«Тәрбие - тал бесіктен» демекші, балдырғандарды адамгершілікке, Отанын сүюге, оны қорғауға баулып, патриоттық тәрбие беру және ардагерлерді сыйлай білуге, оларды құрмет тұтуға үйрету мақсатында «Жеңіс жалауы» атты іс-шара өтті.
Әскери киімдерін киіп, қолдарына гүл ұстаған бүлдіршіндер ата-аналар мен келген қонақтарға өз өнерлерін көрсетіп, зор қошеметке ие болды.
Концерт барысында Жұлдыз тобы «Мен солдат боламын», «Бауыржан Момышұлы» әндерін, ал, Күншуақ тобы «Катюша» әнін орындап, мерекелік іс-шараны мәресіне жеткізді.
Майдан даласында қан кешіп, Отан үшін от кешкен Батырларды ұлықтаған жас ұрпақтың санасында бұл сәт мәңгі сақталары анық.
Жанерке АБЫЛХАН
Жақия Шайжүнісов атындағы орта мектепте ұлттық салт – дәстүрді насихаттап, ұрпақ бойына қалыптастыруда жыл сайын сан-салалы тәрбие шаралары өткізіліп отырады. Осындай шара - Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай бастауыш сынып ұлдары арасында өткен «Жігіт сұлтаны» байқауы.
Сайыстың осылайша аталуы жас ұландардың арман-қиялына шабыт беріп, үлкен жігіт, немесе жігіттің сұлтаны боламын деген ой-қиялға жетектейді. Бұл сайыста әр ұл бала өзін таныстыру өнерлерін көрсету, қол шеберліктерін, аталар сөзін айту, күш сынасу бағытында жан-жақтылықтарын көрсетті. Қатысқан барлық бастауыш сынып ұлдары бірінен бірі өтіп, ұстаздары, ата аналары үйреткен тәлім-тәрбие түрлерін белсенді көрсете білді. Әділ қазылар шешімімен 1 «а» сынып оқушысы Абылай Алғабекұлы алға шығып, «Жігіт сұлтаны» мәртебесін жеңіп алды. Бұған тәрбиелеген ұстазы Бақытгүл Қазыбекқызының тынымсыз еңбегі бар.
Міне, әр баланы жастайынан әр салаға баулыса, тал шыбықтай көктеп, өрісі кеңейіп, ел ертеңін алға апарар мықты азамат болары сөзсіз. Баланың қуанышы мен жетістігі ата-ана үшін мақтаныш, ұстаз еңбегінің жемісі.
Жанерке АБЫЛХАН
Болашақ ұрпақты патриот-тық үлгіде тәрбиелеуде мектеп мұражайы ерекше маңызды рөл атқарады. Мұражай ата-бабаларымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жеткен мұрасын насихаттайтын мәдениет ошағы болып табылады. Ондағы сақталған тарихи жәдігерлер оқу-тәрбие үдерісінде кеңі-нен қолданылып, ата-баба-ларымыздың бүгінге дейінгі өмірі туралы, өткен күндердің құнды дүниелері туралы сыр шертетіні белгілі.
Толығырақ...Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев.