28 наурызда Ж.Болғанбаев атындағы Самар орта мектебінде ШҚО білім басқармасының «Шығыс» ӨО ұйымдастыруымен облыс жас ұстаздары кеңесінің кезекті отырысы болып өтті.
Жас ұстаздардың кеңесіне облысымыздың әр өңірінен және Көкпекті ауданының жас ұстаздары жиналды. Жиналған қауымды Көкпекті ауданының білім беру бөлімінің басшысы Ш.Мустафинова құттықтап, жас ұстаздарға қойылатын талап зор екенін айтты. Ж.Болғанбаев атындағы Самар орта мектебінің директоры Ж.Бақраева құттықтау сөз сөйлеп, жас ұстаздарға талмайтын талап пен шығармашылық табыстар тіледі. Сонымен қатар, ол презентация арқылы мектеп өмірімен және оның жетістіктерімен таныстырды. Мектептің жас ұстаздары, бастауыш сынып оқушылары, шығармашылық үйінің қызметшісінің қатысуымен мұғалімдердің көңіл-күйін көтеруге арналған шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Кезекті отырысты ШҚО білім басқармасы «Шығыс» ӨО инновациялар жөнінде директордың орынбасары Р.Жақашев алғы сөзімен ашып, көптеген келелі педагогикалық мәселелерді шешуге үлкен мүмкіндіктер барын айтты. «Шығыс» ӨО әдіскері Қаусов Амангелді өз сөзінде жастардың басын біріктірудегі мақсат - белгіленген жоспар бойынша нәтижеге жету екенін айтты. Жастарға сенім артып, сәттілік тіледі.
Бір жан бар, адамдықтың шыңына жеткен, ол-ұстаз. Бір мамандық бар, жүз маманның жасағаны жете алмайтын, ол – ұстаздық. Мұғалім бола салу оңайдың оңайы, ал жақсы мұғалім болу мыңның біріне ғана бұйырады. Ұстаз деген кім? Ол қандай болуы керек? Қалай жақсы ұстаз болуға болады? Дәл осы сауалдарға жауап іздеген жас ұстаздар бір-бірімен пікір алмасуға, өз жаңалықтарымен бөлісуге мүмкіндік алды. «Білім беру үрдісінде жаңа технологияларды қолдану» атты бөлімде жас ұстаздарға Кембридж тәсілін үйреніп келген ұстаздар түрлі тақырыптарда баяндама жасап, іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Ибраева Гүлжанат «Сабақ алгоритмін құруда АКТ технологиясын қолдану» атты баяндамасында «Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет» деп, Елбасы атап көрсеткендей жас ұрпаққа білім беру жолында интерактивті технологияны оқу үрдісінде қолданудың тиімділігін атап өтті. Және АКТ-ны өз сабағында қолдану барысында жеткен жетістіктеріне тоқталды.
Қожахметова Әсем «Оқу үрдісінде заманауи технологияларды қолдану әдіс-тәсілдері» атты баяндама жасады. Ұстаз Кембридж тәсілін меңгере отырып, өз тәжірибесінде еркін қолданып жүргенін, бұл әдіс-тәсілдердің оқушы мен мұғалім арасындағы ынтымақтастық байланыс туғызатынын айтты.
Кембридж тәсілдерін оқып қайтқан Қожаева Лиза «Методическая система работы учителя как процесс подготовки к использованию инновационных технологии» атты баяндамасында заманауи технологиялардың сабақ үрдісіндегі тиімділігіне аса назар аударып, оқушылар мен мұғалімдердің қарым-қатынасындағы өзгерген жаңалықтарға тоқталып өтті.
Жаңалыққа жаны құмар жас ұстаз Ахмадиева Анар «От чего зависит успех внедрения ИКТ в практику педагогов в современных условиях» атты баяндама оқыды. Кембридж тәсілдерін жете меңгерген ол АКТ-ны ұтымды да ұтқыр қолдана алатын білікті маман екенін байқатты. Баяндамаларды қызығушылықпен тыңдаған жас ұстаздар көкейтесті сұрақтарын қойып тартымды жауаптар тыңдап, пікір алмасты. Отырыс барлық ұстаздарға маңызды мәселелерді көтеруімен қызықты болды. Жас ұстаздар бір күнгі отырыс-тан білімдерін молайтып, қоржындарын толтырып қайтты.
Сонымен қатар, осы отырыста мектеп психологі Сарбасова Гүлнұр жас ұстаздармен психологиялық тренингтер өткізді. Әсем күлкі, ақ тілектерімен отырыстың пленарлық бөлімі аяқталды. «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» деп Абай атамыз айтқандай, екінші бөлім әдістемелік-практикалық кезеңмен ұштастырылды. «Мұғалім-өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанымен оның мұғалімдігі де жойылады» - деген ұлы ұстаз К.Ушинскийдің сөзі бар. Соған орай, Кембридж тәсілдерінен білім алған Ә.Сеңгірбаева және Т.Әбішева коучинг сабақтар өткізді.
Жас ұстаздарға тәлім берерліктей өнегелі коучинг тақырыптарының бірі - «Оқытуды басқару және көшбасшылық» атты Әлмира Тоқтарғазықызының сабағы болды. Ол жаңа өзгерістерге сай көшбасшының кім екенін мұғалімдердің өздерін жұмылдыра отырып қызықты коучинг өткізді. Т.Әбішева коучингте әрбір мұғалімнің жеке қажеттіліктерімен байланысты проб-лемаларды шешуде кеңес беру әдістемесі бойынша терең білім алуға, топпен бірлесе жұмыс жүргізе отырып, диалогтік оқытуға бағыттай келіп, диалогтік оқыту бойынша жаңа әдіс-тәсілдер қолдануды көрсетті.
«Жақсы үлгі - өнеге көрсеткенде ғана адамның қолы биік арманға жетеді» демекші, күні бойы өткізілген осы отырыстан алған өмірлік азық, іс-тәжірибеге енгізілген жаңалықтарын, әсерлерін жас ұстаздар рефлексия барысында жазып қалдырды.
Мұғалім-бұл адамның ардақты аты,
Білімділік бар биікке шығар саты.
Ең алғаш басталады осы адымнан,
Сүйеді, сондықтан да, жақын, жаты ...
Бар ғалым, барлық қоғам мұғалімді,
Сыйлайды, мәңгі бақи беріп төрін, - деп С.Мұқанов жырлағандай, жас ұстаздар - мәңгі білімнің қызметшісі, ол барлық ой мен қимыл - әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз лаулаған жалын иесі екенін осы отырыста айқындап берді.
Жас ұстаздар кеңесін ұйымдастырушылар мұн-дай кездесулер алдағы уақытта да өз жалғасын табатынын айтты.
Д.Садвакасова, аудандық білім беру бөлімінің әдіскері
Адамдардың ғұмыры мәңгілік болмаса да, өздерінің қажырлы еңбегімен, абзал қасиеттерімен, жарқын да мағыналы өмір жолдарымен артына өшпес із қалдырады, аты аңызға айналады. Көкпекті өңірінде кезінде өмір сүрген қоғам, халық, жеткіншек алдындағы азаматтық, кәсіптік борышын өзіне тән іскерлікпен, абыроймен атқарған шынайы педагог – Жақия Шайжүнісұлы сондай асыл азаматтардың бірегейі. Қарапайым мінезімен, табиғат берген ұстаздық ұстанымымен, жемісті еңбегімен, балаларға деген шексіз сүйіспеншілігімен балалар үйін бірнеше жүздеген шәкірттердің алтын босағасына, қимас та қымбат ұяларына айналдырған ол нағыз педагог ретінде көптің есінде мәңгіге қалды.
Жақия Шайжүнісовтың педагогикалық жолы – мейірім мен жанашырлықтың, қамқорлықтың, қайырымдылықтың, рақымшылдықтың, төзімділік пен сабырдың және балаға деген махаббат пен сүйіспеншіліктің үлкен мектебі.
Балалар үйінің ыстығына күйіп, суығына тоңып, «Қайтсем осыларды адам қатарына қосамын» - деген тілектегі адамгершілік парызын ғұмырына арқау еткен жан Жақия Шайжүнісов. Панасыздарды киімі бүтін, тамағы тоқ дәрежеге жеткізумен бірге, патриоттық, адамгершілік, эстетикалық, еңбек тәрбиесімен баулып, олардың рухани дүниеден шет қалмауына күш-жігерін салды. Сол кездегі оқу мен еңбекті ұштастыра жүргізіп, жастық жалын мен азаматтық қасиетті қатар ұстаған Жақия Шайжүнісұлы түн ұйқысын бөліп, жарғақ құлағы жастыққа тимей, панасыздарға аға орнына аға, әке орнына әке, шеше орнына шеше бола білген. Осылайша, үлкен жүректің жылуы талай жанның бойында өмір отын маздатты. Аумалы-төкпелі заманда түрлі қиындықтардың салдарынан тағдырдың соққысына ұшыраған қамкөңіл жетімдермен ұзақ жылдар бойы тапжылмастан еткен үздіксіз де қажырлы еңбегі үшін Ж.Шайжүнісовке әуелі «Қазақ КСР-не еңбек сіңірген мұғалім», ал 1968 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Қазіргі таңда кезінде Жақия Шайжүнісұлының шарапатына бөленген, ел шаруашылығының сан саласына кірпіш болып қаланған түрлі ұлт өкілдерін құрайтын азаматтар мен азаматшалар жүздеп, мыңдап саналады. Ұзтаздың жарқын бейнесі олардың санасынан ешқашан өшпек емес.
Бір айта кетерлігі, Қ.Раев атындағы Көкпекті балалар үйінде Жақия Шайжүнісұлына арналған мұражайдағы альбомдарды қопарыстырғанымызда 1947 жылы Семей қаласында өткен облыстық олимпиадаға қатысқан балалар үйінің көркемөнерпаздарына сыйланған атақты орыс қолбасшысы А.В.Суворовтың өмірі мен қызметі туралы жазылған мұқабасы қалың көлемді кітапты көрдік. Онда «Көкпекті балалар үйінің ұлдар ансамбліне қазақ биі «Қара жорғаны» шебер орындағаны үшін» деген жазу сол кездегі облыстық білім беру бөлімінің меңгерушісінің орынбасары П.Левиннің қолымен расталыпты. Бұл дегеніңіз керемет қой! Соғыстан кейінгі ауыр жылдардың өзінде балаларды бос уақытында түрлі үйірмелерге қатыстыруға мүмкіндік жасап, олардың өнерге, білімге деген құлшыныстарын оятуы ұстаздың үлкен жетістігі екені белгілі.
Көкпекті балалар үйін аймақтағы ең мәртебелі мекемеге айналдырып, өзі ұзақ жылдар басқарған мекемені Одақ көлеміне әйгілі еткен мерейлі ұстаздың алақанының жылуын сезініп, қамқорлығын көріп өскен шәкірттері оны сағына, аса бір сүйіспеншілікпен, мақтанышпен еске алады.
Галина Михайловна Орсаева, педагог, еңбек ардагері:
-Сұрапыл соғыс жылдары мен соғыстан кейінгі қайта қалпына келтіру кезінде әр отбасында қиындық болды. Ал, балалар үйі сынды үлкен отбасындағы қиындықтардың салмағы тіптен көп еді. Осындай ел басына күн туған ауыр кезеңде балалар үйін басқарып, оны аяғынан тік тұрғызу жолында Жақия Шайжүнісұлының төккен тері мен күш-қуаты ұшан теңіз. Ол кездегі жетім балалар, көбінесе, ересек жаста болғандықтан, келе сала балалар үйіндегі шаруашылыққа араласып кететін. Үлкендердің жетекшілігімен олар шөп шабу, мал бағу, сиыр мен биелерді сауу, отын дайындау, бақша өнімдерін өсіруге араласатын. Осылайша, өздерін асырап, артылғанына киім мен оқу құралдары сатып алынып, жатын үйлерді жөндеуге жұмсалатын. Мұның барлығы Жақия ағаның еңбексіз бір күн де өмір сүруге болмайтынын балалар бойына сіңірген нарықтық экономиканың алғашқы дәндері еді. Келешекте көптеген балалар осының пайдасын көрді.
Жақия аға балалар үйін өркендету үшін жоғары шенді адамдардың алдына барудан ешқашан тайсалмайтын. Және өзінің мінезіндегі, адамдық бейнесіндегі кереметтей бір тартымдылығы, кез келген адамға сөзін дәлелді де тиянақты жеткізе білуінің арқасында оның бетін ешкім де қайтара алмайтын. Балалармен жұмыста ол үшін ұсақ-түйек мәселе жоқ еді. Мәселен, сыртқы келбет, тәртіп, мектеп, ата-аналарымыз, саясат, мемлекеттік қайраткерлер тағы басқа да көп тақырыптарда Жақия әке топ белсенділерімен күнделікті әңгімелесуді әдетке айналдырған-тын. Айта берсем, ұлағатты ұстаз, мерейлі әке туралы аңызға бергісіз естеліктердің ұшы-қиыры жоқ. Мені және менімен тағдырлас мыңдаған жетім баланы кездестіргені үшін үлкен жүректі Ұстаз алдында басымызды иіп, шексіз алғыс айтқымыз келеді.
Нағима Тойсабаева, балалар үйінің қызметкері:
-Мен анам мен әкемнен бірдей айырылып, жетім қалған соң 1972 жылы алтыншы класта оқып жүргенде балалар үйіне келдім.
Жақия әкейдің басымнан мейірлене сипап, жылы қабақпен қарсы алғаны әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Ол кісі менің есімде аса ақылдылығымен, сыпайылығымен, сезімталдығымен сақталып қалды. Ол кезде әр топта 8-40 бала тәрбиеленетін. Белсенділігіммен көзге түсіп №6 топтың корпускомы міндетін атқардым. Жақия әке балалардың басынан аяғына дейін киім-кешегінің жағдайына үнемі көңіл бөлетін. Біз болашақ өмірге дайын болуымыз үшін еңбек тәрбиесі мен оқу білімге қатты көңіл бөлді. Күнделікті кешке сол күндегі балалардың сабақ үлгерімі, тәртібі, үйлердің тазалығы бойынша қорытындысын шығарып, тізіліс өткізу дәстүрге айналған. Жазғы каникул кезінде 10 қыз жөндеу жұмыстарына, 10 қыз бау-бақша күтуге, 10 ұл шөп шабуға ересек балалардан бөлетін. Осы жұмыстарда жақсы көзге түскендерді 7 ноябрьдегі мерекеде I-ші, II-ші, III-ші орындар бойынша ақшалай марапаттайтын еді. Ал, оқу-білім алудан үздік көрсеткіштерге жеткен балаларға жаңа жыл мерекесінде жаңа киімдер сыйлайтын.
Міне, қамқоршы ұстаз, мейірімді әке жетім балаларды осылайша ынталандырып, қолдап, олардың өмірге деген құлшынысын оятатын. Сонымен қоса, қонаққа келген түлектерді де ұмытпай жаңажылдық сыйлықтар бергізетін. Жақия ағаның жарқын өнегесі, оның берген тәрбиесінің арқасында өмірден өз орнымды тауып, отбасын құрдым, бала сүйдім, немерелерімнің сүйікті әжесімін. Мейірімді ұстазға деген алғысым, ризалығым шексіз.
Әңгімелескен Бақыт МҮЛІКОВА
Психологиялық тұрғыда қалай дайындалу керек?
Қиын жағдай орын алған кезде өзіңді жоғалтып алмау үшін, мақсат пен міндет қоюдың қажеті жоқ. Барлық нәрсені біртіндеп жасаған жөн. Емтиханға алдын-ала, біртіндеп, тыныштықты сақтап дайындала баста. Егер ойды жинақтау қиын болса, жеңілін есте сақтап, қиын материалды үйрен. Ішкі қатаюдан, шаршағаннан арылу үшін жаттығуды күнделікті орында.
Көзің шаршаса не істейсің?
Емтиханға дайындалу кезінде көзге ауырлық түседі. Егер көзің шаршаса, онда ағзаң шаршайды. Мұндайда емтихан тапсырмасын орындауға күшің жетпейді. Сондықтан да, көзіңнің демалуына жағдай жаса. Кез келген жаттығуды орындау керек.
- кезегімен жоғары-төмен жиырма бес секунд, оңға солға он бес секунд қара;
- көз қарашығыңмен аты-жөніңді жаз;
- ұзақтығы бір затқа жиырма секунд, сосын алдыңдағы қағазға жиырма секунд көзіңді тік;
- сағат тілі бойынша оған кері етіп көз қарашығыңмен және квадрат, үшбұрышты сал.
Тамақтану
Тамақтану үш-төрт реттен және витаминге толы болуы керек. Тамақтанғанда грек жаңғағын, сүт өнімдерін, балықты, етті, көкөністі, жеміс-жидекті, шоколадты қолдану керек. Тағы да бір кеңес - емтихан алдында көп тамақтанбау керек.
Үлкен материал қорын қалай есте сақтау керек
Материалды сұрақтар бойынша қайтала. Алдымен еске түсір және міндетті түрде білетініңнің барлығын қысқаша жаз, сосын даталар мен фактілердің дұрыстығын тексер. Кітапты оқу кезінде жауаптың тірек пунктері мен негізгі ойларды сыз. Кішкене қағаздарға әрбір сұраққа жауаптың қысқаша жоспарын құруды үйрен. Емтиханнан бір күн бұрын жауаптардың қысқаша жоспарын қарап шық.
Есте сақтаудың кейбір заңдылықтары
Есте сақтаудың қиындығы оның көлеміне пропорционалды өседі. Үлкен үзіндіні оқыту қысқаға қарағанда тиімдірек.
Біркелкі жұмыста есіңде сақтағаның көп болса, онда түсіну де жоғары.
Бөліп оқыған, бірден оқығаннан жақсы. Бірден оқымай үзілістермен, аз-аздап оқыған жөн. Жай ғана бірнеше рет оқығаннан гөрі, есіңде қалғанын қайталауға көп уақыт бөлген тиімдірек. Егер көп және аз екі материалмен жұмыс істесең, көбінен бастағаның жөн.
Жұмыс қабілетін қолдану шарты
Ақыл-ой мен дене еңбегін кезектестіру; гимнастикалық жаттығуларды, яғни денені айналдыру, баспен тұру жаттығуларын жасаған дұрыс, өйткені ми жасушаларына қан жақсы жүреді. Көзді сақтау үшін, әрбір жиырма-отыз минутта үзіліс жасау ( кітаптан көзіңді алып, ұзаққа көз тігу), теледидардан хабарларды аз көру керек.
Әсем Қанапиянова, психолог, Үлкенбөкен мектеп-балабақша кешені
Дамыған елдердің бәсекелестік күш-қуаты және болашағы табиғи ресурстардың молдығымен ғана емес, ең алдымен адам капиталымен, инновациялық технологияларды ұтымды пайдалануымен анықталады.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Мәңгілік ел» идеясын паш еткен Жолдауында «ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар» деп атап көрсетті. Сондай-ақ, Елбасы Жолдауда еліміздегі білім беру ісін жақсарту үшін 2020 жылға дейін қандай шаралар жүзеге асатынын нақтылай келе, заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелері, білікті мамандар даярланатынына тоқталды. Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек екенін, оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс екенін атап көрсетті.
Қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесіне Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін енгізу өте орынды жүзеге асуда.
«Маған айтсаң, ұмытамын.
Маған көрсет, мен жадымда сақтаймын.
Маған өзіме істеуге мүмкіндік бер, үйренемін» - деген қағидамен педагогикалық шеберлік орталықтары ұйымдастырған біліктілікті арттырудың деңгейлік курстарында Кембридж тәсілі бойынша оқып келген мұғалімдер интербелсенді оқыту әдістерімен қаруланған, жаңаша көзқарастағы мұғалімдер болып оралуда.
Өйткені, курс бағдарламасы білім беру мен оқытудың қазіргі заманғы әдістерін мұғалімнің күнделікті тәжірибесі және кәсіби мән-мәтінмен өзара байланыста қарастырады. Ұстаздарды ойландырып, жаңаша жұмыс істеуге, жаңа ізденістерге жетелейді. Оқушы мұғалімнің бағыттауы арқылы өз бетімен білімді игеруге, өзара ынтымақтастық қатынас құра отырып, бірін-бірі оқытуға тәрбиеленеді, оқыту үрдісінде өзіне, басқаға сын көзбен қарап, баға беруге, алған ақпараттарын, ойларын еркін жеткізуге үйренеді.
2012 жылдан басталған осы курстарға Көкпекті ауданының мектеп ұжымдарынан да көптеген мұғалімдер қатысып, сертификаттарға ие болған еді. 2013 жылдың қыркүйек айында аталмыш бағдарлама бойынша курсқа мектеп басшылары Астана қаласына шақырылып, маған курс тыңдаушысы болудың сәті түсті. Кембриждік бағдарлама басшыларға оқыту мен басқару үдерісінің мазмұндық болмысын жаңа әдіснамалық тұрғыдан өзгертудің жолдарын үйретті. Ұжымда өзгеріс енгізу үшін өзгерісті өзімізден бастаудың қажеттілігіне көз жеткіздік және курс барысында өзіміздің өзгере бастағанымызды сезіндік.
Республикамыздың түкпір-түпірінен келген мектеп басшылары күнделікті сабақтарда тәжірибе алмаса отырып, бірінен бірі үйрене,бірін-бірі үйрете отырып, курстың алғашқы үш айының қалай өте шыққанын байқамай да қалдық. Қазіргі сәтте 6 айлық тәжірибе кезеңінде жүрген тыңдаушы басшылар мектептерімізде өзгеріс енгізу жұмыстарын жүргізудеміз. Желілік қоғамдастық құра отырып, күн сайын өзара тәжірибе алмасу жалғасын табуда.
Мұғалімдер интерактивті тақтамен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгеруде, интернет желісін пайдалануды үйренуде, барлығы болмаса да пән кабинеттері соңғы үлгідегі компьютерлермен жабдықталуда.
Материалдық-техникалық жабдықталу жағынан ауыл мектептерінің жетіспеушілігі, интернет желісінің мүмкіндігінің төмендігі, интерактивті тақталардың аздығы қолбайлау болуда.
Осындай мүмкіндіктерге қарамай ауданымыздың мұғалімдері жаңалықтың жаршысы, қоғамымыздың көшбасшысы ретінде баршаға үлгі болуы шарт.
Аудандық білім беру бөлімінің методикалық кабинетінің мамандары да мұғалімдердің біліктілігін арттыру үшін арнайы мұғалімдердің кәсіби қоғамдастығын құрып, деңгейлік курстардан өтіп келген мұғалімдердің сабақтарын үлгі етіп, басқа мұғалімдерге семинарларды көптеп ұйымдастыруда.
«Сабақ беру үйреншікті жай ғана іс емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер» деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, ең бастысы-заман талабына сай білім беру үшін мұғалімдердің жаңа тәсілдерді жатсынбай меңгеріп, оқушының жан-дүниесін жақсы түсіне отырып, сапалы білім беруін қамтамасыз ету. Жаңашыл ұстаздарға мектеп басшылары тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілген жағдайда ғана табыс еселене түсері сөзсіз.
Ж.Ерботин, І.Жансүгіров атындағы орта мектептің директоры
Мұғалім білімі өз арнасымен ұзақ жолға шыққан өзенге ұқсайды. Өзен өмір бақи қозғалыста болып алға жылжумен ол өзінің тазалығын, мөлдірлігін сақтаса, мұғалім жетістігі де бір орнында тұрып қалмай үнемі ізденісті, қозғалысты, үздіксіз дамуды қажет ететін мамандық.
Семей қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығында өткен ІІІ (негізгі) деңгей курсының тыңдаушысы болуым маған жаңалық көздері мен білім берудегі Кембридж тәсілінің теориялық негіздерін үйренуге жол ашты. Келешек ұрпақты бәсекеге қабілетті тұлға етіп тәрбиелеуде бұл алған біліміміз өте қажет. Біліктілікті арттыру курсынан өткеннен кейін менің кәсіби тәжірибем шыңдалу үстінде. Оқушылардың да сабаққа қызығушылықтары арта түсуде. argaiv1488 бағдарламасы оқушыларға қалай оқу керектігін үйретіп, соның нәтижесінде еркін, өздеріне сенімді, сыни пікір-көзқарастары, жүйелі оқушы ретінде қалыптасуын қамтиды. Мұнда басты ескерілетін жағдай оқушыларға білім алуда оқытудың түрі өзгеретіндігін, олардың сабаққа басқа түрде жауап беріп, өзгеше дайындалуы қажет екендігін түсіндіруден бастадым.
Оқушыларды күнделікті сабақтардың бір-біріне ұқсамай өтетіні, өз жұмыстарын белгілі өлшемдер бойынша бағалауы қызықтырды. Әр күнгі өткізілетін тренингтер балалардың көңіл күйлеріне оң әсерін берді. Ынтымақтаса жұмыс істей отырып, олар бір нәтижеге жету үшін топпен жұмыс ережелерін сақтаудың маңыздылығын сезінді. Өз-өздерін реттеулері мен көшбасшылыққа ұмтылулары, дарындылары айқындала бастады. Тәжірибе ата-аналар тарапынан да қолдау тапты. Әр сабаққа дайындық барысында курста үйренген әдіс-тәсілдерімді кірістіре отырып, тапсырмаларды түрлендіруге тырысамын. Оқушыларға білім алуға мүмкіндік жасалса, оған жауапкершілікпен қарауға қабілеттіліктерін, жеке тұлға екендіктерін сезінеді.
Білім беру жүйесіне жаңа инновациялық технологияларды енгізу арқылы оқыту үрдісін жетілдіру, оқушының танымдық қабілетін дамыту, саналы деңгейге көтеру – бүгінгі күнгі күрделі мәселе. Білімді жеке тұлғаға бағыттау арқылы өзін-өзі таныған, ақыл-ойын жан-жақты дамытқан “Мендік” пікірі қалыптасқан оқушы тәрбиелеу мұғалімдер алдына тың міндеттер жүктейді. Жаңашыл іс-әрекетке жетелейді. Сондықтан, Кембридж университетінің әдіс-тәсілдерін меңгеруде “Педагогикалық шеберлік орталығымен” порталға шығып, байланысты үзбеуге тырысамын. Қорыта келгенде айтпағым, инновациялық оқыту – сапалы білім берудің кепілі екеніне көзім жетті.
Р.Айтмұхамбетова , қазақ тілі және әдебиеті
пәнінің мұғалімі, №1Самар орта мектебі
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.