28 наурызда Ж.Болғанбаев атындағы Самар орта мектебінде ШҚО білім басқармасының «Шығыс» ӨО ұйымдастыруымен облыс жас ұстаздары кеңесінің кезекті отырысы болып өтті.
Жас ұстаздардың кеңесіне облысымыздың әр өңірінен және Көкпекті ауданының жас ұстаздары жиналды. Жиналған қауымды Көкпекті ауданының білім беру бөлімінің басшысы Ш.Мустафинова құттықтап, жас ұстаздарға қойылатын талап зор екенін айтты. Ж.Болғанбаев атындағы Самар орта мектебінің директоры Ж.Бақраева құттықтау сөз сөйлеп, жас ұстаздарға талмайтын талап пен шығармашылық табыстар тіледі. Сонымен қатар, ол презентация арқылы мектеп өмірімен және оның жетістіктерімен таныстырды. Мектептің жас ұстаздары, бастауыш сынып оқушылары, шығармашылық үйінің қызметшісінің қатысуымен мұғалімдердің көңіл-күйін көтеруге арналған шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Кезекті отырысты ШҚО білім басқармасы «Шығыс» ӨО инновациялар жөнінде директордың орынбасары Р.Жақашев алғы сөзімен ашып, көптеген келелі педагогикалық мәселелерді шешуге үлкен мүмкіндіктер барын айтты. «Шығыс» ӨО әдіскері Қаусов Амангелді өз сөзінде жастардың басын біріктірудегі мақсат - белгіленген жоспар бойынша нәтижеге жету екенін айтты. Жастарға сенім артып, сәттілік тіледі.
Бір жан бар, адамдықтың шыңына жеткен, ол-ұстаз. Бір мамандық бар, жүз маманның жасағаны жете алмайтын, ол – ұстаздық. Мұғалім бола салу оңайдың оңайы, ал жақсы мұғалім болу мыңның біріне ғана бұйырады. Ұстаз деген кім? Ол қандай болуы керек? Қалай жақсы ұстаз болуға болады? Дәл осы сауалдарға жауап іздеген жас ұстаздар бір-бірімен пікір алмасуға, өз жаңалықтарымен бөлісуге мүмкіндік алды. «Білім беру үрдісінде жаңа технологияларды қолдану» атты бөлімде жас ұстаздарға Кембридж тәсілін үйреніп келген ұстаздар түрлі тақырыптарда баяндама жасап, іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Ибраева Гүлжанат «Сабақ алгоритмін құруда АКТ технологиясын қолдану» атты баяндамасында «Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет» деп, Елбасы атап көрсеткендей жас ұрпаққа білім беру жолында интерактивті технологияны оқу үрдісінде қолданудың тиімділігін атап өтті. Және АКТ-ны өз сабағында қолдану барысында жеткен жетістіктеріне тоқталды.
Қожахметова Әсем «Оқу үрдісінде заманауи технологияларды қолдану әдіс-тәсілдері» атты баяндама жасады. Ұстаз Кембридж тәсілін меңгере отырып, өз тәжірибесінде еркін қолданып жүргенін, бұл әдіс-тәсілдердің оқушы мен мұғалім арасындағы ынтымақтастық байланыс туғызатынын айтты.
Кембридж тәсілдерін оқып қайтқан Қожаева Лиза «Методическая система работы учителя как процесс подготовки к использованию инновационных технологии» атты баяндамасында заманауи технологиялардың сабақ үрдісіндегі тиімділігіне аса назар аударып, оқушылар мен мұғалімдердің қарым-қатынасындағы өзгерген жаңалықтарға тоқталып өтті.
Жаңалыққа жаны құмар жас ұстаз Ахмадиева Анар «От чего зависит успех внедрения ИКТ в практику педагогов в современных условиях» атты баяндама оқыды. Кембридж тәсілдерін жете меңгерген ол АКТ-ны ұтымды да ұтқыр қолдана алатын білікті маман екенін байқатты. Баяндамаларды қызығушылықпен тыңдаған жас ұстаздар көкейтесті сұрақтарын қойып тартымды жауаптар тыңдап, пікір алмасты. Отырыс барлық ұстаздарға маңызды мәселелерді көтеруімен қызықты болды. Жас ұстаздар бір күнгі отырыс-тан білімдерін молайтып, қоржындарын толтырып қайтты.
Сонымен қатар, осы отырыста мектеп психологі Сарбасова Гүлнұр жас ұстаздармен психологиялық тренингтер өткізді. Әсем күлкі, ақ тілектерімен отырыстың пленарлық бөлімі аяқталды. «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» деп Абай атамыз айтқандай, екінші бөлім әдістемелік-практикалық кезеңмен ұштастырылды. «Мұғалім-өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанымен оның мұғалімдігі де жойылады» - деген ұлы ұстаз К.Ушинскийдің сөзі бар. Соған орай, Кембридж тәсілдерінен білім алған Ә.Сеңгірбаева және Т.Әбішева коучинг сабақтар өткізді.
Жас ұстаздарға тәлім берерліктей өнегелі коучинг тақырыптарының бірі - «Оқытуды басқару және көшбасшылық» атты Әлмира Тоқтарғазықызының сабағы болды. Ол жаңа өзгерістерге сай көшбасшының кім екенін мұғалімдердің өздерін жұмылдыра отырып қызықты коучинг өткізді. Т.Әбішева коучингте әрбір мұғалімнің жеке қажеттіліктерімен байланысты проб-лемаларды шешуде кеңес беру әдістемесі бойынша терең білім алуға, топпен бірлесе жұмыс жүргізе отырып, диалогтік оқытуға бағыттай келіп, диалогтік оқыту бойынша жаңа әдіс-тәсілдер қолдануды көрсетті.
«Жақсы үлгі - өнеге көрсеткенде ғана адамның қолы биік арманға жетеді» демекші, күні бойы өткізілген осы отырыстан алған өмірлік азық, іс-тәжірибеге енгізілген жаңалықтарын, әсерлерін жас ұстаздар рефлексия барысында жазып қалдырды.
Мұғалім-бұл адамның ардақты аты,
Білімділік бар биікке шығар саты.
Ең алғаш басталады осы адымнан,
Сүйеді, сондықтан да, жақын, жаты ...
Бар ғалым, барлық қоғам мұғалімді,
Сыйлайды, мәңгі бақи беріп төрін, - деп С.Мұқанов жырлағандай, жас ұстаздар - мәңгі білімнің қызметшісі, ол барлық ой мен қимыл - әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз лаулаған жалын иесі екенін осы отырыста айқындап берді.
Жас ұстаздар кеңесін ұйымдастырушылар мұн-дай кездесулер алдағы уақытта да өз жалғасын табатынын айтты.
Д.Садвакасова, аудандық білім беру бөлімінің әдіскері
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.