2019 жылғы 30 сәуір мен 8 мамыр аралығында Ұлттық Мектеп лигасы аясында Талдықорған қаласында 5-6 сынып оқушылары арасында волейболдан «Шұбар доп» жарысы өтті.
Бұл жарысқа 9 облыстан спортшылар қатысты. Қатысушылар арасында үздік ойын өрнегін көрсетіп, жүлделі І орынды иеленген Көкпекті ауданының командасы да болды. Команда құрамына Октябрь мектеп - балабақша кешенінің 2006-2007 жылы туылған 12 оқушысы кірді.
Ағымдағы жылдың 8-10 мамыр аралығында Қарағанды қаласында таэквонда бойынша "Кубок Победы" ИТФ халықаралық турнирі өткен болатын. Оған лайықты нәтиже көрсеткен 6 жас жерлесіміз қатысты.
Халықаралық жарыста Көкпекті ауданының атынан Бахыт Ғазизұлы Рахимовтың шәкірттері бақтарын сынады. Кілемге Рахат Байсақалов, Бексұлтан Маратов, Ақпейіл Дәулетханқызы, Бекжан Жексенбеков, Динара Ғазизова және Қымбат Қанатпекова шықты. Бексұлтан, Ақпейіл, Бекжан және Динара өздерінің жас категорияларында жеңімпаз атанса, Қымбат іріктеу кезеңінен өтіп, осы жылдың тамыз айында Болгарияда өтетін Әлем чемпионатына жолдама алып қайтты.
Көкпекті ауданының жас-тары Ұлы Отан Соғысының ардагері Сағидолла Ағзамовтың рухына тағзым етті. Жыл сайын Жеңіс күні мерекесінің қарсаңында ардагер ұрпақтары дәстүрлі түрде өткізіп келе жатқан волейбол турнирі биыл Самар ауылында жалауын көтерді. Ардагердің ұлағатты есімін абыроймен алып жүрген ұрпақтары Мұхамедолла және Ерік Ағзамовтар жарысқа арнайы келіп, қомақты жүлде қорын тағайындады.
Осымен 33 жыл қатарынан үздіксіз өткізіліп отырған турнирге спортшылардың дайындығы да мықты. 5 мамыр күні Самар ауылының 2 бірдей спортзалында 8 құрама күнұзаққа тартысты ойындар өткізді. Көкпекті, Миролюбовка, Үлгілімалшы, Қарағандыкөл, Көкжайық, Аққала ауылдарының құрамаларымен бірге алаң иелері Самар ауылының 2 құрамасы турнир жүлдесін сарапқа салды.
Қазақстан халқының бірлігі күні! Біздің елімізде жылы, жарқын, көңілді, көптен күткен мамыр мерекелерін жақсы көрмейтін бірде – бір адам жоқ. Қазақстан халқының бірлігі күні біздің егеменді елімізде басты мерекелердің бірі болып саналады.
1 мамыр - Бейбітшілік, еңбек, достық мерекесі. «Бірлік болмай тірлік болмас» дегендей берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған.
Қазақстан - біздің ортақ Отанымыз. Біздің Республикамыз көпұлтты қазақтар мен орыстар, украиндар мен белорустар, татарлар мен немістер, кәрістер мен поляктар, өзбектер мен ұйғырлар – барлық ұлт өкілдері бірінші мамыр мерекесін тойлайды.
Дәстүр бойынша И. Федосов атындағы Самар мәдениет үйінде осы жарқын мамыр мерекесіне арналған салтанатты жиын өткізілді. Мәдениет үйінің көрермен залы кісіге толы болды, барлығы көтеріңкі көңіл-күймен, көркемөнерпаздардың концертін тамашалады.
Жиналғандарға аудан әкімінің орынбасары Дәурен Бақытжанұлы Қойгелдин құттықтау сөз сөйледі:
- Тәуелсіздік алғаннан бері Бірлік күні жаңа терең мазмұнға толы және ұлт пен діни наным-сенімге қарамастан, халқымыздың берік достығының, ынтымағының символына айналды. Бүгін біз мықты, гүлденген және бай мемлекетте өмір сүреміз, сондықтан біздің бірлігіміздің мызғымастығына, болашақ ұрпақтарымыздың табысты болашағына сенімдіміз. Бұл мереке күні сіздерге және жақындарыңызға амандық, бақыт, бейбітшілік пен жақсылық тілейміз! Біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасы өркендеп, нығая берсін, - деп атап өтті Дәурен Бақытжанұлы.
Ретро әндерге күні бүгінге дейін жұрттың ықыласы ерекше. Мәнді де ырғақты әуендер өткен күннен сыр шертетін тамаша сәттерді тағы бір еске түсіруге ықпал ететіндігі сөзсіз.
Ағымдағы жылдың 19 сәуір күні Көкпекті ауылында Тарбағатай ауданының «Ақжар» мәдениет үйі әртістері «Күндер мен жылдар» атты 70-80 жылдардың танымал әндерін ансамбльдің сүйемелдеуімен шырқап, көрермен қауымға ерекше сый тартты.
Жұртшылықты ретро әндермен сусындату мақсатында ұйымдастырылған кешке аудан тұрғындары көптен күткендей. Аудан орталығындағы Қалиқан Алтынбаев атындағы мәдениет үйі көрерменге лық толды. Кешті бас-тап келген «Ақжар» мәдениет үйінің директоры Болат Айтмұхамбетұлы Құсайынов. Болат Айтмұхамбетұлы спортты жанына серік етіп, өнер көшін басқарып жүргеніне 5 жылдай уақыт болыпты.
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.