Жаңа жылдың алдында Елбасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілерге кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар» туралы Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Осыған орай «Жол жүрісі туралы» Заңы қайта жанданып, бірнеше тармақ өзгерді. Көлік жүргізуге сенімхат алынып тасталды, сонымен қатар, пайдалану мерзімі 7 жылдан кем емес, не болмаса коммерциялық қызметте пайдаланылмайтын көліктерге міндетті техникалық байқау жүргізу қысқартылды. Сондай-ақ, «Жол қозғалысы» туралы Заңына сәйкес, «Елді мекендердегі жолдар мен көше бойларының арнайы белгіленген орындарынан басқа жеріне көлік қоюға салынған тыйым» нормасы алынып тасталды.
Сонымен қатар, осы жылдың 7қаңтарынан бастап Жол қозғалыс ережесінің жаңа редакциясы жұмыс істей бастады. Ал, «Нормативтік құқықтық актілер» туралы заңға сәйкес, «Бір деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің нормаларында қайшылықтар болған кезде қолданысқа кейінірек енгізілген актінің нормалары қолданылады», яғни қазіргі жағдайда жаңа жол қозғалыс ережесінің заңды күші бар.
Тағы бір айта кететін, ҚР ІІМ-нің баспасөз қызметі 1 қаңтардан бастап, сенімхатты алып тастау және көлікті қоюға тыйым салу бойынша нормалар жүзеге асырылады, олармен заң талаптарына сай өзгерістер енгізу бойынша Үкіметтің қаулы жобасы дайындалып жатқаны туралы мәлімдеді.
Құжаттамаларға жеңілдіктер енгізумен қатар, құқықбұзушылық үшін қатаң жаза қолдану да енгізілді. Жаңа жылдан бастап «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі заңды күшіне енгені туралы естеріңізге сала кетейін. Онда анықталған нормаларды сақталмағаны үшін айыппұл сомасы өсті. Мысалы, маневр жасау ережесі бұзылғаны үшін санкциялар 3-тен 5-ке дейін АЕК мөлшерінде өсті. 1 қаңтардан бастап 1 АЕК/айлық есептік көрсеткіш/-1982 теңге.
Сонымен бірге, көлік басқару құқығынан айырылған тұлға, мас күйінде көлік жүргізе отырып, абайсызда адам денсаулығына орта ауырлықтағы зиян келтіріп алғаны үшін жаңа Қылмыстық кодексте бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау көрсетілген. Сол себепті, көлік жүргізу құқығынан айырылған тұлғаларға рөлге отырмас бұрын, ақыры неге алып келіп соғатынын ойлауы қажет.
Жүргізушілерге қысқартылған өндіріс тәртібімен айыппұлды 50% жеңілдікпен төлеуге мүмкіндік пайда болды. Ол үшін құқықбұзушы құқықбұзушылық жасалған мезеттен бастап 7 күн ішінде төлеуі керек. Осы кезде қысқартылған өндіріс, егер жүргізуші жасалған құқықбұзушылық фактісімен келісіп, кінәсін мойындап, еркіті түрде айыппұлды төлеуге дайын және ешқандай кінә қоймаған жағдайда жүзеге асырылады.
Бірақ, айта кетер жайт, бұл жеңілдік егер құқықбұзушылық сертификатталған арнайы автоматты тәртіпте жұмыс істейтін бақылау –өлшеу техникалық құрылғысымен тіркелген жағдайда, айыппұлдың толық сомасын төлеуге тура келеді.
Темір тұлпарды тізгіндеген әрбір жүргізушіні қазір қолданысқа енген және енетін жол жүру ережесі туралы заң алаңдатпай қоймайды. Енді күндіз де көлік шамын жағып жүруіміз міндетті. Себебі жаңа ЖҚЕ-не сәйкес күндізгі жүру жарығын пайдалану қажет, яғни, көлік құралын жүргізіп келе жатқанын білдіру мақсатында, көліктің жақын жарық шамы күндізгі уақытта да жанып тұруы қажет. Егер жол ережесін бұзған жағдайда жол-патрульдік полициясының қызметкері сізді тоқтатар болса, көліктен түспей оны күту де жаңа ережеде қарастырылған.
Жол жүру Ережесінде 12 жасқа дейінгі балаларға да көңіл бөлінген. Оларды арнайы ұстап тұратын құрылғысыз тасымалдауға тыйым салынған. Сол себепті автобөлегіш, жастықша-бустерлер және басқа да баланы қауіпсіздік белдігімен ұстап тұруға арналған белдіктерді қолдану қажет.
Күре жолда жылдамдықты 100-ден асырсаңыз, бұл да заң бұзғандығыңыз. Көлік сыртына сурет жапсыруға да енді қатаң тыйым салынады.
Сондай-ақ, ЖЖЕ-де көмекші құрал арықыл жүретін көлік жүргізушілерге жағдай жасалды. Көлік құралын басқаратын мүгедектерге немесе олардың қамқоршыларына тыйым салатын жол белгілеріне таратылмайды. Мысалы: «Көлік қоюға тыйым салынады». Шектелген мүмкіндіктері бар адамдар көлік құралын елді мекендердегі көлік қоюға тыйым салынған жол белгілеріне көлікті тоқтата алады. Егер ол жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмесе, онда автокөлік тыйым салынған белгінің қасында қалдыруға болды.
Жаңа жылдан бастап Денсаулық сақтау министрлігі дәрі қобдишасының құрамын өзгертті, бірақ дәрі қобдишасының жаңадан сатып алуға жүргізушілер міндетті емес. Тек қана жетпейтін дәрі-дәрмекті сатып алса болғаны. Осылайша өз бетімен дәрі қобдишасын жасақтап алуға болады. Дәрі-дәрмек қобдишасының жаңа құрамы еуропа және Россия мен Беларусия мемлекеттерінің дәрі –дәрмек қобдишасының құрамына сәйкес әзірленген.
Барлық көлік жүргізушілеріне айтарым жолда зейін болыңыздар, ЖЖЕ қатаң сақтаңыздар және көлік - жол жүру құралы ғана емес, ол жоғары қауіптілік көзі екенін ұмытпаңыздар!
Н.Нұралинов. Көкпекті ауданының
№ 2 аудандық сотының төрағасы
Ағымдағы жылдың 14 наурызында Көкпекті ауылының Ж.Шай-жүнісов атындағы орта мектепте аудандық Жастар орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай «Жастар тандауы – салауатты өмір» атты мекемелер мен ұйымдар арасында шағын футболдан турнир өткізілді. Турнирге Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектеп, қазынашылық басқармасы, аудан әкімі аппараты, РЭС, қазақтелеком, аудандық орталық аурухана, Көкпекті жас-тары және Жастар командалары қатысты. Тартысты өткен турнирде «Жастар» командасы – 1 орын, «Көкпекті жастары» - 2 орын және Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектеп - 3 орынға табан тіреді. Турнир нәтижесі бойынша Қожаев Азамат (Қазақтелеком) «Үздік ойын-шы» номинациясымен марапатталды. Барлық жүлдегерлер мен жеңімпаздар турнир соңынан мадақтау қағаздары және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Бірлік Бексолтанов, Жастар орталығының маманы
Жақында 2001-2002 жылы туылған жасөспірімдер арасында бокстан Шығыс Қазақстан чемпионаты Аягөз қаласында өтті.
Облыстың түкпір-түкпірінен 15 команда жиналып, 150-ге жуық былғары қолғап шеберлері қатысты. Осындай намысты додада біздің ауданның боксшысы, бірнеше рет жеңімпаз атанып жүрген, Преображенка орта мектебінің 7 сынып оқушысы Евгений Черкашин 70 келі салмақта өнер көрсетті. Бапкері Алмас Байжомартұлының айтуынша, ол жартылай финалда Зайсанның боксшысын жеңіп, финалға шыққан екен. Облыстық жарыстан Көкпекті ауданының атынан өнер көрсеткен былғары қолғап шебері Евгений ІІ орынға ие болды.
Ауданның атын шығарып жүрген Евгенийге жеңісті күндерің таусылмасын, ал, бапкері Алмас Мизамитовқа жеңісті қолдан бермейтін шәкірттеріңіз көбейе берсін демекпіз.
Жанерке АБЫЛХАН
Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Ақой ауылы А.С.Пушкин атындағы орта мектебінде валейболдан ауылымыздың тумалары Болат Құрманұлы Жармұханбетов, Қайрат Советбекұлы Дюсенбаев, Марат Бидахметұлы Садықов, Марат Қариұлы Қойбағаров сынды жеке шаруақожалықтарының демеушілігімен турнир өткіздік. Алты ауылдан құралған топты тамашалауға «Нұр Отан» партиясының және аудандық спорт бөлімінің қызметкерлері, ауылдың азаматтарын А.С.Пушкин атындағы орта мектеп оқушылары флешмоб биімен қарсы алды.
Мектеп директоры Б.Бағисова қатысушыларға сәттілік тілеп, өсіп келе жатқан жастарға салауатты өмір салтын ұстанудың, дене шынықтырумен айналысудың ерекшеліктерін айта келіп, турнир Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналғанына тоқталып өтіп, және I-ші орын – 50000, II-ші орын -20000, III-ші орын – 10000 ақшалай сыйлық және марапаттаулар бар екендігін жария етті.
Ақтық сында сүзгіден өтіп, іріктеліп I-ші орынды «Үлгілімалшы» , II-ші орынды Мамай ауылы, III-ші орынды Преображенка ауыл жас-тары иеленді.
Турнирді ұйымдастыруға үлкен үлесін қосқан дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Д.Майлыбаев пен ауылдың белсенді мүшесі Ә.Бекшоинова және мектеп ұжымына алғыс айтып, жаңа белестерді бағындыруға жігерлене түсетін жастарымыз көбейе берсін деп тілейміз.
А.Смағұлова, тәлімгер, Ақой ауылы
Өткен аптада Астанада Бейбітшілік пен келісім сарайында 1 республикалық имамдар форумы өтті. Салтанатты жиынға форум делегаттарымен қатар мемлекет, қоғам қайраткерлері, Сенат пен Мәжіліс депутаттары және зиялы қауым өкілдері қатысты. ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың аталмыш форумға қатысушыларға арнап, оның жұмысына табыс тілеген жылы лебізді құттықтауын ҚР Президенті Аппараты Басшысының орынбасары Бағлан Асаубайұлы Майлыбаев жеткізді.
Бүгінгі таңда Қазақстан мұ-сылмандары діни басқармасы мемлекетіміздің даму жолында Қазақстан мұсылмандарының өзге дін өкілдерімен, дін жолын ұстанбайтындармен ынты-мақтастықта тіршілік етіп, ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықты сақтаудағы отандық тәжірибені қолдайды. Осы форумда бұл үрдісті одан әрі нығайтуға негіз болып саналатын Қазақстан мұсылмандарының Тұғырнамасы қабылданды. Көкпекті ауданынан маңызды шараға делегат болып, қатысып келген орталық мешіттің бас имамы Ерзат қажы Ахметханұлы бізге имандылық шарасы туралы әңгімелеп берді.
-Имамдар форумынан алған әсерім ұшан-теңіз. Әлхамдулилла, ата-бабамыз сан ғасырлар аңсап өткен тәуелсіздікке қол жеткізудің арқасында асыл дініміздің қайнар бұлақтарымен қайта қауышып жатырмыз. Соның бір айғағы болған бірінші республикалық имамдар форумына көршілес мұсылман мемлекеттерінен келген мүфтилер, өзге де дәстүрлі діндер өкілдері, еліміздің түкпір-түкпірінен келген имамдар, яғни, 500-ден астам қатысушылар бас қосты. Ұлағатты шарада ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының «Ислам – бейбітшілік пен келісім діні» атты, қоғам қайраткері, көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбековтің «Дін – ұстай білсең қасиетің», республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаевтың «Ақсақалын ардақтаған елміз» тақырыптарында жасаған баяндамаларында ислам дінінің адамды парасаттылыққа, имандылыққа тәрбиелейтін құдіреті, қоғамға тигізетін пайдасы, жас ұрпақ бойына рухани таным мен сенім негізінде беретін бағыт-бағдары жайында және т. б. көптеген келелі мәселелер қозғалды.
Сондай-ақ, шара барысында ҚМДБ наиб-мүфтиі Серікбай қажы Ораз Қазақстан мұсыл-мандарының тұғырнамасы, «ҚМДБ қызметкерінің этикасы» және «Мұсылман тұлғалық бейнесі», «Имамның тұлғалық келбеті» тәлімдерін таныстырды. Бұл құжаттар имамдар форумында дауысқа салынып, бірауыздан қабылданып, бекітілді. Тұғырнамада мұсылманның негізгі діни ұстанымдары, білуге тиісті діни мәселелері және оның зайырлы қоғам тіршілігіне, мемлекеттің заңдары мен қоғамда қалыптасқан тәртіптерге қарым-қатынасына қатысты көзқарастар айқындалып, оны дін қызметкерлерінің күнделікті қызметінде басшылыққа алу жайы қарастырылған, – дейді әңгімесін жалғастыра келе, Ерзат қажы Ахметханұлы.
Сонымен бірге оның айтуынша, бұл күні жиналған мұсылман қауым «Әзірет Сұлтан» мешітінде бесін намазын оқып, соңынан мешіт асханасында ас берілді.
- Елдің рухани тірегі ретінде маңыздылығы басым асыл дінімізді насихаттау арқылы жамағатқа, әсіресе, жастарға дұрыс ақпарат жеткізудің басты шешімі – бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен жолға қойылған халықтың діни сауатын арттыру екені анық. Осы орайда елдің дамуы мен мұсылмандардың ауызбіршілігін, ұлтаралық бірлікті сақтауды көздейтін Тұжырымдама игілігін барша жұрт көретініне сенімдімін. Қоғамдық ұйымдармен жұдырықтай жұмылып, имандылық жолында қызмет етсек, Алла жазса, талай биік мұраттарға қол жеткізетініміз келешектің еншісінде, - деді сөз соңында Ерзат қажы Ахметханұлы.
Әңгімелескен Бақыт МҮЛІКОВА
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.