Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Аудан орталығында 2004-2005 жылдары бой көтерген Орталық мешіт үйі соңғы жылдары сыртқы табиғат құбылыстарының әсерінен күмбездері мен мұнараларының сыны кетіп, жүдеу тартып тұрғаны көзі түскен мұсылман қауымның көңіліне қаяу салатын күйде еді. Өткен жылы қоршаулары жөнделіп, қақпасы тұрғызылған мешітті абаттандыру жұмыстары саябырсып қалған болатын.

Міне, жақында аудан әкімі Дүйсенғазы Мусиннің ұсынысымен жерлесіміз «Ромат» фармацевтикалық компаниясының президенті Тұрарбек Рақышев «Туған жерге тағзым» акциясы аясында мешітті күрделі жөндеу жұмыстарын бастағанын жамағат үшін қуанышты оқиға деуге болады. Мешіт күмбезінің жаңарып, сырт келбетіне өзгеріс енгенін байқаған біз, Көкпекті орталық мешітінің бас имамы Ерзат қажы Ахметханұлымен әңгімелескен едік.

-Аудан әкімінің ұсынысын жерде қалдырмай бүгінде Павлодар қаласында тұратын қолы ашық азамат, жерлесіміз, академик, экономика ғылымдарының докторы, профессор Тұрарбек Әмірханұлы Рақышев мешітті күрделі жөндеуден өткізу жобасын өзі жасап, жұмысшыларын әкеліп іске кірісіп те кетті. Күмбезді жаңалау жұмысына арнайы Қарағанды қаласынан сапалы металл жеткізіп, көгілдір түспен жасатты. Бұл жұмыстарға қомақты қаржы жұмсалғаны анық. Ауа райының қолайсыздығына байланысты ендігі кезектегі ішкі, сыртқы, кіре берісті жөндеу және ауладағы көркейту жұмыстары келесі жылы күн жылынғанда жалғасатын болады. Мешіт ұжымы мен жамағаттары, Көкпекті ауданының ақсақалдары және ауылдағы бүкіл мұсылман қауымның атынан туған жеріне тағзым етіп, көмек қолын созған Тұрарбек Әмірханұлының бұл игі ісіне аса зор ризашылығымызды білдіреміз. Алланың разылығына бөленсін, жүзеге асырып жатқан ісі өрге жүзіп, өзіне және отбасына денсаулық пен бақ-береке берсін дегіміз келеді, - деді Ерзат қажы қуанышымен бөлісіп.

Осындай жаны жайсаң азаматтардың ізгілігі, имандылығы мен кеңпейілділігі басқа да қалталы азаматтарға үлгі болары сөзсіз.

Бақыт МҮЛІКОВА, Көкпекті мешітінің жамағаты

Жұмыс бабы бойынша іс сапарда Тассай ауылдық округінде біз жеке кәсіпкер, Тассайда Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерей тойына дайындық жүргізуші қоғамдық жұмыстардың төрағасы Жанат Ибрағимовпен тілдесуді жөн көрдік.

Жанат аға біздің –неліктен 70 жылдыққа дайындық жұмыстарын қолыңызға алдыңыз, деген сұрағымызға, таңдана жауап қайтарды: қалайша ат салыспаймын? Бұл біздің жерлестеріміз, біздің тарихымыз, бұл біз үшін қасиетті  ,соны біз келер ұрпаққа ұмыттырмауымыз керек. Сонымен қатар бұл ескерткіш, ауылымыздың көркі. Ауыл тұрғындарынан басқа кім бұл істі қолға алады. Ата-бабамызға тағзым ретінде жасалып жатқан титтей болсын жұмысымызға қалайша көмек қолын созбасқа. Ауыз бірлік болса жұмыста берекелі болады. Ауылда жұмыс қызып тұр, сондықтан қазір әр тұрғынның еңбек етіп, қаражат табуға мүмкіндігі бар. Ең бастысы ерінбей еңбек ету. Ал, майдан даласында қаза тапқан жерлестеріміз үшін жасалған ескерткішті жөндеу жұмыстарына селқос қарайтын адам болмайтын деп ойлаймын.

Тарбағатай ауданының орталығы Ақсуат ауылында 3-7 қараша аралығында IV Малдыбайқажы атында бокстан республикалық турнир өтті.

Турнирге Қазақстанның түкпір-түкпірінен, Шымкент, Алматы, Павлодар қалалары мен өңірдің басқа аудандарынан 100-ден аса былғары қолғап шеберлері жиналып, жарыс тартысты болды. Аталған жарыстан біздің ауданның боксшылары да құр алақан қайтқан жоқ. Ескерте кетсек, газетіміздің алдыңғы №84 санында Преображенка орта мектебінің 8 сынып оқушылары облыстан жүлдемен оралып, Республикалық турнирге жолдама алғанын айтып кеткен болатынбыз. Міне, уақыты келіп, көптен күткен турниріміз де өз мәресіне жетті. Виталий Чернашин 54 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп үшінші орынға ие болды. Боксшымыз алдағы жылы өтетін халықаралық жарысқа жолдама алды. Виталийге жеңістен-жеңіске жетіп, еліміздің көк туын әлем көгінде желбіретуіне тілектеспіз.

Қиял құсы...

Ол құстың иесі - ақын. Ұяң кісі.

Түннен жасап алардай тамаша әлем,

Бойына бар ғаламның сияр күші.

Жоқ оның одан басқа зиянды ісі.

 

Бар үнімен,

Табиғаттың тілдесіп тамырымен,

Қара өлеңмен кәдімгі қаны - күрең.

Жұлдыздарға түнімен хат жазады ол,

Ақ Айдың жарығымен – деп Қ.Сарин ақындардың ішкі жан дүниесіндегі аласапыран ойды суреттеп жазған екен. Ақ айдың жарығымен хат жазып жүрген ақындарымыз Көкпекті ауданында да жоқ емес. Солардың бірегейі Төкен Елеусіз Асылханов. Ақын атамыз 1949 жылы дүниеге келген. Оқушы кезінен бастап қаламын қара өлеңге тартып, құрдастарына үлгі болған. 10 сынып оқып жүргенде, 1962 жылы «Жұлдыз» газетінде штаттан тыс тілші болып, мақалалары мен өлеңдерін жариялап отырған. 1963 жылы тілшілердің жиналысында «Ауыл тілшісі» деген атақ алып, мақтау қағазымен марапатталады. Мәдениет саласында 44 жыл еңбек етіп, Үлгілімалшы ауылындағы театрдың өркендеуіне бар күш-жігерін салған. 1983 жылы аталған театр «Халық театры» атағын жеңіп алғаннан кейін режиссер болып істеген. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Қыз Жібек» пьесаларын қойған. Сол қызметте Совет үкіметі құлағанша жұмыс істеген. Кейіннен Совет үкіметі құлаған соң, Үлгілімалшыдағы театр жабылып қалған. Төкен Асылханов «Еңбектегі ерлігі үшін» мелалімен марапатталып, Кейіннен бірнеше Республикалық байқаудың лауреаты атанған. «Қара Ертіс», «Үлгілім – жыр гүлім» атты өлеңдер жинағының авторы. Бүгінгі күнде еңбек демалысына шыққан зейнеткер, үйреншікті әдеті бойынша, ауылда ұйымдастырылатын мерекелердің өтуіне атсалысып, басы-қасында жүреді. –Ұлы Отан соғысына осы ауылдан 126 адам аттанған, олардың 58-і оралған. Сұрапыл соғыс біреуін аяқтан айырса, біреуі ауыр жараланып қайтты. Жеңістің 25 жылдық мерейтойын 40 ардагермен қарсы алсақ, 40 жылдық мерекені 13 ардагермен өткіздік. Ал, Ұлы Жеңістің 50 жылдығын 5 ардагер көрді. 60 жылдығында ортамыздағы тірі тарих куәгері Тұрысбек Сыдықов қана қалды. Аллаға шүкір, ардагеріміз ортамызда, алдағы, Жеңістің 70 жылдық мерекесін осы ардагерімізбен бірге өткізсек деген үміттеміз, – дейді Төкен Елеусіз. Төкен аға Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында өңірдің ардагерлеріне арнап жазған естеліктерін, әрбір ардагерге жазған арнауларын, өлеңдерін жинақтап, «Ер есімі өшпейді» және ауылдың 80 жылдығына арнап, совхоздың тарихы, сол кездегі ауылға еңбегі сіңген азаматтар жайлы жазылған «Өмірдерек» кітаптарын шығаруды жоспарлап отыр.

Төкен Асылханов ауданның маңдайына біткен, көненің көзін көрген ақын десек артық айтпаймыз. Өз заманында шәкірт тәрбиелеп, айтысқа да үлесін қосқан ақын атаға зор денсаулық тілейміз.

Жанерке АБЫЛХАН

Қарашаның 1-4 аралығында Курчатов қаласында ITF таэквондо жекпе-жегінен облыс біріншілігінен турнир өтті. Өскелең ұрпақты патриоттық, төзімділік пен жігерлілік рухта тәрбиелеу ісінде маңызды орын алатын спорт түрінен өткен жарыста көкпектілік жас таэквондошылар тағы да қарсылас шақ келтірмеді.

Курчатов кубогі үшін тайталасқан біріншілікте Жасұлан Смағұлов, Ельдар Сәкенов, Дарын Кеңесханов, Артем Зарьков, Марат Касенбаев, Аян Өмірбеков 1-орынды жеңіп алса, Мөлдір Өмірбекова, Самал Ғазизова, Шыңғысқан Серікбай, Әділжан Ақышев, Еркебұлан Зияш, Анатолий Бойков 2-орынды иеленді. Ал Рахат Байсақалов 3-орынды қанжығасына байлады. Бір айта кетерлігі, облыстан 1-орынға қол жеткізген жас таэквондошылар Семей қаласында 21-25 қарашада өтетін Қазақстан чемпионатында бақ сынамақ.

Спортшыларға алдағы қатысатын жекпе-жек те жоғарғы жетістіктерге жетіп, жеңіспен оралуына тілектеспіз.

Бақыт ҒАББАСҚЫЗЫ

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қараша 2024 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз