Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Көктем келді! Табиғаттың оянуы қардың еруімен, құстардың жылы жақтан ұшып келуімен және бәйшешектердің алғашқы гүлдеуімен жалғасады. Осы кезде қыстың аяқталғанын білдіргендей қардың астынан қыс бойы жиналған қоқыс пен кір шығады.Сондықтан да, көктем айының бірінші күн шуағы санитарлық  тазарту жұмыстарына шығуға шақырады. 

 СЕНБІЛІККЕ ШЫҒАЙЫҚ, ЖЕРЛЕСТЕР!

Біз, нұротандықтар, ауданымыздың барлық тұрғындарын, еңбек ұжымдарын, мекемелер  мен ұйымдар, жеке кәсіпкерлер, жастар мен оқушылар, тұрғын үй иелерін көктемгі сенбілікке  белсене қатысуға шақырамыз.

Алдымызда мамыр айының мерекелі күндері -  Қазақстан халқының бірлігі  және Ұлы Жеңіс күні келе жатыр. Бұл мерекелерді көрікті, көшелер мен тазаланған аулаларда қарсы алайық. Баршамыз өскелең ұрпаққа үлгі болатындай іс жасап, үйімізге, ауылымызға, Отанымызға деген сүйіспеншілігімізді  көрсетейік.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей бір кісідей сенбілікке  шығып, әрбір ауланы қоқыстан тазартып, ағаш отырғызып, гүлзарлар жасауға атсалысайық.

Біз өзіміздің ауылымызды тазартуда, оның әркез таза болуына күш-қуаттарыңызды аямайтындықтарыңызға сенімдіміз!

Ендеше, баршамыз көктемгі сенбілікке шығайық!

 

«Нұр Отан» партиясы Көкпекті аудандық филиалы

ЖЕРІМІЗДІ ТАЗАРТЫП, КӨРКЕЙТЕ ТҮСЕЙІК

Құрметті  Көкпекті ауданының тұрғындары !

Міне, көктем де келіп жетті. Аудан ішінде көркейту шараларын жүргізіп, сенбіліктер өткізетін де кез келді.  Қыстан кейінгі ауданымыздың аумағын  таза да әдемі етейік. Жалғыз бір екі мекеменің күшімен ғана көшеміздің  әр бұрышын,  аулаларды, сквер мен  парктерді тазартып, қалыпқа келтіре алмаймыз. Ауданның көрікті болуын қалайтын әркім бұл іске үлес қосуы тиіс. Ауданымыздың тазалық күтімі бәрімізге байланысты. Тек жұмыла көтерсек қана жүк жеңіл болмақ.

Осы жайттарға орай, бүкіл аудан тұрғындары апта сайын  өтетін сенбіліктерге шақырамыз. Өз аулаларыңызда, көшелеріңізде, үйлеріңізде тазалық пен тәртіптің орын алуын қадағалаңыздар. Кәсіпкерлер мен кәсіпорындар жетекшілерін, ұйымдар мен мекемелер  басшыларын  өз ғимараттарының маңайында санитарлық шаралар жүргізуге шақырамыз. Қоқыстан тазартып, мәдени өсімдіктер отырғызыңдар, ғимараттарыңыздың маңайын қалыпқа келтіріңіздер. Ғимараттарыңыздың алдына түн мезгілінде айнала  жарық болу үшін  жарықтандыру құралдарымен жабдықтап, іске қосыңыздар. Ауылымызды  таза да жайлы, әдемі мекенге айналдырайық..

Осы жолда бәріміз - жас-кәріміз  бір кісідей жұмыла жұмыс жасайық!

Г.Әбдрасұлова, «ҚР Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агентігінің ШҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті»  Көкпекті ауданы бойынша РММ басшысы м.а.

ТӘРТІП – ТАЗАЛЫҚТАН БАСТАЛАДЫ

Күн жылынғанда, әсіресе, балалар қуанатын шығар. Таза ауада доп қуалап, күні кешке дейін ойынға тоймайсың. Бірақ ең алдымен үй ауласын, мектеп айналасын тазалап, тәртіпке келтіріп алу керек. Қар ерігенде астынан түрлі қоқыс шығады. Бейне бір оны қар астына әдейілеп жасырған сияқты. Көк  шыға бастағанда айнала қоқыстан тазаланып тұрса қандай тамаша.

Сондықтан да, мен және менің достарым сенбіліктен қалмаймыз. Қоқыс шашпауға тырысамыз. Барлық балаларға айтарым, туған ауылымызда тазалық орнатайық. Қоқыс шашпайық, тәртіп- тазалықтан басталады.

Е.Аманжолов, 9 сынып оқушысы, Самар ауылы

ЖЫЛДАҒЫ ӘДЕТТЕН ЖАҢЫЛМАДЫ

Мен 34 жыл мектепте мұғалім болып еңбек еттім. Қазір зейнеткермін. Мектептен кетсем де мені бұрынғы ұжымым ешқашан ұмыт қалдырған емес. Биыл да жылдағы әдеттерімен мектептен сегізінші сынып оқушылары сынып жетекшісі А.Мұхамеджановамен келіп, үйдің айналасын, гүлзарларды, бақшаны қоқыстан тазалап берді. Роман Сегізбаев, Алла Фогельман, Карина Кесаинова, Саша Наам сыпыртқымен, тырнауышпен жұмыс істеп, әп-сәтте айналаны таза қылды.

Мектеп оқушыларына, оларды осындай жұмысқа жұмылдырып жүрген мектеп директоры Ж.Бажаевқа, барлық ұжымға алғысым шексіз. Балалардың қоршаған орта мен ауыл тазалығы патриоттық тәрбиенің бір тармағы екенін біліп өскенге не жетсін.

А.Черемисов, ардагер ұстаз, Мариногор ауылы

БҮКІЛ АУЫЛ БОЛЫП ІСКЕ КІРІСЕДІ

Тазалық айлығы басталып, алғашқы сенбілік өтті. Оған біздің ауылдан 70-тен астам адам қатысты. Біз ең алдымен орталық көшені тазаладық. Биыл күн тез ысып, аулалар, үй маңындағы қар жылдам еріді де, ауыл тұрғындары қолдарына тырмалары мен сыпыртқыларын жылдағыдан ерте алды. Ешкімнің ескертуінсіз-ақ әркім өз аумағын тазалай бастағанда қуанады екенсің. Адамдардың ауыл тазалығын сақтау, ауылды көріктендіру туралы ойлары бір-бірімен үндесіп жатты.

 Енді ауыл тұрғындары, ауылдағы барлық мекеме, шаруашылық ұжымдары, мектеп оқушылары алдағы сенбіде «Үлкен сенбілікке» шықпақшы. Онда шаруашылықтар көліктер мен басқа да техника бөліп, көң мен қоқысты тазалайды. Үй, мекеме, көше бойындағы ағаштар діңдері әктеледі. Жаңа көшеттер отырғызылады. Біздің ауылдың тұрғындары биылғы тазалық маусымын жұмыла атқаруға білек сыбанып отыр.

 С.Қызаева, зейнеткер, Белое ауылының тұрғыны

АУЫЛ АЖАРЛАНА ТҮСЕДІ

Құлынжондықтар соңғы жылдары үйлерінің шатырларын ауыстырып, жаңадан қаша орнатып, үй маңдарын абаттандыруды қолға алуда. Биыл да күн жылынысымен бұл жұмыс қызу қолға алынған. Ауылдастарымның бұл әрекеттерінен ауыл тұрғындарының тұрмысы түзелгенін және ауыл көркіне немқұрайлы қарамайтынын байқауға болады.

Өткен аптадағы сенбілікте де ауыл тұрғындары белсенділік танытты. Енді барлығы қандай ағаштардың көшеттерін егуді ақылдасып шешеді де, алдағы сенбіліктерде ауылдың бос жатқан жерлеріне, ескі ағаштар орнына жас шыбықтар егеді. Әрине, ауыл тұрғындарының арасында жалқаулары да табылады, бірақ биыл олармен қоғамдық ұйымдар жұмыс жүргізбек. Ауыл көркі өз қолымызда, сондықтан да барша жұртқа айтарым, тазалық – денсаулық кепілі, ауыл ажарлы болса, тұрмысымыз сәнді болады. Ендеше, игі істен қалыспайық!

А.Байтөрінова, Құлынжон ауылының тұрғыны

АТЫНА ЗАТЫ САЙ - БАСТАУШЫ

Биыл қыстың иық басқан ауыртпалығынан құтылған ел-жұрт жадырап, күн көзі көріне сала ерте қамдана бастады. Аулаларын тазалап, мал астынан шыққан қыстайғы көңді тазалау қамына кірісті. Жылдағыдай ауыл тұрғындарына шаруашылықтар көмек қолын созуда. Біздің ауыл бастамашыл екені баяғыдан белгілі. Сондықтан да, биылғы тазалық айлығында да жаңа бастама көтеріп отыр. Ауылдықтар тек сенбі күні сенбілікке шығып қоймайды, олар әр аптаның жұмасын «Тазалық жұмасы» деген айдармен өткізетін болады.

Бірлігі мен ынтымағы жарасқан ауылымызда осындай бастама көтерілгеніне қуаныштымын. Жерлестер, сіздер де қатарға қосылыңыздар!

Б.Шағиева, Бастаушы ауылының тұрғыны

ТАЗАЛЫҚТЫ САҚТАЙЫҚ!

Біз балабақшаның аумағын әрдайым тазалықта ұстауға тырысамыз. Себебі, біз үшін қарамағымыздағы балалардың денсаулығы бірінші орында. Ұжымымыз жыл сайынғы бұқаралық сенбілікке белсене атсалыса отырып, қызу жұмыстың бел ортасында жүреді. Осы жолғы сенбілікте де жақсы жұмыс атқардық деген ойдамын. 5 сәуірде басталған сенбілікте «Дәншік» балабақшасының ұжымы ауыл бойынша ең әдемі және абаттандырылған көшелердің бірі саналатын Горохов көшесінде тазарту жұмыстарын жүргізді. Жиналған күл-қоқысты дала жаққа апарып төгуге арналған транспортты «Қалисатарұлы» ШҚ ұсынды. Көше тұрғындары да бұл игілікті істен шеткері қалмай, бір адамдай жұмыс жасады.

Гүлнар Шаймарданова, «Дәншік» балабақшасының директоры

СЕНБІЛІКТЕН ШЕТ ҚАЛМАЙЫҚ

Самар ауылдық округінде жыл сайын екі айлық сенбілікті өткізу бойынша көшелерді, саябақтарды, гүл бақтарын мекемелерге, ұйымдар және кәсіпорындарға бекітіп беру мақсатында кешенді жоспар құрылады. Биылғы жылы ауылдық округ әкімінің аппараты сенбіліктерді өткізу жұмысына жаңа қырынан келіп, өзгеше сипат алды. Мәселен, мекемелер мен ұйымдар алдын ала құлақтандырылып, ауыл тұрғындарын сенбілікке қатысуға шақыру мақсатында аулаларды аралап шығу жұмыстары жасалды. «Береке» дүкенінің маңайына тазалық жұмыстары жасалғаннан кейін ауылдық округ әкімінің бастамасымен митинг  ұйымдастырылды. Аталмыш шара барысында ауылдық округтің әкімі С.Дюсюпов, балабақшаның әдіскері К.Дүсіпова сөз сөйлеп, ауыл халқын көшелердің тазалығын сақтап, үйлерді сәулеттендіруге шақырды. Балабақшаны басқарып отырған Г.Шаймарданова шара барысына белсене қатысқан тұрғындарға алғысын білдіре отырып, бес адамнан құралатын көше комитетін сайлауды ұсынды. Соның нәтижесінде комитеттің төрағасы болып Ш.Жұмақанов тағайындалса, мүшелер құрамына В.Дорожко, А.Құсайынова, Т.Леонтьева, В.Комарова кірді. Екі айлық сенбілік өз мәресіне жеткен кезде 30 маусым күні аталған комитет «Үздік аула, үздік мекенжай» байқауының нәтижесін шығаратын болады. Жеңіс тұғырынан көрінген тұрғын бағалы сыйлыққа ие болмақ.

Рауза Вольф, Самар ауылдық округі әкімінің орынбасары

КӨШЕ КОМИТЕТІНІҢ МҮШЕЛЕРІ САЙЛАНДЫ

7 сәуір күні Бүкетов көшесінің тұрғындарына арналып Мәдениет үйінің алдында «Көше күні» акциясы өтті. Самар аграрлық-техникалық колледжінің студенттері жалынды флэш-моб ұйымдастырды. Колледждің оқытушысы Ш.Кәрімбаева акцияға қатысушыларды туған ауылдың көркіне назар аударып, оны таза ұстауға шақырды. Ал, ол үшін әркім сенбілік өткізілетін күндері белсенділік танытуы тиіс екенін де атап өтті. Ауылды қалыпқа келтіру бойынша ұйымшылдықпен жұмыс жасап жүрген жастарымызды көргенде көңіліміз бір марқайып қалды. Сонымен қатар, студенттер табиғат және оның қорын сақтау жайлы өлеңдер оқып, табиғатты қорғау әркімнің борышы екенін жеткізді. Сондай-ақ, шара барысында көше комитетінің мүшелері ретінде Р.Смағұлов, А.Абаев, Ж.Сұлтанғазинова, Е.Авухан сынды азаматтар сайланды.

Мария Түсіпжанова, Самар Мәдениет үйінің қызметкері

АУЫЛ - БАРШАМЫЗДЫҢ ОРТАҚ ҮЙІМІЗ

Тазалық мәселесі ауыл тұрғындарының барлығына қатысты. Әр азаматты тазалыққа тәрбиелеу отбасынан басталуы тиіс. Өздері тазалайды деген кереғар пікірден аулақ болып, қолынан келетін шаруаны тындыра салғаннан ештеңесі кетпейді. Әрқайсысымыз өзіміз тұратын үй-жайдың айналасын таза ұстап, артық-ауыс қалдықтарды шашпай, ұқыпты болсақ, туған ауылымыздың таза әрі көрікті мекенге айналуына титтей де болса үлес қосар едік.

Адам – табиғаттың төл перзенті. «Табиғатсыз  адамзаттың  күні жоқ, оны айтатын табиғаттың тілі жоқ» деп бекер айтылмаса керек. Жүректерінде табиғатқа деген қамқорлық, мейірімділік  сезімдерін ояту әрбір адамның азаматтық борышы болуы тиіс. Өз денсаулығымыз мықты болсын десек, қоршаған орта тазалығына баса назар аударайық. Суын ішіп, ауасын жұтып, топырағын басып жүрген туған ауылымызды аялап, қадірлеу туралы әрбір азамат ойланса екен...

Алия Сейілханова, Бүкетов көшесінің тұрғыны,Самар ауылы

КӨШЕНІ БІРГЕ КӨРКЕЙТЕЙІК

Осы жылы ауылдық округ әкімінің аппараты жауынгер-интернационалист Александр Асламовтың есімін иеленген орталық көшені үлгілі әрі ажарлы етуге бел буды. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін біз көше тұрғындарын әр аула бойынша аралап, аталмыш акцияның шарттарын түсіндірдік. Акция барысында көше бойындағы қадалар жаңартылып, біртекті түске боялады. Сонымен қатар, өз қаражаттары есебінен қоршауларды ауыстыратын аулалардың тізімі де құралды. Жексенбі күні Пантелеймоновка ауылынан «Дархан» ШҚ ұсынған көлікпен 1000 дана ағаш қадалар жеткізілді. Алдағы уақытта миролюбовкалықтар бұрынғы балабақша ауласын абаттандырып, онда гүлзар мен балалар алаңын жасамақшы. Жоспар да, тың ойлар да жетерлік. Ауылдастардың қолдап отырғаны да көңілге қуаныш сыйлайды.

Валентина Берш,

Миролюбовка ауылының клуб меңгерушісі

ТЕКСЕРІСТЕР ҚАТАҢ ЖҮРГІЗІЛЕТІН БОЛАДЫ

Сенбіліктер жаңа ғана басталғанына қарамастан, көшелер мен аулалар, маңайды тазалау бұл бір реттік акция емес, ауылымыз таза және тартымды болып көрінуі үшін үнемі көңіл бөлуді талап ететін әрқайсымыздың міндетіміз болуы тиіс екенін самарлықтар есте сақтаса дейміз. Қыс кезінде тұрғындардың аулаларында күл-қоқыс тау болып үйілді. Сол себептен, оны дер кезінде шығарып, аулаларды тазартыңыздар деген өтініш білдіреміз. Алдағы уақытта рейдтер, учаскелік инспекторлармен, СЭҚ өкілдерімен бірлесе тексерістер ұйымдастырылып, нәтижесінде лас орындар анықталған жағдайда әкімшілік айыппұлдар салынатын болады.

Нүрилә Шалова, аудандықардагерлер кеңесінің төрайымы

СЕНБІЛІК - БІЗ ҮШІН ӘДЕТТЕГІ ӨМІР САЛТЫ

Сарыбел ауылында да ауылдық әкімдік аппаратының бастамасымен бұқаралық сенбілік ұйымдастырылды. Ауыл тұрғындары, шаруа қожалықтары, аурухана қызметкерлері аумақты тазалау жұмыстарына белсене араласып, өз үйлерінің аулаларын қоқыстан тазартты. К.Иқамбаева директоры болып отырған мектеп ұжымы өз аумақтарын қоқыстан тазалап қана қоймай, қарттар үйі мен жалғыз басты зейнеткерлерге де көмек қолын созды. Жиналған қалдықтарды дала жаққа шығару үшін көлікті «Чистый Яр Агро» ЖШС, «Далабаев» ШҚ және жеке кәсіпкер Дүйсенбек Сақуанов берді.

Миролюбовка ауылдық округіндегі аулалар мен маңайдағы аумақтарды тәртіпке келтіру жұмыстары сенбіліктер туралы хабарды тоспай-ақ, сәуір айының алғашқы күндерінен басталып кетті. Бұл миролюбовкалықтар үшін әдеттегі жағдай. Мұндағы әр аула және әр көшеде үнемі тазалық пен тәртіп сақталады.

Әлия Малақшинова, Сарыбел  ауылдық округінің бас маманы 

 

 

 

Пікір:

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Сәуір 2014 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30        

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз