Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

 

 

 

Көкпекті ауданында Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесінің беташар салтанаты шағын ғана Подгорный ауылынан бастау алды. Себебі, осы бір шеткері жатқан қасетті жерден үш бірдей батыр шығып, ауданымыздың, еліміздің мақтанышына айналып, жұртты таңдай қақтырғаны мәлім. Ұлы мереке қарсаңында аудандағы ескерткіштер қатары ерлік пен елдікті дәріптейтін тағы бір еңселі Даңқ мемориалымен толықты. Үш бірдей Кеңес Одағының Батырына арналған ескерткіш ашылған Подгорное ауылында жастары ұлғайса да, жанарларынан қайсарлықтың лебі есіп тұрған соғыс ардагерлері мен тұрғындар бір-бірімен қауышты.

7 мамыр күні ертеңгісімен мерейтойды атап өтуге жан-жақтан ағылған жеңіл автокөліктер мен автобустардың тізбегі мерекеге ерекше сән-салтанат берді. Ауыл мектебінің айналасына жиналған халықтың сол күні жүздері күлімдеп, мерейтой иелері ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің жүрек тұсындағы жарқыраған медальдары ерекше сән бергендей. Мереке басталмас бұрын жиналған халық көптен көріспеген ауылдастарымен құшақтаса қауышып, сағыныштарын басып, ел амандығын сұрастырып жатты. Әр жерде әскери киінген ұл-қыздар мен тігілген киіз үйлердің алдында шүйіркелесіп отырған қарттар, бір топ адамды айналасына жинап алып, олардың қошеметіне елітіп, домбырамен ән шырқаған бөрікті ағай, сол күннің ашық аспаны мен самал желі бәрі, бәрі 70 жылдық мерейтойды айшықтай түсті.

Шақырылған құрметті қонақтар музыка әуені шыққан сәттен бастап мектептің алдына қаз-қатар қойылған орындықтарға жайғасты. Күршім ауданынан келген оркестр өнерпаздарының дабылынан кейін алаңға шеруді бастап, Самар агроколледжіндегі әскери-патриоттық клубтың сарбаздары сап түзеп, жүріп өтті. Олардың артынан жас буынға үлгі болып, ақыл кеңестерін бере жүретін ауданның ардагерлер кеңесінің мүшелері шеру қатарына қосылды. Келесі кезек «Бессмертный полк» деген атпен Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлерді мәңгі жадымызда сақтау үшін, ауданның кіші буын өкілдері жүзден астам майдангер аталарының суреттерін жоғары көтеріп, алаңның арғы шетіне өтті. Осы орайда, соғыс жылдарында Көкпекті ауданынан 18 мың 528 адам майданға аттанып, оның 11 мыңнан астамы ғана өз Отанына оралғанын атап өтпеске болмас. Шеру шебін жалғастырып, алаңға «Біз Жеңісті мадақтаймыз» деген ұранмен Көкпекті ауданының жастары, «Көкпекті жастары» және «Жасыл ел» мен «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері шықса, бөлім басшылары мен кәсіпкерлер, ауылдық округ әкімдері шерудің нүктесін қойды.

Мерекелік концертті «Поклонимся великим тем годам» әнімен Самар мәдениет үйінің қызметкерлері бастап, 500-ден астам адамнан құралған ауданның барлық мектеп қызметкерлері мен оқушылары қойған соғыс жылдарындағы қасіретті күндерді бейнелейтін театрландырған қойылым жалғастырды. Олар жан дүниелерімен Ұлы Отан соғысындағы қанды майданды көрермен жүрегіне жеткізе сахналады. Әр қойылымның әсерлі болғаны соншалық, кешегі майдан даласында өмір мен өлім ортасында айқасқан ардагерлер мен бірі әке, бірі аға-бауырынан айырылған тыл еңбеккерлерінің, соғыстың қасіретін сезінген жас буын мен орта буын өкілдері еріксіз көзіне жас алды.

Толығырақ...

 

 

 

Сіздерді шын жүректен Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Сіздердің жарқын Жеңістеріңіздің естелігіндей Мәңгілік алау біздің жүрегімізде жалындай бермек!

Бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс аяқталған ақжолтай күн. Бұл күн - сол бір қанды қырғыннан қайтпай қалған қыршын боздақтардың асқақ рухтарының аспандайтын күні! Бұл күн - бүгінгі ұрпақтың сіздер сыйлаған бейбіт даму жолын одан әрі жалғастырып жатқан күн.

Ашық аспан, бейбіт өмір. Бүгінгі ұрпақ қазіргі Тәуелсіз Қазақстан елінде алаңсыз өмір кешуде. Мұндай еркіндік бақытын адамзат тарихындағы ең жойқын күресте бесіктен белі шықпай еңбекке араласып, бұғанасы бекімей қолына қару алып, қасық қаны қалғанша күрескен аға ұрпақ сыйлады.

Ұлы Жеңісті жақындатуға абзал арыстарымыздың майдан даласында, отандастарымыздың тылда қосқан еңбегі өлшеусіз. Олардың қатарында біздің жерлестеріміз де баршылық. Ауданымыздан майданға 18 мың 528 жауынгер аттанды. Майданнан аман-есен қайтып оралып, бүгін арамызда жастарға патриотизм мен қайсарлықтың үлгісі болып жүрген 14 соғыс ардагері және 613 тыл еңбеккері бар.

Сіздердің көрсеткен ерліктеріңіз, отансүйгіш-тіктеріңіз, бірліктеріңіз, бауырмалдық және ынты-мақтастық қасиеттеріңіз бүгінгі күнге дейін ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан үлкен құндылық болып табылады. Сіздерді қасиетті де ұлы мереке – Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – Отан қорғаудағы өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың, халқымыздың шексіз қаһармандығы мен мұқалмас қажыр-қайратының ең айтулы мерекесі.

Осынау ерлікке толы күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек. Қадірлі соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, көкпектіліктер, сіздерді Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бейбіт өмір, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!

Сіздерге мың тағзым, құрметті ардагерлер!

Р.Сагандыков,

аудан әкімінің міндетін атқарушы

 

 

 

 

 

 

Экономикасы өркен жайып, халқының әл-ауқаты жылдан-жылға жақсарып келе жатқан Қазақстан бүгінде бүкіл дүниежүзіне танымал әйгілі мемлекетке айналды. Ауыз толтырып айтарлық жетістіктерге жетудің сыры елдегі бірлік пен татулықта екені баршамызға аян. 2012 жылы ҚХА-ның 19 сессиясында сөйлеген сөзінде Ассамблея төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Тұрақтылық – біздің татулығымыз берік болуы үшін табан тірейтін тұғырымыз, бірлік – баға жетпес байлығымыз, жаңару – келер күнге, кемел келешекке жетелейтін жарқын жолымыз болып табылады. Осы үш ұғым біздің мызғымас мемлекетіміздің тұтастығына тірек болып тұр», - деген еді.

Айтқандай-ақ , елдегі бейбітшілік пен келісім мәселелері бойынша азаматтық қоғамды жалпыұлттық ұйыстыру институтына айналып үлгерген, бұдан 20 жыл бұрын құрылған ҚХА Отан игілігі үшін барлық күшті біріктіру орталығына айналды. Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында елде болып жатқан игі істерден әрдайым хабардар болып, құлақ салып отыратын, кіндік қаны тамған атамекенін жүрегінің түкпірінде сақтап жүретін шетелдегі отандастарымыздың сағынышты сәлемі мен қуанышқа ортақтасып, құттықтауларын жеткізбекпіз.

КӨКПЕКТІ ӨҢІРІ МЕН ҮШІН ЖҰМАҚ МЕКЕН

- Мен Шығыс Қазақстан облысы, Көкпекті ауданы, Көкпекті ауылының тумасымын. 1960 жылы қазақ топырағында дүниеге келдім. Мен үшін кең-байтақ туған өлкемнің әр тасы, бел-белесі, өзен-көлі, кәусар ауасы, аспандағы сәулесі мол күні мен айы, жұлдыздары, кеңпейіл, жаны жайсаң адамдары өте ыстық. Егер Германияда кездейсоқ бір қазақты көріп қалсам, туған-туысымды көргендей болып, шексіз қуанамын, елге деген сағынышым арта түседі.

Өйткені, бал балалық шағымды, есейіп, ержеткен қызыққа толы жігіттік кезеңімді өткізген, петропавловкалық Светлана атты неміс қызын кезіктіріп, отбасын құрған, Елена, Ирина, Наташа сынды сүйкімді қыздарымды сүйгізген Көкпекті өңірі мен үшін жұмақ мекеніндей. Германия мемлекетіне 1998 жылы отбасыммен бірге қоныс аударғаныммен, одан туған жеріме деген махаббатым күшеймесе, әлсіреген жоқ.

Осы жылдар ішінде Көкпектіге 4 рет барып, сағынышымды басып қайттым. Қазақстанда биылғы жыл мерейтойлы мерекелерге толы екенінен құлағдармын. Аудандық газет арқылы солардың бірегейі ҚХА-ның 20 жылдығымен құттықтап, жүрекжарды ыстық лебізімді жеткізгім келеді.

Барша қазақстандықтарды, көкпектілік жерлестерімді,  достарым мен туыстарымды осынау мамыр айының алғашқы күнімен бірге келетін мамыражай, жарқын мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге мықты денсаулық, шаттыққа толы өмір, еңбекте толағай табыстар және елдің амандығы мен жұрттың тыныштығын тілеймін. Қазақстан әлемдегі көшбасшы елге айналсын.

Бойков Виктор Андреевич,

Германия,

Хоттенген қаласы

ҚАРАМОЙЫЛДЫ ЖИІ ЕСКЕ АЛАМЫН

- Мен туған Қазақстанымды сағынамын ба? Әрине, өте қатты сағынамын. Өйткені, мен сонда туып, сонда өстім. Мен Көкпекті ауданының Солдат Хуторында дүниеге келдім. Мектепте 4 сыныпқа дейін білім алып, ары қарай Олеговка ауылында 8 сыныпты бітірдім. Менің ата-анам маған еңбек сүйгіштікті, үлкендерді құрметтеуді үйретті. Әлі есімде, біздің хуторда қазақтар, шешендер, сығандар, немістер, орыстар тұрды. Біз олардың балаларымен өте тату тұрдық. Менің ата-анама деген  алғысым шексіз, олар маған адамдарға деген сүйіспеншілік пен құрметтеуді үйретті.

Біздің отбасы көпұлттан құралған қазақ, неміс, татар, орыс та бар, келінім Италиядан, ал күйеу балам қазақ. 2013 жылы ұлым екеуіміз апайым Мария мен күйеу балам Тұрсын Енсебаевтың үйінде қонаққа бардық. Мен үлкен сағынышпен туып өскен Хуторок селосын қазіргі Қарамойылды еске алып отырамын. Германияда тұрып жатқаныма 20 жыл болды, қазір мен күнделікті қазақстандық теларналардағы бағдарламаларды көріп отырамын.

Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Сіздердің елдеріңізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекет өркендеп, ілгері басып келеді.  «Бірлік бар жерде - тірлік бар» деген халық даналығы есімде. Дана жұрт мұны тегіннен-тегін айта салмаса керек. Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі бүгінгі таңда бейбіт өмір мен ынтымақта тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі, асыға күтер мейрамы.

Бірлік мерекесімен барлық Көкпектіліктерді құттықтаймын, аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын дегім келеді. Баршаңызға денсаулық, бақыт тілеймін.

Катерина Шмидт (Кабельский),

Германия, Аугсбург қаласы,

 

 

 

Былтырғы жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы аясында ауданда 4 жоба жүзеге асырылды. Жобалардың жалпы құны 19 миллион теңге. Халықаралық ұйым жүзеге асырылар жобалардың құнын аудан халқының санына орай бөледі. Жобалардың негізгі бағыты «жасыл экономика» үдерісін қолдану.

«Жасыл экономика» - бұл табиғи қорларды тиімді пайдалану есебінен қоғамның әл-ауқатын сақтауға бағытталған, сондай-ақ соңғы пайдалану өнімдерін өндірістік циклге қайтаруды қамтамасыз ететін экономика. «Жасыл» экономика бірінші кезекте, қазіргі уақытта сарқылуға ұшыраған пайдалы қазбалар – мұнай, газ ресурстарын үнемді тұтынуға және сарқылмайтын ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған.

Жасыл экономиканың негізінде – таза немесе «жасыл» технологиялар жатыр. Мамандардың айтуы бойынша «жасыл» экономиканы дамыту, көптеген постиндустриалды елдерде өзінің ауқымымен қозғаған экологиялық дағдарысты біздің елде болдырмауға мүмкіндік береді.

Еліміздегі тұрақты даму үрдісін ескеретін болсақ, жасыл экономика - бұл теориялық түсінік емес, нағыз өміршең мәселе. Кешкі уақытта көшелерді жарықтандыру мақсатымен жоба аясында Көкпекті ауылына жарықдиодты энергия үнемдеу шамдары орнатылды. Самар және Көкпекті коммуналдық шаруашылықтарына суды тоқтаусыз жеткізу және қуат көзін үнемдеу үшін ескі насостардың орнына жаңа, үнемді құрылғылар алынды.

Сонымен бірге, аудан орталығындағы екі мектеп жанынан қос бірдей жылыжай бой көтерді. Бұл күні аталмыш жылыжайларда жұмыс қызып тұр. Күзде тұрғызылған жылыжайда бұл күні қияр, қызанақ, аскөк, бұрыш өсірілуде. Сан түрлі гүлдер де енді қылаң беріп келеді. 

 

- Алғаш салынған күннен бастап осы жылыжайда жұмыс істеп келемін. Күзде тұрғызылғаннан бері Көкпектінің қаратопырағын кіргіздік. Құнарлы топыраққа түскен дән күтім мықты болса жақсы өнім беретіні сөзсіз. Енді қылаңдап шығып келе жатқан өсімдіктің небір түрін күтіп-бағудың сыры да көп. Ерінбей жұмыс істеген жанға бұл жылыжай деген нағыз сыйлық, - дейді еңбекқор Рашид Байпақбаев.

Осылайша, халықаралық ұйым жобасының аясында салынған жылыжай көкпектіліктердің игілігіне қызмет етуін бастады. Алдағы уақытта шыққан өнімдер мектеп асханасындағы ас мәзірінде, білім ордасындағы сан алуан шараларда пайдаланылмақ.

Дархан БЕРДІБЕК

Құрметті аудан тұрғындары!

Сіздерді Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Құрылғанына 20 жыл толып отырған Қазақстан Халқы Ассамблеясының алғашқы съезінде сөйлеген сөзінде   Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барлық табыстарымыздың түп қазығы мен негізі этносаралық татулық пен бірлікте жатқандығын қадап айтқан.

Еліміз бірлік мекеніне айналып қана қоймай, еліміздегі ұлттар мен ұлыстар «Мен қазақстандықпын!», - деп көтеріңкі көңіл күймен, отансүйгіштікпен, патриоттық сезіммен айтатын күнге жеттік. Оның жарқын мысалын аудан өмірінен де айқын көріп отырмыз. Ауданда ондаған ұлттың өкілі бір үйдің баласындай, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде.

Қазақстан Республикасын мекен еткен 130-дан астам ұлт өкілі күні бүгінге дейін ынтымақтастықта, бір шаңырақ астында тату-тәтті, жарасымды тіршілік кешіп келеді. «Жүзі басқа болғанымен жүрегі бір, тілі басқа болғанымен тілегі бір», мақсат-мүддесі ортақ, бірлігі мықты, достығы берік ұлттар қазақ елінің салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына құрметпен қарайды, сондай-ақ қазақ халқын қарапайымдылығы, қонақжайлылығы, бауырмалдылығы үшін ерекше бағалайды. Қазақстанның бұған дейінгі жетістігі де, бұдан кейінгі алар асуы да, шығар биігі де елдегі ынтымақ пен татулыққа, бірлікке тікелей байланысты екені даусыз. Бірлігі берекелі, тірлігі тиянақты, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, Мәңгілік еліміз жасасын, барлықтарыңызға жақсылық пен бейбіт күн тілеймін!

Рамиль Сағандыков,

Көкпекті ауданы әкімінің м.а.

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қараша 2024 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз