Аудандық мәдениет үйінің айналасы наурыз мерекесімен көріктеніп, көктемнің шуақты күнінің шұғыласымен сән-салтанат базарына айналғандай. Ақ шағаладай көзге көрінетін әсем киіз үйлер аудан орталығындағы мекемелердің бұл думанға үлкен дайындықпен келгенінен хабардар етеді. Әсем әуенмен тербеліп халыққа қызмет етіп, керекті дүниелерін саудалап тұрған саудагерлер мен жеке шаруа қожалықтары мерекелік көңіл күйді айшықтай түскендей. Әр киіз үйдің іші-сырты безендіріліп, қазақ халқының салт–дәстүрінің салтанатынан көрік берсе, ақ дастархандағы наурыз көжеден бастап, сан түрлі ұлттық тағамдардан халық дәм татып тәнті болды.
Мерекенің алғашқы құттықтауында сөз алған аудан әкімінің міндетін атқарушы Р.Н.Сағындықов жиналған тойшыл қауымға ырыс пен береке тілеп, Илья Иванович Бирюков, Аркадий Түсіпбеков, Елеусіз Кинбаев сынды Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне оларға арнап аудандық бюджет қаражатына сатып алынған үйлердің кілттерін табыстады. Бұдан кейін Көкпекті аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Әбенов құттықтау сөз сөйлеп, жерлестеріне ізгі тілегін жеткізді. Бұл айшықты мерекеде құттықтау сөз кезегін алған қонақтардың айтар тілегі бір жерден тоғысып жатты. Ол еліміздің тыныштығы, Отанымыздың бай-қуатты болуы, болашақ ұрпақтың алаңсыз өмір сүруі, ұлттардың ұлы достығы жайында болды. Наурыз мерекесінде Өнер мектебінің көрмесін тамашалаған халық тарих қойнауына көз жүгірткендей болды. Бұл жердегі көздің жауын алатын асқан шеберлікпен жасалған өнер туындылары мерейтойлы жылдың басты тақырыптарын қамтиды. Өнер мектебінің бейнелеу пәні мұғалімі Равиль Қияқпаевтің айтуынша, Темірлан Ержанов және Дмитрий Росс атты он саусағынан өнері тамған балғындардың қолынан шыққан көрінеді. Көрмедегі әсем мүсіндер мен олардың үстіндегі жарасымды ұлттық киімдері көрермен қауымды тамсандырғаны анық.
Наурыз мерекесінің сәнін келтіріп тұрған киіз үйлердің бәсекесінде 1 орынды аудандық аурухана ұжымы жеңіп алса, екінші орын Ж.Шайжүнісов мектебінің еншісіне бұйырды. Ал үшінші орынды аудандық білім беру бөлімі мен өнер мектебінің ұжымдары иеленді. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен мақтау қағаздары табысталды. Бұл күні көрерменге орталық алаңдағы сахнадан тетрландырылған қойылымдар мен аудан орталығындағы ұжымдардың және мәдениет үйінің әртістерінің орындауындағы концерттік бағдарлама ұсынылды. Сондай-ақ, ауыл жастары түрлі ұлттық спорттық ойындарға қатысып, күш сынасты.
Осылайша, Көкпекті төрінде өткен биылғы Наурыз мерекесі халықтың көңілінен шыққаны аян. Олар ата-бабадан келе жатқан дәстүрлерді жаңа заман ағымына сәйкестендіріп, рухани ләззат алып қайтты.
Алда Елбасы сайлауы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Абай атамыздың 170 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Ата-Заңымызға 20 жылдығы күтіп тұр. Бұл мерекелер де береке-бірлікпен, асқақ көңіл күймен өтетініне сеніміміз мол.
Наурыз мерекесі құтты болсын, ағайын!
Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.