Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

 

 

 

Көкпекті ауданында Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесінің беташар салтанаты шағын ғана Подгорный ауылынан бастау алды. Себебі, осы бір шеткері жатқан қасетті жерден үш бірдей батыр шығып, ауданымыздың, еліміздің мақтанышына айналып, жұртты таңдай қақтырғаны мәлім. Ұлы мереке қарсаңында аудандағы ескерткіштер қатары ерлік пен елдікті дәріптейтін тағы бір еңселі Даңқ мемориалымен толықты. Үш бірдей Кеңес Одағының Батырына арналған ескерткіш ашылған Подгорное ауылында жастары ұлғайса да, жанарларынан қайсарлықтың лебі есіп тұрған соғыс ардагерлері мен тұрғындар бір-бірімен қауышты.

7 мамыр күні ертеңгісімен мерейтойды атап өтуге жан-жақтан ағылған жеңіл автокөліктер мен автобустардың тізбегі мерекеге ерекше сән-салтанат берді. Ауыл мектебінің айналасына жиналған халықтың сол күні жүздері күлімдеп, мерейтой иелері ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің жүрек тұсындағы жарқыраған медальдары ерекше сән бергендей. Мереке басталмас бұрын жиналған халық көптен көріспеген ауылдастарымен құшақтаса қауышып, сағыныштарын басып, ел амандығын сұрастырып жатты. Әр жерде әскери киінген ұл-қыздар мен тігілген киіз үйлердің алдында шүйіркелесіп отырған қарттар, бір топ адамды айналасына жинап алып, олардың қошеметіне елітіп, домбырамен ән шырқаған бөрікті ағай, сол күннің ашық аспаны мен самал желі бәрі, бәрі 70 жылдық мерейтойды айшықтай түсті.

Шақырылған құрметті қонақтар музыка әуені шыққан сәттен бастап мектептің алдына қаз-қатар қойылған орындықтарға жайғасты. Күршім ауданынан келген оркестр өнерпаздарының дабылынан кейін алаңға шеруді бастап, Самар агроколледжіндегі әскери-патриоттық клубтың сарбаздары сап түзеп, жүріп өтті. Олардың артынан жас буынға үлгі болып, ақыл кеңестерін бере жүретін ауданның ардагерлер кеңесінің мүшелері шеру қатарына қосылды. Келесі кезек «Бессмертный полк» деген атпен Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлерді мәңгі жадымызда сақтау үшін, ауданның кіші буын өкілдері жүзден астам майдангер аталарының суреттерін жоғары көтеріп, алаңның арғы шетіне өтті. Осы орайда, соғыс жылдарында Көкпекті ауданынан 18 мың 528 адам майданға аттанып, оның 11 мыңнан астамы ғана өз Отанына оралғанын атап өтпеске болмас. Шеру шебін жалғастырып, алаңға «Біз Жеңісті мадақтаймыз» деген ұранмен Көкпекті ауданының жастары, «Көкпекті жастары» және «Жасыл ел» мен «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері шықса, бөлім басшылары мен кәсіпкерлер, ауылдық округ әкімдері шерудің нүктесін қойды.

Мерекелік концертті «Поклонимся великим тем годам» әнімен Самар мәдениет үйінің қызметкерлері бастап, 500-ден астам адамнан құралған ауданның барлық мектеп қызметкерлері мен оқушылары қойған соғыс жылдарындағы қасіретті күндерді бейнелейтін театрландырған қойылым жалғастырды. Олар жан дүниелерімен Ұлы Отан соғысындағы қанды майданды көрермен жүрегіне жеткізе сахналады. Әр қойылымның әсерлі болғаны соншалық, кешегі майдан даласында өмір мен өлім ортасында айқасқан ардагерлер мен бірі әке, бірі аға-бауырынан айырылған тыл еңбеккерлерінің, соғыстың қасіретін сезінген жас буын мен орта буын өкілдері еріксіз көзіне жас алды.

 

Келесі көріністе қыз-жігіттердің қол ұстасып, бейбіт өмірде шалқып жүрген шақтарында, кенеттен Соғыстың басталуы мен фашистік Германияның капитуляциясын хабарлаған Ю.Левитанның дауысы естілген сәттен бастап, жастардың жүрегі қайсарлық пен ыза кекке толып, Отан үшін майданға аттанды.

Шайқас алаңдарында әскери оркестрлер болмады. Тек оқ пен ұшақтың, артиллерия мен танктердің гүрсілі мен гуілі. Миллиондаған Кеңес жауынгерлері, оның ішінде біздің де аталарымыз төрт жыл бойы осы дыбыспен оянды, күресті және қажет болған жағдайда дүниемен қоштасты. Бейбітшіліктің қадірін білу үшін кейде соғыстың қандай болатынын да бір сәт елестеткен жөн. Міне, осы көріністер көз алдымыздан өтті. Көкпектіліктердің әртістік шеберлігі мен әрбір қойылымға сай тігілген киімдері көрермен көңілінен шығып, сол уақыттың қасіретін  сезіндіре білді. Сарыбел ауылының мектебі жасаған танк алаң ортасымен жүріп келе жатқанда халық таң қалғанын жасыра алмады. Ал, «Шығыстың қос жұлдызы» Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованы сомдап, олардың қан майданда жазған хаттары оқылған сәтте және Ленинград шайқасындағы балалар өмірінен көрсеткен «Дети войны» қойылымдары сахналанған кезде, алпыс екі тамырымыз шымырлап, мөлтілдеген жас жүзімізді шайғанын байқамай да қалдық.

Сол жылдардың қасіретін бейнелейтін банерлер мен Кеңес Одағының тулары, әр қойылымға арнап шебер қолынан тігілген костюмдер, барлығынан шеберлік пен төккен тер айқын байқалды. 

Адамзат тарихында жеңістер көп. Солардың ішінде мил-лиондаған адамның қанымен, табан ет, маңдай терімен келген Ұлы Отан соғысындағы жеңістің шоқтығы биік. Міне, көрініс соңы Гитлершілердің дүние жүзіне үстемдік орнату жолындағы шайқасы жеңіліс тапқанын бейнелейтін қойылыммен аяқталып, барлық қатысушылардың орындауында «День Победы» әні шырқалды.

Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалғаннан кейін келген қонақтарға сөз беріліп, облыс әкімінің атынан ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүйсембай Селиханов тұрғындарды 70 жылдық мерейтоймен құттықтады.

Көкпекті ауданының бұрынғы әкімі Дүйсенғазы Мағауяұлының бастамасымен Подгорное ауылынан шыққан Николай Яковлевич Фонов, Сергей Егорович Седнев және Иван Михайлович Яроцкий сынды Кеңес Одағының батырларына арнап тұрғызылған ескерткіштің салтанатты лентасын қию Санк-Петербургтен келген Кеңес одағының Батыры И.М.Яроцкийдің қызы Тамара Ивановна Федороваға бұйырды. – Ескерткіштің салынуына қолдау көрсеткен барлық азаматтар мен демеушілерге, өз батырларын елеп-ескеріп жатқан жерлестеріме және аудан басшыларына үлкен алғыс білдіремін. Біз әкемнің заттары мен киімдерін мектеп музейіне тапсыруға арнайы алып келдік, - деп Тамара Ивановна мектеп директорына аманатын табыстады.

Ескерткішке мекемелер атынан гүл шоқтары қойылып болған соң, ерлік жолында құрбан болған Ұлы Отан соғысы ардагерлері бір минуттық үнсіздікпен еске алынды.

Сөз тізгінін алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Атымтай Жылқыбайұлы, тыл ардагерлері Зинаида Васильевна Сидорова, Сәбен Макеленова және жастар атынан Дәурен Мергенчиновтер бүгінгі бейбіт өмірді сыйлаған ардагерлерді құттықтады. Мектеп оқушылары Жеңіс күнін жақындатқан соғыс және тыл ардагерлеріне гүл сыйлап, қошеметке бөледі. Бұл күні мектеп ғимаратына қарама қарсы орналасқан ауылдың жаңа клубы мен Үш Кеңес Одағының Батырларының киімдері және соғыста пайдаланған заттары сақталған музейдің де ашылу салтанаты өтті.

Киіз үйлерінде жайылған ақ дастарханнан дәм татып, ау-қаттанып алған халық «Поклонимся великим тем годам» деген атпен қойылған концерттік бағдарламаны тамашалады.

Иә, соғыс өзінің сұмдықтарын бүгінгі күнге дейін ұмыттырар емес. Ұлы Отан Соғысының жеңіспен аяқталғанына, міне, 70 жыл болды. Бірақ, сол жылдар жаңғырығы адамзат жүрегін әлі сыздатуда. Уақыттың тарих атты өз төрешісі бар. Подгорной ауылындағы Ұлы Жеңістің мерейтойы көпшілік көңілінде ұзақ сақталатыны анық. Үш бірдей батырды төсінен ұшырған бұл ауылдың есімі ел есінде мәңгіге сақталмақ. Жоғары дәрежеде ұйымдастырылып, жер бетіндегі ең қорқынышты, ең қатыгез соғыс оқиғаларын көз алдыға көрсеткен, жан толқытар сәттерге толы іс-шарадан кейін, еріксіз ойға оралған өлең жолдарын ұсынғым келді.

 

Подгорной бір шап-шағын ауыл ғана,

Төзетін жауынға да, дауылға да,

Үш Кеңес Одағының батыры бар,

Жырлайды олар жайлы сайын дала.

 

Соғатын самал салқын таңға лебі,

Өсіп келед Көкпектінің самғап елі,

Бүгінде Көкпектіде тұрып жатыр,

Он төрт бірдей соғыстың ардагері.

 

Бүгінгі ұрпақ ардагерге табынамыз,

Өтеміз олар жайлы жазып аңыз.

Бейбіт күнді әперген ардагерлер,

Олар біздің ең асыл қазынамыз.

Жанерке АБЫЛХАН

 

 

 

Пікір:

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Мамыр 2015 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз