Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Мемлекеттік рәміздер күніне арналып өткізілетін дәстүрлі мереке - елімізде аталып өтетін мерекелердің бірі емес бірегейі, ұлық мереке.Биыл бұл атаулы датаны ел арасында ұлықтап жүргенімізге 22 жыл толып отыр. Аталмыш мерекені көкпектіліктер  ерекше бір ықыласпен жоғары деңгейде қарсы алды.Азаматтыққа және отансүйгіштікке, өз Отаны — Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандарын құрметтеуді қалыптастыру, сондай-ақ олардың мәні мен маңызын түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған Қ.Алтынбаев атындағы Мәдениет үйіндегі шараға ауданның ұстаздар қауымы, оқушылар, дербес бөлім басшылары, ауыл халқы қатысты. Жиналған қауым салтанатты түрде Әнұранды орындағаннан кейін алғашқы құттықтау сөз кезегі аудан әкімінің орынбасары К.Смаиловаға берілді. - Тәуелсіз мемлекетіміздің рәміздері – Туы, Елтаңбасы, Әнұраны ел егемендігін айғақтайды. Туымыздың көк түсі – азат Қазақстанның шексіз көк аспанын білдірсе, Тудағы күн – жаймашуақтық пен жылылықтың белгісі. 22 жылда Қазақстан нығайды, үлкен жетістіктерге жетті. Енді біздің міндетіміз – қол жеткенді көздің қарашығындай сақтау. Қазақстан қашан да Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбарлы. Сондықтан, көк байрақтың астында барлығымыздың жүрегіміз Отан деп соқсын! - деп ақ тілегін білдірді Клара Рафикқызы.

Елдікті насихаттайтын шарада еңбегімен, ерлігімен көзге түскендер марапатталды. Олар – спорт, заң саласының және ардагерлер ұйымының өкілдері. Сонымен қатар, партия қатарына қабылданған белсенділерге партиялық билеттер, 16 жасқа толған азаматтарға жеке төлқұжат табысталды.

Шара барысында сөз сөйлеген аудан прокуроры Қ.Мұхамеджанов, Тассай ауылы ардагерлер кеңесі төрайымы С.Чалова, жастар атынан сөз алған Р.Қанапиянова ұлттық нышандардың шығу төркініне тоқталып, мемлекеттік рәміздер елімізді әлемге айшықтайтын негізгі белгілердің бірі екенін баса айтып өтті.

Осы күні сахна биігінен елдің мәртебесін арттыратын, елдік намыс пен абыройды көтеретін патриоттық әндер шырқалып, айналаны думанға бөледі. Әнұрандай қастерлі әуенді әндер жаңғыра әуелеп, аталмыш күннің мерейін асыра берді. «Матис» тобыныңзаманауи және ұлттық биді тоғыстыра орындаған флеш-моб биі де мерекелік күйді әрлей түсті. Мәдениет үйінің өнерпаздары ән-күйлерімен мерейлі мерекенің мәнін асқақтатты.

Салтанатты жиынның соңы орталық көше бойынан бастау авто шеруге ұласты. Бірыңғай ақ түсті жеңіл көліктерден құралып, әйнектерінен көк байрақ желбіреген көліктер аудан ішін айнала салтанат құрып, ұлттық рәміздердің сәнін паш етті.

Мереке аясында шараға жиналған қарапайым халықпен сұхбаттасып, рәміздердің маңызы жайлы ой өрбіткен едік.

Маркален Әнкебаев, ауыл тұрғыны:

-Мемлекеттік рәміздер — мемлекетіміздің негізгі құрамдас бір бөлігі. Алтын күн мен қыран бейнеленген көк Туымыз, барша қазақстандықтардың шаңырағы ретінде бейнеленген Елтаңбамыз бізді бүкіл әлемге тәуелсіз Қазақстан ретінде танытты. Еліміздің қарыштап дамуына өз үлесін қосты. Осы күнде ұлттық рәміздерімізбен мақтанып, әйгілі елдердің қатарынан орын алып отырғанымыз Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасы деп білемін.

Ұрпағына «Туың жығылмасын» деп бата берген қазақ үшін көтерілген байрақ ерлік пен елдіктің, бірліктің белгісі. Алмағайып күн туғанда, ұлы бабалар дабыл қағып, Ту көтерген. Елім деген ерлер, қашанда Ту түбіне жиналған. Жауға тойтарыс берген. Қуанышта да осылай болған. Көк байрақ көтерілген жерден мерекенің мерейі үстем болған.Ендеше, көк байрағымыз қасиеті мен қадірін жоғалтпағай!

Вазира Қалбағаева, І.Жансүгіров атындағы орта мектеп мұғалімі:

-Рәміздер — белгілі бір елдің өмір салтын, бүкіл болмыс-ерекшелігін, айрықша арман-аңсарын білдіретін белгі. Әр елдің Мемлекеттік рәміздері географиялық, мәдени, тарихи жағдайларына байланысты қалыптасады. Мемлекеттік рәміздердің ұлттық патриотизмді қалыптастырудағы рөлі ерекше.

Мемлекетті мемлекеттік саяси рәміздерсіз елестету мүмкін емес. Әрбір Қазақстан азаматы Мемлекеттік рәміздерді аялауға, жанашырлықпен қарауға, құрметтеуге, сонымен қатар жұмыс орнында дұрыс қолдану мен насихаттауға жүктелген жауапкершілікті түсінуі тиіс. Мемлекеттік Тудың түсі өңіп кетпеуін, бүлінбеуін, биікте желбіреп тұруын қадағалап, бақылау жұмыстарын жүргізуі қажет. Осы орайда, аудан халқын мерейлі мерекемен құттықтай отырып, барымызды бағалай білейік, рәміздерімізді қастерлеп, құрмет тұтайық деген тілегімді айтамын.

Виталий Лебеденко, Палатцы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы:

-Елтаңбамыз, Әнұранымыз, көк Байрағымыз бұл Қазақстанның атын барлық дүниежүзіне танытатын елдік белгі ретінде танимын.

Көк байрағымыз көкте желбіреп, Әнұранымыз асқақтап, төрімізде қасқайып Елтаңбамыз жарқырап тұрса кім біздің елдігімізге шүбә келтіре алады. Қаншама сайыс, жарыстарда суырылып алға шыққанда өзгенің сағын сындырып, мысын басатын да осы бір құдіреті күшті рәміздеріміз емес пе?! Талай ұлт тоғысқан біздің аудан, республика халқының қадір тұтар символына айналған мемлекеттік рәміздер күні бұл достықты, бірлікті, тыныштықты паш етер күн. Барлығыңызды осындай айтулы мерекемен құттықтаймын!

Ақмарал Мұрсәлімова, Көкжота ауылының тұрғыны:

-Сан ғасырлар бойы бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізген таңда өз алдына мемлекет болумен қатар, тұғыры биік Туымызбен, ел тарихын әлемге танытар Елтаңбамызбен және кез келгеннің паттриоттық рухын көтеретін Мемлекеттік Әнұранымызбен айбынды ел бола білдік.

Азат елдің символы саналатын рәміздерімізді құрметтеп, қастерлей білу – Отан алдындағы ұрпақтар борышы. «Туы биік елдің – тұғыры биік» деген дана халқымыз. Бірлігіміз жарасып, жарқын болашаққа нық қадамдар жасай берейік. Рәміздерге деген құрмет арта берсін!

Арайлым МИРАТҚЫЗЫ

 

Бұл 29 мамыр күні аудан әкімі Д.М.Мусиннің төрағалық етуімен  Белое ауылында өткен жұмыс кеңесі барысында айқындалды. Аталмыш жиынға ауылдық округ әкімдері, аудандағы мәдениет саласының барлық өкілдері және Белое ауылының тұрғындары қатысты. Жұмыс кеңесі барысында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ә.Саржанов, бөлімге қарасты мекемелер басшылары тыңдалып, келелі мәселелер мен оларды шешудің жолдары талқыланды. Аудан әкімі Подгорное ауылында өтетін Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы мен мерекелік шаралардың дайындық барысына баса назар аударды.

Алғашқы сөз кезегін алған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әлібек Саржанов соңғы жарты жылда атқарылған жұмыстарға тоқтала келіп, мемлекеттік тіл, ономастика бойынша өткізілген шараларды атап өтті. Ал, бүгінгі таңда орын алып отырған келелі мәселелер ретінде ауылдық кітапханашылардың штаттық жұмысының аздығын, мәдениет қызметкерлеріне стипендиаттар тағайындау қажет екенін атады. Алайда, ауданның мәдени өмірінде орын алып отырған орасан кемшіліктер әлдеқайда көп. Осы мәселелерді көтерген аудан әкімі, ең алдымен, ауданның өзінің жеке қазақтың халық аспаптары оркестрінің жоқтығына тоқталды. Иә, шынымен де, кезінде аттары республика көлеміне мәшһүр болып, талайдың таңдайын қақтырған «Шалқыма» сынды оркестрі болған Көкпектінің бүгінде сахнасы жұтаң, ауыз толтырып айтарлықтай ұлттық аспаптарда ойнайтын өнер ұжымы жоқ. Бұл мәселені аудан әкімі осыдан бірнеше жыл бұрын көтеріп, нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Алайда, арада 5 жыл уақыт өтсе де, оркестр құрылмады, тапсырма өз орындаушысын таппады. Оркестр құруға ауданда жағдай жасалмаған деген желеуді алға тартуға әсте келмес. Аудан әкімінің бастамасымен ауданның ірі екі елдімекеніндегі Мәдениет ошақтары, сонымен қатар, шағын ауылдардағы клубтар толық жөндеуден өткізіліп, халық игілігіне ұсынылған болатын. Алайда, артылған үміттер, құйылған қаржы өзін ақтамады. Бұл, әрине, ауданның мәдени өміріне жауапты басшының әлсіз жұмысының жемісі. Ол, тіпті, оркестр құрамына қанша өнерпаз кіру керектігінен де бейхабар болып шықты. Аудан басшысы осы тапсырма бойынша ешқандай жұмыс атқарылмағандығын айта келіп, мәдениет саласының жұмысына жетекшілік ететін орынбасарына ескерту жасады. – 2011 жылы мен нақты тапсырма берген болатынмын. Алайда, бүгінгі күнге ешқандай жұмыс атқарылмаған, алға жылжушылық жоқ. Мәдениет үйінде оркестр құру үшін барлық жағдай жасалған. Қажетті аспаптар толық құрамда бар, тіпті, музыканттарға пәтер жағы да қарастырылған. Мен сендерге оркестр құру туралы бастаманы көтердім, қолайлы ортаны қалыптастырдым, ал сендер бұның күлін көкке ұшырдыңдар. Бөлім тарапынан оркестр құру мақсатында ешқандай жұмыс жасалмайды. 5 жылда аудан бойынша екі қобызшы бар деген ұят емес пе! Біз уақыт талабына сай жұмыс жасауымыз керек. Осы мәселе бойынша орынбасарым К.Смаилова мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ә.Саржановқа халық аспаптары өркестрін ұйымдастырып, олардың мектеп түлектеріне арналып өткізілетін аудан әкімі балында өнер көрсетуін тапсырамын, - деді Дүйсенғазы Мағауяұлы. Сонымен қатар, оркестр құрылымы мен оған жаңа мамандарды тарту бойынша жұмыс жоспарын құру тапсырылды.

Екінші көтерілген мәселе – Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы бойынша дайындық, осы бағытта бүгінгіге дейін атқарылған жұмыстар. Аудан әкімінің бұл сұрағы жауапсыз қалды. Аталмыш мереке бойынша тапсырмалардың берілгеніне біраз уақыт болса да, өз ниетімен бастама көтеріп, ұсыныс жасаған ешкім болмады. Ал, уақыт өз орнында тұрмайды. Сонда бас көтерер мәдениет қызметкерлері қайда қарап жүр? Дайындық жұмыстары неге әлі күнге дейін қолға алынбаған? Бұл сұрақтар ашық күйінде қалды. Осыған орай, Дүйсенғазы Мағауяұлы 2015 жылға арналған Ұлы Жеңістің мерейтойына дайындық және оны өткізу бойынша жоспар құруды тапсырды.

Келесі кезекте ауылдағы өнерпаздарды түрлі деңгейдегі байқауларға қатыстыру үрдісі төмен екендігі аталды. – Қазіргі таңда ауданымызда еліміздің ең талантты әншілерімен теңдес, ерекше дарын иелері бар. Алайда, олар тек аудан көлеміндегі шағын концерттерде ән шырқайды. Неге соларды облыс, республика деңгейінде өтетін байқауларға қатыстырмасқа? Ән өнерін асқақтатып жүрген жеткіншектер де бар. Неге олар «Әнші балапан» байқауына қатыспайды? Өзінің шығармашылық еңбегімен халықтың көңілін көтеріп, дауысымен жан-жүректі жадыратып, елге қуаныш сыйлай білетін жергілікті өнерпаздардың шашбауын көтеруіміз керек. Ол ауданның беделі емес пе? Ал, сахнаға бар ғұмырын арнап, талай жылдар халық игілігіне жұмыс жасаған мәдениет саласының ардагерлерінің көбі бүгінде атақ-дәрежесіз, еш құрметке бөленбеген. Бұл мәдениет бөлімі басшысы мен оған жетекшілік ететін орган тарапынан жіберілген қателік, – деді Дүйсенғазы Мағауяұлы.

Аудан әкімі наразылығын тудырған тағы бір мәселе – аудандық мұражай әлі күнге дейін облыстық теңгерімге өткізілмеген. Бұл аудан үшін қаншалықты маңызға ие екенін ескерсек, осы тапсырманың атқарылмауы - мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қызметкерлеріне артылар сын. Осы бөлімнің басшысы Ә.Саржановтың айтуынша, мұражайды облыстық теңгерімге өткізу үшін ондағы тарихи жәдігерлердің саны 5 мың дананы құрауы тиіс. Мұражайдағы жәдігерлер аталған көлемде болмағандықтан, олар тапсырманы жүзеге асыра алмай отырған жайы бар көрінеді. Алайда, тарихи тамыры терең, әлімсақтан негізі бар біздің өлке тарихи жәдігерлерден кенде емес екені баршаға мәлім. Олай болса, мәселе жәдігерлердің санында емес, іздестіру, зерттеу жұмыстарының әлсіздігінде болып тұр.

Аудан тарихы демекші, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, тіпті, аудан орталығы - Көкпектінің іргетасы қашан қаланғанынан да бейхабар күйде екен. Білмеуі заңды да. Себебі, қазіргі таңға дейін болжаммен айтылған бірнеше жылдың қайсысы дұрыс екенін зерттеген ешкім жоқ. Осы жағдайды қолға алып, бақылауға тиіс болған аталмыш бөлім еш әрекет жасамауда.

Аудан көлемінде тілдерді дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар да көңіл көншітерлік емес. – Мен осы бағытта атқарылып жатқан мардымды істерді көріп жүрген жоқпын. Тіпті, мемлекеттік қызметкерлерді былай қойғанда, әкімдікте отырған басшылар қазақ тілін білмейді. Неге сондай азаматтармен жұмыс жасамасқа? Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру сіздердің тікелей міндеттеріңіз, - дей келе аудан әкімі жұмыстың нашар жүргізіліп жатқандығын айтты. Сонымен қатар, ауданда мемлекеттік тілден өзге тілдерді оқыту мәселесі де қолға алынбаған. Мәселен, үш тұғырлы тілдің бірі - ағылшын тілін оқыту бойынша ауданда бірде бір үйірме жоқ. Осы мақсатта аудан әкімі жазғы уақытта «Ағылшын филологиясы» мамандығында білім алып жатқан ауылдың студенттеріне ұсыныс жасап, тегін үйірме ашу туралы бастаманы көтерді. Егер бұл іс қолға алынса, ауыл балалары шет тілін меңгеріп, ал студенттер қосымша ақша табуға мүмкіндік алады.

Ауданның мәдениет саласын бәсекеге қабілетті қылудың жолдары жайлы Қ.Алтынбаев атындағы Мәдениет үйінің директоры Нұрлан Тоянкенов баяндап берді. Алайда, ауданда «дыбыс жазу студиясының» ашылуынан басқа ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылмаған. - Тіпті, ауданның бетке ұстар өнер ұжымы «Толағай» тобын алып қарайықшы - жаттанды әндер мен көзге жауыр болған костюмдер. Көздің жауын алатын, жаныңды елітетін сахналық номерлер жоқ, - деді аудан басшысы. Сондай-ақ, мерекелік шаралардан өзге жастар мен зейнеткерлердің бос уақытын ұйымдастыру қолға алынбаған. Әсіресе, жазғы демалыс кезінде оқушыларға арналып концерттік бағдарламалар, тіл мәселесі тақырыбындағы дөңгелек үстел, жиындар өткізілсе, және оған тәрбиесі «қиын» жасөспірімдер мен балалар үйінің тәрбиеленушілері тартылса, олардың бос уақыттары тиімді өткізіліп, құқықбұзушылықтар орын алмас еді. Осы мәселе бойынша аудан әкімі Көкпекті және Самар Мәдениет үйлері әртістерінің өзара тәжірибе алмастыру концерттік бағдарламаларын жандандыру, шағын ауылдарды назардан шығармай, олардың халқы үшін концерттік кештер мен басқа да мәдени шаралар ұйымдастыру сынды тапсырмалар қойды.

Жиын барысында сөз алған Көкпекті аудандық кітапхана директоры С.Қасымова кітапхана жұмысы, техникалық базаның жандануы мен келіп түскен жаңа кітаптар жайлы айтып өтті. Алайда, аудан әкімі оқырмандарды тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың әлсіз екенін атады. – Кітапханада өзіңе бай рухани азық алатындай кітаптар қоры мол. Бірақ, оларды оқитын, қызығатын оқырмандар күннен күнге азайып келеді. Әсіресе, оқушылар, жас жеткіншектер кітап оқуға мүлде қызығушылық танытпайды. Осы мақсатта кітап көрмелерін, әдеби кештер ұйымдастыру қажет. Аталған бағытта қандай жұмыстар жүргізіп жатырсыздар? – деді Дүйсенғазы Мағауяұлы. Бұл сауалға С.Қасымова көшпелі кітапхана ұйымдастыруды қолға алғалы отырғандарын жеткізді. Алайда, бұл жұмыстар неге ертерек қолға алынбағаны белгісіз.

Ал, жарыссөзге қатысқан Самар ауылының өнерпаздары жеке көлік бөлу мен сахналық костюмдердің тапшылығы мәселесін көтерді. Аудан басшысы өз кезегінде бұл мәселелер келесі жылдың ақпан айына дейін шешімін табатынын жеткізіп, Ә.Саржановқа бюджеттен қаражат бөлуді қарастыруды тапсырды. Сонымен қатар, О.Гебель классификацияны көтеру үшін курстарға білім алуға жіберу туралы өтінішін білдірді.

Аудан әкімінің орынбасары К.Смаилова аталған барлық мәселе бойынша қатаң шаралар қолданылып, тиісті жұмыстар қолға алынатынын жеткізді.

Кездесуді қорытындылай келе,  аудан әкімі Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жұмысына төмен баға берді. Ауданға жаңа кадрларды тарту мәселесі де қолға алынбаған. Күрделі жөндеуден өткізілген Белое және Преображенка ауылдарының клубтарында материалдық-техникалық база – сахналық костюмдер мен музыкалық аспаптардың жоқтығы салдарынан ешқандай шаралар жүргізілмейді. – Ауданның мәдениет саласында 100-ге жуық маман қызмет жасайды. Алайда, жұмыс нәтижесі жоқ. Бұл жерде осы бөлімнің жұмысын қадағалайтын жетекші органның да жіберген қателіктері бар. Алдағы уақытта тың бастамалар көтеріп, жиналған мәлеселердің шешу жолдарын қарастырып, оларды қысқа мерзім ішінде жүзеге асыру қажет, - деді аудан әкімі.

Кеңес отырысы соңында Дүйсенғазы Мағауяұлы барлық жиналған қауымды аудан өмірінде зор маңызға ие мәдени шара – Подгорное ауылында өтетін Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына дайындықтың барысына белсене атсалысып, азаматтық көзқарас танытуға шақырды.

Арайлым МИРАТҚЫЗЫ

Өткен аптада Көкпекті ауылында таеквон-до спорты бойынша балғын спортшылардың Шығыс Қазақстан облыстық Чемпионаты өтті. Жарысқа Семей қаласынан келген бес клуб пен Курчатов қаласынан, Абай, Бесқарағай және біздің ауданнан шығыс жекпе-жегінің өнерпаздары қатысты.

Спортшылар 19 салмақ дәрежесінде спаррингтерге шықты. Даянгтегі жекпе-жек аса табанды, тіпті өте қатаң болды десе де болады. Спорттың бұл түрінің өкілдері сайыста өздерінің қорғану және қарсыласу шеберліктерін, дене күшінің мықтылығы мен шыдамдылығын, ең бастысы – ұстамдылығын, салмақтылығы мен рух биіктігін табысты көрсете алды. Соңғы аталған сапалық қасиеттер таеквон-до спортында жеңіске жетудегі бастылары болып табылады.

Қара белдік иегерлері - Мұрат Атқулиев және Махаббат Советхан сынды Қазақстан Республикасының бас судьясымен тағайындалған судьялардың бағалауы жоғары және кәсіби деңгейде болды.

Біздің команданың жаттықтырушысы Бахыт Рахимовтың айтуынша, жарыста ауданның екінші құрамасы өнер көрсеткен. Алайда, қарсыластардың күштілігі мен табанды күресіне қарамастан, нәтижесінде олар табысты өнер көрсетіп, жалпыкомандалық бірінші орынға шықты. Екінші орынды Абай ауданының командасы иеленсе, жеңіс тұғырының үшінші баспалдағына Семей құрама командасы орналасты.

Бұл жарыстар Қазақстан чемпионатына балалар арасында өткен алғашқы іріктеу бөлімі болып табылады. Оған біздің ауданның 15 балғын спортшысы табысты өтті.

Айта кетерлігі, бұл жолы тұңғыш рет командалармен бірге келген жанкүйерлердің көптігі қуантты. Шындығын айтқанда, әрбір спортшыға деген жоғары дәрежедегі қолдау қамтамасыз етілді десе орынды. Судьялар коллегиясы турнирді ұйымдастыру бойынша аудандық Дене шынықтыру және спорт бөлімі мен БЖСМ, сондай-ақ, біздің команданың ата-аналар комитетінің береке-бірлікпен атқарған жұмысын ерекше атап өтті. 

Надежда ШАРОВА

Қазіргі таңда елімізде спорт саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Халықты салауатты өмір салтына, дене тәрбиесіне, спортқа тартуда көптеген жұмыстар атқарылуда. Бұл саладағы жасампаз істерді алға қарай жылжытып, өрістете беру үшін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев нақты, мақсаты айқын тапсырмалар бергені белгілі. Бүгінгі күні бұқаралық ақпарат құралдарында спортты насихаттайтын, әлемдік, елішілік бәсі биік жарыстарды ел назарына ұсынатын, спорт саңлақтарының жеңісті жолын ұрпаққа үлгі ретінде көрсететін айдарлардың, телеарнаның болуы осы жұмыстардың қатарында. Оның жемісі де жоқ емес.

Ауданымызда да спорттың сан түрлері қанат жайып, жас спортшылар талай биіктерді бағындыруда. Атап айтсақ, жақында Непалдың астанасы Катманду қаласында таэквондо спортынан VII Азия чемпионаты болып өтті. Сәуірдің 18-23 аралығында 29 елден келген таэквондошылар қатысқан сайысқа біздің ауданнан барған қаршадай қыз, Қ.Раев атындағы балалар үйінің тәрбиеленушісі, облыс, аудан абыройын асқақтатқан жекпе-жек өнерінің балғын шеберлерінің бірі және бірегейі Антонина Котляревская күміс медальды қоржынына қомдап оралды. Таэквондо спортының жаттықтырушысы Бахыт Рахимов пен Тоняны жеңістерімен құттықтау және шетелдегі жарыстан алған әсерлерімен бөлісу мақсатында жолыққан едік.

-Әрине, халықаралық дәрежедегі чемпионаттан күміс жүлде алып қайту деген мақтауға тұрарлық нәтиже. Бұған дейінгі шығыс жекпе-жегінен күш сынасқан бірнеше кезеңдерден сүрінбей өткен Тоняның сенімнен шыққанына аса қуаныштымын. Бұл - еңбектің зая кетпегені. Антонина – рухы мықты, табанды, өжет, жігерлі, болашағы зор балғын спортшы. Жақында Қарағандыда өткен жиында өнер көрсетіп, 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасынан үстіміздегі жылдың тамыз айында Душанбе қаласында өтетін Әлем чемпионатына жолдама алдық. Біз бұл жеңіспен тоқталып қалмаймыз. Әлемдік додада тағы да Шығыс Қазақстанның абыройын жоғары көтеріп, лайықты ойын өрнегін көрсетеміз бе деген үмітіміз бар.

Спортқа ауа райы жағдайы мен орта да әсерін тигізеді. Непалдың биік таулы, қапырық, ыстық климаты Қазақстаннан барған спортшыларға әдеттен тыс болғаны рас. Біз шет жерде жүргенде өз еліміздің кең даласы мен таза ауасын аңсап, кәусар да тұщы суының қадірін сезіндік. Туған Отаныңа деген сағыныш пен сүйіспеншіліктің одан жырақ болғанда күшейе түсетінін ұқтық. Біздің «Мәңгілік еліміз» Қазақстандай елдің жер бетінде біреу-ақ екеніне көз жеткіздік, - дейді Бахыт Ғазизұлы.

Жеңіс мақтанышы тұлабойынан әлі сезіліп тұрған Антонина былай дейді: - Мен жеңіс қуанышынан мүлдем арыла алар емеспін. Бұны ешнәрсемен салыстыруға келмейтін сезім. Шынымды айтсам, 29 елден келген спортшылардың арасынан жүлдеге ие болам деген ойымда болған жоқ. Бағым жанып тұрған шығар. Жекпе-жек өнерімен шұғылданғаныма бір жылдай мерзім болды. Финалдық сайысқа 58 кг салмақ дәрежесінде тәжік қызымен шығып, күміс жүлдеге қол жеткіздім, алтынды қарсыласым алып кетті. Сайысқа қатысу маған еш қиындық тудырған жоқ. Өзімнің бұл жеңісімді мен өмір сүріп жатқан балалар үйінің негізін қалауда көп тер төккен педагог Жақия Шайжүнісов атамыздың 100 жылдық мерейтойына арнадым.

Жаттықтырушым Бахыт Ғазизұлының мені жан сала баптап, жекпе-жек өнеріне баулығанына ризамын. Ол үнемі қолдап, бойыңа жеңіске деген рух пен сенімділікті орнатады. Непалдан алған әсерім ұшан-теңіз. Биікте ұшақпен ұшып келе жатып, қатпарланған тау шыңдарын, көпшілігі тек қана картадан көретін әлемнің ең биік нүктесі Эвересті, қала көрінісін тамашалау дегеніңіз керемет! Бұл елге әр тараптан туристер, альпинистер, атақты адамдар көп келетінін байқадым, - дейді ол.

Адамның тән сұлулығымен қоса жан сұлулығына тәрбиелейтін спорттың күрделі түрінен түсетін жекпе-жекте биіктерді бағындырып жүрген балғын қызға спорттық киімін сатып әперген В.Виничук сынды жомарт жанға Тоняның айтар алғысы үлкен. «Табысыңыз молайып, отбасыңызбен бақытты өмір сүріңіз. Денсаулығыңыз мықты болсын, жүз жасаңыз!», - дейді Антонина.

Біз де өз тарапымыздан балғын таэквондошыға алда күтіп тұрған әлем чемпионатына жоғары даярлықпен барып, қоржынын алтынмен толтырып әкелсін, Бахыт Ғазизұлына аудан абыройын әлемге танытатын шәкірттеріңіз көп болсын дейміз.

Бақыт ҒАББАСҚЫЗЫ

Көкпекті аудандық жастар орталығының ұйымдастыруымен 2014 жылғы аудандық жайдарман ойындары өз мәресіне жетті. Биылғы жылы аталмыш маусымға ауданымыздың барлық ауылдық округтерінің командалары қатысты.

Тартысты әзіл доданың нәтижесінде жайдарман ойындарының финалдық кездесуіне төрт команда жолдама алған болатын. Отан қорғаушылар күніне орай ұйымдастырылған аудандық «Жайдарман - 2014» ақтық мәресі«Отан қорғау - азаматтық парызым» атты тақырыпта өтті.

Қазіргі таңда жайдарман ойыны ауданда жастардың ең қызығып ойнайтын және сүйсініп тамашалайтын ойындарының бірегейі. Қалиқан Алтынбаев атындағы мәдениет үйінде өткен жайдарман ойындары көрермендер көңілінен шығып, жастар өздерінің әзілдерімен қоғамдағы келелі мәселелерден ой қозғай білді. Көкжайық ауылдық округінен келген «Менің сүйікті командам», Бастаушы ауылдық округі Көкжота ауылының «Байтерек» командасы және Тассай ауылдық округінің «Есте сақта» және «Барболсын» командалары көрерменнің көңілін тауып, төрешілердің жоғары бағасына ие болуға бар күштерін салды. Бір жылға созылған бәсекенің жеңімпазын анықтау көрерменге де, қазыларға да қиын тигені анық. Финалға шыққан қай команда болсын мақтауға лайықты. Бірақ, финалдың аты финал. Мұнда жеңімпаз жалғыз. Бағы жанып, асығы алшысынан түскен команда ғана марапатқа лайықты. Көрерменнің көңілін көтеріп, езуіне күлкі сыйлағандардың арасынан Бастаушы ауылдық округінің Көкжота ауылынан келген «Байтерек» командасының бағы жанды. Олар 2014 жылғы аудандық жайдарман ойындарының бас жүлдесіне қол жеткізді. 1 орын Көкжайық ауылдық округінен келген «Менің сүйікті командам» құрамасына бұйырды. Тассайлық «Есте сақта» жүлде тұғырының екінші сатысына жайғасты. «Барболсын» командасы үшінші орынды місе тұтты. Сондай-ақ, финал кезінде басқа да марапаттар табыс етілді. Атап айтқанда, Көкжайық орта мектебінің оқушысы Байсейітов Еркін «Үздік ойыншы» атағын иемдеді. Бас жүлде және бірінші орын иеленген командалар мамыр айының 18 жұлдызында Көкпекті ауданында өтетін облыстық жайдарман ойындарына жолдама жеңіп алды. Аталмыш ойында ауданның үш командасымен қатар облыстан келген 5 команда өз өнерлерін ортаға салып, Көкпекті ауданы жастар орталығының кубогы үшін бәсекелесетін болады.

А.Халық, Жастар орталығының маманы

Тағы мақалалар...

  1. ӘН КӨҢІЛДІҢ АЖАРЫ

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Сәуір 2025 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30        

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз