Ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған Көкше топырағының аяулы әнші қызы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенованың мерейтойы мен шығармашылығына жарты ғасыр толуын әдемі ән кеші қылып, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөлеп, әспеттеп өткізді.
Әншейінде ортасы ойсырай, жартылай жүдеп тұратын мәдениет сарайында бұл күні ине шаншар жер болмады. Осыған қарап-ақ, ән ұшып, өлең қонған өңірдегі дәстүрлі әншіге деген дүйім жұрттың құрметін, ұлттық өнерге деген ықыласын аңғаруға болар еді. Жарты ғасыр киелі сахна төрінде әдемі қоңыр даусымен тыңдарман қауымның талғамынан шығып келе жатқан әнші Қазақстан композиторларының шығармалары мен есте жоқ ескі кезеңдегі саф алтындай жарқыраған халық әндерін үзбей насихаттауда. Бәлкім шығармашылық қорының молдығы, өнерді сүйгендігінен шығар. Жалғыз Көкше жұртшылығы ғана емес, әлденеше шетелдің кірпияз көңіл тыңдарманы да Бисараның өнеріне тәнті болған. 2001 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығында Бисара Мәкенованың қайталанбас ғажап даусы Алаштың ән өнерінің сұңғыла саңлақтары Ғарифолла Құрманғалиев, Кенен Әзірбаев, Байғабыл Жылқыбаевтармен қатар қойылып, «Ғасырлар сазы», «Қазақстан халықтық музыкалық антологиясы» атты алтын дискісіне жазылды. «Көкшетауым – ән туым!» жеке ән жинағы жарық көрді.
Ережесіз жекпе-жек спортынан әлем чемпионы Диас Сазанбаевқа ауылдастары ат мінгізіп, жеңісімен құттықтады. Көкпекті ауданы Шұғылбай ауылының тумасы Диас Сазанбаев Тайланд елінде өткен әлем біріншілігінде жеңіске жеткен еді. Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев жұмыс сапарымен Шұғылбай ауылына барып, чемпионның құрметіне ұйымдастырылған шараға қатысты.
Бұл күні Шұғылбай ауылында қазақ күресінен оқушылар арасында облыстық жарыс өткізілді. Жарыста Көкпекті және Ақсуат ауданының ауылдарынан келген жас балуандар белдесті. Шараға аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев қатысып, Қазақ елінің көк туын әлемдік жарыста биікте желбіреткен спортшыға сәттілік тіледі.
Ақпан айының 22-сі күні Көкпекті аудандық кітапханасында самбоның саңлағы, қазақ күресінің жеңімпазы, дзюдоның шебері Тлебалдин Серікбосын Асырандыұлының есімі енген «Қазақстанның Алтын кітабы» энциклопедиясының тұсаукесері өтті.
«Қазақстанның Алтын кітабы» бойындағы қабілетін ізденіске, қажыр-қайратын, еңбегін ел игілігіне арнаған алтын жүректі, есімі ел есінде, еңбегі кейінгі ұрпаққа қалуы тиіс тұлғаларды бір жинаққа топтастырған. Тек үздіктердің үздігі енетін, республика бойынша ешқандай баламасы жоқ, өзгеге ұқсамайтын, өзіндік айтары бар бірден-бір басылым.
Тұсаукесерге аудан әкімінің орынбасары Марат Теміржанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сләмбек Мұқашев, ішкі саясат бөлімінің басшысы Азат Рахимбаев, Көкпекті ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайдырақим Файзуллин, мәдениет, тілдерді дамыту,дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысының м.а. Әлібек Саржанов, Ұлттық спорт ойындары орталығының директоры Бауыржан Түсіпжанов және спортшы оқушылар қатысты. Көрерменге кітапханашылар Айнұр Зарипова Серікбосын Асырандыұлының өмірбаянымен таныстырды, Айгерім Маханова «Қазақстанның Алтын кітабы» энциклопедиясына енгізілуі туралы слайд көрсетіп, баяндама оқыды. Жас спортшылармен сыр-сұхбат өткізілді.
Абай облысының «Дарын» орталығының жұмыс жоспарына сәйкес, Көкпекті аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен 26 қаңтар күні Көкпекті орта мектебі мен Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектебінің спортзалдарында 5-6, 7-8 және 9-11 сыныптар (ұлдар) арасында баскетболдан Ұлттық мектеп лигасының аудандық іріктеу кезеңі өтті. Жарысқа Көкпекті, Ж.Шайжүнісов, А.С.Пушкин, І.Жансүгіров, Қ.Аухадиев, Үлкенбөкен, Преображенка орта, Биғаш негізгі мектептері қатысты.
Жарыстың қорытындысы бойынша 5-6 сынып оқушылары арасында І орын Көкпекті орта мектебі, ІІ орын Қ.Аухадиев атындағы орта мектебі, ІІІ орын І.Жансүгіров атындағы орта мектебіне берілді.
7-8 сыныптар арасында І орын Көкпекті орта мектебі, ІІ орын Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектебі, ІІІ орын Биғаш негізгі мектебі.
9-11 сыныптар арасында І орын І.Жансүгіров атындағы орта мектебі, ІІ орын Үлкенбөкен орта мектебі, ІІІ орын Көкпекті орта мектебі жеңіп алды. Аудандық кезеңде оза шапқан команда енді облыстық кезеңде аудан намысын қорғайтын болады. Жарыс соңында жүлдегерлер марапатталды. Барлық жеңімпаздарды құттықтаймыз!
20 желтоқсан күні Көкпекті ауданында қазақ күресінен «Көкпекті барысы» турнирі өткізілді. Жарысқа Көкпекті ауданының ауылдарынан іріктеліп келген 58 палуан қатысып, боз кілемде бақтарын сынады. Байрақты бәсекені ұйымдастырушы Көкпекті аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі. Жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев арнайы қатысып, сайыпқыран спортшыларға сәттілік тіледі.
Толығырақ...Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.