Ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған Көкше топырағының аяулы әнші қызы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенованың мерейтойы мен шығармашылығына жарты ғасыр толуын әдемі ән кеші қылып, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөлеп, әспеттеп өткізді.
Әншейінде ортасы ойсырай, жартылай жүдеп тұратын мәдениет сарайында бұл күні ине шаншар жер болмады. Осыған қарап-ақ, ән ұшып, өлең қонған өңірдегі дәстүрлі әншіге деген дүйім жұрттың құрметін, ұлттық өнерге деген ықыласын аңғаруға болар еді. Жарты ғасыр киелі сахна төрінде әдемі қоңыр даусымен тыңдарман қауымның талғамынан шығып келе жатқан әнші Қазақстан композиторларының шығармалары мен есте жоқ ескі кезеңдегі саф алтындай жарқыраған халық әндерін үзбей насихаттауда. Бәлкім шығармашылық қорының молдығы, өнерді сүйгендігінен шығар. Жалғыз Көкше жұртшылығы ғана емес, әлденеше шетелдің кірпияз көңіл тыңдарманы да Бисараның өнеріне тәнті болған. 2001 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығында Бисара Мәкенованың қайталанбас ғажап даусы Алаштың ән өнерінің сұңғыла саңлақтары Ғарифолла Құрманғалиев, Кенен Әзірбаев, Байғабыл Жылқыбаевтармен қатар қойылып, «Ғасырлар сазы», «Қазақстан халықтық музыкалық антологиясы» атты алтын дискісіне жазылды. «Көкшетауым – ән туым!» жеке ән жинағы жарық көрді.
Шығармашылық кеште әсем ән шырқалып, күмбірлеген күй тартылды. Көкше төріндегі көрікті кешке арнайы келген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова мен Қазақстанның мәдениет қайраткері Арайлым Рахымқызы мәнді шараның мазмұнын үстей түсті. Кеш барысында Қазақстанның халық әртістері Қайрат Байбосынов, Роза Рымбаева, Рамазан Стамғазиев бейнебаян арқылы жылы лебіздерін жеткізді.
Қарт Семейде туып, бар шығармашылық ғұмыры ән бесігі – Көкшеде өтіп келе жатқан Бисара Мәкенова елге деген ризашылығын жеткізген кезде тебіренбеген адам қалған жоқ. Кештің тақырыбы да тауып қойылған екен десті. Шынында да көрікті Көкше асылын ардақтай білетін, бар мейірін төгетін, мәртебесін асыратын жер ғой. Сондай ықыласты көріп келе жатқан әншіге ән көгінде қалықтар шалқар шабыт сыйлаған да елдің әнге, әншіге деген мөлдір махаббаты. Ал әнші болса «Айналайын Көкшеден еркелеткен» деп дөп басып айтып отыр.
Байқал Байәділ,
Егемен ҚАЗАҚСТАН
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.