Ережесіз жекпе-жек спортынан әлем чемпионы Диас Сазанбаевқа ауылдастары ат мінгізіп, жеңісімен құттықтады. Көкпекті ауданы Шұғылбай ауылының тумасы Диас Сазанбаев Тайланд елінде өткен әлем біріншілігінде жеңіске жеткен еді. Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев жұмыс сапарымен Шұғылбай ауылына барып, чемпионның құрметіне ұйымдастырылған шараға қатысты.
Бұл күні Шұғылбай ауылында қазақ күресінен оқушылар арасында облыстық жарыс өткізілді. Жарыста Көкпекті және Ақсуат ауданының ауылдарынан келген жас балуандар белдесті. Шараға аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев қатысып, Қазақ елінің көк туын әлемдік жарыста биікте желбіреткен спортшыға сәттілік тіледі.
- Еліміздің мерейін асырып, ұлтымыздың абыройын асқақтатқан, жерлестерінің мақтанышы, бейбіт күннің батыры Диас Сазанбаевтың есімі Көкпекті спортының тарихында алтын әріппен жазылады. Шалғайдағы шағын ауыл Шұғылбайдан шыққан тұңғыш әлем чемпионы. Диас,айналайын жеңісің құтты болсын! Біз сенімен мақтанамыз. Алар асыларың асқақ, бағындырар белестерің биік болсын. Жарқын жеңістер тілейміз, - деді аудан әкімі Ділдәбек Тәжібайұлы.
Әлем біріншілігі Тайланд елінің Бангког қаласында өткен болатын. Кіл мықтылар қатысқан жарыста әлемнің 47 елінің спортшылары бақ сынады. Шұғылбай ауылында туып-өскен Диастың бұл бірінші жетістігі емес. Қазақстанның 4 дүркін чемпионы. Бірнеше мәрте халықаралық жарыстардың жүлдегері. Жиында сөз алған чемпион спорттық жолындағы қызықты сәттері туралы баяндады. Қасиетті Шұғылбай топырағында дүниеге келгенін мақтан ететіндігін жеткізді. Жас спортшыларға жарыста сәттілік тілеп, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Диастың әкесі Айдын Сазанбаев барша жерлестеріне шын жүректен алғысын айтып, ұлына көрсеткен құрмет-қошеметке ризашылығын білдірді.
Шұғылбай ауылдық округінің әкімі Ержан Күзембаев, мектеп ұжымы мен ауыл азаматтары ұйымдастырған спорттық шара мен ауылдың тумасына құрмет белгісі көпке үлгі болатын жарқын іс. Шұғылбай ауылының азаматтары атынан Диасқа ат мінгізіп, шапан жабу рәсімі жасалды. Ауыл азаматы Еркін Биназаров құттықтау сөз сөйлеп, ақсақал Аман Құнанбаев бата берді.
Боз кілемдегі жас балуандар белдесуі қызықты да тартысты өтті. Жасөспірімдер 2014-2015 жылдары туған балалар, 2011-2012 жылдары туған және 2009-2010 жылдары дүниеге келген балалар болып салмақ дәрежесіне қарай бөлініп, сынға түсті.
Жарыстың ашылу салтанатында ауданда өткізілген «Білім барысы» жобасының жеңімпаздары марапатталды. Шұғылбай ауылының намысын абыроймен қорғап, алғаш өткен «Білім барысы» жобасының жеңімпазы атанған Мереке Қалелов марапатталды. Сондай-ақ оқушылар арасында 3 орын алған Жақсылық Қаршығаұлы да құрметке бөленді.
- Қара күш қана емес, ұлттық рух та сыналатын алаңда айқасқан балалар ертеңгі күні елдің намысы, ұлттың ұйытқысына айналатыны сөзсіз. Бүгінгі жарыстың мақсаты білегі ғана күшті баланы емес, білімі, ақылы, парасаты, намысы мықты ұлдарды қалыптастыру, - дейді жаттықтырушы Дәлел Мұсағазинов.
Жарыс нәтижесі бойынша 2014-2015 жылдары туған жасөспірімдер арасында 29 кг салмақта Айсұлтан Абайдулла жеңіске жетті. 2-орынды Наиль Габдрахманов, 3 орынды Нұртөре Серік және Әлихан Халиагметов иеленді. Осы жас аралығында 32 кг салмақта 1-орынға Советбек Дарын, 2 орынға Нұржанұлы Арнұр, 3-орынға Серік Арыстан және Нұрлыбай Жалғас жайғасты.
2011-2012 жылдары туған балалар арасында 29 кг салмақта 1-орынды Араратов Арнұр, 2-орынды Сағидоллаев Азамат, 3-орынды Габдрахманов Муслим және Ерматұлы Мират олжалады. Дәл осы жаста 35 кг салмақта 1-орын Шегенов Әбдуәли, 2-орын Орынбасар Ерназар, 3-орын Жеңісхан Елнұр және Еспаев Әлиге бұйырды. 42 кг салмақта 1-орынды Сейтаханов Ерасыл, 2-орынды Кабдиров Надир, 3-орынды Құдайберген Мәди және Нұржан Жігер жеңіп алды. 55 кг салмақта 1-орынға Сейлғұмар Айдос, 2-орынға Дауытов Дарын, 3-орынға Болатов Нұрболат және Жұмаш Жарас ие болды.
2009-2010 жылдары туған жасөспірімдер арасында 35 кг салмақ дәрежесінде 1 орынға Төлеу Әлинұр, 2 орынға Тоқтасынов Алдияр, 3 орынға Әзерханов Жанали және Нұрланұлы Расул табан тіреді. 42 кг салмақта 1-орын Сейітқазин Бексұлтан, 2-орын Задабек Мағжан, 3-орын Қанатов Аян және Советбеков Мадиярға бұйырды. 50 кг салмақта 1-орынға Әділханов Досжан, 2-орынға Саматов Әлинұр, 3 орынға Нұралы Мақсат және Заманбеков Даналық жайғасты. 55 кг салмақта 1-орынды Қаршиғаұлы Жақсылық, 2-орынды Биликбеков Бақдәулет, 3-орынды Кеңесов Сәлім және Бауыржанұлы Мағжан иеленді.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері медаль және мадақтама қағаздарымен марапатталды.
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.