Торықса да өмірде жасымаған,
Керегі де өзіңнен осы маған.
Басымды иіп өтермін мәңгілікке,
Жырларыңа тағдырдан жасымаған.
Қарсы жүзіп толқынға өмір кемең,
Арпалыспен түбі бір жеңем- деген.
Өміріме үлгі етіп келем сені,
Сен тірісің, өлмейсің, соған сенем.
М.Мақатаевтың туғанына 85 жыл толуына орай өткізілген «Поэзия кеші» жыр алыбы Мұқаңа деген өзінің жүрекжарды шумағымен шашу шашқан қарапайым ғана азамат Әмір Сіләмнің осындай өлең жолдарымен басталды.
Тағдырдың асқар шыңдарында талмай құ-лаш сермеген мұзбалақ қырандай қалықтаған Мұқаңның ғұмыры тым келте болса да, соңына қалдырған аманаты өлеңі исі қазақтың рухына мәңгілік арқау болатыны сөзсіз. Тассайдағы ақынның туған күніне арналған «Поэзия, менімен егіз бе едің» деген айдармен өткізілген музыкалы көркем-сазды бағдарлама соның айғағындай. Шағын ғана ауыл болса да өміріне өнерді тел ұстайтын тассайлықтар жыр дүлдүлін пір тұтатынын көрсете білді.
Поэзия кешінде Мұқағалидың өлеңдері оқы-лып, ақын өлеңдеріне әр кезеңдерде жазылған әндер орындалды. Әсем ән мен көсем жыр сайысында балалармен бірге үлкендер де сахна төріне шығып өз өнерлерін ортаға салып, қайран Мұқаңның қысқа ғұмырының қас-қағым сәттерінен үзінділер қойылды. М.Мақатаевтың «Сәби – Ана» өлеңін сюжетін арқау етіп қойылған сахналық қойылымда сөз атасының қадірін қатты қадірлейтін ұстаз, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мақпал Қапасова «Ананың монологін» сезімді баурайтын әсерлі мақаммен оқығанда, ана бейнесін сомдаған Шынар Ғалиеваның кәсіби шеберліктерін көргенде, сондай-ақ, заңғар ақынның торығып, жан күйзелісіне түсіп, тірліктен түңілген кездегі жан толғанысын естігенде кірпіктері шыланып, жастықтың қуаты бойында тасқындай тасыған кездегі құдіретті жырларына көрермен құшырлана қол соғып қоштап отырысты. Әдебиетші ұстаз Гүлмира Мұхаметқалиеваның өнегелі шәкірттері Мұқағали жырларынан үзінділерді кейіпкер образына кіріп көркем орындай білсе, балғын әнші Жанболат Сақыпжанов пен мектеп өрендерінің орындаған әндері мен Жібек Мақсұтхан орындаған «Саржайлау» сахна сәнін ажарландыра түсті.
Кішкене ғана балдырған Ақерке Қасенова «Шеше, сен бақыттысың» атты өлеңді риясыз бала көңілмен әрі асқан сезімталдықпен оқығанда, көптің көңілі босап, аналар жаулығымен көздерін сүртісіп отырды. Беу, дүние-ай!
Сегіз де қырлы, бір сырлы, әрі ұстаз әрі өнерпаз Нығметжан Смағұловтың орындауындағы «Құмған алған» мен «Арулар» әні, әнші Шынар Бүкембаеваның сыңғырлата салған «Жапырақ жүрек жас қайыңы» мен көңілді сырға бөктіріп, өткен шақтарды ойыңа түсіретін ойлы да мұңлы әуен «Күрең күзді» нақышына келтіре орындаған Гүлнара Қамзина мен ән ажарын енгізген жас бишілер Айым мен Зура және Жанболат пен Еламан және аталмыш шараның режиссері, бес аспап өнер иесі Шынар Ғалиева шырқаған Мұқаңның жастықтың жетегінде жүрген кездерінде туындаған әні «Ұнатамын мен сені» мен көркемөнерпаз Гүлжан Шмашева орындаған «Махаббат монологі» сияқты ән-жырдан шашу шашылды.
Көрермен қауым «Есіңе мені алғайсың» әнін бір кісідей қосыла шырқап, ақын рухымен қол бұлғай қоштасты.
Ақпан айының 5-7 аралығында Семей қаласында қоян-қолтық ұрыстың NOMAD MMA стилі бойынша ШҚО чемпионаты өтті. Бұл чемпионат Шығыс Қазақстан облыстық федерациясының 15 жылдығына арналды. Жарысқа облыстың барлық өңірінен үш жүзге тарта спортшы қатысты. Көкпекті ауданының құрама командасынан 17 адам барды.
Қоян – қолтық ұрыс, спортшыдан тек қана шапшаңдықты, төзімділікті талап етіп қоймай, дәлдік пен жігерлі болуды да қажетсінеді. Біздің командадағы спортшылар осындай балалар десем, артық айтқандық емес. Сондықтан да осыншама командалар арасында жалпыкомандалық екінші орынға ие болған жасөспірімдер ауданның абыро-йын асқақтатып қайтты.
Жүлделі орын алуға коман-даның әр мүшесі үлес қосты деу-ге болады. Бес бала өз салмақ дәрежесі бойынша бірінші орынға ие болды, атап айтсақ: Әли Махабеков, Сәбит Әкімбеков, Елдар Ермеков, Кәрімхан Ибраев, Санжар Жұмағалиев ерледі. Ал қыздар арасында Дарья Кондрашина, Юлия Шушакова, ұлдар арасында Дастан Жандарбеков, Тимур Жұ-манов, Аңсар Болатов, Ерназар Мақсұтов, Динияр Галиев, Рамир Айдаров, Ернұр Қайырлы, Далел Мәліков екінші орын алып команда қоржынына мол ұпай салды. Барлық жүлдегерлер өздеріне лайық марапатқа ие болды.
Бұл оқушылардың жарысқа қатысуына зор ықпал етіп, көмек қолын берген мектеп әкім-шіліктері мен ұжымдарына және Дарья Кон-драшинаға қаржылай көмек көрсеткен кәсіпкер В.Виничукке, аудандық «Жұлдыз»-«Новая жизнь» газетінің редакциясына алғыс айтамыз. Сіздердің еңбектеріңіз еш болмай, біздің команданың мүшелері жақсы нәтижеге жете білді. Алда әлі талай алар белесіміз бар.
Р. Жүнісов,
жаттықтырушы
Ауданда қысқы спорт түрінің дамуы кенжелеп тұр десек те, 7 ақпан күні Көкпекті ауылында жастар арасында «Қазақстан спорты:ұлт денсаулығына» аясында қысқы спорт түрінен жарыс өтті. Жарысқа ауданның 18 мектебінен 145 оқушы қатысып, бақтарын сынады. Аудандық білім беру және спорт бөлімінің басшысы Ш.Мұстафинова құттықтау сөз сөйлеп, сәттілік тілеген салтантты шеруден кейін тізгінді жарыстың бас төрешісі, спорт ардагері Б.Растрига алып, жарыстың шартымен таныстырып, спорт пен сергектік мерекесі басталды.
Айнала ақ қардағы шаңғының сырғанаған сырылы мен жанкүйерлердің демеу қиқуы ұласып, шайдай ашық күнге жарқылдаған күмістей далада нағыз мереке қанатын жайды.
Жарыстың қорытындысы әр жылдары туылғандар тобы арасында шығарылды. 1998-1999 жылғылар арасында 1-ші орынды Үлкенбөкен орта мектебінен О.Растрига, екінші орынды Аухадиев атындағы орта мектептің спортшысы Ануар Баян, үшінші орынды Әуезов атындағы орта мектептен Үлкенбекова алды. Ал 2000-2004 жылғы туылғандар арасында бірінші орынды Аухадиев орта мектебінен А.Арғынова, екінші орынды үлкенбөкендік Д.Нұрғожина, үшінші орынды да осы мектептен А.Қанапиянова иемденді.
Ұлдар арасында 1998-1999 жылғы туылғандарданАмангелді орта мектебінен Б.Нұрланбек, осы мектептен А.Қайрат бірінші-екінші орындарды бөлісті, ал үшінші орынды Аухадиев атындағы орта мектептен Р.Мұхамеджанов алды.
Жарысқа қатысқан барлық жеңімпаздарға марапаттау қағаздары тапсырылды.
Сергек те, қимылдары ширақ спортшылар бұл күнді ұзақ уақыт естерінде сақтап қалады. Қыс қызығы таусылмас, аязды күнде ақша беттері албырап, бәсекелестіктің қызығына түскен балалар шаңғыларын арқалап, алдағы қыста бұдан да жоғары көрсеткішке жетеміз деген сеніммен тарады.
Клара НҰРПЕЙІСОВА
Қысқы спрот түрін дамыту, оның ішінде хоккейді насихаттау мақсатында аудан бойынша қаншама қаражат, күш жұмсалып, хоккей қораптары жасалды. Жыл өткен сайын бұл қораптардың мәнін кетіріп жүрген тағы да өзіміз. Аудан бойынша 20 қорап бар, ал енді солардың қаншасында балалар асыр салып жүр екен?
Хоккей қораптарының 12-сі білім беру ошақтарының аумағында орналасқан. Атап айтқанда, хоккей қорабы дәл аулаларында орналасқан мектептер мыналар: Әуезов атындағы, Новотимофеевка, Көкжайық, Маяковский атындағы, Қ.Аухадиев атындағы, Абай атындағы (Бастаушы), Казнаковка, Миролюбовка, Жансүгіров атындағы, Мариногор, Амангелді атындағы (Мамай) орта мектептер. Ал сегіз спорт алаңы ауылдық округ аумағында арнайы алаңқайларда орналасқан. Атап айтсақ: Көкпекті ауылдық округінде екі, Самар ауылдық округінде екі қорап бар, сонымен бірге Үлгілімалшы ауылдық округінде, Палатцы мен Үлкенбөкен, Белое ауылдарында да мектептен тыс жерде орналасқан.
Толығырақ...Айдын Тоқсанов Үлгілімалшы ауылы, Абай атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы. Көптеген жыр байқауларының жеңімпазы атанып жүрген жас ақынның өлеңдері алуан тақырыпты жырлайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша «Көкпекті ауданының ең үздік жас өнерпазы» атанған жас ақынның бір топ өлеңін назарларыңызға ұсынамыз.
МЕН КІМ?
Жанартаумын, атқылаймын мәңгілік,
Жанартаудың атқылауы заңдылық.
Жанартаудай жұлқынамын алқына,
Сонау биік өрге де мен талпынып!
Көк аспанмын, жүрегім таза, ашықпын,
Күн сұлуға өлсе де өлмес ғашықпын.
Алтын күнмін, көпке нұрын шашатын,
Дауыл тұрса толқын, көлдей тасамын!
ҰЛЫ АБАЙҒА ТАҒЗЫМ!
Ұлысы ұлықталып өткендердің,
Тынысы ақын болып кеткендердің,
Өлеңі өрелі елде өркендеуде,
Құрсауында кеткен жоқ өктем желдің.
Салыстыру мүмкін емес басқамен,
Ақындарда басқа тағдыр, басқа дем.
Шешен сөздің шын шебері - Абайда,
Терең ойлар, ізгі ниет, басқа әлем.
Абай - дана, Абай - дара, шын мықты,
Қара сөзбен саралаған шындықты.
Ұлы Абай тұл шындықты айтса да,
Қу заманы өз ішіне сыр бүкті.
Шындыққа жанып өлеңін,
Бойлаған ойдың тереңін.
Абайдың өлеңдерінен,
Тағылым алып келемін.
Мыңмен жалғыз арпалысқан,
Не кемі бар Алпамыстан.
Қазағымның Бас ақыны,
Ойы жүйрік, һас арыстан.
Көп оқыған білімдар,
Өлеңінде тұғыр бар.
Ойы қылыш, сөзі мір,
Соны сендер ұғыңдар!
Ақынның жан дүниесі шуақ па екен,
Шабыт барлық сезімнен қуатты екен.
Абай, Мұхтар, Шәкәрім ізі қалған,
Шығысым - шырайлы өлкем, жұмақ мекен.
Ұлы Абай - адалдықтың аспанысың,
Талайға алынбаған тас намысың.
Өшпес тұлға атанып, әрбір кезде,
Адамзат үлгі тұтар асқағысың!
Түспесін десең басқа мұң,
Ашық болсын десең аспаның.
Әрқашан, әркез, әр сәтте,
Абайды сүй, Абайды оқы, жас қауым!
ҚАЗАҚСТАН - ОТАНЫМ!
Бұл жазғаным басқа жырдан өзгеше,
Қосамын мұнда мақтау, нұрлы сөз неше,
Бүкіл халық жақсы емес пе егер де,
Адалдықты мергендікпен көздесе?!
Несі жақсы халық ерді ез десе,
Батырлығын, шыншылдығын сезбесе
Қазақстан жаса мәңгі, жарқылда,
Мен бастайын ғажап жырды ендеше.
Қазақстан - Отаным, жасыл орман
Зәулім сарай, еңселі елге қорған.
Қазағымның беделі асқар, арманы асқақ,
Бұл сенің бақытыңнан тапқан олжаң!
Қай теңеу тең келеді алабыңа,
Бас имес қайсы пенде талабыңа.
Көгіңнен күлімдесең нұр төгілген,
Мен сені тиек еттім қаламыма.
Отаным сені жазам марапаттап,
Өзгелер қуанамын қалса мақтап .
Сен үшін тау қопарам, жер қопарам,
Отаным өзің мені қойсаң баптап.
Айбынды рух, қазағымда ақ қанат,
Ал беделі кір шалмаған ақ парақ.
Тәуелсіз ғой Қазақстан - Егемен,
Азатпын деп әрқашан мен мақтанам.
Ақ тілегім мөлдір судың бұлағы,
Шұрайлы жер қазағымның тұрағы.
Айбынды жас, қанатты жас барында,
Жоқ елімнің болашаққа сұрағы.
Өзіңменен ер жеткенім - бақытым,
Өкінбеймін өтсе жастық уақытым.
Менің сенен үлгі аларым өте көп,
Асыл Отан - сенсің ізгі жақұтым!
БІЗДЕРГЕ АМАНАТ - ЕРТЕҢІ ЕЛІМНІҢ
Бодандықтың бұғаулы құрығында,
Білмей кеткен «еркіндік» ұғымын да.
Бейбіт күнді аңсаған талай бабам,
Бостандықтың бақытты тұғырында!
Өсиетін орындап бабалардың,
Тәуелсіздік құнын мен бағалармын,
Болашақты жастарға сеніп берсе,
Әлі талай асуды ала алармын.
Гүлдендірер елімді, өте күшті қарқынмен,
Қабілетті жастарым - таусылмайтын алтын кен.
Білім алып, әрқашан, ізденетін тоқтаусыз,
Мақтанатын әр кезде, намысты ұл қыз
жастармыз!
Патриоты елімнің, ешуақытта жасыман,
«Тәуелсіздік» - құдірет, қасиетіңе бас ұрам.
Әр қырынан танытар Қазақстан - Отанын
Өсіп жатыр елімде дарыны мол - жас ұлан!
Стратегия қабылдап, Қазақстан сан түрлі,
Солардың нақ жемісі биіктерге талпынды.
Қуанышқа кенелсін Отанымыз әрқашан,
Аман-есен жүрейік, Құдай қолдап халқымды!
Өр жастарды негіз ғып, патриотты өлеңім,
Қазақстан еліме жырдан шашу төгемін.
Қабілетті, дарынды, ниеті ақ жалынды,
Мағжан атам айтқандай
«мен жастарға сенемін»!
Таққан жоқ біздерге өткен күн аз айып,
Дарынды жастарым қалмасын азайып,
Біздерге аманат- ертеңі елімнің
Жастарға дем беріп, сеніммен қарайық!
Көз тігіп келеді еліміз шыңға асқақ,
Жастарым тұрса екен сол жолда көш бастап,
Бір мүдде, бір мақсат, бір болашақ!
«Мәңгілік ел» болуға басайық қадам нақ!
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.