Айдын Тоқсанов Үлгілімалшы ауылы, Абай атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы. Көптеген жыр байқауларының жеңімпазы атанып жүрген жас ақынның өлеңдері алуан тақырыпты жырлайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша «Көкпекті ауданының ең үздік жас өнерпазы» атанған жас ақынның бір топ өлеңін назарларыңызға ұсынамыз.
МЕН КІМ?
Жанартаумын, атқылаймын мәңгілік,
Жанартаудың атқылауы заңдылық.
Жанартаудай жұлқынамын алқына,
Сонау биік өрге де мен талпынып!
Көк аспанмын, жүрегім таза, ашықпын,
Күн сұлуға өлсе де өлмес ғашықпын.
Алтын күнмін, көпке нұрын шашатын,
Дауыл тұрса толқын, көлдей тасамын!
ҰЛЫ АБАЙҒА ТАҒЗЫМ!
Ұлысы ұлықталып өткендердің,
Тынысы ақын болып кеткендердің,
Өлеңі өрелі елде өркендеуде,
Құрсауында кеткен жоқ өктем желдің.
Салыстыру мүмкін емес басқамен,
Ақындарда басқа тағдыр, басқа дем.
Шешен сөздің шын шебері - Абайда,
Терең ойлар, ізгі ниет, басқа әлем.
Абай - дана, Абай - дара, шын мықты,
Қара сөзбен саралаған шындықты.
Ұлы Абай тұл шындықты айтса да,
Қу заманы өз ішіне сыр бүкті.
Шындыққа жанып өлеңін,
Бойлаған ойдың тереңін.
Абайдың өлеңдерінен,
Тағылым алып келемін.
Мыңмен жалғыз арпалысқан,
Не кемі бар Алпамыстан.
Қазағымның Бас ақыны,
Ойы жүйрік, һас арыстан.
Көп оқыған білімдар,
Өлеңінде тұғыр бар.
Ойы қылыш, сөзі мір,
Соны сендер ұғыңдар!
Ақынның жан дүниесі шуақ па екен,
Шабыт барлық сезімнен қуатты екен.
Абай, Мұхтар, Шәкәрім ізі қалған,
Шығысым - шырайлы өлкем, жұмақ мекен.
Ұлы Абай - адалдықтың аспанысың,
Талайға алынбаған тас намысың.
Өшпес тұлға атанып, әрбір кезде,
Адамзат үлгі тұтар асқағысың!
Түспесін десең басқа мұң,
Ашық болсын десең аспаның.
Әрқашан, әркез, әр сәтте,
Абайды сүй, Абайды оқы, жас қауым!
ҚАЗАҚСТАН - ОТАНЫМ!
Бұл жазғаным басқа жырдан өзгеше,
Қосамын мұнда мақтау, нұрлы сөз неше,
Бүкіл халық жақсы емес пе егер де,
Адалдықты мергендікпен көздесе?!
Несі жақсы халық ерді ез десе,
Батырлығын, шыншылдығын сезбесе
Қазақстан жаса мәңгі, жарқылда,
Мен бастайын ғажап жырды ендеше.
Қазақстан - Отаным, жасыл орман
Зәулім сарай, еңселі елге қорған.
Қазағымның беделі асқар, арманы асқақ,
Бұл сенің бақытыңнан тапқан олжаң!
Қай теңеу тең келеді алабыңа,
Бас имес қайсы пенде талабыңа.
Көгіңнен күлімдесең нұр төгілген,
Мен сені тиек еттім қаламыма.
Отаным сені жазам марапаттап,
Өзгелер қуанамын қалса мақтап .
Сен үшін тау қопарам, жер қопарам,
Отаным өзің мені қойсаң баптап.
Айбынды рух, қазағымда ақ қанат,
Ал беделі кір шалмаған ақ парақ.
Тәуелсіз ғой Қазақстан - Егемен,
Азатпын деп әрқашан мен мақтанам.
Ақ тілегім мөлдір судың бұлағы,
Шұрайлы жер қазағымның тұрағы.
Айбынды жас, қанатты жас барында,
Жоқ елімнің болашаққа сұрағы.
Өзіңменен ер жеткенім - бақытым,
Өкінбеймін өтсе жастық уақытым.
Менің сенен үлгі аларым өте көп,
Асыл Отан - сенсің ізгі жақұтым!
БІЗДЕРГЕ АМАНАТ - ЕРТЕҢІ ЕЛІМНІҢ
Бодандықтың бұғаулы құрығында,
Білмей кеткен «еркіндік» ұғымын да.
Бейбіт күнді аңсаған талай бабам,
Бостандықтың бақытты тұғырында!
Өсиетін орындап бабалардың,
Тәуелсіздік құнын мен бағалармын,
Болашақты жастарға сеніп берсе,
Әлі талай асуды ала алармын.
Гүлдендірер елімді, өте күшті қарқынмен,
Қабілетті жастарым - таусылмайтын алтын кен.
Білім алып, әрқашан, ізденетін тоқтаусыз,
Мақтанатын әр кезде, намысты ұл қыз
жастармыз!
Патриоты елімнің, ешуақытта жасыман,
«Тәуелсіздік» - құдірет, қасиетіңе бас ұрам.
Әр қырынан танытар Қазақстан - Отанын
Өсіп жатыр елімде дарыны мол - жас ұлан!
Стратегия қабылдап, Қазақстан сан түрлі,
Солардың нақ жемісі биіктерге талпынды.
Қуанышқа кенелсін Отанымыз әрқашан,
Аман-есен жүрейік, Құдай қолдап халқымды!
Өр жастарды негіз ғып, патриотты өлеңім,
Қазақстан еліме жырдан шашу төгемін.
Қабілетті, дарынды, ниеті ақ жалынды,
Мағжан атам айтқандай
«мен жастарға сенемін»!
Таққан жоқ біздерге өткен күн аз айып,
Дарынды жастарым қалмасын азайып,
Біздерге аманат- ертеңі елімнің
Жастарға дем беріп, сеніммен қарайық!
Көз тігіп келеді еліміз шыңға асқақ,
Жастарым тұрса екен сол жолда көш бастап,
Бір мүдде, бір мақсат, бір болашақ!
«Мәңгілік ел» болуға басайық қадам нақ!
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.