Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселенің бірі болып...
Елімізде өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындары барысында ерекше рекорд тіркелді....
Тассай ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша көшелерге асфальт төсеу жұмыстары...
15 тамыз күні Семей қаласында «Тана мырза» мешіті ашылып, халық қуанышқа кенелді. Игі іс-шараға...
Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында аудан әкімі Әділет Қожанбаевтың төрағалық етуімен шағын...
Жаңа экономикалық қатынастарға көшу нарықтық экономиканың артықшылық жақ-тарымен қатар өзінің кемшілік жақтарын да әкелді, оның бірі – жұмыссыздық. Он жыл бұрын бұл мәселе Қазақстан қоғамының алдында маңызды болып тұрды. Бірақ, халықты жұмыспен қамту аясында мемлекет жүргізген саясат оны жақсы жаққа өзгертті. Осындай әрекет етуші тетіктің бірі – бірнеше жыл ішінде табысты жұмыс істеп келе жатқан «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы болып табылады.
Үкімет 2011 жылдың наурыз айында кәсіби оқытудың тиімді жүйесін құруға, жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесуге, ауылда кәсіпкерлікті дамытуға, сонымен қатар, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру үшін жағдайлар жасауға бағытталған «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын бекітті. Бағдарламаның мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты, жұмыссыз азаматтарды және жағдайы аз қамтылған тұрғындарды кәсіби оқыту және жұмысқа орналастыру арқылы жұмыспен қамтамасыз ету, өз іс-ін ашуға және жаңа бизнес жобаларды дамытуға көмектесу, елімізде еңбек ресурстарын оңтайлы бөлу, халықты жұмыспен қамтуды қолдау, сонымен қатар, жұмыссыздық деңгейінің өсуін болдырмау болып табылады. Бағдарлама үш бағыттан тұрады. Бірінші - инфрақұрылымды және тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету. Екінші - ауылда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамыту. Үшінші - жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу.
Игілігін ел көріп отырған мемлекеттік бағдар-ламаның Көкпекті ауданында жүзеге асырылу барысын Жұмыспен қамту орталығының директоры Райхангүл Қапезқызы Баймолдинамен сұхбат барысында бағамдап, өткен төрт жылды сараладық.
- «Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020» мемлекеттік бағдарламасы Көкпекті ауданында 2011 жылдың 1 шілдесінен іске асырыла бастады. Бағдарлама үш бағытта жүргізілуде және оған қатысушыларды инфрақұрылымдық жобаларға жұмысқа орналастыруды қарастырады. Бұл негізінен ауыл көшелерін жарықтандыру, көгалдандыру, жолдарды өңдеу, мектеп және балабақша құрылысы мен жөндеу жұмыстарын жүргізу. Осы бағытта 2015 жылы үш жоба атқарылды. Көкпекті орта мектебінің шатыры, Самар №1 орта мектебі мен спорт алаңы, Тассай округінің М.Әуезов атындағы орта мектебі және спорт залы жөндеуден өткізілді. Аталмыш жобаларды іске асыру барысы жұмыссыз жүрген 20 жерлесімізді еңбекпен қамтуға мүмкіндік туғызғанын айта кеткен жөн, - дейді аудандық орталық директоры.
Негізгі жұмыстар екінші бағыт бойынша өрбуде. Кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру және тірек ауылдық елді мекендерді дамыту бағыты бойынша 3 млн. теңгеден аспайтын 5 жыл мерзімге дейінгі шағын несие беру және кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқыту қарастырылған.
Екінші бағытпен аудан бойынша 2011-2014 жылдар аралығында 337 жобаға жалпы сомасы 769 миллион теңгені құрайтын шағын несие берілді. – А.Ерботина мен Л.Құдайбергенованың наубайханалары, К.Закированың түшпара цехы, Р.Насивханның жиһазы, А.Мисяков жасап шығаратын пластикалық есіктер мен терезелер, Е.Ажикуловтың кірпіш және темір бетон өнімдері халықтың игілігіне айналып үлгерді. В.Гриценконың асыл тұқымды балық өсіру және өндеу жобасының болашағы жарқын екенін болжау қиын емес. Басқа да қызықты да әлеуетті жобалардың жүзеге асырылуы арқасында аудан тұрғындары 450 жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етілді. Жаңадан ашылған аталмыш жұмыс орындары жүздеген отбасының кіріс көзі, күн көріс табысы екені анық. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай, - деп ой бөлісті Райхангүл Қапезқызы.
Орталық басшысының айтуы бойынша бағдар-ламаны аудан көлемінде сәтті жүзеге асыруда түйінді мәселе туындап отыр. Бүгінгі күні СПК «Ертіс» корпорациясы алдында қарыз сомасы 74,4 млн. теңгені құрайды. – Жауапкершілігі таяз азаматтар жоқ емес. Несие алушылар кесте бойынша тиісті төлемдерді тоқсан сайын уақытылы төлеп отыруға міндетті. Үкімет тарапынан бөлінген қаражат қайтарылуы тиіс. Қазіргі уақытта 6 несие алушының құжаттары экономикалық сотқа жіберіліп, алынған несиеның толық мөлшерлі қаражаты және үстіне 25 пайыз айыппұл салынып қайтарылуы қарастырылуда. Сонымен бірге, қосымша 23 азаматтың үстінен «Тобыл-Несие» серіктестігі тарапынан сотқа беру үшін берешек сомаларын өндіруге құжаттар дайындауда. Әрбір азамат өзінің жауапкершілігін терең сезінгені абзал. Алмақтың салмағын да ұмытпаған жөн, - деп қынжылады орталық басшысы.
Десек те, мемлекеттік бағдарлама жасаған мүмкіндікті кеңінен пайдаланып, өз кәсібін домалатып әкетуге дайын іскер жерлестер баршылық. Биылғы жылы жалпы сомасы 97 миллион теңгені құрайтын сүт тауарлы фермаларын дамытуға бағытталған 37 жоба бойынша несие беріледі деп күтілуде. Аталмыш жобаларды жүзеге асыру аудан тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашып, табыс көзін табуға мүмкіндік берері айқын.
Дархан БЕРДІБЕК
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.