Өткен аптада Көкпекті ауылында аудан әкімінің орынбасары М.Теміржановтың төрағалық етуімен кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссия отырысы болып өтті. Күн тәртібінде кәмелеттік жасқа толмағандардың ұрлық жасау фактісі бойынша үш мәселе қаралды.
Ағымдағы жылы аудандық ІІБ кәмелетке толмаған балалардың дүние-мүлікке ұрлық жасауы бойынша 4 қылмыстық іс қозғалған. Көкпекті аудандық сотының шешімімен оларға тиісті жаза қолданылған болатын.
Жиында сөз алған Көкпекті АІІБ жергілікті полиция қызметінің ювеналдық полиция бөлімшесінің кәмелетке жасы толмағандар жөніндегі учаскелік полиция инспекторы полиция аға лейтенанты Н.Советханова жинақталған материалдар негізінде ұрлық жасаған 2000 жылы туылған А. және 2001 жылы туылған Б. (аттары өзгертілген) кәмелетке толмаған балаларды тәрбиеге көнбейтін балаларға арналған арнаулы мектепке жіберуді ұсынды. Бұл тұрғыда отырысқа қатысушылардың пікірі екіге жарылды. Бір жақта, балалармен осы уақытқа дейін бірнеше мәрте түзету жұмыстарын жүргізуге тырысқан, алайда оңды нәтиже шықпағанын алға тартқан психологтар мен учаскелік полиция қызметкері болса, екінші жақта балаларды арнаулы мектепке жіберуге қарсы топ сөз алды. Олардың айтуынша, арнаулы мектепте балалардың оңды тәлім алып шығуы екіталай, басқа да тәртібі қиын балалардың ортасына түскен олардың мінезі мүлде өзгеруі мүмкін. Шынымен де, бұл үстіртін қарай салатын мәселе емес. Себебі, таразы басында қоғамның қолдауы мен дұрыс ықпалын қажет ететін балалардың тағдыры тұр.
Кәмелеттік жасқа толмаған айыпталушылардың құқықтық қорғау мәселелерінің үлкен маңызы бар. Кәмелеттік жасқа толмаған құқық бұзушылардың психикасы мен жасының ерекшеліктерін ескеріп, БҰҰ Бас Ассамблеясы 1985 жылы «Пекиндік Ереже» деген атпен белгілі «Кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты сот төрелігін жүзеге асыруға байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымының минималды стандартты Ережелерін» бекітті, ол әрбір елдің заңдарында ескерілуі тиіс және осы санаттағы істерді тергеу және сот талқылауы барысында қолданылуы керек.
Осы Ережелерде мазмұндалған ұсыныстарға байланысты, қылмыстық іс жүргізу кодексінде бекітілген кәмелеттік жасқа толмағандардың істері бойынша іс жүргізу тәртібінде мұндай тұлғалардың жас ерекшеліктері мен құқықтық жағдайы ескерілген.
«Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы» Заңының талаптарына (20, 24, 48 және 50 баптары) сәйкес, әрбір кәмелеттік жасқа толмаған бала Қазақстан Республикасының Конституциясы заңдарының талаптарын сақтауға, басқа тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге, еңбекке жарамсыз ата-анасын қарауға, тарихи және мәдени құндылықтарды аялауға міндетті.
Дегенмен, барлық салмақты балаларға ғана артып қоя алмаймыз. Бұл тұста олардың ортасы, білім алатын ордасы мен тиісті органдардың қызметкерлері және әрине, ата-аналары да жауапты. Сол себепті, балаларына дұрыс тәрбие берудегі міндеттерін қажетті мөлшерде атқармағандары үшін балалардың ата-аналары да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Отырыс қорытындысы бойынша, балалар қателіктерін түзетіп, оңды жағына өзгерулері үшін уақыт беріліп, үйреншікті орталарында қалулары жайлы шешім шығарылды.
Жансая СМАҒҰЛОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.