Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Шаруалар ауа-райының қолайлы сәтінде комбайнды тізгіндеп, алғашқы астықты дестеге түсірді. Шығыстың астықты алқабы саналатын Көкпекті ауданында биылғы жылы да аймақтағы алтын орақ алғашқылардың бірі болып басталған еді. Осынау науқанға білек сыбана кіріскен аудан диқандары жайдары жаздың әр сәтін қалт жібермей, астық ору қарқынын үдете түскен. Дала төсінде маржандай тізілген комбайндар алтын астықты ысырап қылмай, жиналған дәнді қамбаға құю үстінде.

«Егіннің жайын еккен білер», - дегендей орақ науқанының жайын білу үшін Алтыбай бөктеріндегі диқандарға арнайы ат басын бұрған едік. Биғаш ауылдық округіндегі белді агроқұрылым «Арна» ЖШС астық жинауды аяқтауға таяп қалыпты.


Аудан көлемінде егін шаруашылығын дамытуда жетістіктерге жетіп, аты шыққан бұл серіктестік биыл да егін орағын ұйымшылдықпен жоғары деңгейде жүргізуде. - Биылғы жылы жаңадан алынған «Есіл» комбайнымен жұмыс істеп жатырмыз. Заманауи техника жұмыс сапасын әлдеқайда жоғары көтеруге, тиімділікті арттыруға мүмкіндік берді. Барлық құрылғы автоматтандырылған, тек ерінбей еңбек етсең болды. Арпаны орып болып, енді бидайға шалғы салдық. Орақ маусымын уақытылы аяқтаймыз деген сенім бар, - дейді «Арна» серіктестігінің білікті механизаторы Советхан Мағауияұлы.
Алтыбай алқабындағы диқандар күндіз-түні бір тынбастан үздіксіз еңбек етуде. Күзгі дала жұмыстарын пысықтап алған диқандар егінге орақ салуды арпа дақылынан бастады. Шығым жаман емес. Әр алқаптан мол астық алынуда. Шаруалар жанар-жағармаймен толық қамтылған. Ендігі жұмыс ауа райына байланысты. Мұрат Жакупов жетекшілік ететін «Арна» қожалығы егін орағын ауданда алғашқылардың бірі болып бастаған еді.
Осы жоғарыда аталған комбайншы орып-бастырған «алтын» дәнді «КамАЗ» және «ЗИЛ» жүк көліктері кезекпен-кезек комбайн астына тұрып, қорабын толтырып тасымалдауда. Бір толтыра салғанда 20 және 8 тоннаға дейін астықты жүктейтін көліктерді Мәулен Қанапиянов және Құсайын Нүкенев сынды тәжірибелі жүргізушілер ұқыптылықпен қарап жүргізуде. Қажыр-қайраты мол, табанды әрі еңбекқор жұмысшылардың болуы «таразы басын табысқа қарай басуына» нық негіз екені даусыз.
Жалпы ауа райы диқаншылардың жұмысына дөп келіп, жаңбыр жаумай егін орағын өз уақытында, ысырапсыз жинап алуға оң қабағын танытып тұр. Биылғы егінді шашпай-төкпей, өнім қайтарымын түсірмей жинап алуды аудан әкімі Р.Н.Сағандықов жеке бақылауында ұстауда және бұл науқанды еш кедергісіз аяқтау үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған.
- Бүгінгі күні аудан бойынша астық жинау науқаны сәтті жүзеге асырылу барысында. Арпа ору толық аяқталды. Барлығы 21 мың гектар алқаптан арпа орылды. Уақытылы орақ салу және барлық технологияларды сақтаудың арқасында «Елім-ай» шаруа қожалығы гектарына 14 центнерге дейін арпа жинады. Ал аудан бойынша орташа көрсеткіш гектарына 12 центнерден айналады. Қамбаға 28 мың тонна арпа құйылды. Бидай алқабының 31 мың гектары шабылды. Әлі де орақ түспеген 20 мың гектар егістік бар. Жалпы бидайдың шығымдылығы гектарына орташа есеппен 11 центнерден. Ең берекелі шығым «Алекс» шаруа қожалығының еншісінде. Шәріптоғай аймағындағы алқаптан гектарына 24-25 центнерге дейін дақыл алынды. Білікті басшы А.Бойков жетекшілік ететін шаруашылық бүгінгі күні егін орағын сәтті аяқтап отыр. Егін орағы науқаны уақытылы әрі мол өніммен аяқталады деген сенімдеміз, - дейді ауданның бас агрономы Жанат Көпесов.
Бас агрономның дерегіне сүйенер болсақ, аудан көлемінде 37 мың гектар сүр жыртылған. Бұл белгіленген жоспар толық орындалды деген сөз. Олай болса, біздің шаруалардың басқан қадамы нық, бел шешкен ісіне бекемдігі деп білеміз.
Бидай өндірісі мен экспорты – ел экономикасының негізгі тірегінің бірі. Сондықтан да, аймақтарда бидай алқабына көп жер бөлініп, орақ науқанына да мемлекет тарапынан жіті назар аударылады. Ендігі міндет - егін орағы науқанын лайықты атқару. Бұл үшін ауданда барлық қажетті техника күші жұмылдырылған. Өз кезегінде біз биылғы егін орағы науқанының барысымен оқырмандарымызды таныстырып, барынша тың жаңалықтарды жеткізіп тұратын боламыз.

Дархан БЕРДІБЕК

 

 

 

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қыркүйек 2015 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
  1 2 3 4 5 6
8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30        

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз