Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Үлгілімалшы ауылы 90 жылдығын дүбірлеген думан, ұлы тоймен атап өтті. Аламанда тұлпарлар бәйгеге түсіп, көкпар тартылды. Азуын айға білеген Алаштың аймаңдай ақындары ауыл аспанында жыр шалқытты. Ата-баба аруағына құран бағышталып, ас берілді. Алыс-жақыннан ат терлетіп келген ағайын-туыс, тумалар арқа-жарқа болып көрісті. Құрметті қонақтарға сый-құрмет көрсетіліп, 2 күнге ұласқан ауыл тойының даңқы алты алаштың баласына жайылып, атағы алты қырды асты.
Бұл күнге дейін біршама жұмыс атқарылды. Ауыл тойына Үлгілімалшының суын ішіп, топырағына аунаған барлық азамат атсалысты. Ауылдық округ әкімі Берікбол Мұқышев бастаған әкімдіктің барша қызметкерлері, Нұрлан Ермек басқаратын Абай атындағы мектеп ұжымы, Еркінбек Байтунов, Айтқазы Смағұлов, Абылғазы Көкбаев бастаған ел ағалары, елге тұтқа болған Үлгілінің Атымтай жомарты Мұхамед Қалиханұлы, жалындаған жастар Азамат Халық, Ерлан Әзімбаев, Ерболат Көкенов, Серікбол Құрманғалиев, Айбол Мусинов, Айдын Қанапиянов қара нардай жүк ауырын арқалады. Дүбірлі тойдың демеушісі – ауыл тұрғындары.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған дүбірлі додаға дейін облыстық волейбол турнирі өткізілді.


1 қазан күні өткен облыстық волейбол турниріне 8 команда қатысты. Жарыс нәтижесі бойынша 1-орынды Көкпекті, 2-орынды Үлгілімалшы және 3-орынды Көкжайық құрамалары иеленді. Сонымен қатар жарыста мықты өнер көрсеткен спортшыларға ең үздік ойыншы, үздік шабуылдаушы, үздік қорғаушы, үздік ойын үйлестіруші, ең жас ойыншы, ардагер ойыншы деген номинациялар табысталды. Үздіктер арнайы қаржылай сыйлықпен марапатталды. «Ең жас ойыншы» номинациясында Үлгілімалшыдан шыққан даңқты спортшы Раулев Шамиль ағаның немересі Елтаев Ерасыл үздік деп танылды. Ал «ардагер ойыншы» номинациясына 70 жаста ала допты ұршықша үйірген Көкжайық ауылының спортшысы Сәбитов Болат лайық болды. Облыстық деңгейдегі турнирді өткізуге демеушілік көмек жасаған Үлгілімалшы ауылынан шыққан волейболшылар. Жарыстың жалпы жүлде қоры 1 500 000 теңге.
Тойдың екінші күні ұлттық ойындарға ұласты. Бәйгетөбеге 6 киіз үй тігіліп, 500 адамға ас берілді. Жиналған жұрт ата-баба рухына құран бағыштап, қариялар ауыл тарихы туралы сыр шертетін әңгіме-дүкен құрды.
- Ас барысында келген қонақтарға қызмет көрсеткен Абай мектебінің ұжымы, Мамай, Нұра, Сүлеймен ауылдары, ауыл әкімшілігі, мешіт жамағатына алғысымыз шексіз, - дейді ауыл әкімі Берікбол Шәкербекұлы.
Мерейтойдың ашылу салтанатында аудан əкімі Ділдәбек Оразбаев халыққа құттықтау сөз арнап, жүрекжарды лебізін жеткізді.
- Киелі Көкпекті ауданындағы шұрайлы да шырайлы мекен Үлгілімалшы ауылының құрылғанына торқалы 90 жыл толып отыр. Бұл ауылдан иісі қазаққа танымал күш иесі Мұқан Ағзамов, бүгінгі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Нұржан Қуантайұлы сынды тұлғалар шықты. Ақын Елеусіз Асылхановтың осы ауылдың перзенті екендігін мақтанышпен айтамыз. Талай талантты тұлғалар мен танымал жандарды түлеткен Үлгілімалшы ауылы ауданымыз үшін айрықша маңызға ие. Сондықтан, жыл сайын ауылдың инфрақұрылымын арттыруға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Алдағы уақытта да тұрғындар сұранысына орай, тиісті қолдаулар көрсетіле беретін болады. Ең бастысы, ауыл халқының көргенге үлгі, естігенге өнеге болар бүгінгідей береке-бірліктері ыдырамасын деп тілеймін. Торқалы той құтты болып, қуанышты күндеріміз көбейіп, ауылымыз көркейе берсін, - деді Ділдәбек Тәжібайұлы.
Қазақтың тойын аламан бәйгесіз елестету мүмкін емес. Үлгілі ауылының 90 жылдық торқалы тойының аламан бәйгесінде «Талап» шаруа қожалығының Бірқасқа тұлпары топ жарды. Бапкері Қуандық Маймақов, шабандозы Мәди Қайдаров. Аламан бәйгенің бас жүлдесіне 1 миллион теңге тігілді. Аламанда 2-орынды Жасұлан Мұқашевтың Елікжирен тұлпары олжаласа, Бауыржан Түсіпжановтың Ақбақайы мәре сызығын 3-ші болып кесті. Сабырбек Кунапияновтың Тайбурыл жүйрігі 4-орынға жайғасса, ұйымдастырушылар Айдын Кунапияновтың Бақторы жүйрігіне арнайы жүлде 100 мың теңге сыйақы берді. Аламан бәйгенің жалпы жүлде қоры 2 миллион теңгені құрады. Ауылдың жомарт жанды азаматы Мұхамед Қалиханұлы басқаратын «Қалмұхжом-Ахмет» шаруа қожалығы аламан бәйгенің жүлде қорына демеушілік жасаған екен.
Топ бәйгеде Тассай ауылының атақты атбегісі Азамат Сләмовтың Сүлікқара тұлпары алдына қара салмады. «Талап» шаруа қожалығының тағы бір тұлпары Дайба 2-орынды иеленсе, 3-орынды дәл осы шаруашылықтың Лезгинка жүйрігі еншіледі.
Көпшіліктің делебесін қоздырған ат жарысы аяқталған соң көкпарға кезек берілді. Жаппай көкпардың салым қорына 800 мың теңге қаражат және «Өгіз өлді» салымға 1 жылқы тігілді. Көршілес Көкжайық ауылынан «Елім-ай» шаруа қожалығы 100 мың теңге тойға шашу салымын атады.
Жаппай көкпардың салым көрсеткіштері төмендегідей:
1-салым «Беташар» салым Мусапаров Кенжебек - 100 000 теңге.
2-салым Ахмадиев Дарын - 100 000 теңге.
3-салым Бастаушы ауылының Мәди есімді азаматы – 50 000 теңге
4-салым Мұхаметолла Әлішер – 50 000 теңге.
5-салым Дүйсебаев Қадыр – 50 000 теңге.
6-салым Дүйсебаев Қадыр – 50 000 теңге.
7-салым Жаңбыршин Дархан – 50 000 теңге.
8-салым Мусапаров Кенжебек – 50 000 теңге.
9-салым Жаңбыршин Ербол – 30 000 теңге.
10-салым Асылғазы Медет – 30 000 теңге.
11-салым Жаңбыршин Дархан – 30 000 теңге.
12-салым Ахмадиев Дарын – 50 000 теңге.
13-салым Ахмадиев Дарын – 50 000 теңге.
14-салым «Өгіз өлді» 54 жастағы ардагер палуан Дүйсебаев Манарбек – 1 жылқы. Демеушілік жасаған ауылдың елжанды азаматы Камзин Жандос.
- Ұлттық ойынымыздың көркін қыздырып, 90 жылдық мерейтойымызды бөлісіп келген Тассай, Мамай, Көкжайық, Көкжота, Бастаушы, Ажа, Шұғылбай ауылдары шабандоздарына Үлгілімалшы ауылының тұрғындары атынан алғыс білдіреміз. Көкпар ойынында бас төреші қызметін көкжайықтық ардагер палуан Далабаев Берік Әзерханұлы атқарса, салымның ақ-қарасын анықтап, әділ төрелік жасаған Мырзабеков Айдын Қанатұлы болды, - дейді Ермек Сыдықұлы.
Елеусіз Асылханов атындағы ауылдық мәдениет үйінде «Жан жүрегім - Үлгілім» атты ақындар айтысы ұйымдастырылды. Айтыстың тізгінін ақын Манарбек Аханұлы ұстады. Сөз сайысына 10 ақын қатысып, жүлдегерлер мен жеңімпаздар ақшалай марапатқа ие болды. Әділқазылар шешімімен «Бас жүлде» Көкпекті ауданының шайыры Фархат Маратұлына табысталды. Жүлдесі - 500 000 теңге. Үлгілідегі айтыстың І орын иегері Ардабек Ақбаба, Зайсан ауданы, жүлдесі 300 000 теңге. ІІ орын иегері Биғаш ауылының тумасы Жасұлан Мақаев, жүлдесі 200 000 теңге. ІІІ орынды Алматыдан келген ару Жұмабекқызы Аяулым иеленді, жүлдесі 150 000 теңге. Басқа да қатысқан айтыскерлерге 100 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды. Әділқазылар алқасының төрағасы Абай облысы бойынша ақын, жыршы-термешілер одағының төрағасы Дәулет Сметов болды.
Үлгілімалшы ауылының 90 жылдық торқалы тойына еліміздің түпкір-түпкірінде жүрген ауылдың тумалары және еңкейген қариясы мен еңбектеген баласына дейін қызмет жасады. Той қызығына марқайған халық «Үлгіліміз өркендей берсін, 10 жылдан кейін ғасыр тойында жұбымыз жазылмай кездесейік» деп тарқасты.

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қазан 2022 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз