Өткен сенбі ауданымыз үшін ұлттық болмыстың ұлықталған күні болды. Себебі, «Талап» ШҚ 20 жылдығына арналып ұлттық ат спортынан бәйге болып өтті. Толағай төсін тұлпарлардың тұяғы дүбірлеткен думанды той көптің көңілінен орын алды.
Көкпекті ауылының ипподромында өткен аламанға дайындық таң атқаннан басталған болатын. Күн шапағын ерекше төккен ыстық күнде келген халыққа сая беріп, қымыз-қымыранын, басқа да ұлттық тағамдарын ұсынып бес ақшаңқан киіз үй, қазақтың ақ ордасы салтанат құрып тұрды. Табандылыққа, батылдыққа, тапқырлыққа жетелейтін ұлттық спорттың осынау бағалы түріне ауданымыздың қазыналы қарттары, абыз ақсақалдары, бәйге десе қаны қызып, бойында қазақылығы тулайтын барша қауымы жиналды.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Рамиль Нығметжанұлы Сағандықов қожалық басшысы Жұмабек Құрмашұлын атаулы күнде өткізіліп отырған айтулы мерекелерімен құттықтай келе, «Талап» ШҚ ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізін құрайтын ірі шаруа қожалықтарының бірі екенін атап өтті. - Сіздердің ұжымыңыздың бірлігі мен ұйымшылдығы арқасында жеткен жетістіктеріңіз аудандағы барлық шаруа қожалықтарына үлгі. Бүгін өтіп жатқан 20 жылдық мерекелеріңізді ел болып, жұрт болып тойлап жатқаны еңбектеріңіздің елеулі болғаны. Баршаңызға істеріңізді одан әрі жемісті атқаруларыңыз үшін мықты денсаулық, бақыт және табыс тілеймін. Бүгінгі додаға қатысып жатқан тұлпарлардың тұяғы сүрінбеуін, жүзден жүйріктердің жеңіске жетіп, жүлделі болуларына тілектеспін, - деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, мерейтой иелерін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Мұқашев, Алматы облысының мәслихат депутаты, ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Алматы қаласынан келген арнайы қонақ А.Сыдық, «Өрнек» ЖШС директоры Е.Қойгелдин және шаруа қожалығы басшысының туған-туыстары мен жақын жора-жолдастары құттықтады.
Шараның ресми ашылу бөлімі аяқталысымен қаумалаған қалың қауым «пай-пайлап» назарын алаңға аударды. Себебі бұл кезде бабы мен сәні жарасқан сайгүліктер сап құрап, көмбеде бәйге көрігін қыздыруға дайын тұрған еді. Сарыарқаның сайын алқабындай кең пейілді, патша көңілді халықты қиқулатып, дархан даланы дүбірге толтырған желмен жарысқан жүйріктер додасы осылайша басталып кетті.
20 ЖЫЛДА ЕҢСЕРІЛГЕН ЕҢБЕК
Еліміз тәуелсіздік алып, еңсесін тіктеген алғашқы жылдары, нақтырақ айтар болсақ, 1997 жылы Жұмабек Құрмашұлы Күшікбаев «Талап» шаруа қожалығын ашқан болатын. Осы 20 жыл ішінде аталмыш қожалық атқарып жатқан өрелі істері арқылы Көкпекті ауданының ауыл шаруашылығы саласының қарқынды дамуына қомақты үлес қосып келеді.
Шаруа қожалығы басшылығының жоғары іскерлік қасиеттері мен табандылығының арқасында «Талап» ШҚ бүгінгі таңда әріптестер арасында ғана емес, барша ауылдастарының ортасында айтарлықтай абыройға ие. Айта кететін тағы бір жайт, бұл қожалықтың әлеуметтік жауапкершілікті сезіне білуі. Бірлігі бекем ұжым жыл сайын аз қамтылған отбасыларға демеушілік көрсетіп, қол ұшын беріп отырады.
Бүгінгі таңда аталған шаруа қожалығында тұ-рақты 40 адам еңбек етеді. Ұзақ жылдар бойы «Талап» ШҚ ауыл шаруашылық өнімдерін алуда жа-ңа технологияларды қолданып, жыл сайын дақылдарды жаңартып келеді. Қажырлы да же-місті еңбек жылдарында шаруа қожалығының мал басы 2 мыңға дейін өсті, 35-тен артық ауыл шаруашылық техникалары алынды. Өндірістік жағынан да өмірлік тәжірибелері де зор ұжым еңбегі жұмыс барысында жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіншілік беріп келеді.
БӘЙГЕ
Бәйге - сонау ықылым заманнан осы күнге дейін өз маңызын жоймаған, қазақ халқының алқалы жиындарының ажырамас құрамдас бөлігіне айналған ұлттық спорт ойыны. Кейбір деректерге сүйенер болсақ, 15 ғасырдың аяғында Керей мен Жәнібек сұлтандар Қазақ хандығын құрғанда, Шу өзенінің жағасында, Тұлпарсаз деген жерде бәйге ұйымдастырған көрінеді. Осы кезден бастап, бағзыдан-ақ жанын жылқымен байланыстырған қазақ халқы бәйге аттарын ерекше күтімге алған деседі. Бұл тек құс қанатты жүйріктердің ғана емес, ат құлағында ойнайтын шабандоздардың да жарысы. Бәйгеде шабандоздың біліктілік шеберлігінің маңызы аса зор. Өйткені, жарыс кезінде сәйгүлік қанша жүйрік болғанымен, оның шамасына қарай керек жерінде басын іркіп немесе қоя беріп отырғанда ғана жеңіске жету мүмкіндігі туады.
Жарыстың үлкен шаруашылық, тәрбиелік мәні де бар. Олай болатын себебі — жарысқа қосатын атты таңдап алып, оны баптап бәйгеге жаратуға дейінгі ұзақ мерзімге бәйге атына мініп шабатын бала үнемі басы-қасында болып, бапкермен бірге еңбек етеді. Бапкер бәйгеге шабатын атты ғана баптап қоймайды, оған мініп шабатын баланы да қоса әзірлейді. Бала бәйге атына берілетін жем-шөп, судың мөлшеріне дейін білуі тиіс. Оның терін алудың, аттың артықшылығы неде, қандай қабілеті бар және жарыс үстінде оны қалай пайдалану керектігін бәйге атына мінетін бала жарыс басталмастан әлдеқайда бұрын қанығып, біліп алуы шарт.
«Қазақ болып тумағанда не етер ем?!
Бұл жалғаннан бақыт таппай өтер ем.
Желдей жүйрік жылқы мінбей жалғанда,
Аламанда ат оздырмай кетер ем», - деп айтыскер ақын Нұржан Өмірбай жырлағандай ұлттық болмысымыздың ұлылығы көрініс тапқан осынау жиынға еліміздің Алматы, Кереку, Үржар, Жамбыл, Өскемен, Семей және Талдықорған сынды қалаларынан атбегілер ағылды. Сонымен қатар, додаға ауданымыздың арғымақтарынан бөлек, көршілес Зайсан, Катонқарағай, Жарма және Тарбағатай аудандарының кіл жүйріктері қатысты. Бәйге қашықтықтығына қарай түр-түрге бөлінеді. Бұл күні шабыстарымен қара жердің топырағын төңкерген тарлан жануарлар «Топ бәйге» - 15 шақырым, «Тай жарыс» - 5 шақырым, «Спринтер жарыс» - 3,2 шақырым және ең ұзақ қашықтық 25 шақырымға – «Аламан бәйгеге» шапты. Шапты деуге келмес-ау, халықтың қиқуынан шабыт алып, ұлттық ұлылықтың қанатын байлап, самғады дерсіз.
ЖАРЫС БАРЫСЫ МЕН НӘТИЖЕЛЕРІ
Халқымыздың айбыны мен салтымыздың байлығын даралап өткен «Топ бәйгеде» 25 жүйрік бақ сынасты. Дәл осылай айтуымыздың жөні бар. «Сайыста бақ пен бап қатар сыналады» деген сөз жанкүйер жұртшылықтың көз алдында тағы бір мәрте дәлелденді. Тарихымызбен келіп, бойға дарыған құндылығымыз қанды қыздырып, қуат берген шақта көмбеден қатар шыққан тұлпарлар да шабысын арттырып, жүйріктері оқ бойымен дара шауып бара жатты. 3 және 20 реттік сандарын еншілеген қос сәйгүлік үзеңгілескен қалпы алға озды. Қайсысы алғашқы келер екен деген дүдәмал ойлар санамызды то-руылдап тұрғанда, мәре сызығына шамамен 500 метр қалған тұста 3 нөмірлі Алматы облысының Қаракөз атты тұлпарын тізгіндеген шабандоз бұрылыс кезінде басын босатқан жүйрігінің жылдамдығын еңсере алмай, аттан құлап қалды. Ал, тізгіндеусіз қалған тұлпар өкінішке орай, жарыс алаңынан шығып кетті. Жандарын шүберектің ұшына түйіп тұрған жарандар сан соғып қала берді. Осы тұста, балаға дер кезінде медициналық көмек көрсету үшін жедел жәрдем көлігі асығып жеткен. Көптің тілегі қабыл болды ма, әлде ұлттық қасиеттің киесі жәрдемдесті ме, әйтеуір бала да, тұлпар да ауыр жарақаттан аман екен. Ал, бабы шауып, бағы артқан 20 нөмірдегі Санат Ерғалиев тізгіндеген Шансон атты жүйрік мәреге алғашқы болып жетіп, иесі Бас-таушы ауылының тұрғыны А.Жүнісовке автокөлік ұтып берді. Тұлпардың бапкері Руслан Шайырғазин бұл Шансонның алған алғашқы жүлдесі екенін айтады. Тұсаукесер жүлдесі осындай үлкен сыйдан басталған жүйрік алдағы уақытта талай бәйгеден олжалы келетінінен сенімі де жоқ емес.
Екінші орынға белгіленген жүлде мотоциклді Тарбағатай ауданы Қарасу ауылының Тамаша деген тұлпары еншіледі (иесі А.Мойкешев, бапкер Е.Нұрсейітов). Ал, мәреге үшінші келіп, белгіленген 200 мың теңге жүлдеге ие болған Т.Әмірбайдың сәйгүлігі Алматы облысынан келген Арман.
Бұдан кейін болған Тай жарыстың жөні бөлек. Себебі, бұл жүйріктер бәсекесінің көне заманнан келе жатқан түрі. Тай жарысқа тек бір жасқа келген жылқы ғана қатыстырылған. Тайға мініп шабатын балалардың жасы 7—8 жас мөлшерінде болады. Жарыс жақын қашықтықта өткізіледі. Тайға ер-тоқым салынбайды, бала жайдақ мініп шабады. Бұл сайыстың маңызы сол, баланы жастайынан қоғамдық өмірге, еңбекке тартып, шаруашылық жағдайымен ерте танысуға, жылқы малын танып-білуге баулиды. Әрі өзінің жеңіске деген ерік-қайратын шыңдай береді. Ал, тұлпар үшін бұл үлкен дайындық алаңы. Тай жарысқа қатысу арқылы жастайынан шабысқа жаттыға береді. Сөйтіп, тай болашақтағы үлкен бәйгелерінің сынағынан өтеді. Сонымен, аталмыш жарыста Әділет Тоқтарбаевтың баптауындағы арғымақ топ жарды. Алтынай деген лақап атқа ие сәйгүлік 24 тайдың ішінен 5 шақырымдық қашықтықты бірінші болып еңсеріп, иесіне бас жүлде – мотоциклді әперді. Көрермен халықтың жүрегі жарысып бара жатқан әр жүйріктің тұяғында дүрсілдеп бара жатқандай болған екі айналымда тізгінін бекем ұстап, жүйрікті дұрыс басқара білген шабандоз Азамат Мұсалимов, ал аттың иесі «Қалиханұлы» шаруа қожалығы болып табылады. Айта кетелік, шаруа қожалығының басшысы Марат Каликов ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді үлес қосып отырған жандардың бірі. Екінші орын Жамбыл облысының Еркемай атты жүйрігіне бұйырды. Тайдың иесі Серік Бапиев 70 мың теңге көлемінде сыйақыға ие болды. 30 мың теңгемен жүлделенген 3 орын Шолпан деген аттың иесі Үржарлық Алексей Рыбалкиннің еншісіне тиді.
Халық әлі Тай жарыстың екпінімен ентелеп тұрған кезде спринтер жарыс басталып кетті. Қазақта бұл жарысты ұшқыр жарыс дейді. Оның ұшқыр болатыны тұлпарлар тұяқтарын қыздырып үлгерместен, көмбеден атылып шыққаннан сол қарқынмен жеңіске ұмтылуы тиіс. Себебі, олар жарысатын қашықтық ең қысқа айналым. 22 жүйрік жарысқан бұл бәйгеде 1 орынды және 500 мың теңгені құлынжондық Руслан Шайырғазиннің баптауындағы Грант атты төрт жасар тұлпар қанжығалады. Осы тұста айта кетуіміз қажет, Руслан Шайырғазин ауданымыздағы осы салада тәжірибесі мол бапкер болып табылады. Ат баптау сияқты ата кәсіп оған әкесінен қалған мирас екенін айтады. «Талап» ШҚ базасында жұмыс істеп тұрған кішігірім жүйріктер баптайтын қожалықтың аттары ауданда ғана емес, оның сыртында да айтарлықтай жүлделі орындарға ие болып келеді. 1998 жылдан бері бұл жердегі жүйріктер иелеріне 30 автокөлікті олжалатып үлгерген.
Екінші келген ұшқыр тұлпар Катонқарағай ауданының Тайжирен атты жүйрігі. Оның иесі Ыбырай Алдабергенов 300 мың теңге сыйақыға ие болды. Үшінші орын Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылының намысын қорғаған Леди голд атты жылқының еншісіне бұйырды. 130 мың теңге мөлшеріндегі жүлдеге ие болған тұлпардың иесі С.Ескендіров болса, бапкері Н.Ерғазин болып табылады.
Осындай тартысты бәйгелердің артынан көпшілік күткен басты жарыс басталды. Ол – Аламан бәйге. Ауыздығымен алысқан арғымақтардың аламаны бөлек әңгіме.
АРҒЫМАҚТАР АЛАМАНЫ
«Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, жүйрікте де жүйрік бар, қазанаты бір бөлек» деген сөздің соңы бәйгеде де бәйге бар, аламаны бір бөлек деген тіркеспен үндесіп тұрғандай. Бұл жерде шабандоздардың шеберлігі ғана сыналмай, сәйгүліктердің шыдамдылығы да сынға алынатын жарыс. Аламан бәйгеде топтан озған тұлпарлар туралы халқымыздың ауыз әдебиетінде, эпостық жырларында көп айтылады. Ерейментаудағы бәйгеде ерек көзге түскен, жыр болып қалған жылқының жақұты, Ақан серінің тұлпары Құлагерді, Ақбақай мен Маңмаңгерлерді еске түсірмеу мүмкін емес.
Тарихта бәйгенің осы түрінің қалыптасу себебін қазақ халқының ұзақ қашықтықтарда орналасқан жаңа мекендерге көшу қажеттілігінен жылқыларды дайындаумен және де тұқымын асылдандыру үшін ең шыдамды және мықты тұлпарларды таңдауымен байланыстырады. Дегенмен, бұл жерде одан әлдеқайда терең, киелі мән бардай көрінеді. Кекілін күнге күйдіріп, маңдайын желге сүйдірген тұлпарлардың тізгініне қолдары қарысқан шабандоздар бейнесі қазақтың намысы мен айбыны, кешесі мен бүгінін жалғап келе жатқан үзілмеуі тиісті алтын байлаудың көрінісіндей.
Бұл тартыста қатарласып келе жатқан атқа қамшысын тигізуге немесе қамшысын үйіріп басқа аттарды жасқауға, ысқыруға, жарыс жолынан шығып кетуге, оның айналмаларынан төтелеп өтуге болмайды. Ертеректе аламан бәйге күндік жерден салынатын болған. Осы жолғы бәйгеде 10 айналымға теңестірілген 25 шақырымдық аламан қалың қауымның жүрегін атойлатып, қанын қыздырды. Жараулы сәйгүліктер әр айналымнан шауып өткен сайын жанкүйерлердің маңдайдағы термен бірге іштегі шері бірге шыққандай болды. Машықтанған шабандоздар соңғы айналымдарға дейін атының басын іркіп, шабысын сақтап отырды. Көмбеден бірге шыққан 16 жүйріктің барлығы мәреге дейін жете алмады. Тартысты дода аяқталуға 1-2 айналым ғана қалған сәтте кіл жүйріктер суырылып алға озды. Сонымен, Аламан бәйгенің басты жүлдесі Granta автокөлігін Алматы облысы Қарасай ауданының жүйрігі Дария (аттың иесі А.Миразов) алды. Бұл Ресей жерінен арнайы әкелінген 3 жасар Дарияның екінші жүлдесі. Бір ай бұрын жер жәннаты Жетісудың орталығы Талдықорған қаласында өткен аламан бәйгеде арғымақ екінші келген болатын. Шабандоз бала 12 жасар Бекзат Сәдуақасов ат спортына деген қызығушылығының бала кезінен бар екенін, 7 жасынан бастап тұлпар тізгіндегенін айтады. Түр тұлғасы баяғының серілерінің тақымындағы сәйгүліктерден аумайтын Дарияның бапкері Айдын Жакупов жүйрігінің алдағы уақытта да талай аламаннан қанжығаға жүлде байлап оралатынына сенімі мол.
Мәреге екінші болып тұяқ тіреген Талдықорған қаласынан келген Сұлтан деген лақап атқа ие тұлпар (аттың иесі әрі бапкері Е.Сәдуақасов) 500 мың теңге, ал үшінші орын алған Үржар ауданы Таскелең ауылының Тойбастар атты тұлпары (иесі К.Сүлейменов, бапкер М.Ахметов) 300 мың теңге иеленді.
РИЗЫҚ РАЗЫЛЫҚПЕН ТОЛЫҒАДЫ
Дүбірімен даланы думанға толтырған мерейтой осылайша қалың қауымға қуаныш сыйлады. Ауқымды шара бір адамның ғана еңбегімен емес, көпшіліктің атсалысуымен еңсерілетіні анық. «Талап» шаруа қожалығының басшысы Жұмабек Күшікбаев бұл тойдың өтуі халықтың арқасы дей отырып, ұйымдастырған көпшілікке алысын білдірді.
- Ең алдымен аудан әкімі аппаратына, ішкі саясат бөліміне, Көкпекті ауылдық округінің әкімі Е.Ниязбаев бастаған барлық ауыл әкімдеріне қожалығымыздың 20 жылдық мерекесін атап өтуге атсалысқандары үшін алғысымды білдіргім келеді. Сонымен қатар, шарамызға мерекелік көрік берген Қ.Алтынбаев атындағы мәдениет үйі қызметкерлеріне де алғысым шексіз. Бәйгенің бәсекелі болып өтуіне үлес қосып, төрелік еткен Көкпекті орта мектебінің директоры Аслан Танысбаевтың да еңбегі зор. Осындай маңызды күнде қолдау танытып, қуанышымызды бөлісіп келген туған-туыстарыма, достарым мен әріптестеріме, барша жерлестеріме алғысымды білдіремін, - дейді Жұмабек Құрмашұлы.
Бұл бәйге көпке дейін көрген жұрттың есінен кете қоймасы анық. Жарыс алдындағы дайындықпен мінілмей тұрған жарау жүйріктердің де, ұлттық болмысты жанынан артық қоятын ұлы дала ұландарының да серпілген сәті болды. Дәл осылай құс қанатты қыран жүйріктеріміз бабалардың ерлігінің ізі, даңқының көзі қалған қазақ даласын тұяғымен кезіп жүргенде рухымыз жығылмақ емес.
Бетті дайындаған:
Жансая ӨМІРЗАҚҚЫЗЫ
фото: Бақытбек ӘМІРҒАЗИНОВ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.