Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Жерлесіміз, Халықаралық Жазушылар Ода-ғының мүшесі Бейсен Аханов туған жерге, Отанға деген жүрекжарды жырларын, күнделікті өмірдің түйткілдерін, адамгершілік қарым-қатынас, тәрбие мәселелерін лирикалық философиялық өлеңдері арқылы көркем сөзбен өрнектей білген, көпке танымал ақын. Оның бүгінгі күнге дейін бірнеше жинағы баспадан шығып, оқырманының сүйіп оқитын кітаптарына айналды. Зейнеткерлік жас-та шабытына шабыт қосылған ақын бұл күндері «Оралу» атты тарихи роман жазу үстінде. Бала шағынан ақын, жазушы болсам деген асыл арманына жеткен Бейсен Аханов азапты да қиын жол екенін біле тұра нық сеніммен осы өнер жолын қуды. Өмір жолындағы бұралаң соқпақтар, кездескен ауыртпалықтардың әсерінен жоғары білім ала алмағанына қарамастан, ол өз бетінше ізденіп, шығармашылығын қаламымен ұштап отырды. Нәтижесінде аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарда, сондай-ақ, шетелдерге тарайтын халықаралық «Шалқар-2» газетіне өлеңдері мен әңгімелері жарияланып келген қаламы қарымды ақын. Қарапайым тіршілік кешіп, әдеби ортадан алыста жүрсе де, поэзия есігін кештете қаққан ақынның жан дауысы, жүрек лүпілі, азаматтық көзқарасы оның өлеңдерінен айқын сезіледі. Көкпектінің салқын самалы тербеп шығарған жүрек сырын жақында «Шашу» атты жинаққа енгізді. Өмірдің тыныс-тіршілігін сезімталдықпен қабылдайтын Беисен Ахановтың газет бетіне жарияланып отырған бір топ өлеңдері жырсүйер қауымның талғамынан шығар деген сенімдеміз.

 


Бақыт ҒАББАСҚЫЗЫ

Тіршілік тәтті балдайын
Қош айтты маған, жас дәурен атты ақбозым,
Жетіпсің әне, желкеңде деді қол созым.
-«Ойбай, белім, ойбай, тізем» дейтұғын
Кәрі құдам жайғасты жайып сары тонын.

«Шал» деген атқа қырын жүрмін беріспей,
Шуағы кеткен жетсе де күзім теріскей.
Құдайдың берген қуаты шығар әйтеуір,
Лаулады жаным өрт болып жалын өрістей.

Кешеулеп шығып биікке тарттым алқынбай,
Шындығым өлген, тірілді жолда жарқылдай.
Тасада жүріп жолымды тосқан жауларым,
Оранып шаңға бәрі де қалды артымда-ай!

Адалдығым ақ пірім шығар қолдаған,
Аяқтан шалар көре алмастар ол да адам.
Жақсымен жаман аңдысқан мына қоғамда,
Күңкілдеп жүріп, артымда қалды сан надан!

Өмір күрес, келемін талмай күресіп,
Шындықпен жалғап, сүзісіп жатыр тіресіп.
Жеңемін мен, жеңілем деп айтпаймын!
Намыстың туын ұстадым мен сіресіп.

Өмір де қызық тіршілік тәтті балдайын,
Тұз бенен балын аямай татты таңдайым.
Өмірдің мынау көшінде келем тай мініп,
Соғылған тасқа тайқылау содан маңдайым.

Қызғаныш
(Лирика)
Мына түн де қызғаншақ-ау, қызғаншақ!
Сағат тілі тоқтамай соқты сені аңсап.
Жымиып қана, жамаулы бұлттар астынан,
Ай қарайды марғаулана ұялшақ.

Алып ұшып сен де жеттің мені аңсап,
Екі құшақ айқасып өртке енген шақ.
Сұмырай әтеш қызғанды ма, ұрандап,
Түн пердесін түре салды талқандап.

Бозарған таң-ау, мұнша бөгет етер ме ең?
Арманыма, кідірсең сәл, жетер ем!
Бар тіршілік оянды сенің үніңнен,
Айқасқан құшақ ажырасты ертемен!

Содан бері жүрегім менің сыздағыш,
Жылылыққа зар болды жаным мұздағыш.
Күн менен түн аңдысып мәңгі өте ме,
Олардың да басында бар-ау қызғаныш.

Осындай қырсық-қызығыңды ұрлағыш,
Өліп-өшіп мейлі кімге құрақ ұш.
Қызғаныш пен қуаныш бірге тумас,
Мынау дүние болар ма еді тып-тыныш?!

Ізденбесем

Осы мен ел есінде қала алдым ба,
Жақсының санына еніп, саналдым ба?
Жас дәурен желі желпіп, желіккенде,
Лапылдап оттай лаулап, жана алдым ба?

Найзағай бола алдым ба шатырлаған
Өрт мінез бойда барда жарқылдаған!
Жылдардың жетегімен кеттім бе әлде,
Күші билеп биліктің тақымдаған.

Жолымды дұрыс таңдап, таба алдым ба?
Жанымды тыңдайыншы ар алдында.
Анамның ақ сүтімен қонған өнер
Айтшы сен, гүл бүршігін жара алдың ба?

Міндім де жолға шықтым жыр атыма,
Ізденбесем жетер ме едім мұратыма?
Өзіме-өзім есеп берейінші,
Өлшеулі мына өмір тұр артымда!

Көбік шашып жұлқынған өмір-өзен,
Жағасын өткел іздеп талай кезгем.
Алдымда жарқырап тұр барар тауым,
Жетем десең, күрес деп, өмірменен.

Бел буып қойып кеттім толқындарға,
Асаумен алысуға күшім барда.
Бірде шығып бетіне, бірде баттым.
Үмітімді соқтырмай тас пен жарға.

Шықтым-ау өліп-талып мен жағаға,
Тұрған соң арман билеп ой-санада.
Маңдай тер ізденістің жемісі ғой,
Еліме танылғаным бір шамада.

Мақтайсың ба мені енді, даттайсың ба?
Қасқайып төзе білгем талай сынға.
Адалдықтың ақмаңдай ақыны едім,
Түрен тартқан қаламнан мен де тыңға.

Оң қолсың
Бағила бүгін қырық сегіз көктемің,
Білмей де қалдың жылдардың қалай өткенін.
Жас дәурен әне қимастықпен қарап тұр.
Күз дәуреннің алдыңа тосып өткелін.

Жастық жайлау жиналып жатыр көші де
Ұрпағын берді шашу қып жылдар несібе.
Қоңыр күздің жемісін алып аман бол
Әже атанып өмірдің күнгей төсінде.

Ұрпақтарың соңыңнан ерсін апалап,
Еркебұлан атқа мінсін аталап.
Аружаның қалам ұстап ақын боп
Жүгін жисын өлең сөздің қатарлап.

Осылай жетсін, қоңыр күздің тойы да,
Нұр шуағын төгіп көктен бойыңа.
Егделіктің өзі дағы бір бақыт.
Алтын сөздер жинайтын сәт ойыңа.

Көрерсің алда тірліктің талай асуын,
Қуаныш қой әр жылдың белін басуың.
Туған күнді жылдарға жалғап тойлай бер
Жүрегімнен төгілсін жырдан шашуым.

Тілеймін саған шаңырағыңа бақ қонсын,
Ортаймасын көңіл қазынаң лық толсын
Атасының мұраларын сақтайтын,
Бағилам, сен құдай берген оң қолсың.


Бейсен Аханов,
Халықаралық Жазушылар
Одағының мүшесі

 

Пікір:

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Шілде 2016 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз