Көкпекті орта мектебінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Ауғанстан шекарасынан Кеңес әскерлерінің шығарылуының 27 жылдығына орай генерал-майор М.Д.Қалматаевтың жүлдесіне арналған «Болашақ-Сарбаз» аудандық әскери-спорттық ойындары өтті.
Өскелең ұрпақ біле жүрсін деген оймен жүлде иесі жайлы аздаған мәлімет бере кеткенді жөн көрдік. Кіндік қаны тамған жері Қалбатау өңірі болғанмен, өсіп-өнген, маңдай тері төгілген орны Көкпектінің, облыстың, республиканың тарихына енген биік тұлғалардың бірі, тіпті бірегейі
Қалматаев Мұрат Дүйсенбіұлы болды. Әкесінен ерте жетім қалған ол соғыстың ауыр жылдарында нағашы жұртын паналап, Көкпекті балалар үйінде тәрбиеленді. 1954 жылы М.Горький атындағы мектепті тәмамдап, Алматыда ҚазМУ-ден журналистика мамандығын меңгерген талапты жас Көкпектісіне қайтып оралды. Бірнеше жыл аудандық «Жұлдыз» газетінде редактордың орынбасары, редактор қызметін атқарып, қызмет баспалдағымен облыс, республикадағы жоғарғы лауазымды орындарда қажырлы еңбек етті. Ауғанстан соғысына қатысқан бірден-бір генерал Мұрат Дүйсенбіұлы - жігерлілігі мен өткірлігі, кішіпейілділігі, көкпектілік десе жүрегі елжіреп тұратын мейірімділігі ерекше азамат. Даңқты жерлесіміздің кеудесі толған «Қызыл Жұлдыз», «Құрмет белгісі», «Парасат» және т.б. ордендер мен медальдар. Биыл қыркүйек айында 80 жасқа толғалы отырған Мұрат Қалматаев бүгінде Алматы шаһарында, қосағы Мария екеуі бала-шаға ортасында еңбегінің зейнетіне бөленіп отыр.
Аталмыш іс-шараға Семейден, Жарма ауданынан, Көкпекті аудандық әкімшіліктен, қор-ғаныс бөлімі, жастар орталығынан келген қонақ-тармен бірге оның бауыры Жанат Рахымбаев та шақырылды. Көкпекті ауданы бойынша 15 мектеп қатысқан әскери-спорт ойын 8 бөлімді қамтып, қатысушылардың күш-жігерін сынауға зор мүмкіндік берді. Ойынға қатысушылардың жанарынан патриоттық сезімнің ұшқыны жарқылдап, командалар бір адамдай жұмыла күш біріктіріп, нағыз тартысты ойын көрсетті.
Патриоттық шара соңында мектептердің алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдері, аудандық жастар орталығының директоры А.Ра-химбаев, бас маманы Ә.Артықпаев генерал-майор М.Қалматаевтың мадақтамаларымен, Көкпекті орта мектебінің директоры А.Танысбаев Алматы қалалық әкімдігі жанындағы Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Абдушкуровтың алғыс хатымен марапатталды. Байқау нәтижесінде Көкпекті орта мектебінің Л.Фахрутдинов атындағы әскери-спорт клубының командасы – І орын, клуб жетекшісі АӘД пәнінің мұғалімі Б.Рахимов, Абай атындағы орта мектеп - ІІ орын, (жетекшісі А.Назифхан), Болғанбаев атындағы орта мектеп – ІІІ орынды, (жетекшісі А.Асаубаев) иеленді. Жеңімпаз командалар генерал-майор М.Қалматаевтың медальдарымен және кубогымен марапатталды. Жақсы нәтиже көрсеткен оқушылар мен командалар алдағы уақытта облыс, республика көлемінде өтетін «Жас Ұлан» әскери-спорт ойындарына қатысады. Аудандық білім беру бөлімі мен Қорғаныс бөлімінің басшылары Көкпекті орта мектебінің ұжымына, клуб жетекшісі Б.Рахимовқа алғысын білдірді.
Ойынға қатысқан оқушылардың бойындағы ерік-жігерлері мен жеңіске деген талпыныстарынан еліміздің болашағы жарқын болатынына деген сенім байқалды. «Елім!» дейтін жастарымыз көбейе берсін!
Бақыт МҮЛІКОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.