Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Маусым айының үшінші жексенбісі Қазақстан медицина қызметкерлерінің төл мерекесі. Аурудың үлкен-кішіні елемей, кез келген уақытта келетіні рас. Сондай сәтте ойымызға алғаш оралатыны, жәрдем сұрап, шипа күтетініміз де – осы дәрігерлер қауымы. Дүние есігін жаңа ашқан сәби шақтан еңкейген қарттық кезең арасында медицина қызметкерлерімен сан мәрте ұшырасатынымыз хақ.
Сол себепті де ақ халатты абзал жандарға барша адамзаттың айтар алғысы шексіз. Осы тұста ауданда да ел алғысына бөленіп, халық игілігі үшін еңбек етіп жүрген ақ халатты жандар көп. Дертіне дәру іздеген жан аудандағы орталық ауруханаға жүгінеді. Мереке қарсаңында жылдағы дәстүрге сәйкес Көкпекті ауданының медицина саласының дамуына көп жылдар бойы үлес қосып келе жатқан ақ халатты абзал жандардың еңбек жолын оқырманға ұсынбақпыз.

 

ЖАУАПТЫ САЛАНЫҢ ЖАНАШЫР МАМАНЫ
Әр мамандықтың өз қиындығы мен қызығы бар. Одан бөлек, жүрек қалауымен таңдаған мамандықтың артылар жауапкершілік жүгі де болатыны жасырын емес. Науқастың саулығына дәрігерден кем қарамайтын денсаулық жанашырлары – мейірбикелердің арқалаған жүгі ауыр, міндеттелген жұмысы көп.
Осы ретте Көкпекті аудандық ауруханасының хирургия бөлімінің медбикесі Байсенгірова Ұлбосын апайды жауапты саланың жанашыр маманы деп айтар едім. Ол 1967 жылы 10 қыркүйекте Талдықорған облысы Жаркент ауданы Айдарлы ауылында дүниеге келген. Айдарлы орта мектебінде білім алып, оны 1984 жылы бітірген. Кейіннен Талғар медицина училищесіне акушерка бөліміне оқуға түседі. Айтылған білім ордасын 1988 жылы наурыз айында аяқтап, жас маман атанады. 1987 жылы Биғаш ауылының азаматы Дүйсембай Байсенгіровке тұрмысқа шығады. Бүгінде екі ұлынан тараған немерелердің қызығын көруде. Жалпы Дүйсембай аға да ауданға белгілі азамат. Қазіргі таңда Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы" РММ Көкпекті аудандық филиалының басшысы. Ұлдары өз саласының майталмандары. Тұңғыш ұлдары Серік Байсенгіров аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы, жұбайы Нарқыз Біржанқызы аудандағы Халық банкінде жұмыс жасайды. Бүгінде 4 баланың ата-анасы. Кіші ұлы Ернұр жеке кәсіпкер. Келіні Ұлтуар мектепте мұғалім болып жұмыс жасайды. 3 баланың ата-анасы.
Оқуын аяқтаған жас маман алғаш еңбек жолын Биғаш ауылдық ауруханасында бастайды.
Біраз жыл қызмет етіп, 1991 жылы Көкпекті аудандық ауруханасына әйелдер бөліміне кезекші медбике болып орналасады. 1994 жылы хирургия бөліміне медбике болып ауысады. Сол жылдан күні бүгінге дейін 30 жыл бойы осы хирургия бөлімінде қызмет етуде. Ал медицина саласындағы толық еңбек өтілі 39 жыл. Осы жылдар ішінде өзінің мамандығының басты мақсаты адамдармен жақсы қарым-қатынас орнату дейді.
- Жұмыста ғана емес, кез келген уақытта көмек сұраған адамға медициналық антына адалдығын танытып, көмек көрсетуі тиіс.
Қиын да қызықты жұмыста ізденіс пен жаңашылық ешқашан өзінің маңызын жоймайды. Ширақтық пен ұқыптылық, жұмысқа деген ынта әрдайым мейірбикенің бойынан табыла білуі тиіс. Өйткені, науқас бізден жанына жылулық пен мейірімділік күтеді. Мен бізден ем сұрап келген әр адамның жанын түсініп, оған әрдайым көмектесуге дайынмын,-дейді Ұлбосын апай.
МЕЙІРІМ ИЕСІ – МЕДБИКЕ
Медбикенің жұмысына ең қажет нәрсе – өз ісіне берілгендік және науқастарға жауапкершілікпен қарау. Жалпы, мейірбике науқасқа ең жақын әрі қамқоршы адам. Сол себепті медбикенің өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, алдына келген науқасқа жанашырлық танытуы бәрінен маңызды. Мейірбикенің әр күні науқастардың жағдайын жасап, бәйек болумен өтеді. Міне, осы жолда аянбай еңбек етіп келе жатқан жанның бірі – аудандық аурухананың стоматология бөлімінің медбикесі Оспанов Роза Жұмабекқызы. Жас пен кәрі кісілердің тісін емдеп, тістегі ақау адам ағзасындағы бар ауру-сырқаудың бастауында тұрады. Оған салғырт қарауға болмайды. Тісіңіз сау болса да, жарты жылда бір рет тіс дәрігеріне қаралып, профилактикадан өтіп тұру артықтық етпейді. Тіс – адамның көркі.
Роза Жұмабекқызы 1963 жылы 25 қараша да Ақсуат ауданы Шаң фермасында өмірге келген. Биғаш ауылындағы Маяковский атындағы орта мектебінде 10 жылдық білім алады. 1982 жылы мектеп бітіріп, Семей қаласындағы медицина колледжіне оқуға түседі. Оқу ордасын аяқтап 1984 жылы Көкпекті аудандық ауруханасына медбике болып жұмысқа орналасады. Алғашқы еңбек жолын хирургиялық стационарда медбике болып бастайды. Кейіннен стомотология бөліміне ауысып, бүгінгі күнге дейін үздіксіз жұмыс жасап келеді. Роза апайдың медицина саласындағы еңбек өтілі - 40 жыл. Осы жылдар арасында өзінің салмақтылығымен ауырып келген әр емделушіге көмек көрсетіп, мейірімді жанарымен жанына шипа берген.
Қазіргі таңда жұбайы Оспанов Тасқын ағамен берекелі отбасын құрып, ұрпағының қызығын көруде. Ұлдарын өсіріп, бағып әр саланың белді азаматы атандырған. Бүгінде үлкен ұлы Дархан Тасқынқұлы Зырян қаласында мемлекеттік автомобиль инспекциясында жұмыс жасайды. Ортаншысы Дастан №15 өрт сөндіру бөлімінде қызметте. Кіші ұлы Еділ жеке кәсіпкер.
40 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі медбике биыл еңбек демалысына шығатынын алға тартады. Өмірінің жарты ғұмырын медицина саласына арнаған Роза Жұмабекқызының еңбегі зор демекпіз.
- Мейірбикенің жұмысы қиын, тірлігі қауырт. Қиын да қызықты жұмыс. Ең бастысы, өз жұмысыңды, мамандығыңды жақсы көре білсең болғаны. Жұмысыңды жан қалауымен, жауапкершілікпен атқарсаң, онда дертіне шипа іздеп келген науқастың да көңілін табуға болады.
Өмірім мейірбикелік қызметпен байланысты өрбіп келеді. Бұл жұмыстың әр сатысынан өттім. Әр бөлімдегі мейірбикенің қызметі тиісінше әртүрлі. Міндет біреу болғанымен, жүктелер жұмыс ауқымды- дейді өз сөзінде.
Роза Жұмабекқызы «Көкпекті ауданының денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталған. Сонымен қатар облыс әкімінің Алғыс хатымен мадақталған.
БАС МЕДБИКЕНІҢ БИІГІ
Медицина саласының дамуы ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, әлеуметтік және кәсіптік белсенді, бәсекеге қабілетті, білімді де білікті медбикелерге тәуелді. Себебі, медбикелер науқасты сауықтыру процесінде жауапты қызмет атқарады. Міне, сондай міндетті мойымай көтеріп, ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленіп жүрген Галиева Гүльбану аудан медицинасы үшін қосқан үлесі қомақты.
Галиева Гүльбану Такықызы 1966 жылы 9 қыркүйекте Көкпекті ауылында дүниеге келген. Көкпекті орта мектебінде 10 жылдық білім алған. Кейіннен 1983 жылы Алматы Республикалық медицина училищесіне оқуға түсіп, 1985 жылы диплом алады. Жас маман атанып, Көкпекті аудандық ауруханасына жұмысқа қабылданады. Еңбек жолын хирургия бөлімінде бас-тап, 3 жыл жұмыс жасайды. Араға уақыт салып Зырян қаласына көшіп кетіп, ол елді мекенде хирургия бөлімінде 3 жыл медбике болып қызмет етеді. 1998 жылы Көкпекті ауылына оралып, жұқпалы аурулар бөліміне медбике болып орналасып, бүгінгі күнге дейін бас медбике болып қызмет етіп келеді.
Гүлбану Галиева өмірлік жары Халиульдин Аян аға екеуі 4 бала тәрбиелеп өсірді. Үлкен қызы Ильсюяр мектепте мұғалім, кіші қызы Эльвира ауруханада лаборант, ұлы Данияр мал дәрігері және кіші ұлы Бекзат студент.
Науқасқа ең бірінші көрсетілер көмек – мейірім. Жаны, тәні ауырған жан дәрігер мен медбикелердің жылы сөзіне, қамқорлығына мұқтаж болады. «Мейірбике» деп аты айтып тұрғандай, мейірімді, ізетті болған дұрыс. Әрбір берген дәріні «ем болсын» деп табыстап, науқасқа күлімдеп тұрып, көмек көрсетіп, еммен ғана емес, сөзбен де шуақ сыйлай білу – нағыз кәсіби медбикенің міндеті. Осындай ұстанымды өмірлік қызметте алға қойған Гүлбану апайдың медбикелік болмысы көпке үлгі. Ол кісінің медицина саласындағы еңбек өтілі – 39 жыл. Гүлбану Такықызы өзінің көп жылғы еңбегінде жұмыстағы ұжымның береке-бірлігі ең маңызды дүние екенін айтады : - Бізді жұқпалы аурулар бөлімінің дәрігерлері де, медбикелері де өте ұйымшыл жандар. Бізге емделуге келген науқастар әркез алғыстарын жауғызып кетеді. Менің өзімнің мамандығым мен әріптестеріммен мақтанамын. Өмірдегі екі таңдаудан жаңылған емеспін. Мамандығым өмірімді жақсы адамдармен толтырды.- дейді Гүлбану Галиева.
Осы қызметте жүрген жылдары облыстың және аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталған.

Гүлім ЕРЛАНҚЫЗЫ

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Маусым 2024 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз