Қалба тауының оңтүстік шығысында Жарма мен Көкпекті, Ұлан аудандары шектеседі. Дәл үш ауданның ортасында Шымылдық көлі жатыр. Жері жонды сауыр болғасын жазы салқын, шыбынсыз – жылқының таптырмас өрісі, атам қазақтың ен жайлау, атамекені. Дәл осы атыраптан иісі қазаққа әйгілі Дүйсенбі Қалматаев, Әди Шәріпов, Мұрат Қалматаев шыққан. Солармен қатарлас Бабатай Ағәділұлы Жаңабаевты да айтуға болады. Ол кісінің бабалары Жаңабай да, Ағәділ да теңдессіз күш иесі балуан болған батырлар екен.
Осы әулетте 1921 жылы туған Бабатай атамыз да ерен күш пен жүректі, ерліктің иесі болып өскен. Толағайдың киесі, Қалбатаудың иесі ұрпаққа дарығаннан, осы аймақтан шыққан жігіттер зіңгіттей ірі денелі, әлеуетті келетіні сондықтан болар. 1940 жылы дәл 19 жасында Қызыл әскер қатарына шақырылып, Байкалдың аржағындағы 50-ші атты әскерлер шекара жасағында қызмет етеді. Қызмет барысындағы үлгілі тәртібі мен саяси сауаттылығы үшін, тұңғыш марапаты «Үздік сақшы» белгісін алады.
Ұлы Отан Соғысы басталысымен 188-ші Аргунь полкінің 60 дербес барлау ротасының взвод командирі болады. Жорық жолдарында Курск иінінен бастап І-ші Украин майданы құрамындағы Қызыл Тулы 106 Забайкал-Днепр дивизиясы құрамында Польшаны, Венгрияны азат етуге қатысады. Жау тылынан барлау тобының командирі ретінде әлденеше рет «тіл» әкеледі. Небары 22 жасында үш рет «Қызыл Жұлдыз» орденін алса, «ІІІ-ші дәрежелі Даңқ», «ІІІ-ші дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордендері майдан даласындағы ерліктері үшін берілгендерін көрсетеді. 1982 жылы 60-шы дербес барлау ротасының командирі Елубай Қазбеков Қызылжардан Биғашқа іздеп келеді. Кезекті барлау жорығында Бабатай атамыз ауыр жараланған Елубайды жау қолында қалдырмай арқалап алып шығады. Солтүстік Қазақстандық журналист–жазушы Елубай Казбеков атамыз Бабатай Жанабаев туралы «Барлаушының әңгімесі» деген кітап жазып шығартады. Соғыстан соң Бабатай атамыз ұзақ жыл аудандағы сауда саласында еңбек етті. Атақты барлаушы, ардагер атамыз ғұмырының соңына дейін Көкпекті кеңшарының орталығы Биғаш ауылында тұрды. Замандастары мен ауыл тұрғындары арасында беделді, еліне сыйлы болды. Жары Шакен апа екеуі бес ұл, төрт қыз өсіріп, он бестен асқан немере, жиырма шақты шөбере көріп, бақытты ғұмыр кешті.
Бүгінде баба ерлігін іздеп, соны ұрпаққа жеткізу биғаштық зия-лы қауымның үлесінде. Биғаш округіндегі ағайынды Сұлтанбек, Тойлыбек, Тойшыбек, Касымбек, Нұрбек Дүйсенбаевтар, Солтанкажы Тұрашев, Болысқан Исабаев, Ақылбек Ермекбаев, Сембай Әлімбеков, Сапа Қалиев, Зейнолла Көккөзов, Бижақыт, Жақыт Шүкеевтердің соғыстағы ерлік жолдары ұрпаққа үлгі боларға әбден лайық. Ардагер аталарымыздың өмір жолы біздің мақтанышымыз.
Қайрат Малғаждаров, Көкпекті ауылы
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.