Жаз бойы төкккен маңдай тердің ақталатын кезі, халық молшылық пен тоқшылыққа кенелетін уақыт дәл осы күз мезгілінің қарсаңында. Бұл маусымда жеміс-жидек пісіп, бау-бақша еселенген еңбектің қайтарымына өнімін төгеді. Осы орайда, азық-түлік жәрмеңкелерін ұйымдастыру тұрғындар үшін аса маңызды. 12 тамыз күні Көкпекті жұрты орталық базарда ұйымдастырылған жәрмеңкеге ағылды.
Аталған жәрмеңкеге ауданның 6 ауылдық округінен кәсіпкерлер қатысты. Базар бағасынан әлде-қайда төмен бағамен сатылған өнімдерді жұртшылық қуана сатып алды. Ет, сүт өнімдері бір сағат болмай жатып өтіп кетті. Үлкенбөкен ауылының азаматы Ерлан Юсупов осындай жәрмеңкелердің халыққа тиімді тұстары өте көп екенін айтады. Ол алып келген 150 кг. ет өз тұтынушыларын бірден тапты. Айта кеткеніміз жөн, бұл жерде сиыр етінің 1 кг. – 1400 тг. болды. Дәл осы ауылдың кәсіпкері Петр Кодинцев 20 теңгеден 200 дана тауық жұмыртқасын, 1 кг. – 900 теңгеден 15 литр бал әкелген. Оның айтуын-ша, өнімдерді халық назарына қойған сәтте-ақ, барлығы сатылып кеткен. «Мират» ЖК (М.Смағұлов) көкпектіліктерге 1300 теңгеден 250 кг. сиыр етін ұсынды.
«Көкжыра-сүт» АШӨК басшысы Асқар Қажығалиев ауданымызда сүт жинау және оны өндіруді кең көлемде жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Биылғы маусымға ауданымызда алғаш рет өткізіліп отырған жәрмеңкеге ол 1 киллограмы 1800 теңгеден сары май, 300 гр. – 350 тг.-ден кілегей, 600 теңгеден ірімшік, 1 литры 250 теңге тұратын айран және басқа да сүт өнімдерін ұсынды. Ауданымызда шығарылған сапалы өнімді алушылар нөпірі көбейіп, сөре маңы абыр-сабырға толып кетті. Одан бөлек, бұл күні А.Қажығалиев килограмы 400 теңгеден 100 кг. тартылған балық етін сатты.
Қ.Аухадиев атындағы ауылдық округінің тұрғыны Мүслима Кайсанова өзінің бау-бақшасында өскен өнімдерді саудалады. Атап өтер болсақ, 1 шелегі 700 тг-ден алма, 250 теңгеден қызанақ, баялды, сондай-ақ, тұздалған қияр, килограмы 1700 теңгеден сары май. Ал, Александр Ипатко қаумалаған тұтынушыларға 1000 теңгеден 50 кг. бал сатты. 80 омартасы бар ара өсіруші өз өнімдерімен Астана, Алматы қалаларында өткізілген жәрмеңкелерге де қатысқан. Белое ауылдық округінің ара өсірумен айналысатын жас кәсіпкерлерінің бірі Әділет Рапеков 1200 теңгеден 60 кг. бал әкелді.
Тассай ауылдық округі - балыққа ең бай ауыл. Сондықтан ол жерден келген кәсіпкерлердің сөрелері балықтың түр-түрімен толды. Кәукеш Омарова Көкпекті жұртына килограмы 500 теңгеден сазан, 700 теңгеден судак – жалпы 50 кг. балықпен қоса, 110 теңгеден бұрыш ұсынды.
Халық Бастаушы ауылынан келген Ольга Кимның («Валерий» ШҚ) қолынан қиярларды таласа-тармаса алып жатты. Себебі, олардың бағасы базар бағасынан әлдеқайда төмен. 12 жылдан бері көкеніс егуді кәсіп қылған еңбекқор жан биылғы жылы 4 гектар жерге қияр салған. Жәрмеңкеге 120 теңгеден 300 кг. қияр әкелген. Одан бөлек Ольга Христафоровна қызанақ, сәбіз, жүгері егумен де айналысады.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындарын мәре-сәре қылған жәрмеңкеге Күршім ауданы Ақши ауылының «Мұрат» шаруа қожалығы (К.Құсайынов) нағыз жаздың дәмі болып есептелетін қауын-қарбыз ұсынды. Қарбыздың килограмы 50 теңге, ал қауынның 1 килограмы 160-180 тг.-ден болды. Айта кеткеніміз жөн, Кәдірқожа Құсайынов ауданымызда өткізіліп тұратын жәрмеңкелерге жыл сайын қатысады.
Аудан орталығында ендігіде жәрмеңке әр апта сайын өткізілетін болады. Қолда бар өнімді халық игілігіне ұсынып, жәрмеңке ұйымдастыру – бұл ежелден келе жатқан дәстүр. Бүгінгі таңда ол жаңа сипатқа ие болды. Бірінші кезекте бүгінгі жәрмеңкені билік органдарының инфляцияны құрықтаудағы алдын-алу шаралары деп қарастыру керек. Екіншіден, жәрмеңке ауыл тұрғындарына қыс маусымына қажетті азық-түліктің қорын жинауға мүмкіндік береді. Ағыл-тегіл жәрмеңкеден ауыр дорбаларын арқалап қайтып бара жатқан ауыл халқы дән риза.
Күлпаш Мүлікбаева, Көкпекті ауылының тұрғыны, зейнеткер:
- Ауыл-елге пайдасы мол игі бастама жалғасын табады деген ойдамын. Мына жәрмеңке өңіріміздегі молшылықты білдіреді. Бұның барлығы ауыл шаруашылық еңбеккерлерінің өз қолымен өндірген сапалы өнімдері. Ерте көктемнен бастап бел жазбай еңбек еткен шаруаларға, кәсіпкерлерге зор алғысымызды білдіреміз. Базармен салыстырғанда бағалар арзан екендігі қуантады. Ет, бал және көкөністерді шамамыз жеткенше алдық. Әсіресе, біз сияқты зейнеткерлерге осындай жәрмеңкелердің берер артықшылығы мол.
Жансая СМАҒҰЛОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.