Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Бүгінгі таңда бар әлемнің назарын өзіне аудартып отырған «ЭКСПО - 2017» Халықаралық көрмесі еліміздің бас қаласында өтіп жатқаны мемлекетімізге мәртебемен қатар, нақты бағыттардағы артықшылықтарды да беріп отырғаны анық.
Қазақстан әлемдік қауымдастыққа «Болашақ энергиясы» тақырыбын ұсынған бұл көрме ТМД елдерінде өтетін алғашқы көрме екенін айта кеткен жөн. ЭКСПО көрмесі кешенінің аумағы 25 гектарды құрайды. Алғашында ұйымдастырушылардың берген мәліметі бойынша көрмеге 2,4 млн. адам келеді деп күтілген болатын.

Келушілер саны қазірдің өзінде 1,5 миллионнан асқаны мәлім. Ал, біздің ауданнан төрткүл дүние қызыға көз тіккен дүбірлі шараны тамашалауға барғандар тізімі қазір 944 болып тұр, яғни жоспарланған мөлшердің 94% құрайды. Көрме 10 қыркүйекке дейін жұмыс істейтінін ескеретін болсақ, бұл аз көрсеткіш емес. Халықарарлық көрмені тамашалап, ондағы қызықты өз көзімен көріп келген жерлестеріміздің лебіздерін өткен сандарда жүйелі түрде жариялап тұрған болатынбыз.
Күнде жаңалықтардан да, әлеуметтік желілерден де түрлі пікірлер оқимыз. Дегенмен, «жүз рет естігенше, бір рет көр» деген қағида бекер емес-ті. Ешбір фото мен бейнежазба әлемді тамсандырған көрмені өз көзіңізбен көргендегі әсерді алмастыра алмайды. Өткен аптада аудандық газет ұжымы болашақтың қамына бағытталған жобаларды ұсынған сан елдің алпауыттары бас қосқан ғылыми көрмеге барып қайтқан болатын. Бір күнімізді аталмыш көрмемен танысуға жұмсаған біз, көрме қонағы болған халықтың оңды лебіздерді бекер төгілтпегендігінің куәсі болдық.

ЕЛІМІЗГЕ ӘКЕЛЕТІН ЕНШІСІ ҚАНДАЙ?

2012 жылдың 22 қарашасында Францияның астанасы Париж қаласында Халықаралық көрмелер бюросы Бас ассамблеясының 152-сессиясы барысында Қазақстан ЭКСПО көрмесін өткізу құқығын жеңіп алған болатын. Сол уақытта халық санасына тұрақтаған сауал көкейлерден әлі кете қойған жоқ. «Бұл көрме елімізге не береді?». Жалпы, артықшылықтары өте көп деген сөзді бірінші рет айтып отырған жоқпыз. Енді, өзіміз көзбен көріп, байқаған тұстарымызды саралап көрейік.
Біріншіден, «ЭКСПО - 2017» ғылым мен техниканың дамуындағы жаңа серпін болып табылады. «Болашақтың энергиясы» атты көрме тақырыбы Қазақстанға «Қазақстан - 2050» стратегиясында көрсетілген Үшінші индустриялық революцияға өту үшін инновацияларды белсенді түрде дамытуға көмектеседі. Еліміз бұл тұрғыда жаңа жобалар мен жасыл инновацияға ие екенін айта кеткеніміз жөн. Көрме арқылы сол жобаларды дамытып, жаңа экспорттық өнімді іске қоса алады. Мәселен, ағаш орнына көмірден алынатын арзан кремнийдің экологиялық таза өнімін пайдалану, күн энергетикасына арналған тазалығы жоғары металлдар, «жасыл» және микротолқынды химия, берилийден алынатын электроника өнімдерін шығару. Мемлекетіміз кремний, теллурий-сульфид-кадмий, арсенид-галлий және германий әзірлемелері негізінде әсерлі күн энергиясын құруда айтарлықтай әлеуетке ие.
Көрменің тағы бір басым артық-шылықтарының бірі – ХХ ғасырдағы адамзаттың басты мәселелерін шешудегі Қазақстанның орны болып табылады. Көрме тақырыбы «Болашақ энергиясы» деп жайдан-жай қойылмағаны анық. Ол климатты тұрақтандыру және энергия-ны қол жетімді ету сияқты ғаламдық мәселелерді шешуге бағытталған.
Сонымен қатар, «ЭКСПО – 2017» - ел экономикасының айқын даму жолы екенін де ұмытпағанымыз жөн. Біріншіден, инфрақұрылымның дамуы: жолдар, қоғамдық көліктер, әуежайлар мен вокзалдар, ЭКСПО қалашығының құрылысы. Бұлардың барлығы қанша жұмыс орындарын қамтамасыз етті. Екіншіден, Елорда жұртшылығының кіші және орта бизнесті дамытуына, әсіресе, халыққа қызмет көрсету, қонақ үй қызметі мен ішкі туризм салаларына айтарлықтай пайда тигізіп отырғаны аян. Ішкі туризмді дамытумен қатар, елге шетелдік туристердің келу мөлшерінің өсуіне әкеледі. Айта кетелік, осы уақытқа дейін көрмені тамашалаған халықтың 14% шетелдік азаматтар. Сонымен қатар, көрме аясында салынған ғимараттар алдағы уақытта Қазақстанды әлемдік аренада аса ірі халықаралық көрмелер мен ақпараттық-таныс-тырылымдық алаң ретін-де қарастыруға зор мүмкіндік береді.
Ауқымды шараның тигізер тағы бір оңды тұсы, ол – әлем елдерінің мәдениеті мен салт-дәстүрімен танысу, озық тәжірибелерімен алмасу болып табылады. Көрме уақытында, яғни 3 ай бойы әр мемлекет өздерінің ұлттық күндерін өткізіп, көрерменге төл мәдениетін паш етеді.
«ЭКСПО - 2017» Астана қаласында өтіп жатқаны Қазақстанның мемлекеттік PR деңгейін өсірудің төте жолы. Ол елімізге әлемдік танымалдылыққа жетелей отырып, халқымыздың басты құндылығы – бірлігіміздің де дәлелі бола біледі. Ойлап көріңізші, аз ғана уақытта осындай ауқымды жобаны іске асыру, ұйымдастыру жұмыстарын күткен мөлшерден де артық орындау, еліміздің әр түкпірінен ағылып жатқан еріктілер – бұның барлығы халқымыздың бірлігі, ортақ шаңырағымызға деген құрметі емес пе?!
Жаңа атап өткенімдей, аталмыш көрме Қазақстандағы еріктілер қозғалысының даму серпінін берді. «ЭКСПО – 2017» көрмесіне жастарды тарту мақсатында ағымдағы жылдың ақпан айында елімізде белсенді жастар мен қоғамдық ұйымдардың басын қосқан Қазақстан еріктілер Альянсы құрылған болатын. Аталмыш ұйымның басты мақсаты әр тұлғаның санасына патрио-тизм, рухани және мәдени біліктілік, спорттық шынығу мен «жасыл» болашақ жайлы оңды көзқарасты сіңіре отырып, еріктілер қоғамын жаңа трендке айналдыру болып табылады. Шынымен-ақ, көрмеге кірер қақпадан бастап, әр павильон тұсында қажетті бағыт көрсетіп, тұрғындарға шетелдік азаматтармен пікір алмасуға көмек көрсетіп жүрген жастар халықаралық көрменің үлкен жетістігі деп білген жөн. Қазақстандық жастардың ағылшын тілінде еркін сөйлеп жүргендері, тек тіл білгендері ғана емес, кез-келген адаммен еркін қарым-қатынас орната білетін қасиеттері, сұраған жанға ел тарихы мен көшпелі мәдениетінен хабар бере алатын біліктіліктері көңіліңізге қуаныш орнатпай қоймайды.
Жоғарыда айтқанымдай, «ЭКСПО – 2017» көрмесінің елімізге әкелген тағы бір жағымды жағы - айшықты ғимараттар құрылысы. Жалпы көрме аумағы 175 га. алаңды алып жатыр. Оның 25 гектары ЭКСПО нысандарына арналған. Олар: ерекше сәулетімен барша келушінің назарын аудартқан ұлттық павильон, озық тәжірибелерге арналған павильон, әлемнің 100-ден астам елі орналасқан халықаралық және тақырыптық павильондар болып табылады. Сонымен қатар, Шығармашылық энергия аймағы аталатын ғимарат та тамсандырмай қоймайды. Бұл жерде қабырғалары ауа өткізетін арнайы торлар арқылы салынған ғимарат болғандықтан, аптап ыстықтан пана іздеген әр адам салқын ауамен тыныстап, үстел теннисін ойнауға, әңгімелесуге, сондай-ақ, жанды дауыстағы концерт тамашалауға тамаша мүмкіндік алады. ЭКСПО тарихына үңілетін болсақ, күні бүгінге дейін халық назарының басым бөлігін аудартып отырған сәулетті құрылыс нысандары қатарына Лондондағы Хрусталь сарайы, Париж қаласындағы Эйфель мұнарасы, Мельбурндегі патша сарайы және басқа да көркем ғимараттар жатады. Қазірдің өзінде Болашақтың мұражайы атауына ие болған «Нұр Әлем» ұлттық павильоны да сондай ерекше есте қалатын айшықты орын болатынына сенім мол.

 

 

Пікір:

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Шілде 2017 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
           

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз