Көкпекті ауданының экономикалық дамуының басты бағыты ауыл шаруашылығы саласы болғандықтан, бүгінгі күні бірнеше ауылдық округтерде сарып ауруы ошақтарының анықталуына орай, оның өзектілігі артып отыр. Аудан әкімі Рамиль Сағындықов бұл мәселені үнемі жіті бақылауда ұстап, аурудың таралу себептерін анықтау мен салдарын жоюға бағытталған шараларды әкімшілік отырысында бірнеше мәрте талқыға салды.
Көкпекті ауданындағы анықталған сарып ауруына шалдыққан мал басының артқанын ескере отырып, аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Ербол Төлешовтің уәжін тындадық. 2017 жылы ауылшаруашылық малдарының сарыппен ауыру жағдайы және оны төмендету жолында жүргізіліп жатқан шаралар жөнінде айтып берді жауапты қызмет басшысы.
- Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңын жүзеге асыру бойынша бөліммен ауданның ветеринарлық қауіпсіздігіне қатысты мәселелер, жануарлардың сарып бойынша эпизоотикалық жағдайы, мал бастарын сәйкестендіру және ветеринариялық алдын алу шараларының барысы жайында жиындар өткізіліп тұрады. Ауылдық округтердегі мал дәрігерлері ветеринарлық жағдайды сауықтыру мақсатында ауыл тұрғындары және мал шаруашылығымен шұғылданып отырған шаруа қожалықтары арасында мал дәрігерлігі саласындағы заңнама талаптарына сәйкес түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.
Аудан бойынша сарып кеселіне диагностикалық зерттеулер жасауға арнап бекітілген жоспарға сай төмендегі ауылдық округтердің жануарлары зерттелді. Атап кетсек, 1) 47 746 бас ірі қара, оның ішінен 605 жануар дертке шалдыққан, бұл – (1,27%). Дертке шалдыққан жануарлар Бастаушы ауылдық округінен 190 бас (зерттелгені – 2369), (8,0%), Белое округіне қарасты Қараөткелден 60 бас (зерттелгені - 638), (9,4%), Көкжайық округі, Көкжайық ауылынан 2966 бас мал зерттеліп, 191-і ауру жұқтырған (6,4%). Жергілікті ветеринарлық пункттердегі мал дәрігерлері диагнозды нақтылай түсу үшін диагностикалық зерттеулер нәтижесінде індетке шалдығудың неғұрлым жоғары көрсеткіштерін көрсеткен малдардан патологиялық материал алып зерттеді. Оң нәтиже көрсеткен жағдайда округ әкімі сол елдімекенге бруцеллез бойынша шектеу қою туралы шешім қабылдайды.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы «Ветеринария туралы» Заңына сәйкес Бастаушы ауылдық округі толығымен, Белое округінің Қараөткел ауылы, Көкжайық ауылына мүйізді ірі қара малдардың арасында бруцеллез ауруының шығуына байланысты шектеу іс-шаралары белгіленген. Үлгілімалшы округі, Сүлеймен ауылында зерттеуден өткен 470 бастың 20-сы ауру жұқтырған. Округ әкімімен ветеринарлық тәртіп енгізіліп, сауықтыру шаралары жасалуда. 2) Зерттеуден өткен 74843 бас ұсақ малдың 188-і, (0,25%) сарып жұқтырған. Сонымен қоса, аудан әкімінің 2017 жылы 6 ақпанда №25-ші қаулысымен Бастаушы ауылына шектеу шараларымен ветеринарлық тәртіп белгіленді. Бүгінгі күнге жеті мәрте зерттелген 12721 бас ұсақ малдың 435-і, (3,42%) ауру болып шықты. Өткен жылдың көктемінде Көкжайық ауылында зерттелген 6489 ұсақ малдың 122-сі ауру болды. Ветеринария бөлімінің вакциналау жұмыстары нәтижесінде биылғы жылы ұсақ малдың бір де бірі ауырған жоқ.
«Республикалық эпизоотикаға қарсы отряд» РММ сауықтыру бойынша шаралар бойынша 22300 шаршы метрді қамтитын 87 ауланы залалсыздандырды, - деді Ербол Тұрлыбайұлы.
Бөлім басшысының айтуынша, әрбір мал ауырған жағдай анықталғанда, оның иесіне механикалық тазарту және санитарлық сою жайында нұсқама беріліп, кеселге шалдыққан жануар сауда алаңдары мен нарыққа еш кедергісіз шығарылады. Ал ұсақ мал 15 күн ішінде ет өңдейтін мекемеге санитарлық союға өткізіледі. Бөліммен өскемен қаласындағы «Ұлан» ет өңдеу кәсіпорнына ауру малдарды өткізу бойынша меморандум жасалған. Бүгінгі күнге аудан бойынша ауылшаруашылық құрылымдары мен жеке меншіктегі 9025 бас ірі мал, 950 бас ұсақ малдар сарыпқа қарсы егілген.
Сондай-ақ, бруцеллезге зерттелген 289 иттен, 40 ит оң нәтиже берді.
2017 жылы ветеринария бөліміне қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауға 1 500 000 теңге бөлініп, осы күнге дейін аудан бойынша 381 итті аулауға 952 500 теңге жұмсалды. 4300 шаршы метр болатын 56 аула мәжбүрлеп залалсыздандырылды. Аудандық мал дәрігерлігі бөлімі ветеринария саласындағы бұзушылықтар бойынша жеті мәрте тексеру жүргізіп, материалдарды аудандық аумақтық инспекцияға беру арқылы, нәтижесінде 431 110 теңге өндіріп алынды.
Ветеринария бөлімі басшысының бұл деректеріне сүйенер болсақ, ауданда сарып аруының алдын алу және салдарын жою жолында қыруар шара атқарылып жатыр. Алайда, Бастаушы ауылдық округінен анықталған сарып аурына оң нәтиже берген 150 бас ірі қара мал қайда кетті? Оның көзі жойылды ма әлде арнайы орынға тапсырылды ма? Аудан әкімінің бұл сұрағына ветеринария бөлімінің басшысы Ербол Төлешов, Бастаушы ауылдық округінің әкімі Айнұр Отаршина және жергілікті полиция қызметінің басшысы Ферхат Мавлютовтың бірі де нақты жауап бере алмады. Сонда сарып ауруын жұқтырған 150 бас ірі қара мал қайда кетті?
Бақыт МҮЛІКОВА
Дархан БЕРДІБЕК
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.