Шаштараз – өте көнеден келе жатқан кәсіп. Бұрын шаштараз болып ер адамдар жұмыс істеп, шаштаразға тек ер адамдар ғана барып, шаш алдырып, сақал-мұртын бастыратын. Ал, қазір заман басқа. Шаштаразға кішкентай балалардан бастап, әйел адамдар да барады. Шаштараздан адам жасарып, заман талабына сай шашын боятып, қидырып, тырнақтарын әрлеп, қас пен кірпікті де сәндеп шығады.
Самар ауылында онға тарта шаштараз бар. Солардың бірінде Шолпан Кәкенқызы Сүлейменова мен Рада Александровна Высоцкая жұмыс істейді. Шолпан Кәкенқызы тәжірибелі шаштараз. Оның еңбек жолы сонау тоқсаныншы жылдары басталды. Мектепті аяқтаған соң арман қуып Алматыға барды. Бірақ, көздегені бір ғана мақсат – шаштараздың оқуын оқу. Сол кезде Алматыда Тұрмыстық қызмет көрсету техникумы бар еді. Соған түсіп, шаштараз және декоративтік косметика шебері мамандығын игерді.
- Мені оқуды аяқтаған соң Байқоңырға жолдамамен жіберді. Онсыз да ауылдан ұзап шыққаным осы, Байқоңырдан не іздеймін деп ойладым да, үйге қайттым. Самар ол кезде аудан орталығы. Адам көп тұрады. Үлкен тұрмыстық қызмет көрсету үйі бар. Әйелдер залы, ерлер залы деп екіге бөлінеді. Сол екі залдың біріне мен де шаштараз болып орналастым. Г.Кравцова, А.Сәрсенбаева және басқа да майталман мамандар жұмыс істейтін шаштаразда тыным жоқ. Әйелдер арасында шаш қию сәнге айналған шақ. Неше түрлі үлгілер бар. Соның барлығын жылдам үйреніп алмасақ, клиенттерді жоғалтамыз. Бірақ, біздің шаштараз ылғи да алдыңғы қатардан көрінетін. Ал шеберлеріміз түрлі конкурстарда жеңімпаз атанды, - деп есіне алады Ш.Сүлейменова.
Тоқырау жылдарының ауыртпалығын бұл кәсіпорын да көтере алмады. Енді барлығы өзі үшін еңбек етуге кірісті. Көзтаныс болып қалған тұрақты клиенттері Шолпанды да үйіне іздеп келе бастады. Осылайша жалғаса берген соң, отбасымен ақылдаса отырып, орталықтан бір ғимаратты жалдап, шаштараз ашуға бел буды. Оған серіктес те табыла кетті. Міне, содан бері де ондаған жылдар өтіпті.
Қазір Шолпан Кәкенқызы осы ауылдағы ең тәжірибелі шаштараздардың бірі. Оған шаш алдыруға жас баладан бастап, үлкен адамдар да, әжелер мен аталар да келеді.Әсіресе, жаз айларында шаштарын тықырлап алғысы келгендер Шолпанның ұстарасын «сағынып» тұрады. Оның шеберлігінен талай жас үйренді. Ол ешқашан да ақыл-кеңесін аяған емес. Әріптестері А.Абдулова, Д.Қарашанова, А.Крючкова оны өздеріне ұстаз санайды. Ал қазір қасында бірге жұмыс істеп жүрген Рада Высоцкая Самар аграрлық-техникалық колледждің түлегі. Бірте-бірте шаш қиюды, бояуды меңгеріп қана қоймай, қас түзету, кірпік бояу, ұзартуды да үйреніп алды. Ал, тырнаққа маникюр жасаудың шебері десе де болғандай. Оның қолынан шыққан түрлі сәнді тырнаққа кез-келген адам қызыға қарайды. Оның да қазір өз келушілері жетіп артылады.
- Бұрындары шашты қимай, бұрымды қыздарды көп көретінбіз. Енді қазір ұзын шаш қайтадан сәнге айналды. Қазір жастардың көбі дерлік ұзын шашпен жүреді. Бізге тұрмысқа шығатын қыздар той алдында шаштарын сәндеуге келеді, сонда байқағаным, көпшілігінің шашы ұзын. Тіпті кейбіреулері той алдында шаштарын өсіруге тырысады екен. Ұзын бұрым қыздарға қандай жарасады, - дейді Шолпан Кәкенқызы.
Шаштараз тек қана шаш сәндеуші шебер емес, ол – психолог та болады. Шашын қиғызып отырған адаммен әңгімелесіп, көңіл ауанын байқап, кейбірімен құрбы сияқты болып кетеді. Шашы тәртіпке келіп, жасарғандай сезінген адам, әңгімелесіп те көңіл-күйі көтеріліп қайтады. Шаштараз қызметі шеберлікті ғана емес, шығармашылықты да талап етеді. Сондықтан да шаш қиғызуға келген адамның шашының құрылымын, бет – әлпетіне қандай шаш үлгісінің жарасатынын анықтай білу де қажет. Тұрақты келетін адамға не қажет екенін шебер жатқа біледі.
Шолпан да, Рада да отбасының меншікті шаштаразы. Шолпан Кәкенқызының жұбайы, үш баласы оны еркелетіп, «біздің» шаштараз деп атайды. Маңайдағы көршілер де шаштаразға баруға үлгермей қалса, үйге келе салайықшы деп өтініп тұрады. Ондайдан Шолпан бас тартып көрген емес. Әсіресе, үлкен аталар баталарын беріп жатады. Шаштараз - әлеуметтік мамандық, сондықтан да әлеуметтің алғысын арқалайды.
Клара НҰРПЕЙІСОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.