Құлынжон ауылындағы орта мектеп ғимараты салынғалы жарты ғасырға жуық уақыт өткен екен. Содан бері талай бала білім нәрімен сусындаған бұл ғимаратқа айтарлықтай жөндеу жұмысы да жасалмапты. Осы мектеп қа-бырғасынан түлеп ұшқан, қазір еліміздегі танымал құрылыс компанияларының бірі «ВІ Групп» холдингін басқарып отырған А.Рахымбаев мектепке жөндеу жүргіземін дегенде құ-лынжондықтар сенер-сенбестерін білмеп еді. Айдын Жұмаділұлы сөзінде тұрып, ерте көктемнен-ақ іске кірісіп кетті. Оқу жылы аяқталмай жатып, мамыр айының басында басталған құрылыс жұмысы қазір қарқынды жүріп жатыр.
Құрылыс деп айтуға әбден болады. Өйткені, мектептің қабырғалары ғана қалдырылып, едені, есік-терезелері, жылу жүйесі түгелдей алынды. Ең алдымен шатыры жаңаланған мектептің қазіргі түрі расында да жаңадан салынып жатқанға ұқсайды. Сонымен, құрылыс басында жетпістен артық адам жұмыс істейді. Олар бір минут та тыным таппай, әркім өз шаруасымен айналысып жатыр. Құрылысшылардың жұмысын бақылаушы аға прораб Руслан Тоқпанбаев бізге барлық жерді аралатып көрсетті. Қазір сынып бөлмелерінің қабырғалары сылануда. Ғимарат сыртында да сылақ жұмысы жүріп жатыр. «Жоба бойынша ғимараттың бір жақ бөлігінде бірінші қабатта шағын орталық орналасса, екінші қабатта сырттан қабылданған мұғалімдерге арналған жатақхана болады. Екі бөлмелі үш пәтер және бір бөлмелі екі пәтер қарастырылған. Онда санторап, жуынатын, кір жуатын арнайы орындар, ас бөлме барлығы да тұрғындарға өте ыңғайлы болмақшы. Спорт залы, акт залы, асхана да талапқа сай жасалады. Әр кабинеттің, тіпті бүкіл мектептің жиһазы, қондырғылары мен қажетті құралдар да жоба бойынша толықтай жабдықталмақшы», - дейді Руслан.
Әр сынып бөлмесінде компьютермен қоса, шыны талшықты желі орнатылып, ғаламторға қосылу мүмкіндігі туады. А.Рахымбаев Елбасының мақсат еткен Үш тұғырлы тіл саясатын өзі оқыған мектепте жүзеге асыруды ойластырып отыр. Қазірдің өзінде мұғалім таңдауға конкурс жарияланған. Жүз елу балаға арналған мектептің оқушылары қала мектептерінен кем білім алмайтын болады. Өйткені, Айдын Жұмаділұлы жерлестерінің балалары үйлерінен жырақ кетіп, қалаға барып оқымай, ата-анасының қасында тұрып-ақ заман талабына сай білім алғанын қалайды. Оқушылар тек жақсы білім алып қана қоймай, жан-жақты дамуы да тиіс. Ол үшін спортқа әуестіктері артатындай жағдай жасалғаны дұрыс деп санайды. Қысқы спорттың маңызы да өте зор. Ауыл баласы шаңғы, коньки теуіп өссе, шыныққан шымыр болады. Сол себепті спорттың бұл түріне қажет құрал жеткілікті мөлшерде әкелінбек. Далада да ойын алаңы, балалар алаңқайы жасалады. Аулаға асфальт төселіп, түрлі гүлзарларға да орын бар. Келесі жылы футбол алаңы жасалады.
Қыркүйек айының алғашқы күніне дейін, яғни, оқу жылы басталғанша мектеп дайын болатынына құрылысшылар кепіл болып отыр. Көрші ауылдардан келіп жұмыс істейтіндердің арасында «осында көшіп келеміз, балаларымыз жақсы мектепте оқысын» дейтіндері де бар көрінеді. Расыменде, маңайдағы ауылдардың тұрғындары бұл мектепке қызығарлық жайы бар.
Құрылысқа тек қана сапалы метериалдар пайдаланылуда. Басым бөлігі өзіміздің елде өндірілген, ішінара ресейлік құрылыс материалдары бар. Мектептің жылу жүйесі элетр қуатына қосылады. Оның төлеу ақысын А.Рахымбаев субсидиялайтынын әуелде-ақ айтып қойған. Сөзі ісінен алшақ кетпейтін жерлестерін құлынжондықтар мақтан тұтады. Оның қол астында жұмыс істеп жүргендердің де көбі өзіміздің ауданнан шыққандар. Бізді жұмыс барысымен таныстырған прораб Р.Тоқпанбаев та біздің өңірдің тумасы. Осы компанияда жұмыс істегеніне әлденеше жыл болыпты.
«Елім дейтін ұл болса, ерім дейтін ел болар», - дегендей, туған ауылына жасап отырған жақсылығы үшін А.Рахымбаевқа ауылдастарының алғысы шексіз.
Клара НҰРПЕЙІСОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.