Қазақстандағы азық-түлік қауіпсіздігі мен өнім өндіру, өндірілген өнімді өңдеу жұмысын ауылшаруашылығы саласы атқарып отырғаны мәлім. Бұл бағытта біздің аудандағы «Мәмбет» шаруа қожалығы құрылған күнінен бастап қайта өңдеу саласында көш бастап келеді. Баршаға белгілі мұнда бұрыннан жармалау цехы, диірмен, құрама жем цехы және нан зауыты жұмыс істеп, шаруашылықтың егіс алқабында өндірген өнімдерін өздері өңдеп, іске жаратып, тұтынушыға ұсынып келеді.
Шаруашылық жер игерумен қатар мал шаруашылығын да дамытып отыр. Мұнда қазір бірнеше табын ірі қара, жылқы мен қой отарлары бар. Яғни, ет өндіру ісі де жолға қойылған. Есенбек Мәмбетов шаруашылықтың ет өнімін нарыққа шығару мәселесімен айналысқанда бірнеше кедергіге кездескенін бұрын да тілге тиек еткен еді. Малды сойып, етін қалалы жерде базарда сату үшін орын жалдау, тоңазытқыш жалдау, етті әрі-бері тасымалдау, сатушы ұстау, тағы басқа да шығындарды есептеп келгенде бір бас малдың етін өткізгеннен түсетін пайда, оны өсіруге кететін шығыннан бірнеше есе артық болған. Ақыры ойлана келе ізденімпаз басшы етті өздерінде сойып және бөлшектеп, дүкендерде сатуға шығаратындай дайындау цехын ашуды қолға алды. Нәтиже күткендегіден әлдеқайда тиімді табыс бере бастады.
Ет өңдейтін шағын цех ашыл-ғалы көп уақыт өте қойған жоқ. Бірақ өнімі тұтынушыларға әлден танымал. Цехтың іші мұнтаздай таза. Санитарлық талапқа сай ішіне су тартылған, едені мен қабырғалары кафельденген. Цех ашылғалы жаңадан ашылған жұмыс орнында алты адам жұмыс істеп жүр. Арнайы даярлықтан өткен технолог Маржан Қамбарқызы Қамысова өз ісін жетік меңгерген екен. Цехта орнатылған ірі қара мен қой етін кесуге арналған екі станок-ара, етті вакуумда орайтын, яғни ауасын сорып алып, целлофан қаптауышқа орайтын, өлшеп, бірден еттің қай бөлігі екенін көрсете отырып, салмағы, бағасы жазылып шығатын этикетка шығаратын қондырғылар мен ет тартатын машина орналасқан.
- Мал ең алдымен шаруашылықтың мал бордақылау кешенінде орналасқан сою алаңында сойылып, тоңазытқышқа жеткізіледі, содан тоңазыған етті біз бөлшектейміз, - дейді Маржан Қамбарқызы.-Қой еті 23 бөлікке бөлінеді. Сан, қол, арқа, төс пен қабырға тілініп, бірге оралса, тіл бөлек, жүрек те бөлек оралады. Одан басқа сорпалық ет, яғни еті сылынған сүйектер, қазақша бұзылған ет жіліктеніп бөлек салынады. Қуырдақ, сұрп ет, кәуапқа арналған ет деп те бөлек бөлінеді. Ірі қараның еті де сан еті, қабырға, ара, белдеме, мойын-бұғана деп бірнеше бөлікке бөлінеді.
Одан басқа тартылған ет, бәлішке арналған піскен, тартылған өкпе-бауыр қоспасы. Қойдың да, ірі қараның да бас-сирағы үйітіліп, тазаланып жуылып сатылады. Тіпті етті кескенде түсетін үгінді де үй мысықтарына азық ретінде сатылымға шығарылады екен. Ет өнімдерінің бағасы келісі 300 теңгеден 1400 теңгеге дейін. Олар қазіргі күні 9 дүкенде келісім бойынша сатылып жатыр. Көкпекті ауы-лында 4 дүкен, Миролюбовка мен Раздольное ауылдарында бір-бірден және Самарда 3 дүкенге ет өнімдері жеткізіліп тұрады. Бұл дүкендердің барлығына да шаруашылық өзінің тоңазытқыштарын орнатқан. Аптасына екі рет 60 қой және бір, кейде екі бас ірі қара сойылады.
- Алдағы уақытта жартылай фабрикаттар жасайтын боламыз. Яғни, түшпара, мәнті жасап, дүкенге шығарамыз, - дейді технолог.
Цехпен бірге шаруашылық жұмысшыларының күнделікті ас ішуіне қолайлы асхананы, шағын дастархан жаюға ыңғайлы бөлмені жөндеп, іске қосқан. Алдағы күнге тағы да жаңалықтар күтілуде. Бүкіл кеңсе айналасы, зауыт пен өндірістік аула да абаттандырылып, гүлдер мен ағаш көшеттері егілген. Сонымен бірге, кеңсе іші жөнделіп, акт залы да жасалып жатыр. Бір сөзбен айтқанда қолдаушылары өз айналасында шоғырланған білікті басшының әлі де ойға алған жоспарлары жүзеге асары сөзсіз. Ал ауыл тұрғындары үшін бұл ет өңдеу цехы таптырмас өндіріс болып тұр. Өйткені, барлық технология сақталып, мал еті халал сойылатынын да атап өткен орынды болар.
Клара НҰРПЕЙІСОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.