Бүгінгі таңда бір де бір адам бұқаралық ақпарат құралдары, баспасөз, радио және теле-бағдарламаларынсыз күнделікті өмірін елестете алмайды. Қазақстан Тәуелсіздік дәуірінің алғашқы жылдарынан бастап баспасөз саласындағы халықаралық беделді құжаттардың аясында БАҚ-тың еркіндігін қамтамасыз етіп келе жатқан мемлекет.
Мемлекетіміздің абыройын асқақтатып, жан-жақты даму жетістіктерін насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі қашанда жоғары. Байланыс және ақпарат саласы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатынан туындайтын міндеттерді тұрғындар арасында насихаттап, осы бағытта атқарылатын шаралардың ауданымызда жүзеге асуына ықпал ететін басты қызмет болса, телекоммуникация торабы еңбеккерлері ақпарат құралдарын таратуда оқырмандар арасында алтын көпір орнатып, аудандық пошта байланысы мен ғаламтор желісін, телефон қызметін ұсынып отыр.
Байланыс және ақпарат құралдары қызметкерлері халық пен үкіметтің арасындағы байланыстың негізгі дәнекері ғана емес, қоғамның әлеуметтік өміріндегі өзгерістерге жедел үн қосушы болып табылады. Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметінің негізінде өткізілген, болып жатқан және алдағы уақытта қолға алынатын шаралар жөнінде ақпарат таратылады. Қоғамдағы өзгерістерге нақты көзқарас қалыптастыруда да аталған жандардың үлесі зор.
Мерзімдік басылымдар мемлекеттің шынайы қолдаушысы. Оның ең негізгі әрі көне түрлерінің бірі - газет. Тұрғындар үшін көкейтесті және жедел ақпарат көзі болып табылатын төл басылым - былтыр ғана 80 жылдық мерейтойын атап өткен «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газеті ауданымыздың жылнамасына айналды. Ұжымның шығармашылық ізденістері мен қажырлы еңбектерінің арқасында бүгінде аталмыш басылымның аудан тынысында алатын орны ерекше.
Құрметті ауданымыздың байланыс және ақпарат қызметкерлері мен сала ардагерлері! Сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, зор денсаулық, ашық аспан, өзара түсіністік, таусылмас өмір қуатын тілейміз. Қаламдарыңыздан қасиет кетпей, шабыттарыңыз шыңдала берсін. Табысты да жемісті еңбектеріңіз ақталып, алдағы мақсаттарға жету жолындағы жаңа биіктер мен шыңдардан көріне беріңіздер!
Р.Сағандықов, Көкпекті ауданының әкімі
Т.Сарманов, аудандық мәслихаттың хатшысы
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.