Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

«Еңбегінен ел таныр» дейді қазақ даналығы. Расымен де, өмірін адал еңбекпен байланыстырып, қызметіне бар жігерін арнауды басты міндетім деп білетін жандар ортамызда қаншама. Солардың бірі өмір кітабының 40 парағын, 40 жылын Көкпекті ауданына, оның дамуына үлес қосуға арнаған Құмар Нұрсапаұлы Орсаев.
Құмар Нұрсапаұлы Үлкенбөкен ауылында дүниеге келген. Орта мектепті тәмамдағаннан кейін 1965 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына түседі. Оқуын бітірген соң Құмар Нұрсапаұлы туған ауданына оралып, Шегелек кеңшарына жұмысқа кіреді. Ол уақытта кеңшар директоры жас маманға тағылымды тәлімгер бола білген Т.Қабаев еді. – Талғат Қабайұлы мені көп нәрсеге үйреткен ұстазым, үлгі тұтатын адамым болды, - деп еске алады Құмар Нұрсапаұлы.


Еңбек жолын қарапайым зоотехник болып бастаған жан біліктілігі мен еңбекқорлығының, адалдығының арқасында қызмет бабында жоғарылай бастады. 9 жыл зоотехник болып істеген Құмар Нұрсапаұлы Шегелек совхозының бас зоотехнигі болып тағайындалады, кейіннен Шұғылбай ауылына ауыстырады. 1984 жылы Құмар аға Көкпекті ауылында жұмыс істей бастайды. 11 жыл Көкпекті ауданының бас зоотехнигі болған соң, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы болып тағайындалады. Бұл қызмет жеке адамның жұмысы ғана емес, бүкіл бөлім қызметінің алға жылжуына әсер ететін зор жауапкершілікті қажет ететін еді. Әріптестері Құмар Нұрсапаұлын қызметіне адал, талапшыл және әділ басшы ретінде таныған. Ол кісі ауданымыздың ауыл шаруашылығы тұғырына нық тұрып, ісі ілгері басуы үшін көп еңбектенеді. – Кеңес үкіметі құлағаннан кейінгі шақта ел экономикасын көтеру оңайға соққан жоқ, - дейді Құмар Нұрсапаұлы. – Алайда, біз бір үлкен жүйе сияқты жұдырықтай жұмылып жұмыс істедік. Себебі, бізді өз елімізді өздігімізден аяққа тұрғызып, тәуелсіз елдің тұғырын бекіте алатынымызды бар әлемге дәлелдеу сезімі алға жетелеген еді. Ол кезде ауданды тәжірибелі әрі іскер Баянды Кәкенұлы Қожамбетов басқарған болатын. Біз облыстағы аудандар арасында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бойынша алты жыл қатарынан алғашқы орыннан түспедік. Ол кісіден кейін аудан басшылығына келген Дүйсенғазы Мағауяұлы Мусиннің кезінде де ауданымыз барлық бағыттарда көш бастап жүрді. Зейнеткерлікке шыққанға дейін бір жарым жыл қызметтес болған кезде мен бұл кісінің білікті басшы, керемет ұйымдастырушы әрі сөзге шешен, кез-келгенді соңынан ілестіре алатын жан екеніне көз жеткіздім. Дәл осы кезде ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласында жаңа технологиялар қолданылып, шаруалар үлкен қолдау тапты. Мен өзімнің еңбек жолымда осындай өз ісінің нағыз шеберлері, іскер де білімді азаматтармен жұмыс істегеніме қуаныштымын.
Ауданымыздың ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайы жайлы әңгімелей отырып, еңбек ардагері экономиканың аталмыш саласында әрі қарай даму үшін әлеуетіміздің мықты екенін атап өтті. Сонымен қатар, «Талап», «Қалисаттарұлы», «Виктория», «Теректі», «Елім-ай – Көкпекті» және тағы бірқатар шаруа қожалықтарының жұмысына көңілі толатынын айтты. – Маған аталған шаруа қожалықтары басшыларының жұмыс жүргізгендерін бақылаған ұнайды. Олардың жұмысына көз тіге жүріп, ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан еңбегіміздің зая кетпегендігін ұғынамын. Олар жаңа технологияларды қолданып, заман ағымына сай жұмыс істейді, сол арқылы аудан экономикасының дамуына ауқымды үлес қосады. Бұндай адамдарды қолдап, алға жылжулары үшін ынталандырып, басқаларға үлгі ету қажет. Ауданымыздың келешегі дәл осындай еңбекқор жандардың қолында екеніне сенімдімін, - дейді Құмар Нұрсапаұлы. Әңгімеміздің соңында ауыл шаруашылығының ардагері қазіргі жас буын – ертеңгі ел іргелеріне сөзін арнады. – Біз мемлекеттік қызметкер деп бекер аталмадық, біз халыққа қызмет көрсетуді міндет санаймыз. Шаруа қожалықтарының ісіне қолдау таныту, бүгінгі күннің басты мақсаты. Мемлекет бізге еңбекақыны сол үшін береді. Біздің ізімізді жалғап, біз бастаған істі жалғастырып жүрген ауыл шаруашылығы саласының жас мамандарына адал еңбектің жемісін ғана көруді тілеймін. Қызметтерін сапалы әрі бар жан-тәнімен атқарсын. Ең бастысы, ауданымыздағы тауар өндірушілерге демеу бола білсін. Себебі, біздің қолдауымызсыз еліміздің экономикасын көтеруге атсалысу оларға қиынға түседі.
Қызметін өмірім деп біліп, оны бар күш-жігерімен атқарған ардагермен болған әңгімеден түйгеніміз, Құмар Нұрсапаұлы білікті басшы, еңбекқор қызметкер ғана емес, отбасының тірегі, балаларының қамқор әкесі де. Өмірлік жары Галина Михайловна екеуі ғұмырларының 43 жылын бірге өткеріп, үш қыз өсірген. Бүгінгі таңда бар уақыттары мен мейірлерін немерелеріне бөліп, солардың қызығы мен қуанышына бірге бөленіп келеді. Ағымдағы айда Құмар Нұрсапаұлы өнегелі өмірінің жетпісінші белесіне шығады. Отбасына ардақты, қызметте қырағы, әріптестер арасында сый-құрметке лайық болу әркімнің басына бұйыра бермейтін бақ. Ал бұндай бақты иеленіп, өмір жолына дара өрнегін сала білген Құмар Нұрсапаұлына және оның отбасына денсаулық тілейміз.


Жансая СМАҒҰЛОВА

Пікір:

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Тамыз 2017 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
29 30 31      

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз