Арамызда дәулет пен ырысқа, бақ пен берекеге адал еңбекпен қол жеткізген қариялар аз емес. Ырыстың бұлағы да, бақыттың шырағы да — еңбек. Биыл 80 жастың сеңгірін бағындырғалы отырған Көкпекті өңірінің төл тумасы, көлік саласының еңбек ардагері, құрметті қария Шаров Василий Михайлович өмірдегі орнын еңбегінен тапқан жан десек, дөп басқанымыз. Ол маңдай терімен дәулет құрап, отбасын құрып, бала тәрбиелеп, немере-шөбере де сүйді. Бүгінгі таңда тынымсыз еңбегінің зейнетін көріп, ырысқа кенеліп отырған жайы бар.
Алдағы жексенбіде аталып өтетін көлік қызметкерлері күніне орай, арнайы барып бүкіл еңбек жолын көлік саласына арнаған, машина жүргізіп, техниканың құлағында ойнаған ақсақалмен жолығып, ой бөліскен едік. Бізді ашық көңілмен қарсы алған Василий Михайловичтің өткен өмірі туралы естеліктері де жарқын екен. Балалық шағында тар заманның ауыртпалықтарын көппен бірге бастан өткерген қарияның айтуынша, ол кезде ауылда сауат ашатын мектеп те болмаған. Әскери қызметін Германия елінде сол кездегі саяси жағдайға байланысты 4 жыл атқарған жас жігіт туған Көкпектісіне келіп, кешкі мектептен білім алып, жүргізушілік мамандығын меңгереді. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап Көкпекті аудандық Автобазасында жүргізуші болып, зейнеткерлікке шыққанға дейін үздіксіз еңбек етіпті. Валентина Николаевна Бессонова атты арумен бас қосып, бақытты шаңырақта Виталий және Надежда атты екі бала тәрбиелеп өсірген Василий Михайлович өнегелі отағасы да бола білді. Олай дейтініміз, ұрпақтары жоғары білімді маман, білікті қызметкер болып еліміздің әр бұрышында еселі еңбекке араласты. Өмірдің өзі аумалы-төкпелі ғой. Ақсақалдың көңіліне орны толмас өкініш ұялатқан жары Валентина 1998 жылы және ұлы Витя 2011 жылы мезгілсіз қазаға ұшырауы еді. Алайда, орнында бар оңалар демекші, ұлынан қалған үш немересі көңіліне демеу. Ал қызы Надежда Көкпекті ауданында мәртебелі қызметтер атқарса, қазіргі таңда Семей қаласы әкімінің орынбасары болып отыр.
– Автобазада инженер - Р.Беспаев, жұмысшылар ұйымының басшысы В.Виничук сынды мықты азаматтармен, А.Бойков, И.Петков, Г.Калачиков, А.Польской сияқты үзеңгілес-әріптестермен тату да ұйымшыл ұжымда ұзақ жылдар жұмыс істегеніме ризамын. Біз үнемі ұзақ жолда жүретіндіктен әрдайым бір-бірімізді қолдап, қиындықта қалтырмайтынбыз. Жүк көліктерімен тіршілікке қажетті түрлі тауарларды тасымалдау үшін Қазақстанның көптеген қалаларына, тіпті Қытай, Монғолия сияқты шетелдерге де колоннамен баратынбыз. Адал еңбек, маңдай термен табыс таптым. Содан да болар бірде-бір рет жол-көлік апатына ұшырап немесе көлікті сындырып, мемлекетке зиян шектіріп көрген емеспін. Сол жылдар ішінде Газ-53, Зил, КАМаз, бензовоз да жүргіздім. Сонау Омск, Барнаул қалаларынан жанармай да тасыдым. Еңбегім елеусіз қалмады. Қаншама рет Алғыс хаттар, Мақтау грамоталарымен, «Коммунистік еңбектің екпіндісі» төсбелгісімен марапатталып, бағалы сый-сияпаттар алдым. Әлі күнге дейін атаулы мерекелерде бұрынғы басшылар бізді ұмытпай сыйлықтар беріп, отын-көмірімізді түсіріп, көмек қолын созып тұрады, - дейді қария жарқын көңілмен. Василий атай еліміздегі қазіргі өмірдің артықшылықтарын да тізбелеп қояды. Кейіннен қосылған қосағы Клавдия Назаровна Долгих те кезінде Халық банкінде есепші, экономист қызметін атқарған көзі ашық жан екен. Ағымдағы жылдың шілдесінен зейнетақылары өскен қос қария бүгінгі тіршіліктеріне дән риза. Қоштасарда бақытын адал еңбектен тапқан үлкендерге зор денсаулық пен ұзақ та бақытты ғұмыр тіледік.
Бақыт МҮЛІКОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.