Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Адамзат баласы қауымдасып, бір мекенге топтасып өмір сүруге бейім жаратылған. Топтасып өмір сүрудің де өзіндік хикметі бар. Егер қайсыбір қауымның өмір тіршілігінде бірлік, ынтымақ, имандылық, өзара келісім, ортақ түсінік, т.б. құндылықтар басты орынға қойылса, сол халықтың берекесі артып, ғибратты ғұмыр кешеді.
Тұрақтылық бар жерде татулық орнайды. Татулық бар жерге Алла береке нәсіп етеді. Ынтымағы ыдыраған елден ырыс та кетеді. Біз мұндай жағдайды алыстағы елден емес, жақындағы көршілерімізден-ақ көріп отырмыз. Еліміздегі мешіттер мен медреселердің, діни оқу орындарының жұмысын қадағалап, бақылап-басқарып отыру міндеті маған жүктелгеннен кейін жамағатты діни саладағы кейбір нәзік мәселелерге әрдайым байыппен, сабырлықпен қарауға шақырамын.
Дін тек бірлік пен бейбітшілік орнаған елде қанат жаяды. Мұны әсте ұмытпауымыз қажет. Бүлік бар жерде береке кетеді. Ондай ортада дінді ұстану былай тұрсын, адамның күнделікті өміріне қауіп төнбей ме?
ХХІ ғасыр осындай күйге душар болған миллиондаған халықтың бүгінгі мазасыз өмір тіршілігіне куә. Алла Елшісінің: «Көпшілікпен бірге болыңдар, бөлінуден сақтаныңдар», – деп бұйыруында үлкен ғибрат бар. Мұндайда халқымыз: «Бөлінгенді бөрі жейді», – демей ме?! Дін – адамды Алланың даналыққа құрылған таңғажайып жаратылысынан ғибрат алуға, ізгілікке бастайтын ұлы жол. Имандылық – адамға екі дүниенің қуанышы мен сыйына, бақыты мен берекетіне жетелеп, жақсылыққа үндейді, адамның бүкіл өмірін, амалын ізгілікке, қайырымдылыққа бағыттайды. Дін – бүкіл әлемде адамдардың рухани дүниетанымын байытып, жер бетіндегі адамзат қауымының игілікте өмір сүруіне ықпал ететін қуатты күш.
Сондықтан сол күшті адамдар арасындағы достық пен ынтымаққа және мемлекетіміздің дамуына жұмсауымыз қажет. Ал өзара келісім мен жарасымдылыққа Ислам дінінің қосар үлесі өлшеусіз.
Алла Тағала Қасиетті Құранда «Маида» сүресінің 2-аятында адамзат баласына: «Ізгі істерге, тақуалыққа көмектесіңдер. Күнә жасауға, дұшпандыққа жәрдемші болмаңдар...» деп бұйырған. Біз халықтарды бірлікке, ізгілікке, қайырымдылыққа шақыруда діни тұлғалардың айрықша рөлін ескеріп, имамдардың әлеуетін, қабілеті мен тәжірибесін арттыруға баса назар аударып келеміз.
Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында халқымыздың рухани өміріне, мәселен отбасы құндылығын арттыру, жат ағымнан алыс болу, бірлікті сақтау, қайырымдылық жасау, мейірімді болып, кешірім жолын ұстану секілді сауапты амалдарға да мән береді.
Президентіміз жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап беретін, сонымен қатар жаңа тарихи жағдайларда ұлтымыздың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі «100 нақты қадам» жос-парын жариялады. Бұл бағдарлама күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын болады. Осы құжатта әлеуметтік көмек, сапалы білім беру, сапалы медициналық көмек сынды халыққа қажетті мемлекеттік қолдаулар айтылды. Сапалы білім алған, дені сау адам елдің игілігі мен өркендеуіне көбірек үлес қосатыны даусыз. Осы тұрғыда, Елбасымыздың бастамасын қолдау мақсатында мүфтият тарапынан имамдардың діни және зайырлылық сауаттылығын арттыруға баса мән берілуде. Қазіргі таңда көптеген имамдарымыз діни білімдерімен қоса зайырлылық білім алуға көптеп талпыныс білдіруде. Халқымызға сапалы қызмет көрсету - имамдарымыздың басты міндеті.
Мемлекет басшылығы ешқашан жеті рет өлшеп, бір рет кеспей шешім қабылдамайды. Басшыға бағыну – кәміл мұсылманның бір парызы, ал басшылық қашанда халықтың игілігіне жарайтын шешімдер қабылдайды. Сондықтан қазіргі таңдағы қоғам ішінде туындап жатқан түрлі мәселелерге кең түсіністікпен қарап, ел ішінде тыныштықты, ауызбірлікті сақтап ұйымшылдыққа ұйытқы болуға үлес қосу, әрбір мұсылманның міндеті болып табылады. Қазіргі күні біздің қоғамымызда жер мәселесіне қатысты жұртшылық тарапынан туындаған алаңдаушылықтарға байланысты Жер кодексінің жекелеген баптарына Елбасымыз мораторий жариялағындығы дүйім жұртқа мәлім. Сондықтан жер мәселесін Елбасымыз айтқандай ақылға салып, қоғамдық талқыдан өткізіп оңтайлы шешім жолын ұсынуымыз қажет.
Әрбір адамның жаны, өмірі – өзіне аманат болса, бүгінгі адамзат қоғамын тұтас қалыпта, дұрыс бағытта ұстап тұру да – баршаға аманат екендігін ұмытпайық. Қазақ елінің ішкі тұтастығы мен қауіпсіздігін, тыныштығын сақтауда құлдай еңбек етіп, көзіміздің қарашығындай қорғауымыз – азаматтық парызымыз һәм мұсылмандық міндетіміз. Біздің негізгі бағытымыз – діни, рухани сала болғандықтан, еліміздің рухани дамуы жолында еңбек етіп келеміз. Өйткені, халықтың иманы мен руханияты артса, еліміз де өркендейді.
Бейбіт заманды басты байлығы санаған халқымыз қашан да татулықты тұғырына айналдырған.
Тарихтан белгілі, халықтың болашағын ойлаған дін қайраткерлері де татулық пен бірлікті басты бағдар еткен. Халықтар бірлігі – бәрінен қымбат қазына деп санаған. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандықтың іргетасын бірлікпен бекіткен. Алла Елшісінің тайпалар мен руларды бір мақсатқа біріктіруі – кез келген басшыға басқару ісінде үлкен бағдар болары хақ.
Халқымызда: «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық», – деген қанатты сөз бар. Алла Тағала барша адамға Құран кәрімде Хужурат сүресінің 10-аятында: «Шын мәнінде, мүмкінде ағайындар. Сондықтан да ағайын арасын түзетіңдер...» – деп бұйырған. Әрбір парасатты пенде әлемдегі қаржылық дағдарыс пен адамдар арасындағы әділетсіздік, отбасылық күйреу, әлеуметтік келеңсіздіктер секілді мәселеден құтылудың бір ғана жолын түсінді. Ол – рухани құндылықтарды бірінші орынға шығару.
Бүгінде қоғам діннің адамгершілік құндылықтарына мұқтаж. Ал осындай рухани күйзеліс сәттерінде дін, зиялы қауым өкілдерінің белсенді жұмыстарына үміт артылады. Қамыққанға қамқор болу – ол да парасатты адамның асыл парызы емес пе? Ендеше, ізгі істерде бір-бірімізге көмекші болайық, бауырлар!
Алла Елшісінің: «Берген қол алған қолдан жоғары» деген өсиетін негізге ала отырып, әрдайым мемлекетімізден қол жайып сұрай бермей, біз мемлекетімізге не бере алдық, Отан үшін не істедік деген сұрақтар әрбір мұсылманды мазалауы қажет. Еліміздегі әрбір кәсіп немесе мамандық иесі өз саласы бойынша ең сапалы түрде қызмет етер болса Елбасымыз меже етіп көрсеткен дамыған отыз елдің қатарына енуіміздің ауылы алыс емес екендігі баршамызға белгілі жайт.
Алла Тағала халқымызға бақ-береке бергей. Жер бетінде тыныштық орнап, қашан да тату ғұмыр кешуді нәсіп еткей. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, мұсылмандық мұратымыз асыл, дұғамыз қабыл болғай! Әмин!
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.