Кез келген ауылдың бет-бейнесі жайлы пікір оның кіреберісінің келбетінен басталатыны белгілі. Өз қолы өз аузына жетіп, егемен ел болып, түтінін түзу ұшырып, тіршілігін оңдап жатқанымыздың бір көрінісі - елдімекендердің күн санап көркейіп келе жатқанынан байқалады. Осындай ауыл тұрғындарының еңсесін көтерген жәйттың бірі - Айбынды Ата Заңымыз Конституция мерекесіне орай, Бастаушы ауылында, ауылдың кіреберісіне орнатылған арка нысанының ашылу рәсімі болды.
Арка нысанына ауыл атауы жазылып, барлығымызды тұтастырып бір шаңырақ астына жиып тұрған қазақ халқының киелі шаңырағы бейнеленді. Нысанның алғашқы сынасын ауыл тұрғыны (дәнекерлеуші) А.Тұрсынғалиев және бауырлас Көкжота ауылының тумасы А.Сарбасов қақты.
Айдархан Тұрсынғалиев Самар техникалық колледжінде жұмыс жасай жүріп, бос уақытында ауыл тұрғындарына қол ұшын беруді басты парызы санайды. «Туған жерге туыңды тік» деген сөздің мағынасын терең түсінетін азаматтың он саусағынан өнері тамған, бесаспап шебер. Ауыл өміріне атсалысып, қолдарынан келген көмектерін аямайтын ұстанымы биік қос азаматқа ауыл тұрғындары ризашылығы шексіз.
Бастаушылықтар үшін шаттыққа толы күні ақшаңқан жаулықтары алыстан желбіреп, мерекеге ажар берген Ж.Қожамбетова, Б.Ғабитова әжелеріміз шашуларын ала келіп, жиылған көпшілікке халқымыздың төл дәстүрімен шашу шашты. Арканың лентасын қию рәсімі әрқашан ақыл-кеңесін, керек болса қаражатын қосып, ақ батасын беріп жүретін Ш.Ғабитов ақсақал мен ауылымыздың жас ұрпақтары көбейіп, жолдары әрдайым ашық болсын деген ниетпен Астана қаласында өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне алғашқылардың бірі болып барған Абай орта мектебінің 4 сынып оқушысы Нұрлан Дінмұхамедке берілді.
Мереке күні шынайы ниеттес, ауыл өміріне бейтарап қарамайтын ауылдастар бас қосты. Оларға Ә.Қалиева, Ж.Нарбинова, Өскемен педагогикалық колледжінің студенті А.Фазылжан өлең оқып, әсем әндер шырқап, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Арка құрылысына жергілікті өзін-өзі басқару қоры қаржысы есебінен 350 мың теңге жұмсалды. Сонымен бірге, алдымыздағы қыс маусымына даярлық жасауға орай, еңбектің дала төсінде қызып тұрғанына, күз мезгілінің қысылтаяң шағына қарамастан, қажетті техникаларымен көмек көр-сеткен «Мұқатайұлы» ШҚ (М.Құдайбергенов), «Самар-Астық» ШҚ (Б.Құмаров), ауыл тұрғындары
Ө.Сексембаев, А.Солтабаев, Т.Смағзамов, А.Рақышев сынды азаматтарға шексіз ал-ғысымызды айтамыз.
А.Отаршина,
округ әкімі
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.