Тамыз айының алғашқы жексенбісінде елімізде көлік саласының қызметкерлері күні аталып өтіледі. Елмен елді жалғастырып, алысты жақын етіп, берекелі бірлікке ұластырып отырған көлік саласының маңызы зор. Осы салада ұзақ жылдар бойы аянбай еңбек еткен ардагерлер мен қызметкерлер төл мерекелерінде марапат төрінен көрінді. 6 тамыз күні Көкпекті ауылдық округінің әкімі Ерлан Ниязбаев кәсіби мереке иелерін құттықтап, аудан әкімі Рамиль Сағандықовтың атынан Алғыс хаттарын табыстады.
Өмірін көлік қызметіне арнап, ауданымызда елеулі еңбек етіп отырған жандардың бірі Владимир Виничукты демалыс күні болғанына қарамастан, әдеттегідей жұмыс орнынан таптық. Қатардағы жүргізушіден бастап, көлік қызметі ұйымының жетекшілігіне дейінгі еңбек жылдарын өткерген Владимир Викторович алғашқы еңбек жолын Көкпекті автомобиль көліктері кәсіпорнынан бастаған. Бүкіл ел болып бас-тан өткерген қиын жылдары көп кәсіпкерлік ұйымдарға өз жұмыстарын жалғастыру оңай болған жоқ. Сол шақта ол ауданымызда алғашқылардың бірі болып көлік қызметінде өз ісін бастаған болатын. Бүгінгі таңда адал еңбек пен жауапкершілікті ұран етіп отырған жүк тасымалдаумен айналысатын үлкен ұжымның басшысы болып табылады. Сонымен қатар, еңбегінен адал нәсіп алып отырған кәсіпкер оны жерлестерінің игілігіне бөлісіп, қолынан келген көмекті де аямайды.
Еңбеккердің ризашылығы мен лебізін тыңдап, көтеріңкі көңілмен ат басын Жұмабай Елеусізовтың үйіне тіредік. Автомобиль көліктері кәсіпорнында 30 жыл, ал оған дейін 15 жылдай Тассай ауылында жүргізуші болып жұмыс істеген Жұмабай аға өзінің Қазақстанның барлық аумағына аяғының тигенін айтады. Тіпті жұмыс бабымен Ресейде де болған екен. Ауданымыздағы мектеп, ауруханалардың құрылысына, маңызды жолдардың салынуына да өз еншісін тигізген.
Одан кейін, Рашид Беспаевты құттықтау үшін жұмыс орнына бардық. Сонау Кеңес үкіметі кезінде қарапайым ұста болып бастаған еңбек жолын аудан орталығындағы автокөлік кәсіпорнымен байланыстырған Рашид Сабырұлы бүгінде аталмыш кәсіпорынның басшысы болып табылады. Әр істі бірге және шын жүректен жасайтын ұжым жүк тасымалдау және автокөліктерге техникалық қызмет көрсету жұмыстарымен айналысады.
Қазіргі уақытта ауданымыздағы қызметінің тасын өрге дөңгелетіп отЫрыған көлік қызметіндегі еңбекқор кәсіпкерлердің бірі Александр Бойков болып табылады. 2001 жылы осы салада жеке кәсіпкерлігін, ал 2004 жылы жүк тасымалдауға бағытталған «AlexUnitedCompany» ЖШС ашты. Александр Анатольевич аудан тұрғындары арасында жоғары жауапкершілігі мен адал еңбегінің арқасында сыйласымдылыққа ие болып отыр. Сонымен қатар, әрдайым қайырымдылық танытып жүретін ол, екі мәрте аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланды.
- 1957 жылы алғаш рет автомобиль көліктері кәсіпорнына жұмысқа келген кезімнен бастап, өмірім көлік қызметімен байланысты болды. Сол жылдардың ішінде талай қызықты, еңбектің бал дәмін сезінген кездеріміз бастан өтті. Менің есімде ерекше қалғаны Ресейден өзім басқарып алып келген алғашқы КамАз көлігі болып табылады, - дейді сала ардагері Эдуард Абибуллаев естеліктер көшін күлімдеп еске алып. Көлік қызметінде 24 жыл еңбек еткен жан біз құттықтай барғанда үй шаруашылығының жұмыстарымен айналысып жатыр екен. Бұның өзі ол кісінің әлі күнге тың әрі еңбекқор екенін дәлелдей түсті.
Алтай Қоржынбаев аталмыш салаға саналы ғұмырының 30 жылын сарп еткен. 1999 жылы денсаулық жағдайына байланыс-ты мүгедектікке шығуына орай көлік тізгінін тастап, қарапайым жұмысқа, күзетші болуға тура келген. Алтай ата әр жұмыстың қызығымен бірге, шыжығының да қатар жүретінін айтады. Бұрынырақта көлікті жөндейтін арнайы орындар болмағандықтан, жүргізушілер өздері жөндейтін. Ал, кейде сол тізгіндеп жүрген көліктің астында жатып көз шырымын алатын, күннің ыстығы мен суығынан, жауын-шашыннан қорғанатын сәттер де болған екен. Бәлкім, денсаулыққа кері әсерін тигізген де сол кездер болар... «Ал, қазіргі уақытта еңбек етем деген жанға барлық жағдай жасалған. Тек жалқаулықтың туын жығып, жақсы көретін іске жаныңды салып кірісу керек», - деп есептейді еңбекқор қария.
Ауданымыздағы көлік саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаған Ерлан Қизатоллаұлы транспорттық инфрақұрылымды дамытпай, экономиканы өркендету, тіпті адамдардың күнделікті қарапайым тіршілігін қамтамасыз етудің өзі мүмкін емес екенін айта келіп, сала қызметкерлері мен ардагерлеріне адал еңбектері үшін алғыс білдірді. Өңірдің өндірістік құрылымы мен экономикасында көлік қызметі аса маңызды буын болып қала береді. Ол тұрақты және тоқтаусыз жұмыс істеп, кәсіпорындар мен халықты жолаушы және жүк тасымалымен қамтамасыз етуде. Бүгінде қай кездегідей қоғам өмірін осы саласыз елестету қиын. Олардың маңызы, әсіресе, Мемлекет басшысының экономиканы үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөнінде алға қойған міндеттерін жүзеге асыру белсенді іске асырылып жатқан кезде арта түскені белгілі. Еңбекке деген құлшыныс пен берік ұстанымдарының арқасында аудан өмірінде маңызды орын алып тұрған жандарды төл мерекелерімен құттықтап, ел игілігі үшін жасап жатқан істеріне табыс, ең бастысы, денсаулық тілейміз.
Жансая СМАҒҰЛОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.