Әлемді дағдарыс дендеп, мемлекеттердің экономикасы құлдилай бастағанда, еліміз мұндай сынаққа үлкен дайындықпен келді. Дегенмен, оның салқыны еліміздің экономикасына әсер етпей қоймайды. Сол үшін де Елбасымыз барлық қаражатты қажетті салаларға бөліп, еліміздің тұрақтылығын сақтап, одан әрі дамытудың жолдарын бағамдап берді.
Аудан әкімі Рамиль Нығметжанұлы Сағандықов аудан орта-лығындағы салынып жатқан бірқатар құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысты. Өкінішке орай, құрылыс қарқыны аудан әкімінің көңілінен шықпады.
Ол Көкпекті ауылындағы аз қамтылған отбасылар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында қайта жөндеуден өткен 16 пәтерлі тұрғын үйдің және 95 балаға арналған «Көкпекті Толағай» балбақшасының, «Толағай » сүт қабылдау және сүт өнімдерін өңдейтін цехтың құрылысы, орталық көшелерді абаттандыру, жол жөндеу жұмыстарын көрді.
Бүгінгі аудан орталығындағы 16 пәтерлі тұрғын үйдің құры-лысының бастамасы көпшіліктің көңіліне үміт отын жаққан еді. Алайда, бүгінгі күні оның құрылысы қарқынды жүріп жатқан жоқ. Жүргізіліп жатқан жұмыстардан әртүрлі кемшіліктердің де орын алып жатқаны байқалды. Құрылыстың жай-күйімен танысқан аудан әкімі жауапты тұлғаларға ескерту жасап, тез арада олқылықтардың орнын толтыруды тапсырды.
- Жаз өтіп, күз келе жатыр. Әлі күнге дейін құрылыс жұмыстарының жартысы да біткен жоқ. Тез арада қажетті жабдықтарды алып, жоспарға сәйкес қимылдаңдар, — деп қатаң тапсырды Рамиль Нығметжанұлы.
Келесі кезекте аудан әкімі Қалихан Алтынбаев атындағы мәдениет үйінің алдына ақынның мерейтойына қарсы жоспарланған кеуде мүсінді орнату жұмыстарымен танысты. Бұл істің мән-жайын Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ә.Саржанов баяндап берді:
- Ауданымыздағы мәдениет саласының майталманы Қалихан Алтынбаевтың туғанына 90 жыл толуына байланысты аудан көлемінде бірқатар шаралар жоспарда бар. Соның бастамасы мәдениет үйінің алаңына ақынға арнап кеудемүсін орнату. Оған 2 млн.теңге қаражат бөлініп мердігерлермен келісім жұмыстары рәсімделді. Енді барі жақсы болса, қараша айына дейін жұмыс аяқталады. «Өткенге салауат, келешекке аманат», - демекші, осы күнді аңсап кеткен ақиық ақынға құрмет қай кезде ұмытылмауы тиіс. 16 қарашаға дейін жөндеу жұмыстары толық аяқтап, биылғы ақынның 90 жылдығына орай осы жерде үлкен шара ұйымдастырамыз, - деді бөлім басшысы.
Аудан әкімінің аялдаған келесі нысаны аудан орталығындағы Абай көшесіндегі автотұрақтардың және орталықтағы субұрқақ алаңындағы абаттандыру жұмыстары болды. Көкпекті ауылдық округінің әкімі Ерлан Ниязбаев, алда атқарылатын және атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.
Түстен кейін аудан әкімі Көкпекті ауылындағы «Көкпекті - Толағай» балабақшасының құрылысын аралады. Балабақша меңгерушісі Жайнагүл Бақытбекқызы құрылыстың аяқталуына, ұжым болып бірігіп барлықтары белсене ат салысып жатқанын тілге тиек етті:
- Қазір штатта барлығы 7 адам еңбек етеді. Шаруашылық меңгерушісі Рауль Насибуллин және ұжым мүшелерінің бастамасымен қазіргі таңда балабақшаның төбесі толық жөндеуден өтті. Балабақша құрылысы аяқталуға жақын, керекті жиһаздарға тапсырыс беру жұмыстарын атқарудамыз. Балабақша 95 бүлдіршінге арналған, 4 топ жұмыс атқарады. Қазақ тілді - 2, орыс тілді – 2 және 1 сәбилер тобы. Балабақшаның ауласын абаттандыру жұмысы жасалып, ойын алаңдары дайын деуге болады,- дейді Жайнагүл Бақытбекқызы.
Аудан әкімі бұл күні іссапарының нүктесін ауданымызда орын тепкен, кәсіпкер Марат Қалиханұлы Каликов басшылық ететін «Толағай» сүт цехында қойды. Аталмыш цехтың құрылысы 100% дайын деуге болады. Цех басшысы аудан әкіміне бірқатар мәселерді шешуге өз тарапынан көмек көрсетуін өтінді. Ол, цех ішіндегі электр желісі, су тарту мәселері болды.
«Жақсыны көрмек үшiн» демекшi, өз кезегiнде аудан әкімі цехтағы iстердi көрiп, оң бағасын бердi. Жұмыс сапарының соңында Рамиль Нығметжанұлы жасалып жатқан жұмыстар аудан жұртшылығының бірлігінің арқасында екенін атап өтіп, олқылықтарды жөндеуге тиісті бөлім басшыларына тапсырмалар берді.
Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.