Еліміздің бүгіні мен ертеңінің, тарихы мен мəдениетінің тағдыры жас буынның білімі мен санасына тікелей байланысты. Олардың жаңа белестерге деген ұмтылысы мемлекетіміздің өрлеуі мен оңды өзгерістерге қадам басуына себепші болады. «Жастары жалын жүректі, өршіл намысты елдің алар асуы биік болады» деген сөзімен Елбасымыз жастарға зор сенім білдіріп отыр. Тек бізде ғана емес, әлем жұртшылығы жастардың алып күш иесі екендігін мойындап, олармен санасады. Сондықтан, 12 тамыз күнін арнайы Халықаралық Жастар мерекесі етіп, күнтізбеде белгілеген.
Айтулы күні Қ.Алтынбаев атындағы мәдениет үйінде Көкпекті жастарына арналған мерекелік іс-шара болып өтті. Мемлекеттің негізгі қозғаушы күші болып табылатын жастар ауданымызда да маңызды рөл атқарады. Аудан көшін алға сүйреп, болашағын құрауға жарқын жол салып жүрген жандарды Көкпекті ауылдық округі әкімінің орынбасары Нина Укешова құттықтады.
- Жастар еліміздің әлеуметтік, экономикалық және қоғамдық өмірдің барлық салаларына қатыстылығы жағынан алғанда, болашағы зор қоғамның маңызды бөлшегі. Қазіргі таңда жаңа көзқараспен қарайтын жалынды жастар еліміздің жаңару үдерістеріне белсене қатысып келеді. Еліміздің бүгінгі жастары жаңа жағдайда заманауи мемлекеттің жасап жатқан сындарлы саясатының арқасында алысқа қол сермеп, әлемдік деңгейдегі ұстанымды игеріп, келешектің кілтін өз қолдарына алуда. Жастар – таусылмас білімге шексіз құлшыныспен ұмтылушылар. Олар нағыз бақытты да жалынды сәттерін тарих парағына жазу үстінде. Сол өмір сапарында олардың жолдары жарқын, жеңістері мен еңбегінің жемістері көп бола бергей, - деп тілегін білдірді Нина Нұрмұхаметқызы.
«Жастар – болашаққа апаратын алтын көпір», - дейді дана халқымыз. Әрбір өскелең ұрпақ жеке қабілетіне және кәсіби біліміне сай қоғамымызда өз орнын табуы қажет. Біздің әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы қарқынымыз, жастардың қоғамдық-саяси өмірдегі ұстанымына, олардың ертеңгі күнге деген сенімі мен белсенділігіне тікелей байланысты екені белгілі. Бұл тұрғыда олармен тікелей жұмыс жасайтын Жастар орталығының орны айрықша. Бұл ұйым аудан жастарына отаншылдықты, ұлт-жандылықты, жауапты азаматтық ұстанымды, тілге деген құрметті қа-лыптастыруды мақсат етіп қойған. Ауданның қадамы қарышты, қанаты бекем қырандарын құт-тықтау үшін сөз алған Көкпекті аудандық Жастар орталығы директорының міндетін атқарушы Әли-жан Артықбаев қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ауданның дамуына және мемлекеттік жастар саясатын іске асырудағы қосқан үлесі үшін өз салаларында озық нәтиже көрсеткен, жігерлі де талапты жастарға арнайы алғыс хаттарын табыстады. Олар «Шығыс ұландары» кадет сыныбының жетекшісі Т.Тұрсынов, Көкпекті АІІБ учаскелік инспекторы А.Оспанов, Шұғылбай ауылдық округінің жастар саясаты маманы Д.Мұсағазинов, Қ.Аухадиев атындағы ауылдық округінің жастар саясаты маманы Е.Санина және орталық аудандық аурухананың психологы, белсенді жастардың бірі А.Мұқатаева. Шараның салтанатты бөлімі аяқталғаннан кейін, ауданның үздік жайдарманшылары көрермен қауымға әзіл қоржынынан сый тартса, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әндерін паш етті. Мерекелік шара кешкі би кешімен жалғасын тапты.
Әрбір қазақ жастары өздерін ұлтжандымын деп ұғынып, өн бойларында ұлттық намысын жоғары қою керек. Еліміздің бейбітшілік аспанында қазақ жастары тәуелсіз елдің айқын мақсаттарымен жігерленіп, тек қана алға ұмтылуға тиіс. Себебі, олар - қай заманда, қай жерде болмасын асқақ арман мен үкілі үміттің, биік ар мен өр намыстың нышаны болып қала бермек.
Жансая СМАҒҰЛОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.