Ауылдың сыртқы көрі-нісі, оның гүлденуі мен көркеюі жасалған еңбектің, тұрғындардың адами қасиеті мен эстетикасының айнасы болып табылады. «Сырт көз – сыншы» деген. Олай болса, Көкпекті ауылына келген адам оның сыртқы көрінісіне қандай баға берер еді? Дәл қазіргі уақытта бұл жауабы оңайлықпен беріле қоймайтын сауалға айналды.
Әрине, ауылдық округ әкімшілігі тарапынан бұл мәселе назарға алынып, жұмыстар жүргізіліп-ақ жатыр. Алдымен мұны әкімшілік ғимаратының ауласынан байқаймыз. Түрлі-түсті гүлдер отырғызылып, көгалдандырылған жер құлпырып, аулаға ерекше сән беріп тұр. Айналадағы арамшөптер қырқылып, темір қоршау боялған. Сондай-ақ, аудандық және ауылдық әкімшілік алдындағы жолдың шетіне гүлзарлар қойылған болатын. Қазір онда әрдайым суарылып тұратындықтан жайқалып, күн нұрына малшынған қанық түсті гүлдер өсіп тұр. Ауыл орталығындағы дүкендер маңындағыа көлік тоқтайтын орынға асфальт төсеу жұмыстары да қарқынды орындалып жатыр.
Аудандық әкімшіліктің ауласы, білім ордалары мен балабақшалар аумағында абаттандыру жұмыстары жылдағыдай жоғары дәрежеде жүргізілген. Сонымен қатар, орталық аудандық аурухана, Қ.Алтынбаев атындағы мәдениет үйі, Мемлекеттік кірістер басқармасы және орталық мешіт аулаларындағы гүлдер көз қуантады. Гүл бағына айналмаса да «Думан» дүкені, «Жәрдем» сауда үйі және «Ромат» дәріханасының айналасы да таза әрі ұқыпты көрінеді.
Иә, жарқын жұмыстар жүргізіліп жатқаны рас. Дегенмен, бүкіл ауылдың бейнесі осы аздаған ұйымдардың қолына қарап тұрған жоқ қой. Тазалық пен көріктендіру әр адамның көшеден бір қоқысты алып тастауынан немесе бір гүлді суаруынан басталатын жағдай. Оған ауылдың көрінісіне бейжай қаратпайтын адами құндылық, өмір сүріп отырған ортаңа деген сыйластық пен өзгелерге құрмет сияқты қасиеттердің болуы шарт. Айтқанға ұзақ болғаны болмаса, айналаңды жан дүниеңнің айнасындай таза етіп ұстау аса қиын шаруа емес қой. Өкінішке орай, бұл әңгімеден тысқары жатқан ұйымдар да жоқ емес аудан орталығында. Дүкендер мен асханалардың маңайы былай тұрсын, кейбір мекемелердің ауласынан гүлмен көмкерілген жер түгілі абаттандырудың белгісін де таба алмаймыз. Атап өтер болсақ, Көкпекті мал дәрігері, Халыққа қызмет көрсету орталығы, банк ғимараттарының алды, «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕ АҚ ШҚО бойынша филиалы - «ӘТВЕО» департаменті, Статистика бөлімі және «Қазпошта» аулаларындағы гүлзарлар мен көгалдардың орнын бейберекет өсіп, сұрықсыз бейне беретін арамшөптер басқан. Тіпті, орталық алаңға барсақ та дәл осы көріністің куәгері боламыз.
Ал, ауыл көшелері мүлде бөлек әңгіме. Жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар қоқыстарға немесе малдардың жүріп өткенін білдіретін белгілерге толып жатыр. Ал, жол шетінде өсіп тұрған ағаштардың ретке келтіріліп, қажетті биіктікте қырқылмағандығынан жаяу жүргіншілердің бойына дейін түсіп өскен. Амал жоқ, тротуармен жүрер болсаңыз, не жартылай отырып, еңкейіп өтесіз, не болмаса көліктер өтетін үлкен жолмен айналып өтуге тура келеді. Көшелердің көркіне кемшілік қосып тұрған тағы бір жайт, тұрғын үйлердің ауласынан шыққан қоқыс қалдықтары. Әрине, үйдің ауласын қоқыстан тазартып, сенбіліктер ұйымдастырған дұрыс-ақ. Бірақ ол, есік алдындағы қоқысты көшеге шығарып, жол бойын үйіндіге толтыру дегенді білдірмейтінін есте сақтаған жөн.
Енді назарларыңызды аудан орталығындағы жан сергітіп, дем алатын орындарына қарай ойыстырсақ. Бұл жерде де жағдай мәз емес. Ауылда бірнеше саябақ бола тұра, саялайтын бір жер таппайтынымыз өкінішті. Жеңіс саябағындағы брусчаткалардың арасына өскен шөптер қатары көбейіп барады. Әзірге оны ешкімнің тазаламақ ойы байқалмайды. Ортадағы жалғыз гүл өсетін орында бірен-саран гүлдермен қатар, топыраққа қадалып тұрған жасанды гүлдерді көргенде тосырқап қаласыз. Ал, басқа саябақтарда бұл да жоқ. Айталық, мұрағат ауласындағы бақта гүлзарлардың бос тұрғанымен қоса, маңайы арамшөптерге толып кеткен. Жас-тар саябағы Жасыл ел жасақтарының жүргізген тазалық жұмыстарынан кейін қараусыз қалған сынды. Өткен айда бұл жердегі ұзарып өскен арамшөптер жұлынып, адам жүретін жолдары айтарлықтай тазарып қалған болатын. Алайда, сол кезде жиналған шөптердің үйінділері саябақ ауласында әлі жатыр. Ал, балалар саябағы мен Ауған соғысына қатысқан интернационалист-жауынгерлерге арналған саябақ-тардан көрік кеткелі қашан?! Кеш қарайған кезде бұл жерлерде отыру мүлде мүмкін емес. Себебі, шамдардың бар болғанына қарамастан ешбір саябақ жарықтандырылмаған. Көше шамдарынан түскен жарықты місе тұтып, алакөлеңкеде отырудан басқа жол жоқ.
Ауылды абаттандыру тек әкімдік үшін ғана емес, осы жердің барша тұрғынына қатысы бар маңызды міндет. Ол әр адам жауапкершілікті сезінген кезде ғана жүзеге асады. Сол себепті ауылдастарға айтарымыз бейсауат жүрмей, берекемізді түгендеп, ауылды құр сөзбен сипаттағанды тоқтатып, құлпырта түсуге тырысқанымыз жөн.
Жансая СМАҒҰЛОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.