Қара шегірткенің ауыл шаруашылығына, әсіресе егістік алқаптарына әкелетін зияны жайлы айтпасақ та түсінікті. Үйірлі әрі тікқанатты зиянкестер диқандарды шығынға шаш етектен батырады. Биылғы жылы ауданымызда аталмыш мәселе қандай деңгейде? Көпті мазалап жүрген сауал бойынша Қазақстан Республикасы АШМ АӨК МИК Көкпекті аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Серік Қасымхановпен тілдестік.
Көгалдан көгалға ыршып жүріп, алажаздай ән салатын жәндік көпшілігімізге таныс. Бірақ, күнделікті халық оның қарапайым әлде қара шегіртке екенін тани бермейді. Шырылдауық шегіртке мен зиянкесті қалай ажыратамыз? Жалпы, қара шегірткенің сыртқы бейнесінде қандай өзгешеліктер бар? Осы жайлы анығырақ айтып берсеңіз.
- Иә, шыныменде қарапайым шегіртке мен ауыл шаруашылығына үлкен зиян тигізетін жәндіктің арасында айтарлықтай өзгешеліктер бар. Қара шегірткенің ұзындығы денесінің жартысынан аспайтын қысқа мұртшалары бар. Ал, қарапайым шегірткенің мұртшалары оның денесінен әлдеқайда ұзын. Аналық шегірткенің жатыры қысқа, төрт сүзгіш клапоннан тұрады. Аталмыш жәндік ауыл шаруашылығына дернәсіл күйінде немесе имаго (ересек жәндік) қалпында зиян тигізе алады. Олардың аналығы өздерінің артынан 2-3 ұяшық қалдырады. Әр ұяшықта 100 немесе одан да көп жұмыртқа болады. Дернәсілдер саны көбейіп дамыған кезде (жәндіктер саны бір шаршы метрге жүзден болады) олар үйірге айналып, қауіптілік деңгейінің аса жоғары кезеңі келеді.
Итальяндық прус орташа, денесі мығым, қоңырқай сұр түсті болып келеді. Қанаттары жақсы дамыған, денесінің ортасына дейін жетеді, алқызыл түстес, жоғарғы бөлігінде қара дақтар бар. Ол жоңышқа, мақта, күнбағыс және көкөністерге зиянын келтіреді. Сонымен қатар, дәнді дақылдар мен қарақұмықты да құртады.
Зиянкестермен күресудің қандай тәсілін ұсынасыз? Аталмыш жәндікке қарсы қандай препараттарды қолданса дақылдарға зиян келмейді?
- Қара шегірткелердің санын азайту мақсатында бүгінгі күні инсектицидтердің сан түрі қолданылады (Адонис, Димилин, Номолт, Матч). Бұл тұрғыда күрестің ең тиімді әдісі – химиялық болып табылады. Дернәсілдерге қарсы химиялық күрес әдісі олардың саны қауіптілік деңгейінің экономикалық шекарасынан асып бара жатқан кезде өткізіледі. Яғни, 1 шаршы метрге кем дегенде 5 жәндіктен келгенде. Аталмыш шараны жүргізуге 7-10 күнге кешіксеңіз, зиянкестердің орналасқан аумағының 2-3 есе үлкеюіне әкеліп соғады.
Ағымдағы жылда Оңтүстік Қазақстанда шегірткелер «шабуылының» үдегенін жаңалықтардан естіп, басылым беттерінен оқып жатырмыз. Бұл мәселе еліміздің басқа өңірлерінде қандай деңдейде? Дәл қазіргі уақытта ауданымыздың ауыл шаруашылығына зиянкес жәндіктен келетін қауіп бар ма?
- Аталған мәселенің ірі ошақтары Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында және Зайсан көлі (Шығыс Қазақстан облысы) маңында тіркелген. Итальяндық прус барлық жерде кездеседі, бірақ, Орталық, Солтүстік және Батыс Қазақстан өңірлері аса қауіпті аймақтар болып табылады. Қара шегірткенің көптеп таралу жағдайы әрбір 7 – 10 жылда байқалып тұрады. Соңғы 100 жыл ішінде мұндай жағдай Қазақстанда 9 рет қайталанған. Соңғы рет 1995 жылы басталған көбею 2001 жылға дейін созылған.
Биыл итальяндық прус ауданымыздың үш ауылдық округінде байқалған. Олар: Көкжайық, Үлгілімалшы және Тассай ауылдары. Бірақ, олардың саны аса көп емес, сондықтан, жоғарыда атап өткенімдей, жәндіктер саны 1 шаршы метрге бестен келмейінше химиялық күрес әдістері жүргізілмейді. Сол себепті, әзірге зиянкес егістікке қауіп төндіреді деп алаңдауға негіз жоқ.
«РФДжБЭО» ММ Көкпекті аудандық филиалының деректері бойынша жүйелік бақылаулар барысында Көкжайық ауылының «Жалғыз» жер телімінде 200 га аумақта итальяндық прустың жұптасу кезеңінің басталғаны байқалған. Қазір біз олардың тіршілік ететін орынын анықтау жұмыстарын жүргізудеміз, сонымен қатар, келер жылы олардың саны өсуінің алдын алу үшін жағдайды жіті назарда ұстайтын боламыз.
Бүгінгі сұхбатымыздан білгеніміз ауданымыздың ауыл шаруашылығына шегірткеден келер қауіп жоқ. Бұл жағдай мамандардың бақылауында екенін ескерсек, алдағы жылдары да аталмыш зиянкестен ауданымыз зардап шекпейді деп ойлауға толықтай негіз бар.
Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Жансая СМАҒҰЛОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.