Соңғы қоңырау. Бұл барлық орта білім шаңырақтары үшін жас түлектен балалықты өзіне алып қалып, 11 жыл білім берген ұл-қыздарын үлкен өмірге шығарып салатын сәт. 25 мамыр күні жылдағы дәстүр бойынша ауданның түкпір-түкпіріндегі мектептерде соңғы қоңырау үні сыңғырлап, жаңа да жауапты өмірге аяқ басқан түлектер алтын ұя мектептерімен қоштасты.
Ауданымыздағы 37 мектепте соңғы қоңырау рәсімі өтті. 37 мектепте 183 түлекке арналып соғылған соңғы қоңырау сыңғырына куә болдық.
Кеше ғана оқушылар мектеп табалдырығын аттаған болса, міне, бүгін олар түлек болып жаңа өмірге қанат қаққалы тұр. Қимайды, алайда өмір атты өзеннің ағысымен бірге жүзуге мәжбүр. 25 мамыр осындай мектеппен қоштасу күні. Бұл күні талапкерлер өздерінің 11 жыл тәлім терген тарыдай шәкірттен, таудай азамат болғандарын сезінгендей. Осындай шара сәрсенбі күні аудан орталығындағы білім ордасы Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектепте кең ауқымда өткізілді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалып, мектеп директоры Қажет Жүнісбеков құттықтықтау сөз сөйледі. Салтанатты шараға келген аудандық маслихат депутаты Дархан Бердібек жылы лебізін білдіріп, бүгінгі соғылған қоңырау мектеп бітіргелі тұрған түлектердің мектептегі ең соңғы қоңырауы екенін тілге тиек етіп, бұл олардың өміріндегі мәңгі есте қаларлық оқиға болатынын сөз етті.
- Қазіргі сіздердің басты міндеттеріңіз - алдағы өмірдегі мамандықтарыңызды дұрыс таңдау. ҰБТ орташа балы жыл санап өсіп келеді, сондықтан да білімділік танытып, ата-аналарыңыздың үкілеген үмітін ақтап, ауданның абыройын асқақтатасыздар деп ойлаймын. Бүгінгі жас түлек, ертеңгі жас маман - Тәуелсіз Қазақстанның дамуына өз үлестеріңізді қосасыздар деп сенемін, - деді Дархан Бердібек.
Өз кезегінде сөз сөйлеген сынып жетекшілері Н.Құнанбаева, А.Сағнаева және алғашқы ұстазы Б.Демеубаева түлектерге деген жүрекжарды жылы лебіздерін арнады. Сондай-ақ мерекелік шарада ата-аналар атынан «Алтын белгі» иегеріне үміткер Кеңесова Мөлдірдің апасы Жакупова Ғалия Карилеқызы жылы лебізін жеткізді.
Мерекелік көңіл-күй аңғарылған білім ордасынан шаттық әуен әуелеп, адамдардың жүздерінен қуаныштың самалы есті, гүлге толы құшақтар, күміс күлкіге көмкерілді. 11 сынып түлектері де қосыла ән салып, би биледі, тілектерін арнады.
Осы күні Көкпекті орта мектебінде де соңғы қоңырау сыңғыр қақты. Аталмыш шарада салтанатты сапта мектеп партасымен қоштасқан түлектер алтын ұяларының алаңында соңғы мәрте оқушы ретінде тұрды. Ал, ұстаздар биылғы шәкірттерін мақтан тұтатынын жасырмады. Мерекелік шарада мектеп директоры Аслан Тыныспаев, ардагер-ұстаздар С.Бекова, Л.Гидеон, Б.Беспаева, В.Ва-сильева, М.Гусейнова, А.Герасимова, Р.Туем-баева, Г.Смаилова, ата-аналар атынан Гүлжан Нұрасылқызы құттықтау сөз сөйлеп, түлектердің алдағы ұлттық бірыңғай тестілеуден сәтті өтулеріне тілектестіктерін білдірді. Сондай-ақ, аудан әкімінің құттықтау лебізін маслихат депутаты Р.Сафиоллиова жеткізді. Сыңғырлаған қоңырау үні қоштасу вальсіне ұласты.
Соңғы қоңырау мейрамы әр адамның естерінде қалатын өмірдің ең жақсы күндерінің бірі болып келеді. Достарының жарқын күлкілері, қызыққа толы сабақтармен қатар, мұғалімдер осылардың барлығы соңғы қоңыраудан кейін түлек үшін басқаша қабылданады. Сол себепті мектепті – жақсы жылдардың бірі деп есептейді, ал соңғы қоңырауды – балалық шақпен қоштасатын мейрам деп атайды.
Бұл күн жай күн емес – ол өмірдің белгілі бір кезеңімен қоштасу және алдағы басталар үлкен өмірмен кездесу. Сондықтан осы күн кішкене көңілсіз болып көрінетіні белгілі. Дегенмен мек-тептің соңғы күндерін түлектер көңілсіз күйде күтпейді, себебі олар үшін соңғы қоңырау жаңа және есейген өмірдің басы болып келеді. Алда оларды еңбек пен оқу орнына түсетін емтихандары күтеді.
Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.