
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы Жолдауында мемлекетті нығайту, отандық бизнесті қолдау, халықты әлеуметтік қорғау және экономиканы дамыту секілді қоғамды толғандырып жүрген мәселелерге тоқталып халыққа жауап берді деп ойлаймын. Маған ерекше ұнағаны мемлекет басшысының қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін нақтылағаны. Оның айтуынша, алдағы уақытта қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек.
Өзім мұғалім болып істегендіктен мені көп алаңдататыны шәкірттерімнің білімі, болашағы, мектептен алған білімдерін өмірге жаратуы. Әсіресе, дарынды оқушылардың жағдайы. Осы орайда президент Жолдауындағы - Дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау керек. Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке Дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырамын деген көкейтесті сұраққа нақты жауап беретін жолдары шәкірттерімнің жүрегіне үміт отын жағады.